- Ақпарат
- 23 Қаңтар, 2025
Тарихи санаға түрен салған

Айзат Айдарқызы,
«Ana tili»
Қазақтың бес ғасырлық тарихын үш кітапқа сыйдыру үшін асқан ұшқырлық, шеберлік, білім мен шалқар шабыт керек. Жазушының өзі де осы шығармаға кірісерде ғұмырының жетіп-жетпейтінін екшеген екен. Жинаған ақпараты мен қамтитын дәуірдің кең екенін ойлап, алдымен «Қаһарды» жазуға бел шешкен. Осы турасында Әзілхан Нұршайықов былай деген: «Шындығына келгенде, егер «Қаһар» романы тумаса, «Көшпенділер» трилогиясы қазақ әдебиетінде болмас еді». Иә, Ілияс Есенберлиннің жадау балалық шағы, Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысуы, халық жауының қызына үйленуі, кейін қазақты тарихымен жүздестіруі... Құдды бір фильм көріп отырғандай күй кешесің. Қаламгер ғұмырнамасының өзі оның текке дүниеге келмегенін нұсқап тұрғандай.
Балуанкөл маңындағы балалық
Жақында Алматыда Ілияс Есенберлиннің 110 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Сонда жазушы, филология ғылымының докторы Нұрдәулет Ақыштың жазушы туралы айтқаны терең ойға қалдырды. Ол былай деген еді: «Тұйықтау кісі болатын. Өйткені кезінде белгілі бір себептермен сотталып кеткен еді. Қайтадан келген. Одан соң өзінің үстінен жақтырмайтын адамдардың көп екенін біледі. Соның салдарынан көп ашылмайтын да болуы керек. Тіпті Жазушылар одағында өтетін жылдық қорытынды жиналыстар, конференциялар болады. Сонда ол кісінің бір шешіліп сөйлегенін де көрмеппін».
Ұлы Қозыкөрпеш Есенберлин де сұқбаттарында әкесінің балалық шағы туралы ашылып айтпағанын еске алған. Тек әкесі балалар үйінде тәрбиеленгеніне, білім алуға мүмкіндігі болғанына риза екенін айтқан. Жазушының өзі де өмірінің бұл кезеңін жүрек түкпірінде ғана сақтауды жөн көргендей. Сондағы көңіл күй, өмір үшін жанталас, жанына жылу берген аңыз-әпсана оны «Көшпенділерге» дейін әкелгендей. Кейбір дерекке сүйенсек, әкесі Есенберлі кедей шаруа, ағаш шебері болған екен. Күйбең тіршіліктің қамымен, «қайтсем жағдайымды түзеймін» деп жүріп 1920 жылы дүниеден өткен. Оның төрт баламен жесір қалған әйелі жақын қайнысы Шәкір Бітеубаевқа қосылғанымен, көп өтпей қайтыс болады. Жанына жалау болған шешесі дүние салған соң, Ілияс пен Раунақ Есенберлин үшін қаһарлы күндер басталады. Көпір астын паналап, дала кезіп жүреді. Асан Номадтың «По реке жизни» кітабында сол күндер былайша суреттеледі.
«...Мыңдаған бала жетім қалып, Кеңестер Одағын кезіп жүрген болатын. Олардың баспанасы иесіз қалған үйлердің астыңғы, үстіңгі қабаттары. Талайлары суық пен аштықтан, түрлі жұқпалы аурулардан қырылып жататын. Солардың бірі – Ілияс балалар үйіне түсер алдында көпір астын паналап, өзі секілді балалармен бірге Солтүстік Қазақстанның адам шыдауға қиын суық жағдайларында өмір үшін жанталаса күресіп жүрген олар қаһарға толы үлкендер өмірінде табиғи сезімге бағынған кішкентай аңдарға ұқсас еді. Өмір ме, әлде өлім бе? Бір минут болса да тыным таппаған жетімдер осы сұрақтың жауабын күнде шешіп жатқан. Босаңсуға ешбір болмайды. Панасыз қалған олардың ендігі қас жаулары ересектер болып шықты. Олардан үнемі тығылып жүруге тура келді. Осындай жағдайда жас жетімдер бейбастық қылықтарға тез көндікті. Ананың жылуынан ерте айырылған жетімдер қасқырдың ашынған бөлтіріктеріне айналып бара жатқандай. Бойларында сақталып қалған адамгершілік сезім жоғала бастап, оның орнына өмірдің қатал да зұлым тәртіптері басымдылық ала бастаған...»
Оған балалар үйіндегі жағдай, тәрбие қалай әсер еткенін тап басып айта алмаймыз. Егер жазушының ғұмырнамалық мемуар жазуға мүмкіндігі болғанда, тамаша туынды дүниеге келері анық-ты. Әттең... Тасқа тұнған тарихты қағазға таңбалаған жазушы бала кездегі көрген-білгенін де жинақтап жазғанда «Жусан иісіндегі» Аянға ұқсас кейіпкермен қауышар ма едік?! Аянның балалар үйіне кеткеннен кейінгі тағдыры оқырманға беймәлім. Ілияс Есенберлин де, Аян сияқты, аңыз-әпсана тыңдағанды жақсы көретін, үлкендер сөзін ұйып тыңдайтын бала болған. Ол туралы Раунақ Есенберлин журналист Жанболат Аупбаевқа берген сұқбатында айтқан екен. Оның айтуынша, ағасы Балуанкөлдің маңында Кәкбай есімді қырғыз ақынынан аңыз-әңгімелерін тыңдап, жадында тоқуға тырысқан. Бұл ақын домбырамен қазақ батырлары туралы жырлар мен эпостарды, лирикалық дастандарды көп орындайтын. Дәл осы ақынның аузынан Асан қайғы, Бұхар жырау, Едіге, Қобыланды, Абылай, Кенесары туралы небір жырды естиді. Естігенін көкірекке тоқиды. Қос бауыр тойып тамақ жемей жүрсе де, Ілияс ойлап тапқан ертегімен қарын тойғызып, бір сәт қиялға ерік береді екен. Атбасар жәрмеңкесін көріп, жасынан жігерлі Ілиястың күрестегі жеңісі де көңілге медет болады. Бауырының жеңісіне қатты шаттанған әпкесі Назымның қуанышы да көзге еріксіз жас үйіреді.
Сондай-ақ жазушының інісі Раунақ ағасының білім алуға, мектеп мәселесіне аса сақ қарағанын айтады. Раунаққа апайы ұрысып, қолынан сызғышпен ұрған соң, мектепке барғысы келмей қалады. Сабаққа қатыспай, бір аптадай Жабай өзенінде сейіл құрады. Мұны білген Ілияс оған қатты ашуланып, шапалақпен бір тартып, мектепке сүйреп әкеледі. Інісі ағасының осынша қатты ашуланғанын бұрын-соңды көрмепті.
Осы оқиғаны оқи отыра, Ілияс Есенберлиннің өмірде бар сүйенгені білім, санасына құйғаны, көкірегіне тоқығаны ілім екенін аңғарамыз. Екі жетімектің болашақта бары да, нары да білім болатынын бала кеуде сол кезде-ақ түсінген сыңайлы. Соны түйсіне алмаған інісіне налып, ішіндегі күйігін шапалақпен жеткізгендей. Бұл сұқбат барысында Раунақ ағасының білім жолындағы темірқазығы болғанын, оның осынша қадағалауы болмаса, ғылым жолына түсіп-түспесі беймәлім екенін айтқан. Бала Ілияс білімнің қарын тойдыратынын, шамнан шырақ жағатынын әуелде-ақ ойласа керек.
Өзі мектепте қабырға газетіне өлең жазып, бірнеше пәнді қызығушылықпен оқыған екен. Әсіресе әдебиет, химия, физика, сызу, математика, бейнелеу өнеріне жүйрік болған. Мектептен соң, жұмысшы факультетіне оқуға түсіп, әрі қарай ару Алматыға келеді. Мұнда Қазақ тау-кен металлургия институтына түсіп, 1940 жылы қолына дипломын алады. Жезқазғанда жұмыс істейді, артынша әскерге барып, одан әрі қарай майданда қан кешеді. Сөйтіп жүргенде ауыр жарақат алып, Алматыға оралады. Әрі қарай түрлі қызмет істейді. Өмірлік жарын кезіктіреді. Диляра сұлуды алғаш рет театрда кезіктіргені де әсерлі оқиға. Бір көргеннен ұнатқан аруға халық жауының қызы екеніне қарамастан үйленеді. Сол ісі үшін істі болып, бірнеше жылға бас бостандығынан айырылады. Ақталып келгеннен кейін де түрлі қызмет атқарады. Дилярадан үш қыз, бір ұл сүйеді. Көптен күткен ұлының атын Қозыкөрпеш қойғаны да ұлтының тарихын, жырын сүйгенінің көрінісі. Жазушының қызы Раушан Ілиясқызы естелігінде: «Қозы Көрпеш әкем үшін Ромео секілді ұлттық батыр болған. Ол ұлына сондай есім беретінін бірден білген», – деген екен. Ұлы туғанын естігенде трамвай ішінде отырған ол әрбірінен сүйінші сұраған деседі. Қызығы, заңғар жазушыға «Көшпенділерді» жазу туралы ой 1945 жылы келген.
Жапон тіліне аударылған жалғыз кітап
1969 жылы «Қаһар» романын жариялады. Сонда шығарманы 24 жыл бойы ой қазанында қайнатып, пісірген. Жазуына аса сақ, асқан жауапкершілікпен қарайтыны көрініп-ақ тұр. Бұл жайында өзі де: «Мен «Көшпенділер» трилогиясын 1945 жылы ниет еткенмін. 1960 жылы осы үш романның жұмысына кірістім. Сондай ұзақ әзірлеудің себебі оңай: тарихи материал шыдамдылықпен автордың мұқияттылығын талап етеді».
Негізі, Есенберлин әдебиет табалдырығын ақын ретінде аттаған. «Адамгершілік жыры» атты өлеңдер жинағы, «Большевик туралы жыр», «Біржан сал» трагедиясы, «Адам мәңгілік», «Сұлтан», «Айша» поэмаларын жазды. Қырықтан астам әнге сөз жазғаны тағы бар. Осылайша, 1960 жылдардан бастап проза жанрына бойлайды. Бастапқыда «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» повесі, содан кейін «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар» атты роман туады. Қаламгер ұзын саны 17 роман жазған. Соның ішінде бірі де бірегейі – «Көшпенділер» трилогиясы. Өзі осы трилогия турасында: «…Осы шығармалардан кейін тарихи тақырыптарға көштім. Өйткені көп жылдан бері көкірегімде жүрген арманым болатын. Жалпы алғанда, «Көшпенділер» атты трилогияға кірістім. Оның алғашқы кітабы – «Алмас қылыш», содан кейін «Жанталас», «Қаһар». Бұл трилогиямның өзі маған оңайға түскен жоқ. Жиырма жылға таяу өмірімді алды…» – деп жазған.
Осынысымен жазушы қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жазу дейтін тарауды бастады. Шығармада қазақтың ХV–ХІХ ғасырлардағы тарихы суреттелген. «Алмас қылышта» – ХІV–XVI, «Жанталаста» – ХVII–XVIII ғасырлардағы, ал «Қаһарда» XIX ғасырдағы оқиғамен бетпе-бет келеміз. Орны бөлек туынды Тәуелсіздік алған жылдар ішінде 50 рет басылып, тираж саны 3 миллионнан асты. Әлемнің 30 тіліне, соның ішінде жапон тіліне аударылған тұңғыш роман болды. Бұл трилогия біртұтастығымен, тарихи дерегімен, сом тілімен, әдеби айшығымен көркем. Трилогияның атын да дөп қойған. Кей дерекке сүйенсек, алғаш трилогия жарық көрген жылдары кітапқұмарлар «бір қой беріп, құнын біліп оқыған» деседі. Еркін, азат қазақ баласын, кең-байтақ даланы, оның тарихын көркем тілмен бейнелеп, бес ғасырлық оқиғаны алдымызға әкелді. Кітапты парақтай отырып, аруларымыздың атына, сән-салтанатына қайран қалмау мүмкін емес. Оның үстіне жазушының шығармада бір ғана жылқының қырыққа жуық атауын тізуі іздену емей немене? Көшпендінің атпен етене жақын екенін, ұлы даланы ат тұяғымен тарпаң басқанын нұсқап тұр. Кітаптағы жылқыға қойған аттардың өзі бөлек әңгіме. «Ортеке», «Киікаяқ», «Киіккетпес», «Тарланкөк», «Тұлпаркөк», «Көксеңгір», «Көкдауыл», «Кертөбел», «Ақылақ», «Ақауыз», «Ақтаңкер», «Ақжамбас», «Ақсирақ», «Ақбақай», «Жалынқұйрық», «Құмай төс». Бірі-бірінен әдемі, қос сөзден құралған күрделі атау. Мұның өзі шығармашылық қуаты бай жазушының шеберлігін аңғартып тұр. Содан болар, трилогияны оқығанда Алтай мен Атыраудың арасында ат үстінде шауып жүргендей күй кешесің.

161 рет
көрсетілді0
пікір