• Ақпарат
  • 30 Қаңтар, 2025

Кесек пен кесел

– «Кесекті неге тек әйелдер қауымы көбірек жейді, неге ер адамдар емес?
– Оны тек әйелдер қауымы жейді, әсіресе жүкті кезінде. Өйткені оларда кальций жетіспейді. 
– Сонда ерлер қауымында кальций жеткілікті деңгейде ме?» – дегенімде такси жүргізуші ер адам күлді де, үнсіз қалды.
Осы мәселені зерделеу барысында біз Алматыдағы Көк базарда тұрған саудагерлермен сөйлестік. Олардың айтуынша, саудада бор, кесек жақсы өтетін көрінеді, әрі сатып алушылардың басым бөлігі жүкті әйелдер екен. Одан бөлек дүкенге бара қалсақ, бор сатып алып жатқан жасөспірім қыздар, мектепте бор жеп жүрген қыздар да көп. Жалпы, жасөспірімдерден бастап тәуелділік тудырған бұл әуестік қайдан пайда болады, мұның түп төркіні неде? Ал оның «Туркестан сливки», «Розовая узбекская», «Коксоль», «Астана», «Уральская» деген бірнеше түрі барын біліп пе едіңіз? Тіпті 20–25 жылдан бері, одан қалса, өмір бойы тәуелділікті қоя алмай жүргендер де бар екен. Ал оның әйел ағзасына тигізіп жатқан зияны қандай? Одан тезірек арылудың жолы бар ма? Біз алдымен кесекке сегіз жасынан бастап құмартқан бойжеткенмен сөйлесуді жөн көрдік. 

 

Тұрғанай Оңайбайқызы:

 

Кесек жеген құрбым талып қалды

 

 – Кесек жеуді қасымдағы құрбымнан үйрендім. Дәмі ұнаған соң әрі қарай жалғастыра бердім. Қазір оның түрлері де көбейген, ал басында тек бір-екі түрі бар-тын. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде борды жеп, соңғы уақытта трендке айналған АСМР түсіреді (АСМР термині автономды сенсорлық меридионалды жауап дегенді білдіреді. АСМР – бейне ретінде өзін түсірудің бір түрі. Авторлар микрофонға сыбырлап, тамақтанады немесе ыдысты қозғалту арқылы дыбыс шығарады). Сөйтіп, бордың қытырлаған даусына қызығып, кесек жеуді бастап кететіндер де бар. Өз басым кезінде солардан көріп, қалай сатып алғанымды білмей қалатынмын. Оның түрлері көп және дәмі де әртүрлі. Осыдан бес жыл бұрын сатушылар аз еді, қазір оны сататындар Instagram-да біраз көбейген. Адам оған тәуелді болған соң, алып жейді. Кесек жеп жүргенде оның зияны туралы көп естідім. Менде іш кебу, іш қату симптомдары пайда болды, қаным қоюланды. Метаболизмнің бұзылуына да әсер ететінін біліп, сосын қоюға шешім қабылдадым. Сол кезде кесекті бірге жеген қасымдағы құрбыларымның беті жарылып, көзінің асты қарайып кететін. Тіпті бір құрбым іш қату, іш кебудің әсерінен талып қалып, жеуді бірден тоқтатты. Қазір денсаулығым, шүкір, жақсы, дәрумендердің жеткілікті болуынан да шығар, көз алдымда біреу кесекті жеп отырса да қызықпаймын. Бұрындары анемия болдым, әсері кесекке тәуелді етті деп ойлаймын. Оған әуестік соқыр ішекке әкеліп, соңы операция, операцияға үлгермеген жағдайда соқыр ішек жарылып, өміріңе қауіп төнеді. Өзімнің жақындарыма, замандастарыма кесек жеудің зиян екенін, жоламау керегін айтамын.

 

Мадина Хосова, «Pharmateka» дәріханалар желісінің басшысы: 

 

Неліктен әйелдер бор жейді?

 

Соңғы жылдары дәріханада және дүкенде борды тамаққа қолдану үшін сатып алатындарды жиі кездестіруге болады. Алғашында бұл әдеттен тыс немесе таңғаларлық көрінгенімен, бұл құбылыстың өз себебі бар. Борға құмарлық көбінесе минералдың жетіспеушілігіне, әсіресе кальций, темір немесе магнийдің тапшылығына байланысты. 
Біріншіден, кальцийдің жетіспеушілігі жүкті, бала емізетін немесе менопаузадан кейінгі әйелде пайда болады, себебі бұл кезеңде ағзада кальцийге деген сұраныс артады. 
Екіншіден, темір тапшылығынан болатын анемия. Ағза жетіспейтін элементті іздейді. 
Минералдың жетіспеушілігінен бор жей бастаған кейбір әйел оны бірнеше жыл бойы тұтынуды жалғас­тырады. Бұл тек физиологиялық қажеттілік қана емес, сонымен қатар психологиялық көңіл күйіне байланысты болуы мүмкін 
Бор жеу зиянсыз көрінгенімен, ағзаға кері әсер ету ықтималдығы жоғары: 
1. Бүйрек тастары. Кальцийді шамадан тыс қолдану кальций тастарының түзілуіне әкеледі. 
2. Асқазан-ішек жолдарының бұзылуы. Бор іш қатуға және пайдалы заттардың сіңуін бұзуға себеп болады. 
3. Улы қоспалар. Әсіресе тағамға арналмаған бор денсаулыққа қауіпті. 
Егер борға деген құмарлық пайда болса, міндетті түрде дәрігерге немесе фармацевке жүгіну керек. Мамандар кальций, темір және басқа минералдардың жетіспеушілігін анықтау үшін анализдер тағайындайды; Минералдардың орнын толтыру үшін қажетті дәрілер мен биологиялық белсенді қоспаларды ұсынады. 
Қорыта айтқанда, борға құмарлық – ағзаның ішкі мәселелерінің белгісі. Бұл әдетке бой алдырмас бұрын оның себебін анықтап, көмек алу маңызды. Денсаулықты күту ағзаның қажеттілігін түсінуден басталады.

 

Айнаш Тохтарбаева, фармацевт:

 

Кесек жеуден арылу оңай 
 

– Кесек жеуді адамды анемияға алып келетін басты себеп деп қарауға болады. Осыдан біраз уақыт бұрын бір апаны кезіктірдім. Айтуынша, бірнеше жылдан бері кесек, яғни бор жеуден арыла алмай келген. Тиісінше, өмірге әкелген сәбиі де бор жеуге әуес болып шыққан. Анасы не нәрсеге бейім болса, көп жағдайда баласы да соны қайталайды. Дені сау ана, саламатты ұрпақ біздің болашағымыз. Сондықтан кесекке тәуелділіктен қалай арыламыз? Кесекті көп жағдайда жүкті аналар шамадан тыс пайдаланатынын байқаймыз. Жүкті ана ағзаға дәрумен жетіспеушілігі кезінде бор жесе, ол бәрібір керекті дәруменнің орнын толтыра алмайды, сондықтан дүниеге келген балаға жетіспеушілік бірге беріледі, өйткені ол дәруменнің орны іште жатқанда толтырылмаған. Сол себепті бала да бор жеуге бейім болуы әбден мүмкін. Бірақ көп ата-ана оны байқамайды. Бала уақыт өте келе, қабырғадағы әкті қырып жеуі, даладан тас-кесек пайдалануы мүмкін. Балаға кішкентайынан әртүрлі керекті дәрумен беріп өсірсе, кесек жеуге тәуелділіктен арылтуға болады. 
Мен де кішкентайымнан бор жеп өстім. Әлі есімде, үлкен етіп қолыма алып, айнадан өзіме қарап жеп отыратынмын. Тек мен емес, сыныпта көбі жейтін. Партаның астына тығып қоямыз да, сол жерден алып отырамыз. Ол кезде 11–12 жаста болдым, 18 жасыма дейін жедім. Негізі, мектеп жасынан анемия болып, үнемі тіркеуде тұрғаным есімде. Түсінгенім, сіз қанша жерден дәрі-дәрмек қолдансаңыз да, кесекті бірге жесеңіз, бәрібір пайдасы жоқ, анемия кетпейді. Сөйтіп, болашақ ана екенімді ойлап, кесек жеуден түбегейлі бас тарттым. Әрбір тәуелді адамға айтарым, асықпай ойланыңызшы, сіз кесекті не үшін жеп жүрсіз? Дәрумен жетіспей ме? Барып тексеріліңіз. Қазір медицинада көп нәрсе қолжетімді ғой, анемия болып, ауруға ұшырап, кейін көп ақша төлегеннен гөрі, уақытылы тексеріліп, ем қабылдаңыз. Егер сіз қыз бала болсаңыз, тек өзіңіздің емес, болашақта дүниеге келетін балаңыздың да денсаулығына зиянын тигізіп жүргеніңізді ойлаңыз. Дені сау баланы дүниеге әкелгіңіз келсе, қазірден бастап зиянды тәуел­діліктен бас тартыңыз. Алладан бізге берілген сый, аманат – денсаулық. Оны өз қолымызбен құрту – зұлымдық. Сондықтан кесектен арылудың бірнеше жолдарын ұсынамын:
• Алдымен кесекке деген жаман ой қалыптастыру қажет, яғни сіз оған қарағанда жүрегіңіз айнитындай болу керек. 
•  Ең бастысы, денсаулығыңызды ойлаңыз. Уақыт өте асқазанның түрлі ауруына шалдығуыңыз мүмкін, сонымен қоса кесек жейтін адамның 70 пайызы анемия екенін ұмытпаңыз.
• Кесек жеу тәуелділікке әкеледі, сол үшін аз-аздан күнделікті жейтін көлемін азайтып отырыңыз.
• Қыз болсаңыз – болашақ анасыз, балаңыздың денсаулығы маңызды, сол үшін де кесек жеуді доғарыңыз.

 

Аида Мұхтарқызы, интегративті дәрігер:

 

Төрт айлық шақалақтың өтінде тас бар 

– Кесек немесе бор жеу қазіргі уақытта үлкен мәселе, ағзадағы темір тапшылығы анемиясынан туындауы мүмкін. Әйелдер жиі бала босанып, қан жоғалтатындықтан, анемия пайда болады. Психологиялық факторлар, күйзеліс, эмоциялық көңіл күйі, сонымен бірге ағзадағы темір, мырыш, кальцийдің жетіспеушілігі де кесекке тәуелді етеді. Жүктілік кезіндегі гормондар деңгейінің өзгеруі де әйелдің әдеттегіден тыс өзгеше нәрсенің дәмін татып көруге деген қызығушылыққа итермелейді. Сол қажеттілікпен кесек жейді. Кейде байқасақ, кішкентай қыз балалар да жеп жүреді. Неге? Себебі бұл бейімдік анасынан берілген болуы мүмкін. Өйткені анасы сәбиге жүкті кезінде не жесе немесе оның көзінше не істесе, бала оны қайталайды. Сонымен қатар,қазір көп адамның асқазан-ішек жолдарында мәселе бар. Әсіресе асқазан тұз қышқылы азайып кеткенде анемия пайда болады, керісінше, қышқылдық көбейгенде немесе жүрек айнығанда соны кесекпен басамын деушілер бар. Енді бұл білімнің аздығынан, білместіктен екені анық. 
 Қазір дүниеге келген балалар арасында да түрлі аурулар көбейіп кетті. Шақалақтың денсаулығына анасының жүкті кезіндегі күйі, не жеді, не ішті – барлығы тікелей әсер етеді. Мәселен, менің қабылдауыма төрт-ақ айлық сәбиді әкелді, өтінде тас бар. Бір және бір жарым, төрт, жеті жастағы балалар да өттегі таспен қабылдауымда болды. Яғни анасының өтінде тас болса, ол баласында да болады. Ананың митохондриясына дейін балаға беріледі. Мұндай әуестігі бар анадан, темір тапшылығы анемиясымен, түрлі авитаминозбен балалар туады. Бұл 100 пайыз анық нәрсе. Авитаминоз – минералдар мен дәрумендердің жетіспеушілігінен организмдегі зат алмасу процесінің бұзылуынан болатын ауру. Одан бөлек қандай қауіпті ауру туғызады десеңіз, анемияның ең ауыр түрі ақ қан ауруы. Ананың өз денсаулығына салғырттығы перзентіне сондай зардаптар әкеледі. 
Біздің ағзамыз топырақты қорытпайды. Ол денеден толық шығып кетуі үшін ауыз қуысы, бауыр, асқазан-­ішек жолы, бүйрек сияқты детокс органдарынан өтеді. Бұл детокстің, негізінен, үш фазасы бар. Осы үш фазаның біреуінде бұзылыс болса немесе ағзаға С, Д, цинк секілді дәрумен жетіспегенде бойымыздан сыртқа шығып кетуі тиіс заттар дұрыс шықпайды. Соның әсерінен тұз, құм пайда болады да, ол тастың түзілуіне ұласуы мүмкін.
Сондықтан адам күнделікті не ішіп-жеп жүргеніне аса мән беруі керек. Егер өтке не бүйрекке тас жиналса әрі ол ерімейтін түрі болса, сол ағзадан айырылу қауіпі өте жоғары. Тіпті дәрумен қабылдаса да, міндетті түрде дәрігермен кеңескен жөн. Менің тәжірибемде бір әйел болды. Үш жыл бойы әртүрлі компанияның кальцийін оңды-солды іше берген. Соның салдарынан өтінде, құрсағында, бүйрегінде тас пайда болған. Неге олай болды? Өйткені ағзада Д витамині жетіспесе, кальций сіңбейді. Препарат күйінде ішсе де, ішке барып шөгіп-шөгіп, тас­қа айналады. Оның қасында кесек деген топырақ қой, яғни ағзаға керексіз зат. Кесекті үздіксіз жей беретін болсаңыз, топырақ әр ағзаны ластайды. 

Күкірт пен тарақан жейтіндер де бар

«Қыздарымыздың кесекке әуес болуы климатымызға байланысты емес пе?» деген сұрағыңызға «жоқ, оған байланысты емес» деп үзілді-кесілді айта аламын. Мұның барлығы біздегі әлеуметтік жағдайдың төмен болуы, жалақының аздығы, адамның басым көпшілігінің қарызда жүруі, олардың тамақ рационының құнарлы болмауына себеп. Рацион құнарлы болмаған соң, көпшілік дұрыс тамақтанбайды. Дұрыс тамақтанайын десе, оған ақшасы жетпейді, екінші жағынан, ішкі менталды жағы күйзелісте, себебі адамның ойлағаны – қарыз жабу, отбасын асырау. Сол үшін бірінші әлеуметтік тұрғыдан қарасақ, адамда анемия көп. Әр жүктілігі сайын кесекке, тасқа қатты аңсары ауатын аналар бар. Топырақ немесе тас жеуді біз медицинада геофагия дейміз. Әйелдердің жүкті кезінде ағзасында шығыны көбейеді. Себебі іштегі бала түзілгенде қажетті дәрумендерді міндетті түрде анасының ағзасынан алады. Балаға бөлінген дәруменнің орны толтырылуы керек, әйел ағзасы соны іздей бастайды. Осы тұста оны топырақпен емес, дәруменнің өзін қабылдау арқылы толықтырған жөн. Әйел сауатты болса, топыраққа тәуелділіктің неден болғанын анықтап, сонымен жұмыс істейді. Менің ағзам «саз-батпақты керек етіп тұр» деп, оны жей берсе, мәселені одан әрі ушықтырады. Сондай жүкті әйелдермен қалай жұмыс істегенімді айтайын. Оларға «анау батпақты ақшаға сатып аласың. Оны ешкім саған тегін бермейді, әрі кетсе құмның арасынан аларсың, бірақ оның тап-таза органикалық зат екеніне ешкім кепіл емес. Оған ит пен мысық барып, түрлі нәрсе істеп кетуі мүмкін. Ал сен оны аласың да, жейсің» дегенде көп әйелге «мен не жеп жүрмін» деген ой келді. Сондықтан кесек жеуге әуестіктің қалыпты жағдай емесін алдымен түсіндіру керек. Көп адам мұны «жай әншейін қалыпты жайт» деп ойлайды. Күкірт немесе тарақан сияқты жәндіктерді де жейтіндер бар. Ондай кезде дереу базалы чек-ап тапсырып, ағзасында не болып жатқанын анықтаған жөн. Ол үшін интегративті дәрігерге барып, ағзасында болып жатқан процесті түсінуге әрекет етіп, ақыл-кеңесіне жүгіну керек. Ол жерде бір емес, бірнеше анализді қатар қарағанда ағзадағы өзгерістер толық байқалады, сол бойынша әрі қарай жұмыс істейміз. 

Сонымен, біз арнайы мамандармен сөйлесу барысында кесек немесе борға тәуелділіктің себебін анықтағандаймыз. Оның бірқатар шешімі де айтылды. Ендеше, қарагөз қыз­дар мен жүкті әйелдер біздің дабылымызға құлақ асады деген үміттеміз.

Элеонора ӘЗІРЖАН

 

380 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы