• Ақпарат
  • 30 Қаңтар, 2025

«ТURKTIME»: Түбі бір тұтастық

Ақтау қаласы  биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы болып бекітілді. Бұл қалада түрік мемлекеттері бас қосып, бірлескен бірнеше жобаны талқылайды. Бішкек қаласы – 2025 жылғы Түркі мемлекеттері ұйымының цифрлы астанасы атанды. Ал өткен жылы еліміз осы ұйымға төраға болды. Төрағалық аясында 80-нен астам іс-шара ұйым­дастырып, нәтижеге жұмыс істеді. Түрік жұртына ортақ «Түрік дәуірі» ұранын алға тартып, бір мүддеде жұмыс істеуге шақырды. 

 

Иә, төраға ретінде Қазақстан «TURKTIME!» ұранын ұсынды. Бұл аббревиатура өзара қарым-қатынастың дәстүр (traditions), унификация (unification), реформалар (reforms), білім (knowledge), сенім (trust), инвестиция (investments), медиация (mediation) және энергия (energy) сияқты сегіз басымдықты негізге алған. Тілі мен ділі ұқсас, дәстүрі тарихымен үндескен түріктерді реформа, білім, медиация, инвестиция аясында біріктіруді ойлаған-ды. Бұл ұранды естісімен ғылым төңірегінде жүрген азаматтар да түрікке ортақ талай мұраның зерттеліп, маңызы артатынын айтты. Расымен, өзара ғылым мен білімді дамыту мақсатында елімізде Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды. Президент те түріктің бай мұрасын әлемге әйгілеп, саралауды мақсат ететіні көрініп тұр. Сондай-ақ еліміз Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Оқу орындары мен академиялық құрылымдардың, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің арасында тығыз байланыс орнатты. Президент сұқбатында айтқандай, кейінгі 10 жылда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы алыс-беріс айтарлықтай артты. 2024 жылы өзара сауда-саттық көлемі 45 миллиард доллардан асты. Оған қоса Транскаспий халықаралық көлік дәлізі де маңызды рөл атқарып келеді. Ал биыл «TURKTIME!» аясында энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты күшейту көзделген. Айта кетерлігі, бұл ұран негізінде іске асатын шаралар ХХ саммитке дейін жалғасады. 
Бұл ұйымның бейресми саммиті биыл Венгрияның Будапешт қаласында өтеді. Венгрия – Түркі мемлекеттері ұйымына бақылаушы ел ретінде мүше. Өткен жылы саммит Бішкек қаласында өткен. Биыл Будапештте түрік дүниесін жаңа деңгейге көтеретін іс-шаралар бекитіні айдан анық. 
Өткен саммиттегі негізгі істің бірі – ұйым туының ауысуы. Жаңа туда екі өзгешелік бар. Біріншісі – тудағы күннің ирек сәулелері түзу сызыққа айналды. Мұның мәні 2023 жылдың соңында Қырғызстанның туы өзгеруіне байланысты. Екіншісі – туға сегіз бұрышты жұлдыз бейнесі қосылды. Мұны Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі былайша түсіндірген-ді: «Қазақ хандығында, Әмір Темір заманында, Селжұқ мемлекетінде, Қарахан кезеңінде және көк түріктер тұсында кеңінен қолданылған сегіз бұрыш – төрткүл дүниеге төрелік еткен түріктің тұтастығын һәм рухани шексіздігін білдіреді».
Заманауи тілмен айтқанда, Қазақстан бұл ұйымға ребрендинг жасауға мұрындық болып, профилін қайта жасақтап шықты. Жаһан жұртына түрік бірлігі мен мүддесі бәрінен биік тұратынын дәлелдеп жатыр. 
Жоғарыдағы ұран аясында, бірлесіп ғылыми-зерттеулер жүргізу, ұлттық университеттердің филиалдарын ашу алдыңғы орында тұр. Өйткені білім мен ғылым ғана түрік жұртының мәңгі жасауына кепілдік болады. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекованың айтуынша, 2024 жылы Түркияның Ван Юзүнджү Йыл университетімен, Түркістан облысы әкімдігімен, Қырғыз­стан-Түркия Манас университеті және Анкара әлеуметтік ғылымдар университеттерінің қолдауымен «Түркі әлемінің жаңару кезеңіндегі интеллектуалдық қозғалыстар» атты халықаралық симпозиумын өткізген. Одан бөлек, осы университет өткізген 10 ғылыми-танымдық іс-шараға 30 елден 2 500-ден астам ғалым қатысқан. Түрік елдерінің математика, география, биология және басқа ғылым бағытын зерттейтін, танытатын іс-шараны бауырлас елдер жылы қабылдаған. Мұның өзі Түркі ұйымына мүше елдер арасында ғылым мен білімді дамытуды негізге алудың маңызын көрсетеді. Мұндай шаралар биыл да жалғасын табады. 
Қаржы, жасанды интеллект, IT және аэроғарыш саласына арналған экономика бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру да күн тәртібінде тұр. Түркі мемлекеттері ұйымының 2023–2027 жылдарға арналған көлік байланысы бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары да бар. Климат жағдайы, Арал теңізін қалпына келтіру, Каспий теңізін сақтау мәселесін де негізге алып отыр. Одан бөлек, түрік мемлекеттері арасындағы мәдени байланыс та жаңа деңгейге көтерілді. Тарихы мен мәдениеті біртұтас елдер арасында әдеби-мәдени іс-шара өткізу жиіледі. Мәселен, биыл V Халықаралық түріктілдес журналистер медиафорумы Еуропалық одақтың астанасы — Брюссельде өтеді. Өткен жылы Алматыда өткен форумға түрік елдері өкілдері түгел жиналды. Жиында бауырлас елдер арасындағы мәдени, ақпараттық, цифрлы байланыс жайы талқыланды. Биыл да форум қатысушылары тас түйін жүр. 
Жоғарыда аталған мәдени байланыс туралы Президентіміз ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар барын айтқан. Сондай-ақ елдеріміздің телехикаяларын, өзара насихаттау, әсіресе балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек тарату туралы мәселе көтерген еді. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмылдыру керегін қосқан. Мұның түрік жастарын рухани тұрғыдан жақындастыруға мүмкіндік беретінін жеткізген. Осы орайда, Жошы хан ұлысының 800 жылдығына орайластырылған «Алтын орда» сериалының түсірілімі ақпан айында басталады. Алғашында Karga Seven Pictures кинокомпаниясы түсірілімнің тек 40 пайызы Қазақстанда өтеді десе, кейін сериал толық елімізде таспаланатынын хабарлады. Ресми дерек бойынша, сериалға 4 мыңнан астам өтініш түсіп, соның ішінен 350 актер іріктелген. Жоба жарыққа шықса, түрік әлеміндегі ең жарқын кезеңді суреттейтін тамаша дүние болмақ. 

Айзат Айдарқызы

257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы