• Ақпарат
  • 23 Қаңтар, 2025

Дина СМАҒҰЛОВА, №133 мектеп- гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, PhD: Адамгершілік – білім берудің алтын қазығы

Бүгінде еліміз жаңа деңгейге көтеріліп, білімді өркендету арқылы барлық саланы дамытып жатыр. Бұл ретте жаңа заманның жаңа талаптарын жүзеге асыру – жас ұрпаққа жүктеліп отырғаны анық. Ал сол жас ұрпаққа білім нәрін сіңіріп, оларды үлкен өмірге бейімдеп, ұлттық тәлім-тәрбиемен шыңдап, азамат ретінде қалыптастыратын мектеп пен ұстаз екені сөзсіз.


Қазіргі уақытта білім беру саласында жаңа бастамалар қолға алынып, тың идеялар іске асырылып, оқыту жүйесінде жаңа әдістемелер қабылдануда. Осы жаңашылдықтың барлығын ең бірінші өзі меңгеріп, содан кейін оқушының санасына сіңіретін де ұстаздар қауымы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз мәртебесін көтеру, заманауи мектептерді қалыптастыру, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру мәселесіне үнемі ерекше назар аударып келеді.  Мемлекет басшысы  халыққа Жолдауында: «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс», – деген еді. Шынында да, әр баланы дарыны мен қабілетіне, қызығушылығы мен бейіміне қарай тәрбиелеу – оның болашағына даңғыл жол ашу деген сөз.
Егемен еліміздің өскелең ұрпағын ойлы да іскер, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары азамат етіп тәрбиелеуде мектептің ықпалы зор. Жас ұрпақты білімді, ақыл-парасатты, ой-өрісі биік, бәсекеге қабілетті азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың ең өзекті мәселесі. Өйткені елдің ертеңін ұлттық тәрбиемен сусындап, озық білімді игерген, салауатты да сауатты ұрпақ қана толыққанды қамтамасыз ете алады. Осы игіліктің бәрі ең бірінші кезекте ізденімпаз ұсаздардың біліктілігінің арқасында жүзеге асады. Ең бастысы, балаға білмегенін үйретіп қана қоймай, білімге ынталандырып, жаңа белестерге жетуге жігерлендіру маңызды.
Бүгінгі кезең – болашаққа жаңа міндеттер қойып, қоғамның барлық саласына жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді. Жаһандану әлемінде өз келбет-кескіні мен ұлттық құндылықтарын сақтап қалатын, бәсекеге қабілетті, білімді әрі белсенді халық қана болашағына зор сеніммен қарай алатынын өмірдің өзі көрсетуде.
Сондықтан бүгінгі жас ұрпақты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу – ұстаздар қауымының басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы тәрбиенің әдістемелерін уақыт өткен сайын жетілдіріп, озық тәжірибелерді жинақтау маңызды.
Әр оқушыға Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғыну; ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу; өз ана тілі мен тарихын білу; өзін-өзі дамытып, жаңа білімге ұмтылу; заманауи технологияларды игеру; білім арқылы жетістікке жеткен табысты тұлғаларға қарап бой түзеу; ата-ананы қадірлеп, ұстазды құрметтеу; адамзатқа ортақ қоршаған орта мен табиғатты бағалау сияқты құндылықтарды сіңіру қажет.
Ақын, ағартушы, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев өзінің  «Педагогика» атты оқулық еңбегінде: «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың. «Баланы – бастан» деген сөздің мәнісі – осы», – деп терең тұжырым жасаған. Мектеп қабырғасында болашақтың кірпіші болып қалануға талпынған жас жеткіншектерге жол көрсетіп, жөн сілтеу біздің ұстаздық парызымыз.
Бүгінгі заманауи мектептің бағыты – оқушыларға қажетті білім беріп қана қоймай, оларды ел мен жердің қасиетін бағалайтын тұлға ретінде қалыптастыру. Басты қағида – оқушының адамгершілік қасиеттерін дамыту. Өйткені кез келген тәрбие мен білім ізгілікке негізделмесе, онда оның берер пайдасы жоққа тән болмақ.  «Адамгершілік – білім берудің алтын қазығы». Ол – адам бойындағы рухани тәрбие, асыл қасиет. Біз халықтың нақыл сөзінен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген, даналар өсиетінен тәрбие алған, ұлылар тәрбиесіне тағзым еткен дана халықтың ұрпағымыз.
Қазақ халқы әрқашан да ұстаз мәртебесін көтеріп, қастерлеп аса жоғары бағалаған. Осы орайда әйгілі ақын Мұхтар Шаханов: «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Ұстаздың қолында әр кез сол кілт жүруі керек», – деген екен. «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау». Өзінің табандылығымен, ізденімпаздығымен биік белестерді бағындырып, ұлағатты ұстаз деген атақты алып шығу, білім жолындағы ұрпаққа жақсы тәрбие мен білім беру үлкен ерлік.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», – деген ұлы Абай бабамыз. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. «Ұстаздық – ұлы қызмет. Ұстаз – ұрпақты тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Қай қоғамда болмасын, білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұлағатты ұстаздың алатын орны ерекше.
Бүгінгі ұрпақ – тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңін қалыптастыратын, еліміздің кемел келешегін қамтамасыз ететін үлкен күш. Халқымыздың басты құндылығы – Тәуелсіздік. Баршамыз үшін бұл ең қадірлі де баға жетпес құндылық. Біз үшін бұдан асқан бақыт, бұдан қымбат байлық жоқ. Сондықтан оны қадірлеп, қастерлеу  әр азаматтың борышы. Бұл қастерлі ұғымды жас жеткіншектердің бойына дарыту – біздің міндетіміз.

Алматы қаласы, 
Әуезов ауданы

478 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы