- Ақпарат
- 23 Қаңтар, 2025
Жанның емі – жылы сөз

Айзат Айдарқызы,
«Ana tili»
Суицидтің алдын алу туралы ақпаратты жиі оқимыз. Мұндай сипаттағы іс-шара да көп. Бірақ суицидтен кейін өмірге бейімделу жайында білеріміз аз. Мысалы, елімізде қолдау орталықтары мен арнайы емшара жүргізетін орындар жетерлік. Психиатр немесе психотерапевт көмегіне жүгінсеңіз де болады. Әр қала мен облыста мұндай орталықтар бар. Суицид жасаған адамға терапиядан өту, маман кеңесіне жүгінудің айтарлықтай мәні зор. Осы турасында елордадағы «Қалалық психикалық денсаулық орталығы» мамандарын әңгімеге тарттық.
Ерекше қолдау қажет
Алдымен, өткен жылғы статистикаға көз жүгіртсек. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегі бойынша, өз-өзіне қол жұмсағандардың ішінде 30 жастан асқандар көп. Мәліметке сүйенсек, жыл сайын 3,5–4 мың адам өзіне қол салады. Яғни күніне 9–10 адам суицид жасайды деген сөз.
Иә, елімізде жасөспірімдер арасындағы суицид, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен өзіне қол салатын әйелдер туралы жиі мәселе көтеріледі. Қолдау орталықтарының күн-түн демей жұмыс істейтінін, көмек көрсететінін білеміз. Ал өткен жылдың дерегіне қарасақ, Қазақстанда кәмелетке толған ерлер жиі суицид жасайды екен. Мысалы, қаңтар-шілде айының арасында өзіне қол салған еркектердің үлесі – 74,9%. Демек, елімізде орта жастан асқан еркектерге психикалық қолдау білдіру деңгейі төмен.
Неліктен суицид жасағандардың ішінде ерлердің үлес саны көп? Сұрағымызға елорда әкімдігіне қарасты «Қалалық психикалық денсаулық орталығының» психиатр-суицидологі Адия Ирланқызы жауап берді. Оның айтуынша, ер адамдар көмек сұрауға ұялады.
«Ерлер қоғамдағы стигма, қысым мен гендерлік талапқа байланысты көмек сұрауға қысылады. Неге 30–40 жас аралығы орта жас дағдарысы деп аталады? Өйткені бұл кезеңде өзі ойлағандай деңгейге жетпегені, жақындары тарапынан айыптау, жауапкершілік жүгі оларды сарсаңға түсіреді. Уайым, стресс, депрессия түбі өзіне қол жұмсауға әкеледі. Тіпті осы жаста суицид жасаған еркектердің дені көз жұмады. Меніңше, бұл жастағы еркектер өмірдің бір кезеңінен екінші кезеңіне өте алмайды. Эмоциялық тұрғыда сынып, шешім іздеудің орнына, суицид туралы ой мазалайды. Жалпы, суицидтен кейін терапияға келетін ерлер қауымы аз. Мысалы, 2024 жылы 217 емделуші болса, соның 39-ы ер адам. Өкініштісі, олардың дені тек бір рет қабылдауға келеді», – дейді психиатр.
Cуицидолог Екатерина Миронова БАҚ-қа берген сұқбатында қоғамда жасөспірімдер жасаған суицид жиі талқыланатынын, алайда ересектер арасындағы өзіне қол салу дерегі көп екенін айтқан. Оның үстіне елімізде ер адамды суицидке не итермелейтіні туралы зерттеу аз. Суицидологтің айтуынша, 800-ге жуық себепті тізуге болады. Суицидке экономикалық, биологиялық, психологиялық және басқа жағдай әсер етеді. Ерлерге қарым-қатынастағы тоқырау, ажырасу, жұмысынан айырылу соққы болып тиеді. Елімізде 35–54 жас аралығындағы ерлер суицид жасауға бейім.
Сондай-ақ Адия Ирланқызының айтуынша, суицидтен кейінгі өмірге бейімделу кезеңі аса маңызды. Өзіне-өзі қол жұмсауға оқталу – психиатриялық немесе психологиялық терең кризистің көрінісі. Мұндай іске барған адамға кәсіби маманның көмегі ауадай қажет. Өйткені суицидтен кейінгі алғашқы бір жыл ішінде оқиға тағы қайталануы мүмкін. Маманның сөзінше, суицидке адам жайдан-жай бармайды. Бұл – түрлі психологиялық фактордың көрінісі. Мұндай қадамға барған адамды көбінесе депрессия, шарасыздық, қорқыныш сезімі мазалайды. Қоғамнан оқшаулану мен қарым-қатынастағы конфликтіні де есепке алу керек. Сол үшін өз-өзіне қол жұмсаудан кейінгі бейімдеу суицидтің ғана алдын алмай, өмір сүру сапасын көтеруге де көмектеседі.
Қалай бейімделеді?
«Қалалық психикалық денсаулық орталығы» маманының айтуынша, емделушіні қоғамға бейімдеу, негізінен, бес кезеңнен тұрады. Жалпы, суицидтен кейін өмірге бейімдеу пациенттің жеке күйіне байланысты. Орта есеппен науқас 3–6 ай ішінде қалыпқа келеді. Терапиядан өту маңызды, әйтпегенде жағдай қайталануы мүмкін.
«Алдымен өзіне қол жұмсаған адамға алғашқы көмек көрсетеміз. Науқас емханаға түссе, физикалық және психологиялық жағдайына толық мониторинг жасаймыз. Әрине, қайта осы қадамға бару-бармау қаупіне баға береміз. Екінші кезеңде психотерапия басталады. Алдымен, когнитивті мінез-құлық терапиясын жүргіземіз. Мысалы, «менің ешкімге керегім жоқ», «мен бәріне жүк болып жүрмін» дейтіндерге бұл терапия таптырмас көмек болады. Стреспен күресуді, эмоцияны басқарып, өзіне-өзі көмектесуді үйретеміз. Одан кейін диалектикалық мінез-құлық терапиясына өтеміз. Бұл эмоциясы тұрақсыз адамға, соның әсерінен өзіне көп зиян тигізетін науқасқа жақсы көмектеседі. Кризис кезеңін басқаруды, өзін-өзі ұстауды, айналамен қарым-қатынасты түзеуді үйренеді. Екінші кезеңді отбасы терапиясымен аяқтаймыз. Науқастың жақындарын шақырып, бірігіп жұмыс істеуді бастаймыз. Қолдау білдіруді, өзара қарым-қатынасты нығайтатын әдіс-тәсілдерді үйретеміз. Ал үшінші кезеңде көрсеткішке қарай фармакотерапияны қолға аламыз. Түрлі антидепрессантты таңдап, көңіл күйін қалыпта ұстауға тырысамыз. Депрессияны, қорқыныш сезімін, үрейді басу үшін антипсихотикалық дәрі-дәрмек береміз. Әр науқасқа жеке, кері әсерін тигізбейтін дәрі-дәрмек тағайындалады. Одан кейін оңалту кезеңі басталады. Кризисті жеңуге арналған жоспар құрамыз. Психотерапевт немесе психиатрмен үнемі байланыста болады. Отбасы, достары тарапынан қолдауды барынша қадағалаймыз. Бесінші кезеңде қоғамға толық бейімдейміз. Кезең-кезеңімен жұмысына, оқуына, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік береміз. Өмірге құштарлығын оятып, мақсат қоюына көмектесеміз», – дейді суицидолог Адия Ирланқызы.
Бейімдеу жайын айтқанда бейімдеу орталықтары туралы да сөз қозғаған дұрыс. Өйткені мұндай жағдайдан кейін қайда бас сұғарын білмейтіндер бар. Мысалы, Астана қаласында психологиялық шұғыл көмек орталығы, психоневрологиялық диспансерлер мен емханалардағы кризис кабинеті бар. Тегін көмек береді. №3 студенттер емханасында балаларға шұғыл түрде психологиялық көмек көрсету кабинеті бар. №4 емханада дәл сондай ересектерге көмек көрсететін орын жұмыс істейді. Одан бөлек, ақылы қызмет көрсететін психотерапиялық және психиатриялық орталықтар жетерлік. Оған қоса елімізде кризис жағдайындағы адамға көмек көрсететін ұлттық жедел желі бар.
Жоғарыда айтқанымыздай, маманның сөзінше, емдеу уақыты 3 айдан 6 айға дейін созылады. Әрине, барлығы адамның жағдайы мен психиатриялық диагнозына байланысты. Егер ауыр депрессиядағы науқас болса қоғамға бейімдеу кезеңіне бір жылдан да ұзақ уақыт керек. Зерттеу бойынша, терапия алмаған науқастардың 15–25 пайызы суицидті қайталайды. Қайта өзіне қол жұмсау суицидтен кейінгі 6–12 ай ішінде жиі қайталанады. Сондықтан маман көмегіне жүгіну маңызды.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегі бойынша, былтыр 3 408 өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі тіркелген. Оның 2 690-ы ер адам,
718-і – әйел, 175-і – жасөспірім. Ең көп жағдай Түркістан облысында (371), Қарағандыда (278), Алматы облысы (294) мен Ақмола облысында (252) болған.
Одан бөлек, психологтер қазір адамдардың қатігез әрекетке жиі баратынын айтады. Бір-біріне аяушылық сезімі азайып, сынау, әлімжеттік жасау жиілеп кетті. Бұл адамды қаншалықты депрессияға түсіріп, қоғамнан оқшаулайтынын түсінбейді. Мысалы, әлеуметтік желідегі әлімжеттік, жасөспірімдер арасындағы буллинг өршіп тұр. Суицидтен кейін бейімдеу орталығына бармайтындар да жақындары тарапынан айтылатын сөзден қорқады. Психиатрдың айтуынша, отбасыдағы жылы қарым-қатынас, қолдау, сенім – өмірдің қай кезеңінде болмасын таптырмас ем.

114 рет
көрсетілді0
пікір