- Ақпарат
- 23 Қаңтар, 2025
Өзімнен сөзім қымбат
Дағжан Белдеубай,
«Ana tili»
Аға буынның жастарға көңілі толмауы немесе оларды түсінбеуі қашаннан келе жатқан ғадет деуге де болады. Бұл ілгергі ұрпақтың өзінен кейінгілерге жауапкершілікті түсінсе деген талабынан туатын көңілтолмастық болса керек. Әрине, заманның сұрқынан қорыққан Мұрат Мөңкеұлы секілді дүлдүл ақындардың «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп келетін сақтандырған толғаныстарының да орны бөлек.
Егер өз өмірімізден айтар болсақ, эстрада атаулыны сонау өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары аға буын ұнатпағанын көрдік. Кейін «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндеріне сол ағалардың билегеніне де куәмыз. Сірә, ол үшін аға буынды кінәлауға болмас.
Дегенмен мұндай уақытша құбылыстардан бөлек, ұлттың негізіне тиетін аса маңызды ұстындар болады. Солардың бірегейі – тіл. «Жердің артында тіл тұр» (Әлихан Бөкейханов) десек, шегінуге болмайтын шекті көреміз. Жастардың жазған мақаласын, тіпті әңгіме, хикаяттарын, романдарын оқығанда, телеарналардан сөйлегенін көргенде кейде қарнымыз ашатынын айтпауға болмайды.
Қате ауызекі тілге еніп кеткен аударма тілмен (калькамен) жазу, сөйлеуге байланысты. Қазақ ешқашан «қазір келемін» деп айтпайды, «қазір барамын» дейді. Кейінгі кезде аға буынның өзі «келін түсірдім» демей, «келін алдым» дейтін болды. Мұндай қотыр тіл әдебиетке ауыз салуы, қалам ұстаған барша қауымды ойландыруға тиіс.
Кейбір жас қаламгерлер кәдімгі күн сөзінің мәнін білмейтіндей көрінеді. Күн тіпті майялардың тілінде де күн екенін сол жастар білмей-ақ қойсын. Тенгір – тәңір атауларының күнмен ұштасатын мифтік астарына да басын қатырмасын делік. Кәдімгі таңда жарқырап шығатын күн күркірейді, бұлттайды, жауады. Бұл – қазақы түсініктегі күн. Мұндай тұрақты тіркестерді өзгертуге болмайтынын қалам ұстаған жасқа түсіндіру кейде қажет болып көрінеді.
Қазақ неге ит-құс, құмай тазы, күшіген (түбірі – күшік, бірақ құс, тазқара деп те аталады) сөздерін қолданады? Бұлар ит әрі құс. Мұндай атаулардың астарын журналист, жазушы болғысы келген жас өзі қызығып іздеуі керек емес пе? Соны білмегендіктен жазып отырғаны құмай ма, күшіген бе, сақалтай ма, әлде самұрық па – айыру қиын.
Парсы тілінен енді делінетін бірақ парсыға түріктерден ауысқан болуы мүмкін «сардар» сөзінен бұрын тілдік дайындығы жоқ жазарман «генералды» қолданады. Сол жас сардар түбірінен гөрі түріктік «сер», «шер» түбірлерін індетіп неге зерттемеске? Кім де болса білгені өзіне жақсы емес пе?
Ауылда мал ұрлығы жоқ емес. Тіпті жылқыны үйірімен айдап кеткендердің ізін құқық қорғаушылар базардан тауып жатады. Сондай хабарды жүргізген журналистің аузынан барымта сөзін ести алмай қор боласың.
Моңғол тілінен енген «жасақ», «төре» сөздерін онша көп қолданбайтынымыз рас шығар. Бірақ «жасақшы», «төреші» сөздері барша жұртқа түсінікті. Оны айтасыз, мәңгі-бақи тіркесіндегі бақи сөзінің (бақилық болды) мәнін түсінбей қолданатын жазушыны да көрдік.
Қысқасы, неге аударма тілмен сөйлейтін, сөздің қарапайым мәнін түсінбей жазатын халге жеттік? Себеп оқымауда, ізденбеуде болса керек. Яғни кітаптан, кітап оқудан алыстадық. Шынын айтқанда, оқуға енжар қоғамға айналдық. Сондықтан тілі құнарлы әдебиетті екшеп, көп данамен басқан дұрыс. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Ал жастарды барынша көп оқуға, кітаппен достасуға шақырар едік.
780 рет
көрсетілді0
пікір