- Ақпарат
- 23 Қаңтар, 2025
Қыруар қаржы қайда кетіп жатыр?

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев отандық спортты дамытуға бөлінетін қыруар қаржыға алаңдаушылық танытып, ашық есеп жүргізуді талап етті.
– Соңғы 6 жылда Қазақстанда спорт саласын қаржыландыруға шамамен 1,4 триллион теңге жұмсалды. Биыл және алдағы екі жылда бюджеттен тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған. Басқасына бас қатырмаса да, Қазақстан кәсіби спортқа ақша құюдан алдына қара салмай тұр. Орталық Азия елдерінен озғаны аздай, Канада, Норвегия, Нидерланды да бізге жете алар емес. Бірақ әлемдік спорт рейтингісінде Қазақстан 2014 жылы 25-орында болса, 2023 жылы 42-орынға түсіп қалды. Мұның басты бір себебі – спорт түрлерінің сараланбауы. Мәселен, жоғары жетістіктер спорты ретінде қаржыландырылатын бағыттардың 60 пайызы олимпиадалық емес. Бірақ олар бюджеттен ауқымды ақша алып келеді. Мәселен, соңғы 6 жылда 49 млрд теңге алған «Барыс» хоккей клубы, соңғы 6 жылда 50 млрд теңге алған «Астана» футбол клубы сынды командалардың әр тиын үшін есеп беретін күні тууға тиіс. Осынша ақша алғанына қарамастан, бұл командалардың өз инфрақұрылымдары жоқ, салмаған. Бір ғана «Астана» футбол клубы алты жыл ішінде тек футбол алаңдары мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған.
Миллиардтар алып үйренген клубтардың тәбетін тежеу керек. Шетелдік спортшыны әкелуден бөлек, оларға азаматтық беру ісі де елде белең алды. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан 126 шетелдік спортшыға азаматтық берген, бірақ олардың әрбір екіншісі кейін өз еліне қайтып кеткен, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

427 рет
көрсетілді0
пікір