- Ақпарат
- 30 Қаңтар, 2025
Марат мектебінің түлегіміз

Майталман жазушы, жалынды публицист Марат Қабанбайдың ұлт әдебиетіндегі орны да, қазақ баспасөзі тарихындағы рөлі де айрықша. Әсіресе жарық көргеніне биыл 35 жыл толып отырған «Ana tili» газетінде Марат аға атқарған істер – ешқашан ұмытылмас еңбек.
Оқырман жүрегін жаулаған жазушы
Марат Қабанбай деген есімді біз, ең алдымен, кітаптан оқып, таныдық. Мектепте білім алып жүргенімізде, ол кісінің прозалық кітаптары қолымызға түсті. Түрлі қызығушылығы бар жасөспірімнің албырт көңілін дөп басып тауып, сезім пернесін дәл шерте білу – кім-кімге де оңай шаруа емес. Марат ағаның бала психологиясына терең бойлай білетін сұңғыла қаламгер екенін сол көркем туындыларынан аңғардық. Қызыға оқыдық, жазу деген дүниенің, әдебиет деген әлемнің сиқырына арбалдық.
«Жиһангез Титимен» бірге алыс сапарларға шыққымыз келді. «Айшылық алыс жолдағы» Ертай секілді еңбекке ертерек араласып, дала мен қаланың айырмашылығын саралап, Отанымыздың дами түсуіне септесуді армандадық. «Пысық болдым, мінеки» хикаятындағы Досан балақай тәрізді туған жеріміздің әр тасынан, әр тал шөбінен, топырағының әр түйірінен қасиет, шипа, мән іздеуді үйрендік. «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана» шығармасындағы үлкендердің әр әрекетіне тап-таза бала көзімен қарайтын, түсінбейтін, қиналатын кейіпкермен бірге талай толғандық, «неге бұлай» деген сұраққа сан рет жауап іздедік.
Ал «Бақбақ басы толған күн» ше? Ондағы Заманбек қандай қызық кейіпкер десеңізші! Өзі қиялға бай, ақынжанды бала. Ептеп өлең жазады. Онысы газетке басылады. Сол «Мектебім» деген өлеңін әкесі де оқиды. Сондағы бар айтқан сөзі – «Ой, ит-ай!». «Қайтейін, көкем – сондай адам. Тіпті басымнан да сипамады», – дейді Заманбек қамығып. Бастапқыда оның әкесі сондай бір қатал, сезімсіз адам секілді көрінеді, сол ыңғайда сипатталады. Бірақ шын мәнінде солай ма? Әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың қыр-сыры қалай? Оқырман шығарма барысында бұл сауалдарға нақты жауап ала алады...
Марат Қабанбай шығармаларының дені балалар өмірін, жасөспірімдер арасындағы қақтығыстарды суреттесе де, ондағы негізгі өзекті мәселе – адамның болмысы, жаны, ұстанымы. Үлкендердің әр ісін бала көзқарасымен бере отырып, жазушы әрқайсымызға өзімізге сырттай назар салуға, әр іс-әрекетімізге сын көзбен қарауға, өзіміз елей қоймағанымызбен, ол қарым-қатынасымыздың, ол ісіміздің бала санасына қалай әсер ететінін ескермесек болмайтынын жадымызға салып, ойландырып отырады.
Дүниеге бала көзімен қарай білетін қаламгер көп пе бізде? Қайдам. Ал біз оларды үнемі «балалар жазушысы» деп «баға» беріп, кейінгі лекке ысырамыз да жүреміз. Әрине, «балалар жазушысы» деген сипаттамада тұрған ештеңе жоқ. Балалар тақырыбында көркем шығарма жазу – оңай-оспақ шаруа емес, ол екі қаламгердің бірінің қолынан келе бермейді. Дегенмен «балалар жазушысы» деген сөз арқылы біз сол жазушыны үлкен топқа қоспай, бейсаналы түрде бөлектейтін секілдіміз. Кезінде Бердібек Соқпақбаевты да «балалар жазушысы» деп атап, нағыз сөз шеберлерінің қатарына қоспай, «екінші сорт» секілді кейінгі лекке ығыстырғысы келгендер болды. Рас-ау, ақыры «балалар жазушысы» деген болады екен, сонда қалғандары кімдер – «ересектер жазушысы» ма немесе «үлкендер жазушысы» ма?
Жазушы ма – жазушы. Ешкімді де «балалар жазушысы», «ересектер жазушысы» деп бөлуге болмайды.
Марат Қабанбай – жазушы. Шығармалары арқылы баланың да, ересектің де жанын баураған, жүрегін жаулаған жазушы.
«Ana tili-нің» айбынын асырған публицист
Қазақ журналистикасы кеңестік кезеңнің өзінде-ақ өз оқырманына қажетті, оның менталитетіне сәйкес рухани азықты тауып беріп отыруға талпынғанымен, өзі өмір сүрген қоғамның қилы-қилы қитұрқы мүдделеріне тікелей тәуелді болып келгені рас. Сондықтан болуы керек, «тәуелсіздік алдық!» деп бөрікті аспанға атқан 90-жылдардың басында сонша уақыт ақырын сөйлеп, абайлап айтып келген ұлт баспасөзінің тығыны атылды да кетті! Ел, жер тағдырына байланысты талай ащы ақиқат ашылды, ұлттың бойындағы ірілі-ұсақты кемшіліктер де кеңінен жазылды. Қоғамдық пікірдің қалыптасуына баспасөздің тигізер әсері бұрынғыдан да күшейіп, қалам ұстаған жұрт өзге бағыттардан гөрі публицистикаға көбірек ден қоя бастады. Әрине, жауынгер жанр саналатын бұл салаға бет бұрғандардың бәрінің бірдей айдарынан жел есе қойған жоқ, дегенмен, жалпы алғанда, сол жылдардан бері қарай қазақ баспасөзінде жоғары деңгейдегі публицистикалық үрдіс қалыптасты деуге болады.
Сол үрдістің үздік өкілдерінің бірі әрі сол лектің көшбасшысы жазушылығы мен журналистік шеберлігі итжығыс түсіп жататын жан-жақты қаламгер Марат Қабанбай еді. Рас, «ұлтым», «елім» деп екпіндетіп бәріміз де жаза аламыз, ал сол ұлтыңыздың, еліңіздің еңсесі неге төмен, оларды бұл күнге жеткізуге «септігі тиген» биліктің басты қателіктері мен кемшіліктері неде, оны қайткенде түзеуге болады, ол үшін қандай батыл әрекеттерге бас тігу ләзім, биліктің қай оң қадамын халық дұрыс түсінбей отыр, қалың бұқараның өзі неден қателесуде... –бәрін-бәрін ішек-қарнын ақтара жазып, талдап-түсіндіру адамнан терең білім мен біліктілікті қажет етеді. Марат Қабанбайда мұның бәрі де бар-тын. Оның елдегі кез келген мәселеге деген жеке азаматтық позициясы болды және ол позиция әрқашан қазақ ұлтының мүддесінен бастау алып жататын. Ұлттың мүддесіне қайшы келетін әрекеттердің барлығын ол баспасөз бетінде, баяғы тарих оқулығының тілімен айтқанда, «аяусыз әшкерелеп отырды».
Қазақ мәдениетінің тарихында жазушылығымен-ақ аты қалатын Мәкеңнің жетіскеннен журналист болмағаны анық. Ол публицистикаға шындап бет бұрған 90-жылдардың басында елде әлі де аумалы-төкпелі көңіл күй басым еді. «Қазақ мемлекеттілігін, ұлттық қауіпсіздігімізді қайтсек нығайта түсеміз» деп, шақшадай басы шарадай болған зиялылардың байсалды үнін ол шақта орысшыл шовинистік ұйымдар мен тұрғылықты ұлт мүддесін жиыстырып қойып, «тарысы піскеннің тауығы» болып жүрген популист саясаткерлердің шәңкілдек дауыстары басып кете беретін. Сол кезде бетімен кеткен бейдауаларға дәлел-дәйектермен «дәріленген» қарсы соққы беруші «ауыр артиллерияның» алдыңғы сапына Марат Қабанбай шықты. Оның «Ana tili» газетінде жарияланған «Ханнан да, қарадан да биік ана тіліміздің күні не болады?», «Біз – көкектің бір ұядағы балапандарымыз», «Үндемеген – үйдей пәле», «Қараңғыда қара мысық ұстатпайды» және басқа өткір мақалалары қазақ қоғамын дүр сілкіндірді.
Жауынгер жанрдың жүгін арқалаған жазушының өз ұлтын қаншалықты сүйетіні, өз еліне қаншалықты елжірейтіні оның «Қайнайды қаның, ашиды жаның», «Талант тас жарады... Бас жаруы да ықтимал», «Маймылдың бізге керексіз қоңыраулы құйрығы», «Бұл зиялы – қай зиялы?», «Шенеуніктер шеру тартып барады» сынды арада отыз жыл өткен соң оқысаң да, еріксіз «ойпырай!» дегізетін ащы ақиқатқа толы дүниелерінен анық байқалады.
Оның осы сипаттамаға лайық «Тайқазан, яки ошақтың үш бұты» атты мақаласын оқып көріңізші:
«...Біз өркениет тарихын, әлем ой ағынын, ең алдымен, дұрыс түсініп алуымыз керек. Көне қытай, үнді ғақлияларынан бастап, грек, рим көзқарастарын, содан бергі арабтың жауһарларының басын қоса отырып, еуропалық ой түйіндерімен таныспаса, аса қиын. Аталмыш ілімдерді ондаған ғасыр тарихы бар, бірақ өзге түгілі өзіміз жаңа-жаңа біліп жатқан көшпелілер мәдениетінің тайқазанына салып жіберіп, қайта суытып, қайта пісірмей, оны және қазақ көкейіне сіңірмей, бізге әлемтану бастиондарына көтерілу екі дүниеде жоқ. Тек дала мәдениетімен шектеліп қалсақ, шумер, қытай, үнді, мысыр, грек, рим, араб, еуропа, славян кемеңгерлерінің арасындағы екі езуі екі құлағында, санын шапаттап, мәз болып жүрген тентек баланың халіне түсетініміз хақ шындық. Мұны ұға және дұрыс қорытынды шығара білмесек, «әлемдік» дегенге кеп қалатын адамауи басқа көшпелілер мәдениетіндей тарпаң жылқы-тұлғаны есебін тауып, кіріктіре білсек, біз өте-мөте зәру, қуатты да қайырылуы сингармониялы мәдениет сонда барып шығады».
Сөйтіп, әуелде елтану, тілтану бағытындағы танымдық басылым болып ашылған «Ana tili» газетке Мәкең келгеннен бастап Қазақстандағы бүкіл қоғамдық-саяси оқиғаларды қазақ халқының мүддесі тұрғысынан саралап-сараптап отыратын таза ұлттық ақпарат құралына айналды.
«Қазақ, қайда барасың?» қайта басылуға тиіс
Ақпарат демекші, өзі шағын болғанымен, «шашты ағартар» шаруасы көп осы жанрды барынша қазақы қалыпта беру де «Ana tili-не» Марат Қабанбай келген соң қарқын алған-ды. Батысты да, Шығысты да көп оқыған Мәкеңнің, кейбір қаламгерлер секілді, сол оқыған-тоқығанының жетегінде кетіп қалмай, қазақы тілдің қайнарын да молынан сақтағанын оның шығармашылығымен таныс адамдар жақсы біледі. Сондықтан кез келген, тіпті таза экономикалық, энергетикалық тақырыптағы хабарлардың өзі ол кісінің қаламы тиген соң-ақ қазақы бөрік киіп, шапан жамылып, аяғына саптама етік іліп, жұтынып шыға келетін. «Журналистің сөз саптау, сөйлем құруының өзі сірескен стильден аулақ, барынша қарапайым (бірақ қарабайыр емес), оқырманның жанына жақын да ұғынықты болуы керек» дейтін ол. Бірақ оның бұл талабына бала кезден «қазақ-cовет газеттерінің» ресми реңктегі ақпараттарын оқып өскен біздің қатып, тікейіп қалған тіліміз оңайлықпен көне бермейтін. «Фактіні сөйлетсең – жетеді, ақпаратқа сенің эмоцияңның, жеке көзқарасыңның түкке де керегі жоқ!» дегенді де жиі айтатын еді. Әйтеуір, ол кісі әрбір сөзге, сөйлемге жауапкершілікпен қарап, біз әбден қалыптасқанша, түзеп-күзеуден жалыққан жоқ.
Мәшіңкеге бір басылған дүние ол жөндеген соң бірнеше рет қайта басылатын, кейде тек белгілі бір сөйлемдер мен сөздер ғана қайта бөлек теріліп, әлгінің үстіне жапсырылатын. ХХ ғасырдың 90-жылдарының орта шеніндегі «Ana tili» журналисі үшін қалам мен қағаз ғана емес, желім мен қайшының да күнделікті қажетті құралға айналғанына компьютермен ғана «сөйлесетін» бүгінгі күні сену де қиын шығар. Сөйтіп, артық сөзден, қасаң сөйлемдерден «арылып», жіптіктей болған материалға ғана қол қойып, бас редактор Бейсенбайұлы Жарылқап ағаға жіберетін. Бұл «қосымша жұмыстың» салдарынан газет нөмірі кешігіп жатыр ма – Мәкең оған тіпті де елең етпейтін. «Барлық материал бетке тап-тұйнақтай болып, таза түсуі керек» деген ұстанымнан ол ешқашан тайған емес-ті. Ал, басқа – басқа, тілшінің өз ойын, пікірін сұрау, оның пікірімен (егер көкейге қонымды болса) санасу Марат Қабанбай үшін еш ұмытылмайтын қағида еді.
Жазғаныңның жартысы жөнделіп, қырық құрау болған соң, әрине, кейде шыдамай кетіп, ызаға ерік бересің ғой. Сондайда: «Егер ертең біз баспасөз саласында өз орны бар журналист бола алсақ, ең әуелі осы екі «шалға» рақмет айтамыз», – деп жұбататын Раушан Төленқызы әпкем. Расында да, «Ana tili-нен» кейін де бірнеше жерде қызмет еттік, сонда «е, бұлар баяғыда Жарылқап пен Мараттың тепкісіне шыдап, сынынан өткендер ғой» деп, қандай қиын жұмысты да сеніп тапсыратын.
90-жылдары осы Жақаң мен Мәкеңнің еңбегінің арқасында «Ana tili» ақиқатты ғана жолдас еткен нағыз жалпыхалықтық – ұлттық газетке айналды. Сол жылдары көзі қарақты әр қазақтың бейсенбі сайын таңертең дүңгіршекке жүгіріп, «Ana tili-нен» «айырылып қалмауға» тырысқаны – көзіміз көрген шындық. Әсіресе оқырман қауым Марат Қабанбайдың өткір публицистикасын іздеп жүріп оқитын. Кейін сол таңдаулы мақалалары «Қазақ, қайда барасың?» деген атпен кітап болып шықты. Өкініштісі, өте аз таралыммен жарық көрді. Сол жинақты қайта басып шығарса, оқырман үшін зор олжа болар еді...
«Тақырып – үй нөмірі болса, айдар – көше»
Мен «Ana tili» газетіне жұмысқа тұрған 1995 жылы Марат Қабанбай аға әлі елуге де келмеген, не бары 47 жаста екен. Сонда да, жиырмадан жаңа асқан бізге өте үлкен кісі көрінетін. Өзі келбетті болғанымен, көзқарасы сұсты сезілетіндіктен бе – бір қараған кісіге оның өте қатал адам болып көрінері хақ. Ал оны жақынырақ білген кісі Марат ағадай аса мейірімді де мәдениетті жанның өте сирек екеніне көз жеткізер еді. Бірге қызмет еткен бірнеше жылдың ішінде бізге бірде-бір рет (!) дауыс көтеріп ұрыспауы (ал ұрсатындай жағдайдың онша аз бола қоймағанын жасырып қайтейік), оны-мұны өкпе-ренішінің бәрін де «жағдай былай ғой, жігіттер...» деп сыпайылап отырып қана жетеңе жеткізіп, дымыңды құртатыны, соңында «қатты айтып отырған жоқпын ба сендерге» деп шын ниетімен өзі қысылып отыратыны – сөзімнің дәлелі. Мұндай әңгімеден соң, ештеңе ұқпас әңгүдік біреу болмаса, кім-кімнің де дереу ширап, «қой, ендігәрі ағайдың алдында ұятқа қалмайық» деп бекініп шығары, белсеніп жұмыс істері анық-ты. Солай болды да...
Әрқайсымыздың жазу мәнерімізді, қарым-қабілетімізді айтпай аңғарып, «сенің мына тақырыпқа икемің бар, осы бағытта ізденсең болады» деп анда-санда бағдар нұсқап қойғанымен, Марат аға бізге көл-көсір ақыл айта берген жоқ. Өз ісімен, жазуымен үлгі көрсетті. Газеттің әр санында дерлік өткір де өзекті мақалалары жарық көріп жатты. Журналистердің жазғанын шұқшия оқып, ұсақ-түйек кемшілік кетіп қалмауын қадағалап, дұрыс сөз саптауға үйретті. Ешқашан ағалығын, қызметін бұлдап, жастарға шекеден қарап, бұйырып сөйлеген емес. Кез келген адаммен қашанда өзін тең ұстап сөйлесетін. Жұмыстан бөлек ұжымдық мерекелі жиын-басқосуларда әзіл-қалжың айтып, ақын-жазушылар арасындағы қызық оқиғалардан сыр шертіп, үнемі көңілді отыратын.
Марат ағаның уақытты үнемді пайдаланатыны үйренетін-ақ іс еді. Ол алдындағы бір құшақ газет-журналды жарты сағат ішінде-ақ түгел шолып шығып, ең қажет деген, «мынаны оқымаса болмайды» деген материалдарды таңдап, соларға зейін қоятын. Бізге де сөйтуге кеңес беретін. Содан кейін қазақтың бітпейтін той-томалақ, отырыспа-шақырыспа дастарқандарынан бойын аулағырақ ұстап, саяқ жүретін. «Одан да кітап оқып немесе жазуымды жазғаным дұрыс» деуші еді.
Жақаң мен Мәкең газет айдарларының да қазақы болуын қатты қадағалайтын. 1996 жылы мен Роза Рымбаева ұйымдастырған «Жылдың үздік әндері» деген концертті барып көріп, көңілім толмай, сынап мақала жаздым. Бұл – «Ana tili» газетінде қазақ эстрадасы туралы жазылған алғашқы жарияланым ба, немене, әйтеуір, өнер туралы айдар (рубрика) таба алмай қиналдық. Мұндайда Марат ағамыздың өзіндік ұстанымы болатын: «Айдар өз аясындағы мақаланың бағыт-бағдарын дәл көрсетіп тұруы керек. Егер мақала тақырыбын «үйдің нөмірі» деп түсінсек, айдар – сол үй тұрған «көше» болуға тиіс. Көшені білсең, үйді тура тауып барасың ғой. Егер көшесін білмесең, пәленінші үйді қайтіп табасың? Адасасың. Сол сияқты...» – деуші еді ол. Ал Жарылқап аға ондай сәтте: «Өзіміздің қара шалдан қарасаңдаршы, бәрі де содан шығады», – дейтін. Сөйтіп, ертесіне әлгі концерт туралы мақаланың маңдайына «Өлшеніп, өнер тартылса...» деген жаңа айдарды қонжитты. Сөйтіп, «Қалың елім, қазағым», «Қайнайды қаның, ашиды жаның» секілді Абай өлеңдерінен алынған айдарлардың қатары толыға түсті.
«Журналистика – менің көңілдесім ғана, ақырында бәрібір әдебиет-әйеліме қайтып ораламын» (өз сөзі) деген көзқараста болса да, Марат Қабанбай қазақ журналистикасына қыруар еңбек сіңіріп кетті. Оны қазір біреу бағалап, біреу бағаламауы мүмкін, бірақ болашақта қазақ баспасөзін зерттейтіндер ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы ұлттық журналистиканы саралағанда, қадам басқан сайын Марат Қабанбайға жүгініп отырары хақ. Қазір ұлттық баспасөзде «Марат мектебі» жеткілікті дәрежеде мойындалып, қалыптаспағанымен, өздерін Марат Қабанбайдың шәкірті санайтын журналистер тобы бар. Қазақтың бүгінгі талай танымал қаламгерлері «Шерханның шекпенінен шыққанбыз», «Сейдахмет баулыған буынбыз» деп мақтана алса, біз де «Марат мектебінің түлектеріміз» деп айта аламыз.
Соны мақтаныш тұтамыз да!
Сәкен СЫБАНБАЙ

743 рет
көрсетілді0
пікір