- Ақпарат
- 23 Қаңтар, 2025
Өткенді өрнектеген қаламгер

Бектұр Төлеуғалиұлы – көп жылдар бойы шаруашылық басқарған басшы. Әрі бүгінде елімізге белгілі қаламгерлердің бірі. Иә, шаруашылық пен шығармашылықтың да табысатын тұсы болады екен. Біз оны Бектұр ағамыздың өмірінен көреміз. Нақтылап айтсақ, 1980 жылдан 1991 жыл аралығында Маңғыстау ауданындағы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы кеңшардың директоры болып қызмет атқарған. Кеңшар директоры болған уақытында еңбегі ерекше еленіп, республика бойынша үш кеңшар директорының атқарған қызметтері, іс-тәжірибесі туралы «Дербестік және жауапкершілік» атты кітап шығыпты. Бұл кітап 1988 жылы Алматыдағы «Қайнар» баспасынан жарық көріпті. Сол кітапқа ағамыздың басшылық қызметте қол жеткізген жетістіктерінің енуі жалпақ елдің кәдесіне жарар жаңалық екенін көрсетсе керек.
1991 жылдан сайлану жолымен, ауыл шаруашылығы саласы кәсіподағының облыстық комитетінің төрағасы болып 2004 жылға дейін жұмыс істегені тағы бар. Кәсіподақ болған соң еңбекшілер мүддесін қорғау, өтпелі кезең қиындықтарын еңсеру қажет. Бұл істе де қолдан келген көмегін аяп қалмапты. Қиырда мал баққан адамдардың балаларына жазғы демалыс пен сауықтыру шараларын ұйымдастыру, титықтаған ауылға өңірдегі ірі мұнай, газ мекемелері басшыларының назарын аудару секілді сан салалы шаруаларды үйлестіруде де іскерлігімен көріне білді. Бұл шаруада ел ішіндегі беделі мен ұйымдастырушылық қабілеті көп септігін тигізгені анық.
Бектұр Төлеуғалиұлы зейнеткерлікке шыққасын да бүгінге дейін еңбектен қол үзген жоқ. 1995 жылдан бері Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін үзіліссіз атқарып келді. Соңғы жылдары Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Бекеңе үлкен сенім білдіріп әрі Маңғыстау облыстық әкімдігінің ұйғаруымен облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін қоса атқару ұсынылған. Облыстық және қалалық «Қазақ тілі» қоғамының тәжірибелі басшысы Б.Төлеуғалиұлы жүйелі және нәтижелі жұмыстар ұйымдастырып келе жатқанына куәмыз. Баспасөзге жазылу ісінде де ағамыз ерек ісімен көрініп келеді. Себебі Бектұр Төлеуғалиұлы «Қазақ газеттері» ЖШС-і мен «Жұлдыз» журналының Маңғыстау облысындағы өкілі және Маңғыстау облысы бойынша Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі.
Бекең халықтың ауызша тарихы мен шежіресінің ізімен әлі көпшілікке таныла қоймаған жазбаша тарихи деректерді сабақтастыра отырып, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашып, оны деректі көркем тұрғыда елге танытуды мақсат тұтты. Атап айтсақ: Махамбет Өтемісұлының өміріне арналған «Балдағы алтын ақ болат» повесі, Шотан Назарұлының ерлік істері жөніндегі «Бас сардар» атты тарихи деректі повесі, «Адай тарихы сыр шертеді» атты роман-эссесі, Ә.Қабыловпен бірігіп жазған «Салт-дәстүр және қазақ тілін оқыту» атты кітабы, «Ғасырлар құндылықтары» атты ұлттық мәдениет және салт-дәстүрге арналған күрделі еңбегі жарық көрді.
2008 жылы шыққан «Маңғыстау» энциклопедиясының редакция алқасының мүшесі, 2015 жылы тұңғыш шыққан «Маңғыстау облысы ауылшаруашылығы энциклопедиясының» редакция алқасы төрағасының орынбасары, басылымның жұмысына тікелей ұйымдастырушысы болды.
Бекеңнің қаламынан шыққан шығармалары жұртшылық арасында жылы қабылданып, зор қызығушылық тудырды. Ол туралы баспасөз беттерінде әдебиетші, тарихшы-ғалымдар мен журналистердің, қаламгерлердің көптеген пікірі жарияланды. Олардың ішінде ғалымдар: Е.Бексейітов, Ө.Мұқай, А.Айтқұлов, Д.Байғұнақов, Ө.Озғанбаев; қаламгерлер: Т.Сәукетаев, А.Мекебай, С.Хасан, Б.Бегенішов, Ә.Спан, А.Өтегеновтер бар. Оқырмандар арасында да бұл еңбектері жоғары бағаға ие болды.
Бәкең Махамбет Өтемісұлының өміріне арналған «Балдағы алтын ақ болат» хикаятында Махамбет туралы ел аузындағы деректер мен естелік әңгімелерді сәтті кірістіріп, штрих-детальдарды өнімді пайдаланған.
Қазақ тарихындағы он сегізінші ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан басталатын жоңғар басқыншылығына қарсы күрес пен оның қаһармандары туралы тарихшыларымыз бен жазушыларымыз біраз еңбек жариялағанымен, оның ашылмай жатқан тұстары да жетерлік. 1723 жылдан бастап жоңғар-қазақ, қазақ-жоңғар соғыстарына бастан-аяқ қатысқан даңқты батырларымыздың ерлік істері, қазақ жазушыларының еңбектері арқылы әдебиетте бейнеленіп, ұлттық санамыздан берік орын алған ұлы тұлғалар ретінде ұлықталып келе жатқанына біршама жыл болды. Алайда солармен бір қатарда жоңғарға қарсы жан аямай күрескен, Кіші жүз қолын басқарып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Шотан Назарұлының ерлік істері еш жерде жарық көрмеген еді. Тек ел есіндегі аңыз-әңгімелер мен қисса-дастандарда ғана дәріптелетіні болмаса, тарихшылардың назарынан тыс қалып, тарихымыздан өз орнын ала алмай келген осы тұлғаның есімі тек Б.Төлеуғалиұлының «Бас сардар» атты тарихи-деректі хикаятында тұңғыш жарыққа шығып, оқырманмен қауышты.
Б.Төлеуғалиұлының ең елеулі еңбегінің бірі – «Өлке» баспасынан жарық көрген «Адай тарихы сыр шертеді» атты роман-эссесі. Шығарма қазақтың адай руының түп атасы Адай батырдың өмір жолы мен ерлік істерін баяндап, тарихи әділеттілік орнықтыруға бағдар жасауымен құнды. Романда қазақтың аңыз-шежірелері мен ғылыми еңбектердегі деректерді жинақтап, әсіресе иран саяхатшысы Әл-Ибн Бахуридың 1814 жылы жазған «Алғашқы қазақтардың бірігуі», сондай-ақ тарихшы Әкрам Мұхитбердінің «Қазақ құрамасы» атты 1797 жылы жазылған еңбегін негізге алып, Адай бабамыздың Қазақ елінің іргетасын қаласуда атқарған еңбегін бейнелейді. Қазақ хандығының құрылу процесіндегі іргелі оқиғалар аясында Алшын тайпасынан шыққан күллі қазаққа мәшһүр жаужүрек батыр Адай мен оның балалары Келімберді, Құдайке, олардан тарайтын Қосай мен Тәзіке туралы әсерлі баяндалады.
Бекең шағын проза саласында да қаламының ұшқырлығын таныта алды. Оның «Зираттағы оттар» мен «Құткелдінің оралуы» деген екі әңгімесінің өзі-ақ осы айтқанымызды қуаттай түседі. Маңғыстау өңірінің өткен тарихынан сыр шертетін оқиғалардың ізімен нақты сюжетке құрып, көркем мәтінге жинақтап, шынайы да шымыр дүние ұсына білген.
«Зираттағы оттар» әңгімесінің оқиғасы автордың бозбала шағында ауыл ақсақалынан естіген ғибратты әңгімесіне негізделген. Өткен заманның оқиғасы нақты кейіпкердің іс-әрекеті арқылы оның тылсыммен тілдесетін қасиетіне бас идіреді. Әңгімеде баяндалатын жер атаулары қазіргі Маңғыстау ауданына қарасты Тұщықұдық аулының маңындағы елді мекендерді қамтиды. Қасиетті саналатын әулиелі жердің тарихын суреттейтін шағын әңгімеде, Санаубердіұлы Әби атты ақсақалдың баяндауы арқылы Сармолда әулие мен оның немересі Атанафестің бойындағы қасиетті әйгілейтін оқиғаларды көреміз.
«Қапам» қорымына барып аят оқыған Әби ақсақал осы зираттың екі жерінен от көрінетінін айтқан авторға былай деп жауап береді: «Мен ең бірінші аятымды барлық өлілерге арнадым. Содан кейін барып арнап оқыған адамым Сармолда әулие, одан кейінгі барған зират Сармолданың немересі Атанафестікі... Жарық осы екі адамның қабірінен көрінеді. Бұл адамдар тірі кезінде үлкен әулие атанған, еліне пайдалы қызметтер жасаған, халқына қадірлі болған азаматтар».
Әби ақсақал әуелі ата-баба шежіресін ру-тайпа түзілісімен таныстыра келіп, Тастемірдің бір баласы Сармолда мен оның немересі Атанафестің қасиеттері туралы әңгімеге ауысады: «Тастемірде бала көп болған. Сол балалардың ішіндегі зерделі ақылдысын жеңгелері Сармолда атандырып жіберіпті. Сармолданың зеректігін бала кезінен байқаған әкесі Түркияға жіберіп оқытқан. Сармолда оқуын бітіріп келгеннен кейін үйленіп, қызметін мешіт салдырып, бала оқытудан бастаған».
Әңгімеде Сармолданың Ыстанбұлдағы оқуын аяқтағаннан кейін Меккеде де бір жыл сегіз ай оқып, ауылға оралып, әкесінің жұмсауымен ел ішіндегі жұмыстарға араласқанда басынан кешкен оқиғаларды суреттейді. Әуелгі оқиға былай өрбиді. Сармолда бір шаруамен бара жатып, жолдағы бір ауылға қонғанда, сол ауылдың өзімен құрдас баласы онымен таныса келе, мұның кім екенін білгесін: «Менің бір қызда көңілім болып жүр, бірақ ол мені жанына жуытпайды, маған сол қызды қаратып бер», – деп құрдас ретінде өтінішін айтады. Мұны әділетсіздік деп, өтінішін қабылдамай, таңертең ерте тұрып кетіп қалмақшы болғанда, құрдасы да ерте тұрып, түндегі өтінішін қайталап, жалынып тұрып алғасын амалсыздан: «Сен қоймадың ғой, онда қыздың бір тал шашын алып кел», – дейді. Жігіт шеткі үйге кіріп кетіп, бір тал қыл әкеліп береді. Сармолда қылды қолына алып тұрып, құрдасына: «Осы шаштың иесін сүйемін, мәңгі жолдас етемін, сөзімді қайтып алмаймын», – дегізіп, үш рет қайталап айтқызып, қылға дем салып, «енді түстен қалмай қыздың өзі келеді», – деп аттанып кетеді.
Сәске кезінде шеткі үйдің тулағы жатқан жерінен қозғалып, атын ерттеп жатқан жігіттің басына келіп сарт етеді. Жігіт қайда барса да, соңынан қалмайды. Ел әбігерге түсіп, адамдар шошып, ауыл ақсақалы мән-жайды сұрағанда жігіт болған оқиғаны айтып береді. Сармолдаға ат шаптырып шақырғанымен, «мені мазақ қылмақ болды» деп келмегесін, үйдің иесі Тастемір ақсақалға өзі барып, кешірім сұрап, оқиғаны шұғыл тоқтатуды сұрайды. Тастемір баласына кісі жіберіп, ол ақыры тулақты орнына қойғызады. Осы оқиғадан кейін «Тулақ ұшырған Сармолда хазірет» деп аталып кетеді.
Үйленгеннен кейін Сармолда бала оқытумен айналысады. Түрікпен басқыншыларымен арада жиі қақтығыс болып жүрген сол кезеңдегі шапқыншылықтарда Сармолдадан жиі көмек сұрайтын болған. Ол жолда келе жатқан түрікпен басқыншыларының жолын тұман қылып адастырып, аттарын болдыртып, кері қайтуға мәжбүр қылып отырған дейді.
Тағы бір оқиғада Сармолда баласымен аңға шығып келе жатып, түрікпеннің шабуылынан елді сақтап қалғаны айтылады. Жолда кісіней берген соң, екі атты бірінен соң бірін бауыздап, қатты шаңқылдап дыбыс шығарған құсының басын кестіріп, қайта-қайта ұли берген итін атып тастап, алдарынан шыққан төбелдірікті тамға жаңбырдан паналау үшін кіргенде, сырттан адамдардың сөйлеген даусы естіледі. Тамға кірген адамдардың сөздерінен өз ауылдарына шабуылдамақ болған түрікпендер екенін білгеннен кейін айла жасап, «аттарды біріне-бірін байластыру керек» дегенде «біз байластырайық» деп білдірмей зираттан шығып, аттардың тұсауын қиып, босатып жіберіп, ауылға келіп, ұйқыдағы елді оятып, адамдарды қаруландырып, тамның ішінде жаяу қалған жауларды тұтқындаған екен.
Бұдан кейін екінші зиратта жатқан Сармолданың немересі Атанафестің жайы баяндалады. Он жасында Қазан қаласына барып, жеті жыл оқып келген Атанафестің демалысқа бір келгенінде бұлар отырған үлкен ақ боз үйге беттеп келе жатқан құйынды атасы сыйлаған алтын кездігін лақтырып қайтарғаны, Қаратөбе деген жерде перілердің үйіне тап болып, оқуының арқасында Шолақ перімен арбасып, ақыры алтын кездігін қайтарып алған оқиғасы әсерлі суреттеледі.
Жастықтың желігімен жүріп, осылай басынан кешкенін, көрген-білгенін атасына айтқанда, ол: «Бүгіннен бастап ойын-сауықты қой, мектеп даяр тұр, алған біліміңді еліңнің қажетіне жарат, ұстаздық етіп, бала оқытуға кіріс», – дейді. Бұл тапсырманы орындауға асықпай, жігіттіктің жетегінде жүре бергенде, бір күні оқыс оқиға болады. Ақсүйек ойнап жүргенде ағарып жатқан затты сүйек екен деп ұстай бергенде ол ақ жылан болып шығып, өзіне ұмтылады. Тұра қашқан оны қуып жеткен жылан шақпастан санының үстінен өтіп кетеді. Жыланның өткен орнында қара жолақ із қалып, мұны атасына айтқанда, ол: «Енді баланы дұрыстап оқыт!» – депті. Келесі күні түнде ұйықтап жатып, оқыс тарс еткен дыбыстан оянып кетсе, аяғының жыланның қалдырған ізінен сынып, бөлек жатқанын көреді. Осыдан кейін жастықпен қоштасып, ұстаздық жұмысқа біржола кіріскен екен.
«Атанафес – емсектік, сынықшылық, құмалақ ашу өнерлерінің биік шыңына көтерілген адам. Ұстамалы, талып қалатын немесе есінен адасқан ауруларды емдеп жазып отырған. Үлкен-үлкен қауіпті сынықтарды орнына сала беретін болған. Құмалақ арқылы айтқан болжамы барлық кезде шынға айналып, елінің құрметіне бөленіп, алғысын алған. Алпыс жасқа жетер-жетпесінде дүниеден өтті. Мен ол кісіні көріп, жүздескен адаммын», – деп автор, бір жағынан, оқиғаның шындыққа негізделгенін меңзесе, екіншіден, Атанафестің ұрпақтары туралы да нақты деректер келтіре кетеді.
Қаламгердің туған жердің бір кішкене төбешігінің тарихына негізделген тағы бір әңгімесі «Құткелдінің оралуы» деп аталады. Бұл – алты-ақ беттен тұратын шағын әңгіме. Автор шағын көлемге шымыр сюжетті сыйғызып, танымдығы мен тағылымы мол әңгіме түзген. Шығармадағы композициялық тұтастыққа жинақталған бірнеше эпизодтық бөлік мәтінге оңтайлы жымдастырылған.
Әңгіменің басында автор құла түзде суыт жүріп келе жатып, алдарындағы сауда керуенін көретін қарақшы топты суреттей отырып, оның басшысы – түрікменнің атақты қарақшысы Таған-Дұрдыны таныстырып өтеді: «Таған-Дұрды жасы отызды орталап қалған, осыдан он жыл бұрын әкесі Мәмедқұлдың жасағының ішінде болып, адай ауылдарына тұтқиылдан шабуыл жасағанда алғаш рет кісі өлтіріп, адам қанын жүктегеннен бері талай елді тонап, талай керуенді олжалап, талай жазығы жоқ жандардың өмірін өз қолымен қиған қанды қол қарақшының өзі болатын. Алғашқы өзі қатысқан жорықта қолға түскен жесірлердің ішінде Сүйінқара батырдың екі қызы Айсалқам мен Жансалқам да болатын. Он алты жастағы Жансалқамды әкесі Мәмбетқұл кіші әйелдікке алған. Енді жылға жетпейтін уақыттан кейін сол өгей шешесі Жансалқамның қолынан өзі өлетінін Таған-Дұрды сол кезде білмеген еді». Әңгіменің басындағы осы үзіндіде сюжеттің шешіміне меңзеу бар: көктем туа Таған-Дұрды он шақты күн ауырып, Жансалқамның шұбатқа қосып берген уынан көз жұмады.
Бұдан кейін қуаңшылыққа ұшыраған Бесқаладағы елдің жағдайын естіген Акбар саудагердің отыз атан-нарға ақталған жүгері, тары, тұқымдық бидай т.б. тиеп алып Бұхарадан шығып, жол тосып жүрген Таған-Дұрдының тобына тап болғаны, керуендегі алты адамының түгелдей қарақшылардың қолынан қаза тапқаны баяндалады.
Әңгіменің негізгі кейіпкерлерінің бірі Есіркеп ақсақалдың мекендеген жері Жарқұдық пен қазіргі Маңғыстау ауданындағы жер-су атауы аталып, кейінгі оқиға орны ретінде көрсетіледі. Өлке тарихының өткен ғасырдағы бір кезеңі еске алынып, оқиғаға қатысты деталь ретінде аталады: «Есекең асқан бай адам емес, өзінің күнелтісіне жететін жүз елуге тарта уақ жандығы, онның үстінде түйесі, бір айғыр, үйір жылқысы бар орта шаруа болатын. Осыдан 3–4 жыл орыстың байлары Маңғыстау түбегінің Каспиймен шектесетін жағалауына қалашықтар салып, олардың атын «Сарыташ», «Долгий», «Бұрынжық» пристандары деп атап, балық аулатып Астраханға жіберіп отырған».
Сөйтіп, жыл сайын малдың терісі мен жүнін Долгийге апарып сатып, керекті заттарын алып жүрген Есіркептің, бір жолы қасына ертіп апарған баласы Дәлубай, үйдің көлеңкесінде ойнап жүрген жерінен бір күшікті ешкімге білдірмей қапшығына салып алып, орта жолға келгенде әкесіне көрсетеді. Міне, содан бері үш қар басып, енді сарғылт-қоңыр түсті төбет болған сол Құткелдіні Есекең «Бұл ит – ит сияқты емес, сөйлей алмайтыны болмаса, сөздің бәрін түсінеді, адамнан кем емес», – деп мақтап отыратын көрінеді. Ендігі әңгіме осы Құткелдінің нақты оқиғамен дәлелденетін ақылдылығы және ит пен адамның арасындағы достық туралы болады.
Бұлардың жамағайыны Бердібек Бесқаланың жәрмеңкесіне керуен алып жүретін болғасын, Есіркеп керек-жарағын алдырту үшін бірер ірі қара мал қосып, қасына Дәлубайды ертіп жібереді. «Жолда түнемелікке ұры-қары тап болса, иттің қажеттілігі болар» деп, Дәлубай Құткелдіні де ертіп ала кетеді.
Үргеніштің базарында шаруаларын бітіріп, енді елге қайтамыз деп отырғанда, «қызыл қоңыр, теңбіл шұбары бар, басы үлкен, аяқтары жуан» арлан итті алыстан көріп, бұрылып келген Таған-Дұрды Құткелдіге қолқа салады. Иттің құнына төрт қанар ақталған тары мен жүгері және екі атан түйе беремін деген Таған-Дұрдыға итті беретін болып, Дәлубай айтылғандардың үстіне оқ-дәрісімен екі мылтық беруді сұрайды. Сөйтіп, бұлар олжалы болып елге оралады, «Бір иттің құны екі түйе, екі мылтық, төрт қанар ақталған астық болыпты» деген әңгіме елге аңыз болып тарайды.
Қыс аяқталар шақта соңғы қанар астық орталағанда Есіркептің бәйбішесі қанардың ішінен салмағы әжептәуір, іші алтын теңгеге толы кенеп қалта тауып алады. Сол теңгелердің таза алтын екенін тексертпекке Долгийдегі орыс байына апарып, алтын екеніне көзі жетіп, тоғыз теңгеге «бір пұт шай, екі қап ұн, 20–30 метр мата» сұрағанда, орыс байы есептеп шығып, «осының үстіне балаңыз екеуіңізге екі етік және осы заттарыңызды тиеп апаратын бір арба, оны сүйреп апаратын бір ат алуыңызға жетеді», – деп қол қойдырып, бармақ бастырып, хаттап береді. Қуанышы қойнына сыймаған әкелі-балалы екеуі алтынның азғантайын үйіне қалдырып, қалғанын белгілі жерге көметін болады.
Кешкі тамағын ішіп бола бергенде үй сыртынан иттің гүр еткен даусы естіледі. Бұл Құткелді еді: «Үйдегілердің бәрі түгелдей сыртқа жүгіріп шықса, ит шөкесінен жатқан күйінде бауырымен жылжып келіп, Есіркептің екі аяғының арасына тұмсығын тығып, құйрығын бұлғаңдатады. Есекең үнсіз жатқан итті көтеріп алып, үйге әкеліп қараса, иттің азып кеткенін, бұрынғы жылтырап тұратын қызыл қоңыр шұбар терісінің ұйпа-тұйпа болып қалғанын, көзінің жасының төгіліп тұрғанын көріп, шыдай алмай:
– Құткелдім-ай, қалай келдің, қалай таптың? – дегенде босап, даусы бұзылып кетіпті. Кемпірі мен баласы да көзінен қалай жас шығып кеткенін байқамай қалыпты.
Осыдан кейін Есіркеп үлкен байлардың қатарына қосылады. Олар отырған үлкен төбенің аты «Құткелді» аталып кетеді. Шынында да, Құткелді десе – Құткелді еді. Есіркептің шаңырағына құт дарытқан Құткелді болмаса, саудагер Акбардың ішіне алтын тыққан ала қанары Есіркептің үйіне келер ме еді?!
Өмірде сирек кездесетін, ешқандай азулы аңнан қорықпайтын нағыз иттің сырттанын танып, аулына алып келген Таған-Дұрды сол қыста қырықтың үстінде түлкі, жиырмаға тарта қасқыр алыпты. Көктем шыға шұбатқа қосып берген уынан көз жұмғаннан кейін Жансалқамның Құткелдіге бір аяқ жас етті сорпасымен беріп, жеп болғасын жылап тұрып:
– Құткелді, еліңе қайт, мен енді елге бара алмаспын, себебі түрікпеннің әйелі болдым, топырағым осы жақтан бұйыратын болар, кегімді алдым, – деп көзінің жасын сүртіп тұрып, ел жаққа қолымен нұсқап қақпаны ашқанда, Құткелді түсіндім дегендей гүр еткізіп бір дыбыс шығарып, басымен Жансалқамға сүйкеніп өтіп, есіктен шығып жүре беріпті. Бұл жайды кейіннен адай жігіттері жоқ іздеп жүрген жолаушы болып, Сүйінқараның қыздарының хабарын білмекке түрікпен жеріне барғанда, жасы қырықтарға келіп қалған Жансалқамның өз аузынан естиді.
Міне, қаламгердің туған жерінің бір төбесінің атауының шығуын негізге алып, тарих көшіндегі оқиғадан індете отырып, көркемдікпен жинақтап шыққан шағын хикаясы осылай түйінделеді. Мұнда Құткелді секілді ақылды иттің адамға адалдығы мен достығы, жаугершілік замандағы адам тағдыры мен еларалық қатынастар көрінісі, Жансалқам секілді қазақ әйелінің аянышты тағдыры мен кек алуы, жоқшылық кезінде Есіркеп ақсақалдың қолына түскен Құткелдінің құт болып, оның байлардың қатарына қосылуы секілді қат-қабат жайлар шағын көлемде жымдаса бейнеленіп, сол заманның шындығын шымыр да шынайы әрі қызықты әңгіме түрінде оқырманның көз алдына әкеледі. Осының бәрі туған жер тарихындағы болып өткен сан мыңдаған оқиғаның бірін көркемдікпен тірілтіп, санада жаңғыртуымен де құнды.
Ағамыздың туған жер тарихына қатысты оқиғаларға негіздеп жазған бұл әңгімелері шетел басылымдарының да қызығушылығын тудырып, өзге тілдерде басылып шыққан. Атап айтқанда, «Зираттағы оттар» әңгімесі Ресейдің «НГ-религии» басылымында, сондай-ақ Испанияның «PAIS, EL» газетінде жарық көрсе, Испаниядағы «Миф и религия» ғылыми орталығы автордың еңбегін жоғары бағалап, арнайы сыйлықпен марапаттаған. «Құткелдінің оралуы» әңгімесі «Русская литература» журналына жарияланып, редакция алқасының жоғары бағасын алды.
Маңғыстау облысының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі және «Тіл жанашыры» арнаулы белгісінің иегері Бектұр Төлеуғалиұлы ел ағасы ретінде өз бағасын алған азамат дей аламыз.
Әділет Қабылов,
филология ғылымының
кандидаты,
Yessenov University
профессоры

144 рет
көрсетілді0
пікір