• Ақпарат
  • 23 Қаңтар, 2025

КІШКЕНЕ БАБА КІМ БОЛҒАН?

Кішкене Есенәліұлы кім болған, оның ұрпақтары қай жерде өмір сүріп жатыр деген мәселені сөз етудің артығы жоқ. Ендеше, бабамыз Кішкене Есенәлі туралы әңгімені оның шыққан тегінен бастаған жөн. Ел аузында Кішкененің тегі, ұрпақтары туралы ертеден айтылып келе жатқанымен, ол туралы деректердің хатқа түсуі беріректе секілді. Алайда көнеден бізге жеткен әңгімелер бойынша және кейінгі кезде шыққан кітаптарда жарияланған мәліметтерге орай ол кісі туралы әңгімелер Қарашаұлы Бәйдібек баба мен Домалақ (Нұрила) анамызға қатысты тарихи деректерде айтылады.

«1996 жылы, Бәйдібек бабаға арнап салынғалы жатқан кесененің құрылыс алаңындағы қазба кезінде, төрт құлаш жер астынан, бағзы бір замандағы қабір (саркофаг) мәйітханасының қабырғасы көрінгені туралы хабар жетіп, құрылыстың бас сәулетшісі Ұ.Садырбеков, Шымкент облысының әкімі Зауытбек Тұрысбеков үшеуміз құрылыс басына жеттік. Табылған қабірдің қышы Тараздағы Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатын кесене күмбездеріндегідей болғандықтан, Бәйдібек баба Қарахан дәуірінде, Х–ХІ ғасырлар тоғысында өмір сүрген деген тұжырым жасалады», – дейді Еркінбек Тұрысов. Халықаралық «Алаш сыйлығының» лауреаты, жазушы Еркінбек Тұрысовтың бір жазбасында «Шығыс, қазақ және батыс далаларын тұтастыр­ған осы Ұлы далада 556–576 жылдары Ұлы Түрік қағанатының қанатын жайғызып, дулы Естемес хан билік құрған кезден кейін, қағанаттың қазіргі Қазақ даласы аумағындағы бөлігі оның үлкен ұлы Қараша ханның қарамағына өтіп, 30 жылдай мемлекет басқарып, одан соң билік үйсін Қарашаұлы Бәйдібек бабаға өткені» жазылса, 2010 жылы Алматының «Нұрлы әлем» баспасынан шыққан «Бәйдібек» атты тарихи хикаятына жазылған алғы сөзде: «604 жылы 74 жастан асқан Қараша хан Тараздың түбінде қытайлармен өткен қырғын соғыста қайтыс болып, сол кезде 18–20 жастағы Бәйдібек ел билігін қолына алып, қытай басқыншыларына соққы беріп, хан сайланған» деген дерек келтірілген. Осы үш деректің қай-қайсысына қарасақ та, Бәйдібектің үшінші әйелі Нұриладан туған Қоңырмен ақ некелі болғанынан, шектіден тараған Кішкене Есенәліұлы бабамыз Бәйдібек бабамыздың замандасы әрі сол замандағы бүкіл Ұлы жүз үйсінге танымал һәм беделді тұлғалардың бірі болған деген тұжырымға келуге негіз тудырады. 
Ал ел арасындағы аңыз-әңгімелер бо­йынша бір кезде туыстарына өкпелеп, елінен кетіп қалған Кішкене бабамыз Ұлы жүз ішінде атақты бір байдың жылқысын бағып, қысы қатты болған жылғы боранда адасып, байдың өңкей қаракөк – асыл тұқымды жылқыларын қыс бойы бір таудың ығында паналатып, көктем шығар тұста елге жеткізеді. Кішкененің адалдығына сүйсінген бай оған қызы Қоңырды қосып, бөлек отау етіп шығарады. Бірнеше жыл қайын жұртының жерінде тұрған Кішкене сол елде жүріп екі ұлды болады. Үлкенін нағашыларының бауырына салады. Қоңыр анамыз төркін жұртында жүргендіктен, ешкімге сәлем салып, табақ ала алмайды, әрине. Осыны еріне айтып: «еліңе барайық, мен де үлкендерге қызмет қылып, батасын алайын», – дейді. Осыдан кейін Кішкене бабамыз қайын атасының рұқсатымен туған еліне қарай бет түзейді. Қолында ұлы Жиеней болады. Жолда келе жатып екінші ұлы туып, ол жолда жарық дүниеге келген соң, Жолшара атайды. Еліне келген соң Қоңыр анамыз Асан, Үсен атты егіз ұлды босанады. Одан кейін алған екінші әйелі Құланбикеден Құрманай, Құттық атты егіз ұл сүйеді. Сөйтіп, өсе келе бұлардың әрбірі рулы елге айналып, ел арасында «алты Кішкене» атанады. Міне, осы әңгімедегі Кішкененің қайын ата-енесі Бәйдібек би мен Нұрила (Домалақ ана) екен дейді бұл туралы жазғандар.
 Енді Кішкене бабамыздың жерленген жері туралы тұспалдар туралы айтсақ, Қазалының Бекарыстан би ауылында 100-ге келіп қайтыс болған Асан Смағұлұлы Қабақ 2012 жылғы жазда маған: «Өзбекстаннан Қазақстанға қарай созылып жатқан Әлім тауындағы екі төбеге Кішкене мен Палуан аталарымыз жерленген деп ағам Мырзағұлдың баласы Балташ айтып отыратын» деген еді. Мұны нақтылай түскен тағы бір дерек, Жиеней Бек Ерғанатұлы: «Институтта бірге оқыған, Әлімтау етегіндегі Әлімтау ауылында тұратын Жарылқасын Ергешовтің үйіндегі дастарқанда «мен әліммін» дегенімде, тоқсаннан асқан әкесі «Әлім деген батыр болды. Ол онда сенің атаң екен-ау», – деп еді дейді. Бұл тау, біздің арғы бабамыз, Әлім жайлаған тау болса, ол жерге Кішкене мен Палуан жамбасының тиюі әбден мүмкін деген ой келеді.
Тарихшы Жаңаберген Якияұлы мен журналист Салмат Қалуұлы жазған «Құрымбайлар шежіресі» деген 2004 жылы шыққан кітаптың 16-бетінде: «Көнекөз қариялар Кішкененің зираты Кентау қаласынан 70 шақырым жерде. Басында арабша жазылған құлпытасы тұр дегенді айтады. Тарихи әңгімелерде Кіші жүз ол кездері Созақ, Түркістан, Сауран, Ташкент қалалары төңірегін қоныстанған. Олай болса, қарттардың Кішкененің зираты Кентау маңында дегені дұрысқа келеді» делінген.
Әлимұса Досқожаұлы 2014 жылы күзде Жаңақорған шипажайында Айдарбек ұрпағы Жиенбай Жұмағазиев, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетовпен бірге демалғанда жаңақорғандық қария­ның «Кішкене бабаларыңның бейіті Шымкент облысы Созақ ауданы Қаратау кеңшарында. Ол жер Жаңақорғаннан 70–80 шақырым» деп жоғарыдағы «Құрымбайлар шежіресіндегі» тұспалды қайталайды. «Құрымбайлар шежіресі» мен Әлимұса Досқожаұлы айтқан деректерге жуықтайтын тағы бір әңгіме: «Қоңыр, Құланбике аналарымыз бен Кішкене баба үшеуі де Домалақ (Нұрила) ананың қазасына барғанда кейінірек ауырып, қайтыс болып, сол өңірде жерленген» делінетін аңыз. 
 Ал Түктібаев ауылындағы Асан Мергенбай Қожаниязұлы аян арқылы 2011 жылы Бегім ана мұнарасы маңынан Кішкене бабаның жерленген орнын тауып, төртқұлақ және ескерткіш тақта орнатып, ас берген. Сондай-ақ Ақан деген баласының: «Біз төрт құлақты салып болғанша, сол маңда сағымданып құландар жүрді» дегені сол құланның Кішкене туралы аңызда, оның жылқысының ішінде жүретінін еске түсіріп, бізді осында бір сыр жоқ па екен деген ойға қалдырады.
Кішкене бабаның тұлғалық бейнесін ашуға қатысты әңгімені оның ата-бабалары туралы айтылатын жыр-дастандарды тілге тиек етсек. Бабамыз Алты ата Әлімнің үлкені Жаманақтың Өрісінен туған, Есенәлінің ұлы Әлімнің шөбересі. Осы орайда, Жаманақұлы Шыңғыс бабамыздың ұрпағы Нұртуған ақын Әлім туралы: 
Көне көз қариялардан естуші ем,
Шөмен мен бір анадан туыпты Әлім...
...Әлімнің қатар елден толықтығы,
Үш жүздің баласына дейді мәлім.
...Алысқан ат үстінен кәуірлердің,
Күштісі аунап түсіп соққан санын...
...Бақ қонып осылайша келгеннен соң,
Хандықтың ел ұсынған алтын тағын, – деп жырлайды.
Ел аузынан бізге жеткен Кішкененің үшінші атасы Жаманақ туралы бір жыр-деректе:
Арғы бабам – Жаманақ,
Сөйлеймін сөзді саралап.
Әкесі Әлімнің асына, 
Мың үй тіккен даралап.
Осыдан-ақ біле бер,
Кісілігін шамалап, – деген өлең жолдары бар. Одан әрі Кішкененің өз атасы Өріс туралы Нұртуған ақын тағы да: 
Шектінің ақ батасын аламын деп,
Шашыпты Өріс жұртқа жинағанын.
Қарашы Өрісұлы он бес болыс,
Көрсейші өлі аруақты сыйлағанын, – деп Кішкененің ата-бабаларының тұлғасын осылайша суреттейді.
Енді Кішкененің өзі туралы айтсақ, қолжазбалары сақталмағанsмен, елден жинап, жазып жүрген Машарап Әлиұлы мен Қаратай Қуаңбайұлынан көшіріп алған Омардың немере інісі Айтбай Тоқсанбайұлының ұсынуымен халық ақыны Омар Шораяқұлының «Сөйле, тілім, жосылып» деген атпен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының этнофилология лабораториясы және «Шораяқұлы Омар» қоры, немересі Тұрсын Шайқықызы мен журналист Шаһизат Дәрмағамбетовтің саралауымен 1995 жылы Алматының «Рауан» баспасынан өлең, терме, толғау-дастандары енгізіліп шығарылған кітаптың 61-бетінде Кішкене бабамызды:
Нағашым – атышулы Кішкене еді,
Сыртынан көрмей дұшпан сескенеді.
Тағамның тал түстегі саясына, 
Бес Бозғұл, алты Әлмембет түстенеді, – деп дәріптейді. 
Кішкене бабамыз туралы өлеңнің бұл нұсқасы 2009 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында Р.Бердібаев төрағалық еткен, құрамында А.Алматов, Д.Досжан, Б.Кәрібозұлы (жауапты редактор), С.Қасқабасов, Т.Қоңыратбаев, Б.Момынбаев, И.Оразбай, С.Оспан, С.Пірназар, Ә.Рахымбекұлы, К.Сейсекеевалар бар редакциялық алқаның сараптауымен шыққан Шораяқұлы Омардың терме, толғаулар, өсиет-мысалдар, айтыстар мен дастандары басылып шығарылған жинағында да қайталанып, Кішкененің аты танымал, батыр һәм халқына сәулесі мол, бай, қайырымы мен қамқорлығы алты Әлімге аян екені суреттеледі.
Кішкенеден тараған ұрпақтардың ішінде ұлт мүддесі жолында күрескен тұлғалар көп шыққан. Мәселен, Сыр бойынан шыққан ұлт батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы сол өлкедегі қазақтарды Хиуа, Қоқан хандығынан қорғап, көп ерлік жасаған. Сол сияқты ол Ресей патшалығы Сыр бойына келіп бекініп, жергілікті халыққа тізесін батыра бастағанда халықты көтеріліске бастап, басқыншыларға қарсы соғысқан. Ал Кішкене баба ұрпақтарының бірі Асан руының жұрты өткен ғасырдың 30-жылдары Кеңес өкіметінің саясатына қарсы көтеріліс жасап, большевиктерге қарсы соғысқан.
Міне, қолымызға түскен бірнеше мәліметті алға тарта отырып, Кішкене бабаның тарихта орны бар тұлға екенін және оның ұрпақтарынан ел қамын жеген, ұлт азаттығы жолында күрескен тұлғалар шыққанына көзіміз жетеді. Сондықтан Кішкене Есенәліұлы бабамызды ұлт тарихында орны бар, ұрпақтары үшін өнегесі мол, дәріптеуге тұрарлық тұлға деп есептейміз.

Шарафадин АЛТЫНБАЙҰЛЫ, 
Журналистер одағының мүшесі

355 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы