- Ақпарат
- 23 Қаңтар, 2025
ГАЗЕТ – ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

Биыл жарық көргеніне 35 жыл толатын «Аna tili» газетінің жаңа жылдық саны да қолымызға тиді. Алдымен 3 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты басылымның тілшісі Ерлан Жүніске берген көлемді сұқбатын оқуға кірістім. Мемлекет басшысы елімізде өткен жылдары атқарылған саяси-әлеуметтік және мәдени дамуында қол жеткен табыстарға кеңінен тоқталды. Болашақта атқарылатын көлемді жұмыстарды жүзеге асырудың бағыт-бағдарын белгілеп берді.
Президент журналистің «Сіз неге сұқбатты басқа ақпарат құралдарына емес, баспасөзге бергенді жөн көресіз?» деген сұрағына былай деп жауап берді: «Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. «Аna tili» газетін де тұрақты оқып тұрамын. Мен мәліметті телевидение, интернет, әлеуметтік желі сияқты сан алуан ақпарат көздерінен аламын. Бұдан бөлек, күн сайын түрлі мекемеден материалдар келіп түседі. Мен ақпарат кеңестігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді».
Иә, газет – қашанда ақпарат көзі, тәрбие құралы. 1913 жылғы 2 ақпан күні шыққан халықтың рухын оятқан, ұлттық идеямызды насихаттаған «Қазақ» газетінің алғашқы санында былай делінген-ді: «Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет – халыққа білім таратушы...» Арада 112 жыл өтсе де, газет сол міндетін, қай қоғам болмасын, абыроймен орындап келе жатқаны баршаға аян.
Ал қазіргі қазақ баспасөзінің жағдайы қандай күйде?! Сол тарихи міндеттерін орындап келе ме? Міне, осы ой мені қатты мазалайды. Соңғы кезде баспасөзге деген бұқара халықтың көзқарасы өзгеріп, оқырман саны күрт азайғаны жасырын емес. Жаңадан ақпарат тарататын құрал – интернеттің келуі журналистикаға үлкен өзгерістер әкелді. Интернет-газеттер – соның айғағы. Интернет – шекарасыз ақпарат кеңестігі, оған ешқандай цензура жүрмейді. Интернет дегеніміз – сауын сиыр сияқты нәрсе, оның бұлағы оңайлықпен таусыла қоймайды. Бірақ сиырдың да сиыры, сүттің де сүті болатынын естен шығармалық. Демек, интернетте жеделдік болса, газетте тереңдік бар.
Соңғы отыз жылдықта баспасөз беделінің төмендеп кетуінің себептері де әртүрлі: журналистер жалақысының төмендігі, қаламақының жоқтығы. Олар болмағасын, тілшілерді газетке тарту қиынның қиыны. Екіншіден, баспасөзде көптеген жанр жоғалып кетті. Публицистика, очерк, репортаж, фельетон тағысын тағылар. Қазір журналист мақтап жазса, «атақты» болады да, сынап жазса, «шатақшы» болатын жағдай қалыптасқан. Сөйтіп, соттың есігін тоздырудың күйін кешеді.
Ұлт мақтанышы Міржақып Дулатов айтқандай, «газет – халықтың тамыршысы, қоғамдағы кеселді ашып көрсетуі керек» деген миссиясы орындалмай тұр. Келесі бір үлкен мәселе – баспасөзге жазылу науқанының әлсіреп, науқас адамның күйін кешуі. Мен жетекшілік жасайтын қоғамдық бірлестіктің республикалық салалық кәсіподақтардың «Ұстаздық еңбек» газетін шығару тәжірибесі соның айқын дәлелі. Іссапарға шыққанда, түрлі кездесуде газетті қолтығыма қысып жүріп таратамын. Өз жұмысымды аяқтағаннан кейін газет туралы әңгімемді жүргіземін. Үйреншікті жайт. Кейде әріптестерім «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қайда қоясыз?» деп те қояды. Сонда да тоқтамаймын. Себебі газет – менің жаным, жүрегім! Қазір газет оқымайтын білім беру саласындағы әріптестерім шетінен блогер, саясаткерге айналды. Әлеужелідегі жазбаларын оқып, төбе шашым тік тұрады. «Шәкірттерді білім нәрімен сусындататын, ізгілікке, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелейтін ұстаздар, бұларың не?» деп айқай салғым да келеді. Өкінішке қарай, менің даусымды естір құлақ, түсінер жан да жоқ сияқты болып көрінеді. Егер осылай жүре беретін болсақ, болашақ елімізді басқару смартфонға телміреген сауатсыз ұрпақтың қолына тие ме деген бойымда қорқыныш та жоқ емес. Бұрын оқушыларды газет тәрбиелесе, қазір интернет пен көше тәрбиелеп жатыр.
Махамбет ауданы Фурманов атындағы орта мектептің бастауыш сыныбында оқып жүргенімде Сембі Берғалиев, Бақтығали Алдешев секілді ұстаздарым газет оқуға баулыды, өлең, новелла, әңгіме жазуға үйретті. Аудандық «Малды өңір», республикалық «Қазақстан пионері» газеттеріне мақалаларым шыққан күні бойымды үлкен қуаныш сезімі билейтін. «Ауыл тілшісі» деген құрметті атағым да болды. Сөйтіп, сыныптастарымды газет-журналға жаздыруға күш салатынмын. Қазірде де атқарып отырған қызметімде де ардагер ұстаздарды газет-журналдарға тегін жаздыру назардан тыс қалған емес. Газетті оқымау – надандыққа, рухани жаңғырмауға, сауатсыздыққа апаратын жол. Бұл жол біздің жол емес!
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғарыдағы сұқбатындағы «Осы сұқбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді» деген сөзімен аяқтағым келді. Осылайша, барлық газет оқырманын, әлеужелідегі әріптестерімді газетті жаздырып алуға, газет оқуға шақырамын!
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
«Атырау облысы білім және
ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
тарих ғылымының кандидаты

127 рет
көрсетілді0
пікір