• Ақпарат
  • 30 Қаңтар, 2025

Тарих толқынындағы 82 жыл

Биыл еліміздегі әскери басылымдардың бірі, ҰҚК Шекара қыз­метінің төл басылымы «Отан сақшысы – Часовой Родины» газетіне 82 жыл толады. Осы кезеңде үнпарақ бірнеше даму сатысынан өтті. Қарулы күштердің әскери газеттері арасында беделі биіктей түсті. 
 

Шекарашылар газетінің тарих толқынындағы жылдар сарғайт­қан әр нөмірінің әлі күнге дейін айтары бар. 1943 жылғы 10 шілдеден бастау алған бұл шежіреге де, міне, 82 жыл толғалы отыр. Бұл туралы басылымның 80 жылдық мерейтойы­на орай 2023 жылы жарық көрген «Сексен жылдық шежіре» атты айтары бар кітаптан мол дерекке тап боласыз. 
Шекарашыларды өз Отанының патриоты, әр заманның батырына баласақ, «Отан сақшысы» газеті соны халыққа орайымен жеткізе білді. Тілшілер шекарашылардың күн мен түнге жалғасқан қызметін ғана емес, олардың мұңын мұңдап, сөзін сөйлеуді өздеріне парыз санады. Кемшілікке жол бергендер журналистердің сын-садағына ілініп, үздіктер мадақталды. Редакцияның қоржынына очерктер, хаттар, шағын көркем публицистік шығармалар, мақалалар лек-легімен келіп жатты. Жанын жеп жатқан рухани дүниесі газет бетіне жарқ ете қалса, қуаныштан жүрегі алып-ұшып шыға келетін оқырманмен бірге болды, сенімді серігіне айналды. Кеңес Одағы ыдырап, өзге респуб­ликалармен бірге, Қазақстан елі де өз алдына отау құрып, тәуелсіз мемлекет атанды. Араға жыл салып, Президент Жарлығымен Шекара қызметі құрылды. Сол-ақ екен, «Отан сақшысы» да дүр сілкініп шыға келді. Көп өтпей, қазақ редакциясы ашылып, газет екі тілде шыға бастады. Газет «шинелінен» шыққан журналистердің атағы ТМД кеңістігіне де жайыла бастады. Ресейден әдейілеп ат басын бұрған жарық жұлдыздармен сұқбаттасып, олардың шекарашыларға жолдаған сәлемі мен ыстық тілегін бірінші болып, газеттің сол кездегі бас редакторы Василий Шупейкин бастады.
Лайықты бағасын беру керек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, «Құрмет» орденімен марапатталған Василий Васильевичтің газетті басқарған 1993–2000 жылдары аралығында жазған «Грешница», «Кулиша – радость моя и судьба» атты повестері оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Шығармашылық конкурстың бас жүлдесін қанжығасына байлады.
Қазақ редакциясының алғашқы редакторы атанып, жас журналис­терді жинаған Сағидолла Сихымбайұлы кейін осы газеттен зейнет демалысына «полковник» шенінде шықты. «Ел шетінде ерлер жүр» атты кітаптың авторы Тәжікстан елінің тынышы кеткен тәжік-ауған шекарасына дейін барды. Құмды аралап, шекара аймағын адақтады. Осылайша, қазақ редациясының құлақ күйін келтірген аға буын журналистің өз оқырманы ғана емес, өз шәкірті де баршылық.  
Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде еліміздегі шоқтығы биік оқу орындарының көшін бастап тұрған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналис­тика факультетін бітіретін жылы қазақ редакциясынан бір-ақ шығып, белді журналистердің біріне айналған Кенжебек Сейтмұхаммедов те бас редактордың сара жолына түсіп, өзінің эссе, новелла, әңгімелерімен танылды. 
Жазушы В.Шупейкиннің «шекпенінен» шыққанын мақтан ететін тағы бір журналист Тамара Дәулетбаева шекарашылар редакциясына қазіргі ІІМ Ұлттық ұланның апталық басылымы «Қалқан» газетінен келген. Әйтсе де, шекарашылар басылымының табалдырығынан кішкентай қос жұлдызды погонмен аттаған Тамара Қуанышбекқызы жаңа ортаны жатырқаған жоқ. Көп өтпей, енді шекарашылар журналист шығармашылығының алтын арқауына айналды. Соның дәлеліндей болып, «Арда туғандар», «Шекара соқпақтары» деген екі кітап жарыққа шықты. Бәрінен де шекараны өзінің тағдырына балаған Т.Дәулетбаева туралы «Казахстанская правда» газетіне шыққан «Шекараға ғашық» атты очерк Қазақстан Президентінің назарынан тыс қалған жоқ еді. Журналистің еңбегін жоғары бағалаған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен, «Құрмет» орденімен марапатталды. Осылайша, сексен екі жылдың шежіресі бар газеттен тағы бір «Құрмет» орденінің иегері шықты.
Мәскеу қаласындағы әскери журналистерді дайындайтын оқу орнын бітіріп, газет журналистерінің қатарын толықтырған офицерлер Радик Кагенов, Қуаныш Тұрапов­ты газеттің тәжірибелі журналис­терінің бірі, ақын Е. Грасевич өзінің қамқорлығына алып, сәйгүліктей баптап, шығармашылық бәйгеге қосты. Бірнеше кітаптың авторына айналып үлгерген Евгений Николаевичтің еңбегі еш кеткен жоқ. Қалам сілтесі бөлек тілшілердің қатарынан ойып тұрып орын алған қос журналистің шекара аймақтарындағы болмаған жерлері жоқ.
...2018 жылы Астанаға бет бұрған журналистер елорданың өміріне төселіп үлгермей жатып, негізгі қызметіне қызу кірісіп кеткен. Мұнда газет ұжымына деп бөлінген үш қабатты ғимараттың бірінші қабатына редакцияның баспаханасы жайғасқан. ҰҚК Шекара қызметі үшін баспа өнімдерін шығарумен айналысатын баспахананы бүгінде капитан Ролан Тазабеков басқарады. Баспагер мамандардың басы қосылған шағын ұжым өздеріне жүктелген міндеттің үдесінен шығып келеді. Шекара қызметінің қалыптасуы мен әр жылдардағы жауынгерлік іс-әрекетінен хабар беретін бірнеше кітаптың осы баспаханадан шыққанын айтсақ та жетіп жатыр.
Басылымның бүгінгі тынысы мен тіршілігі толайым өзгерген. Шекара қызметінің облыс орталықтарында орналасқан департаменттерінде өз тілшілері бар. Олардың денін жастар құрайды. Дегенмен, «Жас келсе, іске» демекші, өздеріне жүктелген міндеттің салмағын жақсы сезінген жас журналистер сенім үдесінен шығып келеді. Бұлай дегеніміз, еліміздің батысындағы Ақтау қаласынан үн қатып, шекарашылардың ел шебіндегі өмірін бейнелі тілмен баяндап, сұлу сөзбен сурет салған капитан Асхат Жаналипов, Шекара қызметінің Шымқаладағы департаментінің әскери журналисі майор Рауан Нұрмет қаламы төселген тілшілердің көшін бастап тұр. Жер жаннаты Жетісудағы Отан қорғандары туралы қалам тербеген подполковник Манарбек Қарекенов 2024 жылдың қорытындысы бойынша Шекара қызметінің «Үздік әскери журналисі» атанды. 
Осының барлығы тарихы тереңге кеткен «Отан сақшысы» газетінің майталман журналистерінің осы жылдар ішінде шығармашылық ізденіс көкжиегін кеңейтіп, тұтас дәуірдің публицистік бет-бейнесін қалыптастырғанын көрсетеді. Ендеше, 2 ақпан – Ұлттық басылым күніне орай, әскери журналист әріптестерімізге айтарымыз, «Жазар көбейсін!» 

Мөлдір ҒАБИТҚЫЗЫ

 

370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы