- Ақпарат
- 23 Қаңтар, 2025
Досан биден басталған

Досан би болуымен қатар, бай да екен. «...Жауыңды досыңдай сыйла, жатқа жайылып төсек болма. Ақ дастарқанды аяла, жақыныңа жылу бол, әр істің бір қайыры болады. Бір Аллаға сен, көршіңе қарайлас. Түзде де, үйде де бірге болыңдар» деп ұрпақтарына өсиет қалдырыпты. Досан биден ХІХ ғасырда Өркен, Тұрсынбай датқа, Арзығұл, Келдіғұл атты билер тарапты.
Досан би (бай) бастаған тұяқтылардың біразы «Мырыш», «Боқтыөлең», «Қайырсуат» сияқты жерлерді қыстап, жазда Торғай, Қостанай өңірлерін жайлау еткен. Телікөл, Сарысу бойын бүгінгі Ботабай, Тартоғай, Айдары, Аманкелді, Жетікөл құтты мекендері болыпты. Оны 1868 жылы Тұяқты руларының қысқы қонысы туралы архив құжаттарында қыстап отырған жерлерін нақты көрсеткен: Қармақ-сабы, Құлсуат, Мырыш болғанын оқи аламыз.
Қостанай, Торғай жақтағы жайлауына шығар жолында Досан ауылының көші сән-салтанатымен көрші ауылдарды тамсандырады екен. Көштегі түйелердегі жүктердің қоршауы, түйенің жабдықтарын сәндеуін (қоршаудағы) қыз-келіншектердің киім киісі өзгеше өрнектелетін.
Досанның бір әулетін бүгінге дейін тарқатып көрейін. Дұрыс-бұрысын оқырман айтар. Досанның бір баласы Рысқұл аталған – одан Бекболат тарапты. Бекболаттан – Есберген – одан Тұнғатар, Таңатар туады. Таңатардан – Байбат – одан Арзығұл, Әжіғұл, Мырзағұл, Қарағұл, Келдіғұл, Балтабай, Балғабайлар өсіп-өнеді. Осындағы Арзығұлдан – Нұрке – одан Біршебек тарқатылады. Біршебектен – Әлсерік – одан Әбдірахман ақсақал. Әбдірахманның бір баласының аты – Мұхамедиса. Сонда Досан бабадан бері 12 атаға келіп тұр.
ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырда есімі біраз жерге жайылған Өркен би, Тұрсынбай датқалар Досан биден тараған ұрпақ. Шежірелік жолмен есептесек, Досан бабамыз шамамен 1650–1660 жылдарда өмірге келген болып шығады.
Досанның жетінші ұрпағы болып келетін Арзығұл туралы да ел ішінде оңды әңгімелер қалыптасқан. Бірінде Арзығұлдың бай болғанын, екіншісінде көріпкел кісі екені айтылады. Ел аузында «...Арзығұлдың алдын кеспе, бата ал», «Арзығұл жөн сөз айтады», «Арзығұлмен сыйлас болсаң, малың арымас» тағы басқа да ел әңгімелері сақталған. Арзығұл ағасы болып келетін Өркен би сияқты келешегі бар жастарды танып-біліп, оларды әрдайым қолдап, қамқорлығын жасайды екен.
Менің архивімде 1868 жылдың күзінде қыстап отырған Перовскі уезіне қараған Жөлек болысы тұрғындарының тізімі жасалған (түтінпұл алу үшін. – Т.Д.). Осы тізімде Келдіғұл, Кенжеғұл Дүкенбаев және баласы Бекманбет Келдіғұловтың, Бәйім, Нұрке Арзығұлдар мен қатар, Досан ауылының тұрғындарының есімі хатталған. Олай болса, Келдіғұл би (замандасы. – Т.Д.) бұл жылдарда ең кемі 69–70 жаста, баласы Бекменбет 25–27 жаста болуы мүмкін. Байбат баласы Қарақұлдың да есімі бар. Бұл мәліметте Арзығұлдың есімі кездеспеді, бірақ әкесі Байбаттың аты жүр. Сонда Байбат ең кемі (1867–1868 жылдарда) сексен жастан асқан болар. Арзығұлдың тізімге енбеуі сол жылдарда дүниеден өткен болар деп топшылаймын.
Арзығұл балалары Бәйім мен Нұркенің еншісін бөлектемей, еншілес етіпті. Содан да болар, олардың есімі қатар аталады екен. Бабаның былай етуі ағайындылардың арасы ашылмай, бір-біріне деген бауырмалдығын арттыру мақсатында жасаған.
Нұрке жасынан діни сауатын ашып, мешіт ұстаған молда болыпты. Жас балалардың діни білім алуына жағдай тудырған. Кейінгілер «біз Нұрке ұрпағымыз» деп мақтанышпен айтатын кісі болған деседі. Нұрке шамамен 1830 жылдарда өмірге келіп 1890–1895 жылдарда қайтыс болса керек.
Біршебек Нұркеұлы – кеңестік қуғын-сүргінді көргендердің бірі. «Түйелі бай» атанған. Біршебек 1928–1929 жылдардағы тәркілеуге ілініп, малдары тартып алынып, Адай округіне жер аударылыпты. Анық-қанығы белгісіздеу. Айдауға кемпірімен кеткен сияқты. Сонда жүріп танысы арқылы елде қалған баласы Әлсерікке жасырын хабар айтып, тыққан алтындарды алдырып, сол алтынның күшімен туған жерге оралады. Алайда елдегі жағдайды көріп, Қоқан асады. Қоқанда түйемен жүк тасып күн көреді. Отбасымен Өзбекстан жеріне орналасыпты.
Бір кезде мыңғырған мал өсірген Біршебек бұл күйін де қанағат тұтып, бір Алланы медет тұтып, бес уақыт намазын қаза етпепті. Қанмен келген көріпкелдігі бар, үнемі алдағы болатын жағдаяттарды сезіп отырады екен. Біршебек бірде «Сох» деген жерде тұрғанында науқастанып, бәйбішесіне «Жаназамды Сырдан келіп Досназар молда шығарады» дегенінде әйелі «Сонау Сырдан келіп Абыз қыпшақ қалай шығарады?» деп сене қоймапты. Айтса-айтқандай, балалары «Сераба» деген теміржол бекетіне астық артуға келсе, пойыздан Досназар молда түсіпті. Сөйтіп, досы Біршебектің намазын Досназар шығарған деседі.
Біршебектің жүріп өткен жолының өзі-ақ көп нәрсені аңғартады. Талай қиындық пен қауіптен өткені оның бірде Сырда, енді бірде Өзбекстанның Қырғызстан және Тәжікстанмен шекаралас жерінде тұруы, сол қиыншылық өмір сүрудің, ұрпақтарын аман-сау өсірудің амалы болған. Ол 1866 жылы Қызылорда облысындағы «Боқтыөлеңде» туып, 1947 жылы Қырғызстанның Ош облысындағы «Шоңқора» деген жерде қайтыс болып, сондағы «Жігіт пірім» атты қорымға жерленіпті. Құдай қосқан қосағы Тәженкүл Нұрпейісқызы 1868 жылы Тереңөзекте өмірге келіп, 1958 жылы өмірден өтіп, Қоқан қаласындағы Риштан ауылындағы бейітке қойылады. Дүниеге алтын асықтай бес ұлды (қыздары да болған сияқты. – Т.Д.) әкелген. Ұлдың үлкені Әлі (1888–1968), Әлсерік (1892–1948), Серікбай (1900–1916), Палсерік (1920–1942), Жансерік (1922–1945) атты ұлдары өздеріне серік болып, азамат болып өседі. Палсерік Сталинградты қорғау кезінде қаза болған, ал Жансерік Берлинде оққа ұшқан.
Біршебек Нұркеұлының осынау өмір жолы көз алдымызға небір қиын жылдар мен жолдарды әкеледі. Осынау отбасының өмір жолын балаларына айтып кеткен Тәженкүл әже екен. Ол кісі Әлі мен Әлсерікті қасына алып, 1958 жылы Арзығұлдан бермен қарай өз білгендерін айтып кетіпті. Бір әңгіменің арасында отағасының Сыр елін сағынып айтқаны екен:
...Жүріп шаршаған отырып дем алады,
Отырып шаршаған қайтіп демалады?..
Адамзат келер, жүзге келер,
Сонан соң ақыры бір өлер –
Адамзат өлгеннен соң, жерге көмер,
Құдай-ау, жанымды саламат ет.
Туған жоқ, туысқан жоқ бізге келер, – деп қамыға туған жерді сағынып отырып айтқаны. Осы жолдар көп нәрсені аңғартып-ақ тұр емес пе?
Қиындықты әкесімен бірге балалары көріпті. Біршебектің баласының қысқаша тарихына тоқталмақпын. Әлсерік 1892 жылы бұрынғы «Боқтыөлеңде» бүгінгі Тұрсынбай датқа ауылында туып-өскен. Ескіше оқыпты. 1929 жылы Өзбекстанға көшіп кетіп, әкесінің жағдайына байланысты «Сероба» ауданындағы мақта қабылдау пунктінде қойма басқарушы қызметін абыроймен атқарыпты. Қызметінің маңызын ескеріп (әскери комиссариат) бронь беріледі. Әлсерік 1948 жылы қайтыс болып, анасы жатқан «Риштан» қорымына жерленеді. Әйелі Қадиша Сахымқызы 1914 жылы туып, 1982 жылы енесі мен күйеуі жатқан жерге қойылады. Үлкен атасы – Жаппарқұл. Жаппарқұлдан Ыбырай мен Сахым тарайды. Сахым атамыз бен бәйбішесі Жәмиладан 3 ұл – Рахматулла, Жанділда, Жанайдархан, 4 қыз – Рахия, Хадиша, Сымдар, Бибіхан тарайды. Қазір ұрпақтары Шымкент, Қызылорда облыстарында өніп-өскен.
Әкесінен жастай қалса да, әжесі Тәженкүлден Біршебек әулетінің жай-жапсарын білген Әбдірахман ақсақал ол әңгімені балаларына, ағайын-туыстарына үнемі айтып, оларды еңбеккештікке тәрбиелеген. Ол кісі Ташкент облысының «Жаңажол» ауылында туып-өседі. Осындағы мектепте оқыған. Жасынан еңбекке араласып, озат атанады.
Әбдірахман ақсақал ерте есейіп, әже, әке аманатын орындауға бел буып, 1985 жылы көштің басын Сырға бұрады. Бәйгеқұмға тұрақтап, совхозда көкөніс-бақша дақылдарының бригадирі болып, өнімді еңбек етіп, есімі ауданға белгілі бола бастаған.
Сырт елде жүрсе де, бабалары Арзығұл, Тұрсынбай туралы сұрастырып, білгенін кейінгі ұрпақтарға жеткізіп отырды. 1960 жылы Күлипа Мәдәліқызымен отау құрып, үбірлі-шүбірлі болып, өсіп-өнеді. Әбекеңнің балаларының бәрі Өзбекстанда өмірге келген, сонда оқып білім алған жастар. Кенжесі – Бақыткүлі Сырда туған.
Әбекеңнен бір-екі мәрте кездесіп, сөйлескенім бар. Сонда шежіреден мол хабардар екенін білдім. Әбекеңнен – Мұхамедиса, Әбдіқадыр (1965–2006), Құрбан, Нұрғали Айтбай, Алтынай, Жұлдызай, Бақтыгүл тараған. Бәрі де оқыған, елге танымал азаматтар. Бүгінгі буын өкілі Айтбай – Шиелі ауданының әкімі.
Мұхамедисамен қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір арқылы танысқанмын. Ол өзінің атақты бабаларының бірі Тұрсынбай (датқа) Бүркітбайұлы туралы зерттеуімді өтінген-ді. Өтініші орындалды. Досан би ұрпақтарының ұйымдастыруымен датқа хақында кітап жазылып, ас берілді. Датқаның туған, тұрған Ботабай ауылына Тұрсынбай датқаның есімі берілді. Ауылға кіре-беріске екі жанынан екі төлқұжат жасалып, орнатты. Бұл тұстары Мұхамедиса Әлсеріков көп іс тындырды, үлкен істің басы-қасында жүрді.
«...Осынау іске әкемнің қозғауымен араластым. Әкем үнемі маған жол көрсетіп отырды», – дейді Мұхамедиса. Сол бір таныстығым аға-інілік қарым-қатынасқа ұласты.
Мұхамедиса Әлсеріков 1962 жылы Ферғана облысында өмірге келген. Ферғанадағы политехникалық институттың (1980–1986) инженер-құрылысшы мамандығын алып шығады. 1988–1993 жыл аралығында «Бәйгеқұм» совхозында құрылыс шебері, аға прораб болып қызмет атқарады. 1994–2006 жылдарда «Бәйгеқұм» ауылдық округiнiң әкімі, 2006–2013 жылдар аралығында Шиелі аудандық құрылыс бөлімінің бастығы, Шиелі кентінің әкімі болған. 2013–2020 жылдарда Қызылорда қалалық, облыстық сәулет-құрылыс басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарды. Құдай қосқан қосағы Майгүл Аманжолқызы Бекжановамен бірге «ұлын ұяға, қызын қияға» қондырған азамат.
Жақында ғана есімі бүкіл қазақ жұртына белгілі айтулы би, Тұрсынбай датқаға арналған игілікті іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Біршебектен басталған қуғын-сүргін Әлсерікке жалғасқан. Сонда төрт ұрпақ сыртта жүрген. Бұл көптеген әулеттердің бастан кешкенінен хабардар етпек.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
жазушы, Қазақстанның
Еңбек сіңірген қайраткері

150 рет
көрсетілді0
пікір