• Ақпарат
  • 23 Қаңтар, 2025

Біз кәсіпке бейімбіз бе?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Президент Қазақстан халқына Жолдауында кәсіптік білім беру саласына реформа жасау айрықша өзекті мәселе екенін айтты. Расында, бұл экономиканың өсімін қамтамасыз етеді, әрі  инвести­ция­лық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам екені сөзсіз. 


– Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз, – деді Қ.Тоқаев. 
Мемлекет басшысы «адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деп мәлімдеді. 
– Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі, – деді Қ.Тоқаев.
Расында, қолынан іс келген адамға өмір сүру де қиын емес. Өз мәселесін өзі шешеді. Адам жалдап, ақшасын төлеп, жұмысын істетпейді. Әрине, бесаспап болған жақсы. Елімізде ондай азамат өте көп. Нарық заңдылығы адамды икемді, шаруаға бейім болуға итермелеп отыр. Өйткені қазіргі заманда бесаспап маманға сұраныс артып барады. Бұл түсінікті де. Ал алдағы уақытта  қандай мамандар сұраныста болады?
– Біздің болжамымыз бойынша, 2030 жылға дейін 1,8 млн жұмысшы сұраныста болады. Соның 1 миллионы – слесарь, токарь, краншы секілді жұмысшы мамандықтары. Сол себепті оларға сұраныс артады. Оның үстіне демографиямыз өсті. Адам саны көбейгендіктен, мұғалім мен дәрігер де болашақта көбірек керек болады, – дейді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті Шалқар Байқұлақов.
Рас, қазіргі нарық заңдылығына талдау жасамаса болмайды. Демографияның өсуі сұранысты арттырып отырғаны жасырын емес. Ең алдымен, бұл тұрғын үй мәселесіне қатысты. Халықтың саны тұрақты өсіп келе жатқандықтан, баспанаға қажеттілік те күшейе түседі. Бұл құрылысшылар, оның ішінде тұрғын үй, мектеп, аурухана салатын құрылыс мамандарына сұранысты арттырады.
Мемлекет басшысының  2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны бекер емес. Өйткені нарық осы мамандарға қажеттілікті арттырып отыр.  Бір ғана мысал, өткенде Еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2025 жылы жоғары сұраныс­та болатын 10 мамандықтың тізімін жасады. Шын мәнінде, бұл мамандарға қажеттілік орасан зор. Атап айтқанда...
1. Жүк көлігінің жүргізушісі (21,8 мың адам немесе жалпы сұраныстың 5,4 пайызы);
2. Сантехник және құбыр салушылар (17,3 мың адам немесе жалпы сұраныстың 4,3 пайызы);
3. Электрмен дәнекерлеуші (15,6 мың адам немесе жалпы сұраныстың 3,9 пайызы);
4. Құрылысшылар бригадасының басшысы, бригадир (11,9 мың адам немесе жалпы сұраныстың 2,9 пайызы);
5. Автобус жүргізушісі (10,8 мың адам немесе жалпы сұраныстың 2,7 пайызы);
6. Сылақшы (9,9 мың адам немесе жалпы сұраныстың 2,5 пайызы);
7. Техник-электрик (9,7 мың адам немесе жалпы сұраныстың 2,4 пайызы);
8. Тракторшы (9,6 мың адам немесе жалпы сұраныстың 2,4 пайызы);
9. Құрылысшы-монтаждаушы (7,9 мың адам немесе жалпы сұраныстың 1,9 пайызы);
10. Темір ұстасы, слесарь (7,4 мың адам немесе жалпы сұраныстың 1,8 пайызы).
Шын мәнінде, бұлар еңбек адамы, нақты айтқанда, қарапайым мамандық иесі болып көрінуі мүмкін, бірақ сұраныс зор. Өйткені жұмысшы мамандығы бүгінгі еңбек нарығының негізі болып отыр. Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың дерегіне сенсек, бүгінде 4,8 миллион адам немесе барлық жұмыс істейтін азаматтың 52 пайызының кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Бұл 2,3 миллионға жуық адам, олар 2,2 мың жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Жұмысшы кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда көбірек сұранысқа ие.
– Алдағы алты жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам болады деп жоспарланып отыр. Оның кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыскерлерге жартысынан астамы тиесілі, ал 400 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары. Оларға мамандандырылған техниканың жүргізушілері, сантехниктер, дәнекерлеушілер, құрылыс мамандықтары мен техникалық бағыттағы жұмысшылар жатады, – дейді министр Светлана Жақыпова.
Рас, қазіргі уақытта «қандай мамандықты таңдау керек, оның болашақта қажеттілігі қандай болуы мүмкін?» деген сауалға мектеп бітірген кез келген жас түлек ойланғаны дұрыс. Сондықтан бұл мәселе өзекті екенін ата-ана да балаға ұғындыруға тиіс. Әрине, қабілет, білімнің болғаны жақсы, алайда таңдаған мамандық қана емес, сұраныстағы маман болуға талпынған дұрыс. Мектеп бітіре салып, «кез келген жоғары оқу орнына түссем болды, жұмыссыз қалмаймын» деген ескі түсініктен арылған жөн.
Жиырма бірінші ғасыр – таңдау ғасыры. Өйткені «қандай мамандықты таңдадың, өмір сүру қабілетің мен әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайың соған қатысты болады», –деген тәмсіл расқа айналып келе жатыр. Мысалы, 2030 жылға қарай сұранысы артатын мамандықтар тізімінің алғашқы ондығында мұғалім көш бастайды» деген де деректі болжам бар. Демек, сұраныс артса, бұл мамандықтың мәртебесі де, жалақысы да көбейеді деген сөз. Сондықтан, ең алдымен, кез келген азамат нарыққа бейімделуі керек, уақыттың өткеніне қарамастан, тұрақты сұранысты қажет ететін мамандыққа ие болғаны тиімді. Демек, таңдауда қателеспеген абзал.

429 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы