• Ақпарат
  • 23 Қаңтар, 2025

Тілдік ортаны қалыптастыру маңызды

Самал САРЖАНҚЫЗЫ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің кіші ғылыми қызметкері

 

Еліміздегі мекемелер мен кәсіпорындардағы ісқағаздарды толықтай мемлекеттік тілге көшіру – маңызды әрі ұзақмерзімді процесс. Ісқағаздарды жүргізу тілін қазақ тіліне аудару – қазақ тілінің мәртебесін арттыру және ұлттық бірегейлікті нығайту үшін елеулі қадам болмақ. 
Бұл орайда ең тиімді тәсіл – бұл процесті кезең-кезеңімен, барлық тараптың мүддесін ескере отырып жүзеге асыру. Мысалы:
1. Алдымен тілдік орта қалыптас­тыру. Оған мекеме ішіндегі барлық хатты, құжатты, бұйрықты қазақ тілінде жүргізу. Әртүрлі іс-шара, кеңес пен жиналысты мемлекеттік тілде өткізу. Сонымен қатар қазақ тілінің маңыздылығы туралы қызметкерлер арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізу;
2. Мемлекеттік тілде іс жүргізуді міндеттейтін заңнамалық нормаларды енгізу немесе жетілдіру. Сол нормамен жұмыс істеуге талап қою және оның орындалуын қадағалау. 
3. Мамандарды даярлау. Әр мекемеге, кәсіпорындарға қазақ тілін жетік меңгерген мамандар алу. Қызметкерлерге арналған арнайы курстар ашу. Курстар ісқағаздарды жүргізуге арналған болуы қажет;
4. Мемлекеттік тілдегі үлгі құжаттар дайындау. Ісқағаздардың түрлеріне дайын нұсқаулар мен үлгілер әзірлеу;
5. Құжаттарды қазақ тілінде жүргізудің қолжетімді әрі жеңіл тәсілдерін енгізу. Қазақ тілінде ісқағаздарды жүргізуге қиындық туғызатын факторларды анықтап, оларды жою мақсатында жұмыс істеу:
Бұл мәселе тек тіл саласында қыз­мет етіп жүрген адамды ғана алаңдату керек деп ойламаймын. Бұл – жалпыхалықтық мәселе. Оны шешу халқымыздың қолында. Ең алғашқы қадамды әр адам жасай алады. Мәселен, өзіңіз барып отырған мекемеде, кәсіпорында, тіпті асханада сізге ұсынылған қағазға назар аудару. Ол құжат – анықтама, түйіндеме, өтініш немесе тіпті тапсырыс беретін асханадағы мәзір болуы мүмкін. Құжат орыс тілінде болса, қазақ тіліндегі нұсқасын талап етіңіз.  Қазақтың «сын түзелмей, мін түзелмес» деген қанатты сөзін арқау етіп, пікір, ұсыныстарыңызды білдірсеңіз, онда бұл кішігірім әрекет үлкен бастамаларға жол ашуы мүмкін.
Байқап отырғанымыздай, бұл процесс уақытты, күшті, ресурстарды және жүйелі идеялар мен тәсілдерді талап етеді. Бұл қадам тіліміздің қолдану аясын кеңейтіп, елдің ұлттық бірегейлігін нығайтуға септігін тигізеді. 

602 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы