- Ақпарат
- 23 Қаңтар, 2025
Өнегеге толы өмір

Қарттыққа аяқ басса да, әлі жаны жас, жарасымды өмір кешкен адамдарды көргенде шын мәнінде олардың ғұмыры мәнді мағыналы өтіп келе жатқанына бек қуанасың. Жасы тоқсанға жақындаған ата мен әженің жүзінен білім мен тәрбие, жылылық пен даналықтың лебі есіп тұрса, бұл өмірде қазыналы қарттардың бар екеніне шүкіршілік етесің. Біздің кейіпкерлердің аты-жөні – Меңдеш Досмұханұлы Исқалиев және Раиса Жалғасова.
Кемеліне келген қос ұстаз
Екеуі де атақтан кенде емес. Меңдеш Досмұханұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық экономикалық Еуразия академиясының толық мүшесі (академик), Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, экономика ғылымының докторы, профессор. Раиса Жалғасова – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі, Алтынсарин медалінің алғашқы иегері, әдіскер мұғалім, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы, ардагер ұстаз. Қазір екеуі де зейнеткер. Бірақ академик Меңдеш Исқалиев қарап отырған жоқ. Магистрант пен докторанттарға сабақ береді. Экономика саласының білікті, білгір маманы. Отыз жылға жуық жыл Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде кафедра меңгерушісі, партком хатшысы болды. Қазір де студенттерге дәріс береді. 16 монография, 16 оқу құралы, 190-нан астам ғылыми мақаласы жарық көрген.
– «Қазір қаржылық сауаттылық пәнін енгізді. Мен 1984 жылы «жастарға экономикалық тәрбие беру» деген кітап шығардым. Екі тілде. Политэкономия пәнінен сабақ бердім. Қазір осы пәнді жоғалтып алдық. Одан ғылым ұтылды. Ал методологиялық, теориялық экономиканың негізі – политэкономия. Осы саланы оқыту арқылы экономиканы, шаруашылықты жүргізуді, үнемдеуді үйренуге болады. Политэкономия – жан-жақты, кең ұғым.
Бізде көбінесе саясат пен экономиканы қарсы қояды. Саясат – экономиканың қосарланған, шоғырланған көрінісі. Ал жалаң саясат еш нәрсені шешпейді. Экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық аграрлық саясаттың барлығы да экономикаға келіп тіреледі. Жалпы, экономикалық сауаттылықты қаржылық сауаттылықпен қана шектеу дұрыс емес. Осының орнына политэкономияны пән ретінде енгізу керек, –дейді академик Меңдеш Исқалиев.
Ардагер ұстаздың ойы орынды. Академик дәлелсіз еш нәрсе айтпайды. Біз көп жағдайда «айлығымыз аз, күнделікті тұрмысқа жетпейді» деп жатамыз. Сондықтан көп адам екі-үш жерде жұмыс істейді. Кілтипан неде? Академиктің айтуынша, жалақының көп болмауы экономиканың әлсіздігінен. Мәселе осында. «Бірақ мына мәселені ұмытпаған жөн. Еңбек адамын құрметтеуіміз қажет. Біздің түсінігімізде материалдық құндылықтарды жасайтын – еңбек адамы. Ол металлург, шопан, мұнайшы, құрылысшы, электрмен дәнекерлеуші тағы басқа азаматтар. Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл дұрыс». Бұл – экономика ғылымының докторы, профессор Меңдеш Досмұханұлының пікірі.
Жас ұрпаққа тәрбие беру мәселесіне ойысқанда Меңдеш Исқалиев мына мәселені айтты. «Білім мен тәрбие қатар жүруі керек. «Алдымен білім беріп, сосын баланы тәрбиелі етіп өсіремін» деу қайшы ұғым. Міржақыптың «Оян, қазақ» деуінде көп мағына бар. Мұның астарында білімді, сауатты, сергек, жан-жақты, зиялы, көкірек көзі ояу болу ұғымы жатыр».
– Отбасын құру оңай, ал оны сақтау анағұрлым қиын. Тату- тәтті тұру ерлі-зайыптыға байланысты. Ал балалардың дүниеге келуімен бұл жауапкершілік азаймайды, тіпті еселене түседі. Бала тәрбиесі болашақ ұрпақ үшін ең қасиетті әрі жауапты кезең. Оған адами, ғылыми тұрғыдан мән беріп, жауапкершілікпен қарау қажет. Оның бірегей қағидасы жоқ. Бірақ өмір заңы осыны бұлжытпай орындауды талап етеді. Раиса екеуміз тәрбие мәселесін ұдайы есімізден шығарған емеспіз. Біз барлық туыс-дос, құда-жекжат, замандастарымызбен әрдайым сыйластықтамыз. Бұл біздің өзіміз таңдаған, тағдыр сыйлаған жолымыз, – дейді Меңдеш аға.
Ал Раиса апамыздың өмір жолы тікелей ұстаздыққа байланысты. Ол ұстаздық қызметін Алматы қаласындағы №9 мектеп-интернатта аға вожатыйлық жұмыстан бастап, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып 10 жыл жұмыс істеді. Одан кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытумен бірге 1978–1994 жылдары №12 қазақ орта мектебінің оқу-тәрбие жұмысы бойынша директордың орынбасары болып тағайындалды.1994–2000 жылдары Алматы индустриялық колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және этнографиялық кабинеттің меңгерушісі, 2000–2013 жылдары Алматы халықаралық менеджмент туризмі колледжінде жұмыс істеді. Біздің көз жеткізгеніміз, Раиса апайдың өзіндік педагогикалық үлгі-дәстүрлі мектебі бар.
Бір ғана мысал, №12 мектепте жүргенде оқушыларға жан-жақты тәрбие беру үшін әр айға жоспар жасады. Жоспар іске асатындай нақтылы жолдарын қарастырды. Жұмыс жүйелі әрі оқушыларға әсері болатындай жан-жақты тәрбие беру үшін әр айды іс-шараға бөлді. Мысалы: қыркүйек – ұйымдастыру айы (білім күні), қазан – құқықтық тәрбие, қараша – эстетикалық, желтоқсан – достық, интернационалдық, қаңтар – Жаңа жыл, ақпан – әскери-патриоттық, наурыз – салт-дәстүр, сәуір – кәсіптік бағдар, мамыр – Жеңіс күні. Міне, осылай мектептегі ұстаздармен бірге оқушыларды тәрбиелеуде сан салалы жұмыстың нәтижесін көрсете білді.
54 жыл ұстаз болған апамыздың ұлағатты сөзі кейінгі жастарға үлгі боларлық. Кейінгі кезде шаңырақ құрып, ұзамай ажырасып кететіндер аз болмай тұр. Отбасы берік болу үшін не істеу қажет? Ардагер ұстаздың бұған қатысты да айтары бар.
– Отбасы болу үшін, ең алдымен, бір-біріне сенімділік керек. Егер отау құрған екі жас бір-бірінің айтқанын сөзсіз ұғатын болса, сонда ғана береке-бірлік болады. Екеуміз 63 жылдан бері қол ұстасып, бірге келеміз. Мен жолдасыма сенемін. Біз екеуміз де ұстазбыз. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Мектепте емес, үйде де педагогикалық кеңес өтіп тұрады. Балаларымыздың мәселесін де талқылаймыз. Ұл-қыз, немерелерді үйге шақырып, жиі әңгімелесеміз. Біздің ұранымыз – бірге, ынтымақта өмір сүру. Шипажайға, ауруханаға, қонаққа да бірге барамыз. Біз қайда жүрсек те, біргеміз. Балалар көмектесіп тұрады, жақында Ыстанбұлға, одан кейін Анталияға барып қайттық, – дейді ұстаз Раиса Жалғасқызы.
Біз өмір бойы ұстаз болған анадан жас ұрпақты тәрбиелеудегі кемшін түсіп жатқан тұсты сұрадық. Ол кісінің жауабы да нанымды. Басты мәселе шаңырақтағы тәрбиеге байланысты.
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп қазақ бекер айтпаған. Үлкендердің жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, ағайын-туыспен қарым-қатынасы, мұның бәрін балалар жастайынан көріп өседі. Мәселе үлкендерде. Ал мектеп отбасыдағы тәрбиені әрі қарай жалғастыруы керек. Бірақ тәрбиені тек мектепке артып қоюға болмайды. Мектеп пен ата-ана, қоғам бірлесе отырып, жұмыс істеуі қажет. Өйткені бірлік бар жерде тірлік бар. Әрбір педагог – психолог. Алдында отырған 30 оқушыны сынып жетекшісі мен мұғалімнен артық білетін адам жоқ. Ал балалар нені жақсы көреді, қандай салаға икемді, мінез-құлқы қандай, оны, ең алдымен, ұстаздың білгені тиімді. Егер мұғалім баланы жақсы білетін болса, тәрбиесіздік болмайды. Оқушыларға ұдайы құқықтық, тәрбие жұмыстарын жүргізу қажет. Сонда ғана жұмыстың нәтижесі болады, – дейді Раиса Жалғасқызы.
71 жыл сақталған хат
Ең бір таңғаларлығы, біз әңгімелескен қос ұстаз бүгін де қарап отырған жоқ. Республикалық мерзімді басылымдарда мақалалары жиі жарияланып тұрады. Раиса Жалғасқызының «Ұстаздық еткен жалықпас», «Қияға қызықтырып жетеледің», «Жастарға тәрбие беруде халықтық педагогиканың рөлі» атты кітабы жарық көрген. Бұл ғана емес, кемеліне келген қос ұстаздың өмір жолы туралы«Ғұмырнамалық очерк», «Өмір деректері – Страницы жизни», «Өмір белестері» атты кітаптары бар. Мұның барлығы отбасы, жас ұрпақ үшін өнеге аларлық іс екені рас. «Атамекен-Ай» журналы қос ұстаздың тағдыр жолына бір нөмірін арнапты. Мұның өзі балаларға өнеге әрі абырой.
Біз әңгімелесу барысында өмір жолын қағазға түсіріп, қаттап қойған, өзгеге өнеге болған қос ұстаздың мағыналы өмір сүріп келе жатқанына көз жеткіздік. Шын мәнінде, үлгі аларлық ғибратты ғұмыр бұл. Осы орайда Меңдеш ақсақал бізге жанға жылу, мейірім, сүйіспеншілік сыйлайтын бір оқиғаны жария етті. Ақсақал сүйген жары апамыз Раиса Жалғасқызына бала кезінде сүйіспеншілікпен хат жазған. Соны 71 жыл бойы академик ешкімге көрсетпей өзінде сақтап келген. Махаббатқа толы үшбу хат 1954 жылдың 20 қазан күні екеуі 10-сынып оқып жүргенде жазылған екен. Тіпті мұндай хаттың бүгінге дейін сақталып келгенін Раиса апайдың өзі де білмейтін болып шықты.
–Раиса қыз 10-сыныпта сіздің хатыңызға көніп, бірден жауап берді ме? – дейміз біз.
– Хатты тағатсыздана күттім. Раисадан15 күннен кейін ғана жауап келді. Достығымыз махаббатқа ұласты. Сол бала күннен басталған махаббат әлі күнге дейін жалғасып келеді. Мен осыдан біраз бұрын ұл-қыз, немере, шөберелерімді дастарқан басына жинап, барлығына хатты көрсеттім. Оқып бердім. Бәрі де күліп, таңғалып, риза болып жатыр. Жалпы, адам баласы бірге ғұмыр кешіп, ұрпағына өнегілі іс қалдырғанының өзі үлкен мәртебе әрі абырой. Ал балаларымыз біздің әрбір іс-әрекетімізден үлгі алуы керек. Біз Рекең екеуміз бір-бірімізге барынша ұстамды, адал, әділетті болуға тырыстық. Кез келген мәселені ақылға салып, бірлесіп шешім қабылдадық. Балаларымыздың тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарадық. Майда-шүйдеге мән бермедік. Бақытты өмір сүрудің мәні бір-бірімен түсіністікте жатыр, – дейді Меңдеш ақсақал.
Бала кезде бір мектепте оқып, бүгін ата-әже болып отырған қос ұстаздың ұлы үйленіп, қызы тұрмысқа шыққан. Қазір үйлі-баранды. Әрқайсысының өз тіршілігі бар. Қазір Меңдеш ақсақал мен Раиса әже бес немере, үш шөбере сүйіп отыр. Барлығы да белді қызметте, кейбіреуі оқуда. Бәрі өркен жайып, өсіп келеді. Ата жолы, ұстаздық пен ғылымды қуған немерелері де бар. Меңдеш ақсақал мен Раиса апа баларына дұрыс тәрбие, білім бере алғанына шүкіршілік етеді. Өйткені екеуі де ұстаз. Ал үйдегі «педагогикалық кеңестің» өмірде, тәрбиеде ұлағаты қашан да жемісті ғой.

159 рет
көрсетілді0
пікір