• Cұхбаттар
  • 23 Қаңтар, 2025

Елнұр Өтебай, жас инженер: Сайысқа арналған көлік жасадық

Президент Қ.Тоқаев төл басылымымыз «Ana tili» газетіне берген сұқбатында: «Машина жасау саласын дамыту жұмыстары жалғасады. Әлемге әйгілі брендтерге тиесілі автокөліктер құрастыратын жаңа өндіріс орындары іске қосылады», – деп, инженерия саласының дамуы экономикамызды көтеруге зор ықпал ететініне тоқталғаны белгілі. Біз осы орайда елдің қозғаушы күші болып отырған жастарымыздың атқарып жатқан ісіне назар аударып көрдік. Сондай белсендінің бірі – 21 жастағы Елнұр Өтебай. Ол командасымен бірге «Формула студент» форматындағы көлік жасап, бірқатар әлемдік жарыс­тарға қатысып жүр. 
 

Бәрі робот жасаудан басталды

– Тараз қаласында дүниеге келдім. Сол аймақта 9-сыныпқа дейін  қарапайым мектепте оқыдым. Одан соң оқуымды қазақ-түрік колледжінде жалғастырдым. Алғашында робот жасап жүрдім. Сөйтіп жүріп, «көлік те істей аламын» деп, сол оқу орнында машина құрастырдық. Бірақ біз оқыған колледждің негізгі бағыты IT саласы бойынша бағдарламалау мен есепші мамандар дайындау болды. Ал робот құрастыру және машина жасау ісі бір-бірімен қалай байланысады? Біз жұмысымызды жүзеге асырмас бұрын, біріншіден, роботтың бағдарламасын жобалап жасадық. Сөйтіп, алғашқы сатыда IT-мен жасақталып, содан соң барып іс жүзінде жүзеге асты. Колледжді аяқтаған соң С.Демирел атындағы университетке құжат тапсырдым. Бірінші курстан-ақ машина жасауды бастап кеттім. Формула 1, Ралли форматындағы сайысқа арналған машина әлемнің дамыған елдерінде бар, ал бізде жоқ. Неге?  Маған Формула 1 са­йысына сай машина жасау, шындыққа жанаспайтын секілді көрінді. Өйткені үлкен корпорациялардың өзі бұл мәселені шеше алмайды. Себебі шығыны өзін-өзі ақтамауы мүмкін. Формула1 бұл – күрделі, машина жарыстыру сайысы.  Сөйтіп, біз ойлана келе, нағыз Формула 1 болмаса да, қаржылық жағынан да тиімді «Формула студент» форматындағы сайысқа арналған көлік жасауды қолға алдық. Мысалы, еліміздегі он университеттің студенттері осы идеяны іске асырып, машина жасаудағы теориялық базаны күнделікті өтетін сабағынан үйренсе, ал нағыз тәжірибені біз сияқты машинаны қолма-қол істеп жүзеге асырса, бәлкім, болашақта елде мықты инженерлер шығатын болар. Студенттер машина жасап, оларды өз ішімізде жарыс­тырсақ, инженерия саласы ең болмағанда орташа деңгейде дамыр еді. Италия, Қытай, Ресей студенттері үлкен корпорациялармен жұмыс істейді де, оларға сол тараптан көп қаражат бөлініп, саланы барынша жоғары деңгейде дамытады. Жарыс көп болған сайын студенттердің біліктілігі мен жұмысының сапасы жоғарылай береді. Біздің арманымыз – жоғары деңгейдегі халықаралық жарысқа қатысып, қазақстандық мықты инженерлер династиясын қалыптастыру, саланың деңгейін өсіру. Инженерлер болашақта елімізде жаңадан ашылған кәсіпорындарға бәрібір керек болады. Көпке мәлім, қазір біраз техникалық мамандарды шетелден шақыртады. Ал қазақстандық кадрлар, бір жағынан, шетелдіктерге қарағанда аз қаржы сұрайды. Ел азаматтары инженерлік саланы меңгерсе, кәсіпорындарымыз да ақшасын екі есе үнемдеп, ел қаржысы өзімізде қалар еді. Сондықтан біздің қазіргі ортақ мақсатымыз – білікті отандық инженер маман дайындау және инженерлік қауымдастық құру. Ортақ мүддеге үлес қосу үшін біз студенттер 3–4 жыл аралығында бір емес, екі машина жасап, іске қостық. Оның біріншісі, «Формула студент» форматындағы «Үміт» U23 көлігін Президент келіп көрді. Ал екінші көлік  «Кабирхан» К24 сол кезде жасалу үстінде еді. Мемлекет басшысы көргеннен кейін бұл жағымды жаңалықты біраз адам естіп, таңғалды. Айта кету керек, Мемлекет басшысының біздің көлікті көруі көп көмек болды. Өйткені Президент келгеннен кейін біз жасаған көлікті одан әрі жетілдіруге қаржы табу, екінші тараппен келісу жағы біраз жеңілдеді. Бірінші көлікті жасағанда тәжірибе аз болды. Ал оның салмағы 400 келіге жуық. Оған 3,5 млн теңге қаражат жұмсалды. Жүргізу құрылымы оталдырғыш, тежегіш, газден тұрады. Екінші көлігіміз –  «Кабирхан» К24. Оны дамытып, дәл сол бағаға 270 келі етіп жасадық, яғни 130 келі айырмашылық бар. Сонымен бірге қауіпсіздік жүйесін бұрынғыдан да жетілдіруге күш салдық. Бірінші көліктің моторында 15 аттың күші болса, ал екінші жасалған машинада 25 аттың күші бар. Әрі алдағы уақытта моторын одан да жақсы сападағы нұсқаға ауыстырамыз. 

Машина жасайтын 10 команда дайындаймыз

– Көршілес Ресейдің жоғары оқу орындарында машина жасайтын бөлек-бөлек кафедралар бар. Онда мотормен арнайы жұмыстар жасалады. Біз де техникалық тұрғыдан жетілген, оны тәжірибеде шеберлікпен қолдана алатын деңгейге шыққымыз келеді. Мысалы, моторды бірден әкеліп қондыра салмаймыз, оны арнайы талапқа лайық етіп, қайта жасаймыз. Көлемі 700 кубқа дейін болса,  мотордың ауа өткізетін жерін міндетті   түрде кішірейтеміз. Әрі қарай жақсы жұмыс істеу үшін мотордың ішіндегі блокты қайта дайындаймыз. Бұл жерде дайын нәрсені құрастыру деген жоқ, 70 пайызын қолдан жасаймыз. Мұндай форматтағы машинаны жасаудың өзінің 140 беттік регламенті бар. Қазір тобымызда 12 адам жұмыс істейді. Әрі қарай өзге оқу орындарына барып шеберлік сабағын өткізіп, командалар қатарын толықтырмақпыз. Біздің негізгі мақсатымыз – өзге де университеттерге осындай машина жасап, шығару үшін қол ұшын созып, зертханаға қандай құралдар керек, соның бәрін үйретуге атсалысып, команда жинау. Алдағы екі жылда Қазақстаннан 10 команда шығарсақ, олардың әрқайсысы бір машинадан жасаса деген ой бар. Алайда көлік жасауға көп қаражат кетеді. Сол үшін демеушілерге мықты кадрларымызды берсек,  олар сол арқылы ақшасын үнемдейді, әрі бізге қолдау көрсетеді. Біздің командамыздың ең басты демеушісі –  оқу ордамыз SDU университеті,  Алматы ауыр машина жинау зауыты (АЗТМ), «Сергек» компаниясы. 
Ал Еуропадағы демеуші компания­ларда мынадай үрдіс бар. Мысалы, «Volkswagen» компаниясы университетке келеді, демеушілігінен бөлек, өздерінің инженерлерін шақырып, студенттерді компанияның бағдарламасы бойынша үйретіп, оқу бітірген соң жұмысқа алады. Сол үрдісті Қазақстанға әкелгіміз келеді. Осыдан екі жыл бұрын алғашқы машинамызды ресейлік автожарысқа қатыстырдық. Сонда олардың біразы «Қазақстан мұндай көлік жасай ма?» деп таңғалды. Айта кетейін, елімізде 2014 жылдан бері осындай көлікті жасау жоспарға қо­йылды. 2022 жылы біз оны жасап, жарысқа алып бардық. Сол жерде командамызбен бірінші деңгейлі сертификат алдық, әрі жаңадан келген командалар арасында  сметалық құжаттарды дұрыс толтыру бойынша ең жоғары 65 ұпай жинадық, ал басқалары 30–35 ұпай алды. Бұл бағалау машинаның әр бөлшегін, әр деталін құжатқа айнытпай, асқан ұқыптылықпен түсіру бойынша өлшенді. Алдағы уақытта осы  машинамызды Италия, Португалия, Ресей елінде болатын халықаралық са­йысқа қатыстырамыз. Іріктеуден өттік. Ал екінші жетілдірілген нұсқамызды жазда Ресейге, Италияға, күзде Қытайға апару жоспарда бар. 
Қазір біз машина жасаудағы тәжірибемізге сүйеніп, аграрлық компанияларға шағын багилерді ұсынудамыз. Одан бөлек Қазақстанда ортаазиялық машина жарысын өткізсек дейміз. Қазірге жарыс алаңы ретінде Жыланды ауылы таңдалды. Са­йысқа қатысушылар Қазақстанның өзге де университеттерінен, Өзбекстан, Қырғыз­стан, Ресей, Қытай елінен келеді. Мұндай машинаның бізден бөлек, Астанадағы Nazarbayev университетінде прототипі әзірленіп жатыр. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде бір көлік дайын. Басқа оқу орындарына өзіміз барып, машина жасауға көмектес­пекшіміз. Негізінен, ауыл шаруашылығы мен әскери салаға арналған баги жасап шығарсақ дейміз. Қалай болғанда да, қазақ еліне пайда келтіретін, бағасы жағынан да тиімді болғанын қалаймыз. Енді дәл қазіргі уақытта белсенді түрде демеуші іздеудеміз, себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, алда жарыс өтеді, біз  басқа командаларға да көмектесуіміз керек. Одан бөлек студенттік автомобильді дамытуға арналған қор немесе қауымдастық ашқымыз келеді. Осы орайда өзімнің оқу ордам Сүлеймен Демирел атындағы университетке осындай мүмкіндік сыйлағаны үшін үлкен алғыс айтамын. Ал біздің бағындырар белесіміз әлі алда.
Біздің қазір «Формула студент» аясында атқарып жатқан ісіміз жай ғана жарыс емес. Бұл – ел дамуының іргетасына айналатын мықты инженерлік мектеп құрудың алғашқы қадамы. Бізге ерекше шабыт берген алғашқы жоба Президентіміздің қолдауымен жүзеге асырылды. Сол себепті екінші бөлігіміз – К-24 үлгісін де таныстыру мүмкіндігіне ие болсақ, үлкен мәртебе болар еді деп сенеміз. Бұл жоба Қазақстандағы инженерлік білім мен инновацияны жаңа деңгейге көтерудің маңызды кезеңіне айналуы ықтимал. Әрі бұл іс жас ұрпақты ұлы істер жасауға шабыттандыратын нағыз қозғаушы күш болатынына сенеміз. 

 Жас инженер Елнұр Өтебайдың әңгімесін, болашаққа арнаған жоспарын тыңдай отырып, жалпы, жастардың үздіксіз дамуға қадам басқанына қуандық. «Жас келсе – іске» деген – осы. Тек қолдап, қаржылық тұрғыдан қуаттай білейік!

 Жазып алған 
Элеонора Әзіржан

 

1206 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы