• Ақпарат
  • 23 Қаңтар, 2025

Кино қазақ тілінде сөйлесін десек...

Ашығын айту керек, қазіргі қазақ киносында тіл мәселесі өте өзекті болып отыр. Себебі атауы қазақша болғанымен, кейіпкерлері таза қазақ тілінде сөйлемейтін, тілі ала шұбар, жеңіл әзіл мен арзан күлкіге құрылған, анайы сөздер мен азғындыққа толы фильм­дер азаймай отыр. Осыған байланысты Сенаттың пленарлық отырысында қазақ киносында қазақ тілінің тазалығын сақтау, мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуын қамтамасыз ету жөнінде Руслан Рүстемов бастаған бір топ сенаторлар Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдағаны белгілі. 


Депутаттық сауалда отандық кино өнімдеріне әдеби, идеологиялық тұрғыда нақты бақылау орнату мақсатында кино түсіру саласына мемлекеттік лицензиялау­ды енгізу, кино мен телеиндустриядағы тілдік мәде­ниет мәселелерін реттеу мақсатында кино және сахна тілін қадағалау функциясын енгізу, қазақ киносының тілін көркем әдеби стильге негіздеп, мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуын заңнамалық қамтамасыз ету, қазақ тілінде кино түсірушілерге арнайы тілдік курстар өткізу, кенжелеп қалған кино сыны саласын жетілдіріп, әр жаңа фильмге қатысты кәсіби мамандардың сыни пікірін жариялайтын арнайы журналдар шығару, шетел киносының прокатынан өндірілген салықтың белгілі бір бөлігін ұлттық киноны дамытуға жұмсау және басқа мәсeлелер қамтылғаны белгілі.  
Сенаторлар жолдаған депутаттық сауал­ға Премьер-министрден жауап хат келді. Онда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес киноиндустрия саласын реформалау жұмысы жүргізіліп жатқаны айтылған. Сонымен  қатар алдағы он жылға «Қазақ киносының даму стратегиясын» әзірлеу мәселесі қолға алынған екен. 
Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасына сәйкес «Қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру», «Әзірленген мемлекеттік тілдегі анимациялық өнімдердің көлемі» нысаналы индикаторларын жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар атқарып жатыр.
Бұл ретте мемлекет қолдауымен түсі­рілетін барлық фильм қазақ тілінде тү­сіріледі және прокатқа екі тілде шығады. Статистикалық деректер бойынша 2024 жылы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19%-ға жеткен (2023 жылы 16%). Бұл қазақ тіліндегі контентке сұраныстың арта түскенін көрсетеді.
Қазіргі уақытта Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанынан сценарис­тер, продюсерлер клубын құру жұмысы жүргізіліп жатыр. 
2024 жылы Орталық жанындағы Сараптамалық кеңестің қызметі қайта жанданды. Кеңес мүшелеріне қойылатын талаптар толықтырылды.  

Мөлдір ҒАБИТҚЫЗЫ

484 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы