- Ақпарат
- 23 Қаңтар, 2025
«Қазақ жырының Қадыры»

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, аудармашы, драматург Қадыр Мырза-Әлидің туғанына 90 жыл толуына орай әдеби-сазды кеш өтті.
Көңілдегі түйткілді дәл табатын, қазақы болмысты өрнектеп жеткізген айтулы ақынның мерейтойы қарсаңында «Қазақ жырының Қадыры» әдеби сазды кеші өтті.
Кеш қонақтары Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысы бойынша төрағасы, ақын- Бауыржан Құрманқұлов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, драматург, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрлыбек Қалауов, жыршы Демеубай Жолымбетов Қадыр ақынның тапқырлығы мен ұтқырлығы көрініс тапқан көптеген тың ақпараттарын бөлісті. Сонымен қатар С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы Гүлжаһан Төреханова ақынның балалар әдебиетіне қалдырған өлшеусіз еңбегі жөнінде сөз қозғаса, №51 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұргүл Смайлова жазушының «Жазмыш» кітабын талдады.
Кеш барысында Қадыр Мырза-Әлидің сөзіне жазылған «Он баласы бар ана», «Cыған серенадасы», «Атамекен» әндері орындалып, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ жанынан ашылған «Жас қаламгерлер» клубының мүшелері мен Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттері ақынның өлеңдерін оқыды. Қаламы қарымды қаламгердің шығармашылығын насихаттау мақсатында «Қадыр – найзағайлы ақын» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Ұлттық рух қалыптастыруда зор еңбек сіңіріп, қазақ халқының өмірін көркем бейнелеген ақынның шығармашылығы қай кезде де мәнді, өзекті. Оның асыл сөздері өз дәуірінің және болашақтың үніне айналып, мәңгі жасай бермек.
Әсел ЕРКІНҚЫЗЫ,
С.Бәйішев атындағы
Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми
кітапханасының кітапханашысы

527 рет
көрсетілді0
пікір