- Ақпарат
- 23 Қаңтар, 2025
«Таза Қазақстан»: Ұлттық жобадан ұтарымыз көп

«Таза Қазақстан» – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының маңызды бағыттарының бірі. Жобаның басты мақсаты – тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және экологиялық жағдайды жақсарту, экожүйені тұрақты ету. Қазақстан Республикасының Экология министрлігі жобаны таныстыру барысында қалдықтарды бөлек жинауға арналған сегіз мыңнан астам контейнер орнатуды жоспарлап, сонымен қатар халық арасында қалдықтарды сұрыптау қажеттігін насихаттауды қолға алатынын атап өткен еді. Қазіргі таңда экология тақырыбы дүниежүзілік өзекті мәселе болып отыр. Әлемдегі табиғи ресурстардың сарқылуы, экологиялық түйткілдердің өсуі жастардың экологиялық білімін, сауатын арттыру қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Осы орайда экологиялық тәрбие берудің маңызды екенін түсініп, мектептегі тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларға арнайы сауал жолдадық.
Жәудір СӘБИТҚЫЗЫ, №122 жалпы білім беретін мектептің физика пәні мұғалімі:
Экологиялық тәрбиені арттыруымыз қажет
– Оқушылардың экологиялық білімін арттыру үшін мектепте әртүрлі сабақ пен қосымша іс-шаралар ұйымдастырылады.Оқу бағдарламасында экологияға байланысты тақырыптар пәндерге кіріктірілген. Сонымен қатар экологиялық сынып сағаттары және табиғатты қорғау шаралары өткізіледі. Мектепте «Жасыл клуб» жобасы бойынша кешкі бөлім сынып оқушыларынан құралған топ өз жұмысын атқарып келеді. «Жасыл клуб» жобасының мақсаты – оқушылардың табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыру, экологиялық білім деңгейін арттыру, балалардың қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері бойынша хабардар болуы, өскелең ұрпақтың табиғатқа жауапкершілікпен қарауына тәрбиелеу, экологиялық сауатты мінез-құлықты қалыптастыру. Экологиялық сауатты арттыруды негізге ала отырып, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Зерде» ғылыми жобалар байқауында бастауыш сынып мұғалімі Ғазиза Есенбаеваның жетекшілігімен «Батарейканың қоршаған ортаға зияны қандай?» тақырыбы аясында Альфарук Дастанұлы жоба қорғады. Оқушыларға экологиялық тәрбие беру барысында «Екінші өмір сыйла!» науқаны өткізіліп отырады. Экология тақырыбы биология, география, химия және жаратылыстану пәндері аясында қамтылған. Бұл пәндерде оқушыларға табиғатты қорғау, қалдықтарды өңдеу, экожүйе туралы білім беріледі. Қосымша сабақтар мен элективті курстарда экология бойынша тереңдетілген тақырып қарастырылады. Табиғатты қорғауға арналған викториналар, сурет байқауы және экологиялық марафондар өткізіліп тұрады. Оқушылар аудандық, қалалық, республикалық байқауларға қатысады. Мұғалімдер мен оқушыларға пластик және қағаз қалдықтарын жинап, қайта өңдеу орталықтарына тапсыру дағдылары үйретілді. Физика пәнінен энергияны үнемдеу, оны есептеу жолдары туралы сабақ өткізілді. Мектепте тұрақты экологиялық іс-шаралар күнтізбесі жасалды. Оқушылар экология тақырыбына қызығушылық танытады. Олар қоршаған ортаны қорғау, пластикті қайта өңдеу, энергияны үнемдеу мәселелері туралы өз ойын білдіріп, ұсынысын айтады.
Жанна ЖЕТЕНОВА, №205 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
Қоқысты сұрыптау – қоршаған ортаны қорғау
– Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, оқушылардың бойында экологиялық сананы қалыптастыру – өте күрделі және ұзақ үрдіс. Ғылым және жоғары білім министрлігі 1–11-сынып оқушыларына экологиялық білім беру бойынша сынып сағаттарының бағдарламасын әзірлеп, мектеп пәндерінің интеграциясы негізін құрастырды. Министрлік тарапынан сынып сағаттарын өткізудің көптеген қызықты түрі мен тақырыбын қамтуға мүмкіндік берілді. Мысалы, «Жас экологтің әліппесі», «Қоршаған ортаға саяхат», «Мен әлемді танудамын», «Жануарларға деген сүйіспеншілікпен», «Қалдықсыз табиғат», «Мен және экология», «Экология және адам денсаулығы» сынды тақырыптар оқушыларға оқыту мен тәрбиелеу үдерісінің белсенді қатысушысы болуға жағдай жасады. Бүгінгі таңда мектеп бойынша 100-ден аса оқушыға арналған экологиялық-биологиялық бағытта үйірмелер мен клубтар ұйымдастырылып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы оқу жылында «Экомектеп», «Экосаябақ» экологиялық жобаларын әзірлеу қарқынды жүргізіліп келеді. Үй жағдайында және аулада өсетін гүлдердің 30-дан аса түрі, көкөніс дақылдарының 10-ға жуық түрі, жеміс-жидек дәндерінің 10-ға жуық түрі оқушылардың еңбегімен жасалып, осыншама өсімдік әлемі балалардың ғана емес, ересектердің де назарын өзіне аударады. «Мектеп ауласын көгалдандыру» жобасы бойынша биология пәні мұғалімі Айсұлу Аманжолқызы оқушыларға жасыл желекті көптеп отырғызу мен көбейтудің маңызын көрсетіп, оқушылар өзінің мектеп ауласына ағаштар, гүлдер отырғызып, оларды күтіп-баптау жұмыстарының қалай жүргізілетіні жөнінде сабақ өтеді. Бұл жоба барысында балалар өсімдіктердің түр-түрімен танысып, олардың қалай өсетінін бақылайды. «Сырлы қақпақтар» жобасы бойынша география пәні мұғалімі Әйгерім Әбдімомынқызы оқушыларға қалдықты дұрыс сұрыптау, қалдық қақпақшаларды қайта өңдеудің маңызын түсіндіре отырып, оларды қайта іске жаратуға болатынын көрсетеді. Қақпақтардың түрін ажыратып, түрлі қолөнер бұйымын жасауға үйретеді. Сонымен қатар жобаның бір бөлігі ретінде оқушылар қоқысты қайта өңдеу үдерісімен танысады.
Қоқысты дұрыс сұрыптау – қоршаған ортаны қорғау. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде мектепте ұстаздар мен оқушыларға қайта өңделетін материалдарды жинау бойынша іс-шаралар өткізіп тұрамын.
Бағдат ИГЕМБАЕВ, №157 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
Оқушылар қарт адамдарға көмектеседі
– «Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматы қаласы Наурызбай ауданы көлемінде бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Оқушылардың экологиялық білімін жетілдіру мақсатында әртүрлі іс-шара өткізіледі. Мысалы, апта сайынғы «Таза бейсенбі» акциясы барысында оқушылар сыныбында тазалық жұмыстарын жүргізіп тұрады. Сондай-ақ «Өз қоқысыңды сұрыпта», «Қоқыстарға өмір беру» сияқты іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылады. Оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында қарт адамдардың үй ауласын тазалау, көше тазалаушыларға көмек көрсету сияқты іс-шаралар да өткізіледі. «Таза Қазақстан» акциясының аясында мектеп ұстаздары мен оқушылар мектеп ауласына 2 мыңнан астам гүл отырғызды. Бұл іс-шараға Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нұрланұлы, Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Амангелдіқызы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Бегалин және мектеп басшысы Света Ағабекқызы қатысты. Сондай-ақ мектеп ұжымының 300-ге жуық мұғалімі мен 500-ге жуық оқушысы осы іс-шараға атсалысты. Сонымен қатар «Пайдалы сенбілік» атты іс-шара да тұрақты түрде ұйымдастырылып отыр. «Қоқыстарға өмір беру» іс-шарасына 3 мыңға жуық оқушы қатысты. Мектеп оқушылары мен мұғалімдері «Таза Қазақстан» және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты акциясы аясында 15 мыңнан астам қақпақ жинап, оларды Наурызбай аудандық комьюнити орталығына тапсырып берді. Оқушыларды осы іс-шараларға қызықтыру мақсатында танымал тұлғалар шақырылып, олармен бірлесе жұмыс істеліп жатыр. 2025 жылғы қаңтар айында «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында көше тазалаушыларға көмектесіп, мектеп оқушылары көшені тазалауға үлес қосты.
Тамара ЕРМЕКҚЫЗЫ, №126 мамандандырылған лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
Мектеп ауласы оазисін құрастырамыз
– Зертханалық, ғылыми жұмыстар арқылы оқушылар табиғи экожүйелердің қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көре алады. Мысалы, топырақтың эрозияға ұшырауы немесе судағы ластаушылардың әсерін бақылау жұмыстары жүргізіліп жатады. Әрине, ол пән мұғалімдерінің алған тақырыбына байланысты. Жаз айларында табиғатқа экскурсиялар жасап тұрамыз. Сондай-ақ оқушылар әртүрлі тақырыптағы экологиялық жобалар жасап, мектеп ішінде немесе аудан көлемінде қорғау арқылы өз көзқарасын ортаға сала алады. Мұндай жобалар балаларды ізденуге, өз идеяларын дамытуға және ұжымда жұмыс істеуге үйретеді. Экологияға қатысты ғылыми-танымдық деректі фильмдер мен бағдарламаларды көру, талдау әдісі оқушылардың қызығушылығын оятып, пікір алмасуға мүмкіндік береді. Мектебімізде экологиялық мәселелермен айналысатын клуб бар. Клуб мүшелері табиғатты қорғауға арналған түрлі науқан – сенбіліктер, қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын ұйымдастырып отырады. Қазіргі уақытта экология тақырыбы мектеп бағдарламасына әртүрлі пән арқылы енгізілген. Тікелей экология пәні көбінесе жалпы оқыту жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Ал тәрбие жүйесі бойынша «Экожоба» жұмыстары «Өзін-өзі басқару ұйымының» басшылығымен жүзеге асады. Мектеп деңгейінде экологиялық тәрбие беру биология, география, химия, физика, бейнелеу өнері және технология пәндері арқылы жүзеге асырылады.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында әртүрлі экологиялық іс-шара мен жоба жүзеге асырылып келеді. Оқушылар биология пәнінің мұғалімдерінің кеңесімен, бағыт-бағдарымен «Мектеп ауласының оазисін» жасап және «Қалдықтарды жандандыр» көрмесі сияқты әртүрлі гүл отырғызып, оларды баптап, күтіп жүреді.
«Таза бейсенбі» күні мектеп кабинеттерін таза ұстау әдетке айналған. Оқушылар мұғалімдермен бірлесіп, мектеп ауласын қоқыстан тазарту арқылы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды жылда дәстүрге айналдырудамыз. Бұл іс-шараға ата-аналар да үлес қосып отырады. Оқушылар мен мұғалімдер аудан және қала мектептері арасында экологиялық жәрмеңкелерге қатысып, тәжірибе алмасады. Мысалы, «Экоболашақ» қалалық бейнесюжеттер, Алматы қаласында өткен «Құстарға үй сыйла» науқаны бойынша ауқымды іс-шараларға қатысып, өз қолдарымен «Family» саябағына орналастырды. «Өркениет» клубының оқушылары арасында «Алматы – менің сүйікті қалам» атты тақырыпта дебат ұйымдастырылды.
Дайындаған
Бағдат Сұлтанқызы

524 рет
көрсетілді0
пікір