- Ақпарат
- 30 Қаңтар, 2025
«Ой кіргелі тимеді ерік өзіме...»

«Мен ішпеген у бар ма?!»
Ойшыл Абайдың «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей» дегенінен-ақ, оның тағдыр жолындағы бастан кешірген қисапсыз сұмдықтар, зымияндықпен ойластырылған жаныңды шыжғыратын қыл бұраулар, заманалардың көз жасы көрініс тапқан. Солардың сорақысы – Көкшетау шаһарында 1901 жылдың 19 қыркүйегінде жеті болыстың өкілдері бас қосқан Төтенше съезде ояз бастығы: «Сендерде, киргизде, дін жоқ, бұдан былай шариғат ұстанымдарымен іс атқаруға тыйым салынады», – деп шорт кесіпті.
Содан Науан хазірет пен Шаймерден Қосшығұлов қудаланады, медресесі тінтіледі.
Көкшетау уезінің бастығы, подполковник Троицкий 1903 жылдың 2 сәуірінде Ақмола облысы Әскери губернаторына жолдаған рапортында: «Молла Таласовтың мешітінде тінту жүргізілді. Тінту кезінде цензура рұқсат етпеген 164 кітап пен қолжазбалар табылды. Оның біразы мектептікі, өзгесі оқушылардікі екені анықталды, ал Таласовтың өзінен 108 кітап пен жазған хаттары, қырғыз тіліндегі гектограф, баспа әріптерінің қалыптары табылды».
Және де Троицкий Шаймерден Қосшығұловтың үстелінен гектограф пен сиясорғыш, Ботовскідегі С.Шормановқа, Зайсандағы Кенишовке, Семейдегі Құнанбаевқа пошта арқылы хаттар жолдағаны туралы қолхат қағаздар адрестерімен бірге табылғанын хабарлайды. Сонымен бірге Троицкий 1903 жылдың 3 сәуірінде Ш.Қосшығұлов оның бұйрығымен тұтқынға алынып, түрмеге қамалғанын да мәлімдеген.
Ақмола облысының әскери губернаторы дереу Дала губернаторына телеграф соғып, Көкшетау оязының бастығына мынадай нұсқау берген: «Тез арада Көкшетаудағы мешіт жанынан заңсыз ашылған интернатты жауып, ондағы оқушыларды таратып жіберу, молла Таласовтың үстінен жансыз бақылау жасау қажет» (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Қор 369. Тізбе 1. Іс 871. 83-бет).
Сондай-ақ Шығыстың ұлы шайырлары Фирдоуси, Саади, Низами, Науаи, Жәми шығармаларын да алып кеткен. Сөйтіп, Науан хазірет пен Шаймерден Қосшығұловтың жинап-терген ой қазынасын құйын соққандай әлем-тапырық етіп кеткен.
Не керек, іс насырға шауып, интернатты жабу, оқушыларды тарату, Науан хазірет пен Шаймерден Қосшығұловтың үстінен жансыз бақылау орнату, елдік істерін ауыздықтау мақсат етілді. Ұлт мүддесі аяқасты болды.
Шаймерден Қосшығұловтың Абайға жазған екі хаты да Петерборға дейін дүрліктірді. Шенеуніктер тісін қайрап, қаһарына мінді.
ХІХ ғасыр ішінде Абайдың қоғамдық, ұйымдастырушылық, мәдени-ағартушылық еңбегі өлшеусіз. Ол озат ойлы орыс, татар, қазақ зиялыларымен хат алысып, хат жазысқан, ой бөліскен, кеңескен. Семей әскери губернаторы Абайға жолданған хат-хабарларға қатаң сұрыптау жүргізген. «Үкіметке қарсы үндеулердің» кеңінен таралуына Абайдың қатысы бар деп ұйғарып, кінәлап, Семей әскери губернаторы 1903 жылдың 18 сәуірінде шұғыл түрде «тиянақты тінту жүргізілсін» деп бұйырады. Дереу 25 сәуір күні сағат 12:00-де Абайдың, Мағауияның, Тұрағұлдың үш киіз үйіне, ақынның жиған-терген кітаптарын, қолжазбаларын, хат-хабарларын түгелдей тәркілейді. Абай Шаймерден Қосшығұловтың хатын ұшты-күйлі жоғалтып жібереді. Олардың сұрағына отбасылық сипаттағы хат еді деп жауап қайырады.
Дәл осы сағатта Көкшетаудағы Науан хазіреттің медресесі мен Баянауылдағы Садуақас Шормановтың шаңырағын асты-үстіне шығара тінтіп, небір асыл жәдігерлерді үптеп кеткен.
Ілім-білім, ізгілік жолындағы ұлт қайраткерлеріне күш көрсетуі, зұлымдық жасауы – қазақ халқының өніп-өсуіне бағытталған қастандықтың тұп-тура өзі еді.
Абайдың бастан кешкен тағы бір орасан трагедиясы 1903 жылғы Ақмола облысы әскери губернаторының, Семей полицмейстерінің, Семей оязының, Семей облысы әскери губернаторының, Петербург генерал-губернаторының (1903 жылғы 21 майда берген №1003912 телеграммасында), Дала генерал-губернаторының құпия рапорттарында, хаттарында, қаулысында, телеграммасында, протоколында, яғни ұзын саны 30-дай құжатта нақтылы көрсетілген. Абайдың басына қара бұлт үйірілуінің басты себебі – Көкшетау қаласынан «Семей облысының құрметті қазағы есебінде Құнанбаевтан өкімет орындарының алдында қазақтардың мұсылман діні жиналысын құру туралы мәселе көтеруіне жәрдем етуін сұрапты» (Семей оязының 1903 жылғы 25 апрельде Ибрагим Құнанбаевтың үйінде жазған Қаулысынан).
Семей оязы Навроцкий Семей облысының әскери губернаторына жазған №48 құпия рапортында «...25 апрельде күндізгі сағат 12:00-де келіп, сол болыстың қырғызы Ибрагим Құнанбаевтың қыстауында да, сондай-ақ оның өзінің және балалары Мағауия мен Тұрағұл Ибрагимовтердің толып жатқан сандығынан, үй-жайларынан табылған барлық хат-қағазды тартып алдым» делінген.
Бұл ретте Семей оязының жасырын баяндамасында былайша жазылған: «В прежние время Кунанбаев пользовался громадным влиянием среди киргиз как Семипалатинского, так и соседних уездов, неоднократно был выбран от уездов «тюбе-бием», т.е. примирителем в спорах междууездных, что считается между киргизами высшим почетом и доверием к честности избранного судьи».
Генерал-губернатор Семей облысының әскери губернаторына Ш.Қосшығұловтың Шыңғыстау болысының тұрғыны Ибрагим Құнанбаевқа жазған екі хаты туралы тексеріс ұйымдастыруды тапсырды. Әскери губернатор генерал-майор Галкиннің тапсыруымен Семей уезінің бастығы Навроцский істің мән-жайын түбегейлі тексеріп, көз жеткізуге Абай ауылына келген. Архивте уезд бастығының мәліметінде ол былай деп көрсеткен: «Қыстау мен киіз үйді тексеру барысында Құнанбаевтың атына жазылған хаттар табылды. Екі куәгердің көзінше А.Құнанбаевтың барлық қолжазбасы ерекше папкаға салынып, Әскери губернаторға тапсырылды» (Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архиві, Қор 369. Тізбе 1. Іс 871. 42-бет). Ояз бастығы Құнанбаевтан Көкшетаудан хат-хабар алып тұрасыз ба деп сұрағанда, ол: «Осыдан екі күн бұрын Зеит Башировтің атына жазылған арнайы хат алдым» деп жауап берген. Хатта белгісіз адам Құнанбаевтан құрметті қазақ ретінде үкімет орындарынан қазақ мұсылмандары үшін жеке муфтият ашып беруге жәрдемдесуді сұрағанын айтқан. Одан хаттарды маған беруді талап еткенде, Құнанбаев ол хаттарды 2 күн бұрын өз баласы Тұрағұлға бергенін айтқан. Ал ол хаттарды Шыңғыс болысы Рызықпай Құдайбердиевке бергенін, тінту кезінде болыстың бешпентінің қалтасынан табылғанын, бұл хаттардың Құнанбаевтың басқадай хат құжаттарына қосып тігілгенін хабарлайды.
Хаттың бастапқы сөйлемін оқиық: «Ассалаумағаләйкүм! Биік мәртебелі, аса құрметті, жұрт ардақтайтын Ибраһим мырза!»
Бұл лебіз – Ұлы Даланың рухани құбыланамасы хакім Абай екенін айқын танытады.
Әрі қарай Абайдың қоғамдық қызметі, интеллектуалдық әлеуеті, әулеті, дәулеті жайында мағлұматтар бар. Семей губернаторының 1903 жылғы 30 қыркүйекте Дала губернаторына жазған хатында былай делінген: «Сіздің, жоғары мәртебелім, осы жылғы 1 қыркүйектегі №12 ұсынысыңызға байланысты баяндайтыным: Шыңғыс болысының қырғызы Ибрагим Құнанбаев 60 жаста салыстырмалы түрде мол дәулетке ие – 1000-ға жуық жылқысы, 2 мың қойы бар.
Құнанбаев – өте сауатты, білімді адам, ол екі рет үш жылдан би, үш рет үш жылдан Шыңғыс болысының билеушісі болды. Содан соң үкіметтің тағайындауымен 3 жыл Мұқыр болысының басшысы қызметін атқарды.
Құнанбаев өзін ақылды басшы ретінде көрсетті. Құнанбаев балаларының орысша сауаты бар. Оның орыс әдебиетінен хабары мол, үнемі кітап, газет, журналдар жаздырып алып оқиды. Кезінде бұратана халықтың арасында зор беделге ие болған көрінеді. Қазіргі кезде қартаюына байланысты партияаралық тартыстарға араласпайды, бірақ кеңес сұрап келетіндер әлі де көп... Құнанбаев саяси тұрғыдан ешқандай қауіпті емес, оған толық сенуге болады» (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық архиві, Қор 369. Тізбе 1. Іс 871. 114-бет).
Халық ағасы Абай өміріндегі трагедияның зоры 1898 жылдың маусымының 17 күні болған еді. Осы бір оқиға турасында патшалық Сенатқа орыс тілінде жазған шағым хатында барша шындығымен, дәйекті дәлелдерімен толық баяндалған, заңнамалық, логикалық, гуманистік тұрғыдан тұжырымдалған. Абайдың ақиқатшылдығы, терең, түсінікті пайымды әділеттігі, Ресейдің қылмысты істер жайындағы сот ісін жүргізу қағидаттарын ой-парасатымен таразылауы айқын танылады. Оқиғаның мән-жайын түсіну үшін, алдымен, Абайдың өзін сөйлетейік: «1898 жылғы 17–18 июньде, Семей уезі бастығының қатысуымен Мұқыр болысы лауазымды адамдарының 1899 жылдан 1902 жылға дейінгі үш жылдық мерзімге сайлауы жүргізілді. Дәл осы мезгілде Мұқыр және Шыңғыс болыстарының арасындағы шекараны реттеп, белгілеу де көзделген болатын. Шекараны көрсету үшін Шыңғыс болысынан өкілдікке Ысқақов, Салтыбаев және Байысов жіберілді. 17 июньде уезд бастығы мені шақыртып алып, алдымен, бұрынғы шекараны көрсетуді талап етті. Өйткені ол Шыңғыс болысынан өкілдікке тағайындалған кісілеріне сеніңкіремеді де, менің екі-үш ақсақалмен бірлесіп, болыстардың ара жігін ажыратуға қатысуымды қалады.
18 июньде мен уезд бастығына келіп, Шыңғыс болысынан тиісті кісілер жиналғанын хабарладым. Уезд бастығы, мұқырлықтар әлі түгел келіп болмағандықтан, күте тұруға әмір етті. Мен уезд бастығы тоқтаған киіз үйден шығып, Мұқыр болысының адамдары келуін күтіп, тақау маңда отырдым. Осы тұста айта кету керек, Мұқыр болысында айдаудан қашқан неше түрлі қаңғыбастар жасырынып жүретін де, болыс оларды өз қол астында жасырып ұстайтын. Бұл жайды білетін уезд бастығы менен сондай қашқындарды ұстауға мүмкін-қадарымша қолғабыс жасауды сұраған. Мұны мұқырлықтар да білетін. Уезд бастығының киіз үйінің маңында күтіп отырғаныма бірер сағат өткен кезде Мұқыр болысының кектене жауыққан бір топ қазағы өршеленіп келіп, маған тап берді. Оларды бастап келген болыстың өзі Мұсажан Әкімғожин және Бейсенбі Жақыпов, Әбен Бітімбаев, Әзімжан Исабаев, Рақым Өмірзақов дегендер еді. Әлгі тобыр маған жабыла бас салғанда, Жақыпов белбеуімдегі бәкімді, Әбен Бітімбаев басымдағы бөркімді жұлып әкетті, ал Рақым Өмірзақов алтын баулы сағатымды тартып алды. Содан соң олар мені жерге жығып салып, қамшымен сабай бастады. Сол кезде Уәйіс Сопин дейтін қазақ өзінің денесімен менің үстімді жауып, әрі қарай сабауларына жол бермеді, соның арқасында ғана мен әрмен қарайғы соққыдан аман қалдым. Менің айқайлаған даусымды естіп, уезд бастығы киіз үйден жүгіріп шықты да, күзетші жасағының көмегімен жаңағы жапырлаған тобырды қуып жіберді. Содан кейін мен мұқырлықтар тарапынан бұдан да бетер аяусыз зомбылыққа ұшырап жүрмейін деп сескеніп, қасымда серіктерім бар, өз болысыма қайтып кеттім.
Жоғарыда аталған заттарды талаумен бірге, қазақтар менің мініп келген атымды алып кетті, оған қоса дастарқан, кілем сияқты 50 сомға татырлық үй ішілік заттарымды әкетті. Жалпы, тоналған мүлкімнің бәрін қосқанда құны 241 сом мөлшерінде болды».
Абай облыстық басқарма ұйғарымындағы қитұрқы әрекеттерді теріске шығарады. Логикалық әрі силлогизм тұрғысынан істің шынайылығы мен ақиқаттығы «фактілерге негізделген уәж-нанымына сүйеніп жасалуы», «кез келген үкімнің немесе жазықты-жазықсыздықты анықтаудың негізінде барлық фактінің жиынтығы жатуға тиіс» деп, Россияның Қылмысты істер Уставының 119-статьясын және 1892 жылы жарияланған Заңдар жинағының ХVІ томындағы 335-статьядағы талаптарға жүгінеді.
Шындығында, Абай Ресейдің заңнамалық жүйесін толық меңгерген. Абай Семей облыстық басқарманың шылғи өтірікті сапырғанын былайша мәлімдейді. «Оның үстіне, – деп пайымдайды Облыстық басқарма, – «Әкімғожиннің және куәгерлер Көмекбаевтың, Әбдиннің, Тайшекиннің, Доскелдиннің, сонымен бірге тілмаш Оспановтың және төбелес болған жерге барған сақшылардың жауаптарында болыс Әкімғожиннің төбелеске еш қатыспағаны толық айғақталады. Егер бұған, Оразбай Аққұлов пен басқа да куәгерлердің жауаптарынан көрінетіндей, сол уақытта Мұқыр болысында партияшыл жауластық етек алғанын, әрі бұрын Мұқыр болысына қараған және болыстың болыснайы болған Ибрагим Құнанбаевтың жау партияға жататынын, Құнанбаевтың өшпенділігінің ересен зорлығы сонша – облыстың бастығы Мұқыр болысының болыснайлығына басқа болыстың қазағын тағайындауды қажет деп тапқанын қоссақ, онда Құнанбаевтың болыс Әкімғожинді өзін тонауға қатысты деп расында да жалған уәж жасауы ықтимал болып шығады».
Абайдың көрсетуінше, Семей Облыстық басқарманың тергеу ісі жөніндегі қаулысында төбелес болмағандай сыңайда. Олардың ойынша, төбелес алауыз топтардың арасында туындайтындықтан, екі жақтан да соққыға жығылғандар, жараланғандар болады дейді де, Абайдың өзін күстаналайды. Осындай оғаш, тосын түйінге Абай таңданысын былайша жазады: «Ал мынау істе, бір ғажабы, менен басқа таяқ жеген ешкім жоқ – тек мен ғана; демек, бүкіл тобырмен тек бір өзім ғана төбелескен болып шыққанмын. Бұл тіпті мүмкін емес жағдай, өйткені бір өзім бүкіл тобырмен төбелеске шығу үшін менің бойымда Самсонның күшіндей күш, қолымда есектің бас сүйегінің қаңқасындай салмақ болуы керек қой».
Тағы да Абай: «Ал Облыстық басқарманың төбелесті қандай жағдайдан көріп отырғанына түсінбей-ақ қойдым». Бүлікті ұйымдастырған басбұзар айыпкерлер де, куәгерлер де бар кінәны Абайға аударып, Абай жанжал шығарды, Бұлқайыровты сабады дейді. Сөйтіп, пәлеқорлар шым-шытырық қым-қиғаш қаңқу сөздер қаулатады.
Абай Қылмысты істер жөніндегі сот ісін жүргізу заңдарын толық зерделеп түсінгендіктен, губернатордың қателігін әділ көрсеткен. Губернатор соттағы қылмысты істерге араласып, істі сотқа түспей-ақ бекітіпті. Және де Абай прокурордың қателігін де көрсеткен. Абайдың келтірген нақты деректері бойынша, Мұсажан Әкімғожин – «басты арандатушы, жанжалды ұйымдастырушы және жүргізуші негізгі адам».
Қылмысты әрекеттердің бар-жоғын қалай тергеуді, дәлелдер мен айғақтардың мәнісін жетік білетін әрі заңнамалық құжаттардағы саяси-құқықтық қағидаттарды толық түсінетін, безбендейтін Абай: «...мен үкімет билігіндегі Сенаттан болыс Мұсажан Әкімғожиннің, Әбен Бітімбаевтың, Бейсенбай Жақыповтың, Рақым Өмірзақовтың маған шабуыл жасағаны және мені тонағаны жөніндегі бұрынғы Семей облыстық соты Семей округтік архивіне тапсырған істі қарауды және бұрынғы Семей облыстық сотының осы істі қарай келіп, оны қысқарту туралы 1899 жылғы 12 майда шығарған анықтамасын бұзуды сұраймын, өйткені оның өзі істі шешудің 1892 жылғы басылған ХVІ томның 11-бөліміндегі 335, 337, 369 және 370-статьяларында баяндалған Қылмысты сот ісін жүргізу туралы заңдармен белгіленген тәртібін бұзудың нәтижесінде қысқартылған. Бірақ сот ісін жүргізудің бұл тәртібінің 1899 жылғы 14 майдағы сот реформасын енгізген кезде жойылғанына және қазіргі кезде бұл салаларда император ІІІ Александрдың сот уставын енгізгеніне байланысты сот ісін жүргізудің бұрынғы» тәртібін қолдану мүмкін емес. Қылмысты сот ісін жүргізу уставының 510-528-3 сәйкес бұрынғы Семей облыстық сотының үкімін бұзу туралы істі Семей округтік сотының Прокурорына жөнелту керек.
Осы шағым арыз 1865 жылғы 10 мартта және 1865 жылғы 19 сентябрьде (№9 414 және № 88) Жоғары мәртебелі бекіткен сот уставтары толық көлемде енгізілген, бұрынғы белгіленген сот ісін жүргізудің тәртібі туралы ережелерге сәйкес, Семей округтік соты арқылы Үкімет билігіндегі Сенатқа тапсырылуға тиіс.
Шыңғыс болысының қазағы Ибрагим Құнанбаев» Абайдың оқымысты достары
Бұл ретте Петербург университетінде оқыған ойшыл Н.Г. Чернышевскиймен дос болған Евгений Петрович Михаэлисті (1841–1913) айтуға болады. Педагог, этнолог, өлкетанушы, Семей учительская семинариясының ұстазы Б.Г. Герасимов (1872–1937) екеуінің достығы жөнінде жақсы лебіз қалдырған. Және де Абайдың «Дүниеге көзімді ашуға үлкен себепкер болған кісі – Михаэлис» дегені бар.
Задында, Абайдың досы ақыл, ой, сезім дүниесіне нұрын төккен көрнекті қоғам қайраткері, демократ Е.П. Михаэлис Санкт-Петербург университетінің физика-математика факультетінде оқып жүргенде-ақ, 1861 жылдың күзінде Патша өкіметі әкімшілігінің студенттер құқығын шектейтін заңнамалық құжаттар қабылдауына байланысты Е.П. Михаэлис бастаған студенттер шеруге шығады. От жүректі, еркін ойлы жас қайраткер, алдымен, Олонец губерниясына, 1863 жылы Тобыл губерниясындағы Тара елді мекеніне жер аударылады. Сөйтіп, полицияның ерекше бақылауында ғұмырын өткізеді. Тағдыр талқысына түссе де, жаратылыстану дүниесіне жаны құмартқан жалын жүректі жас Батыс Сібір моллюскелерінің каталогін жасайды, жәндіктерді құлшына зерттейді.
Е.Михаэлис Семей облысы әскери губернаторының 1870 жылғы 21 сәуірдегі №24 бұйрығы бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунік міндетіне бекітілген, 1872 жылғы 20 қаңтардағы №80 бұйрығына сай облыс генерал-губернаторының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға шенеунігі қызметіне тағайындалған.
1875–1878 және 1882 жылдарда «Семипалатинские областные ведомости» газетінің редакторы. Газеттің безендірілуі мен материалдарының берілуі жағынан алғанда, өте жоғары деңгейде болғанын және қазақ қауымының дүниеге көзқарасын, сана-сезімін, рухани болмысын қалыптастырғанын, шығыстық әрі батыстық мәдениеттерді шебер үйлестірген. Ұйымдастырушылық, мәмілегерлік, ойшылдық, конструкторлық, журналистік, зерттемпаздық қабілет-қасиеттері мол Е.Михаэлис Абайдың арқасында Шығыс мәдениетінен сусындаған. Дала мәдениетінен үйренген, қыр балаларының алғырлығына қызыққан.
Орталық билік, жергілікті әскери губернатордың аппараты газет шығару ісін, кітап бастыру, баспахана жұмысын қаншалықты уысында ұстаса да, жаңашыл Е.Михаэлис газеттің фирмасындағы екі басты самұрықты батыл түрде түйе бейнесіне ауыстырады, қазақ халқының әдет-ғұрпына, мұрат-мүддесіне лайықты идеялық-эстетикалық мәні жоғары дүниелерді ұсынады, байырғы жер-су атауын өзгеріссіз қолданады, кітапхана қорын ұйымдастыруға ұйытқы болады. «Ведомости» бес бірдей уезде, Қоянды жәрмеңкесінде таратылады, ақпараттық хабарлар, өзекті мәліметтер іріктеліп-сұрыпталып беріледі. Басылым бетінде ауыл шаруашылығын жаңа талаптарға сай өркендету, егінжай зиянкестерімен күрес жүргізудің жолдары, егіншілік мәдениетін жетілдіру, денсаулық сақтау, топырақ құнарлығын арттыру, ағаш өсіру, өзен-көлдер тағдырына көңіл бөлу, құрылыс салу, отын дайындау, елді жарықтандыру, сәулелендіру, көрме ұйымдастыру, азық-түлік тауарларының нарқы, үй шаруашылығы, киім кию мәдениеті, арқар ату, құс аулау, косметика т.с.с. тақырыптар төңірегінде келелі кеңестер қозғайды.
Е.Михаэлистің «Баянауылдағы әулие үңгірі», «Қалқаман жайында бірер сөз», «Бремен ғылыми экспедициясының Семей облысында болуы», «Тоғай өсіру жөніндегі бірер сөз», «Құмырсқа құрттың жауы ретінде», «Қытайдағы тиындар, салмақ және өлшем туралы мәліметтер», «Киім-кешек туралы гигиеналық заметкалар», «Косметика гигиенасы туралы мәселелер» тәрізді танымдық-тағылымдық мәні келісті көркем очерктері бар. «Қарқаралы маңы», «Шайтанкөл» суреттемелері қызықты.
Абай мен Михаэлис Семей облыстық статистикалық комитетте тізе қосып, қызмет еткен.
Е.Михаэлистің геология, география, конхиология саласындағы ізденістері мен «Алтайдағы мұз дәуірі мәселелері жөнінде», «Өскемен маңайына 1885 жылы жасалған географиялық саяхаттар» секілді ғылыми-танымдық жазбаларын айтуға болады. Бірнеше тілде мүлтіксіз жетік сөйлеген Е.Михаэлистің айырпланның моделін жасағанын, көмір, сланец кеніштерін ашқанын, қазақтың дәстүрлі ел билеу өнерін зерттегенін, баспасөздің жанрлық түрлерін жетілдіргені тағы бар.
Е.П. Михаэлистің қызы өз естелігінде Абай мен әкесінің достығы турасында былайша тебіреніп толғанады:
Е.П. Михаэлис әңгімешіл, көпшіл болған. Кешке жақын мұраттас жиналып, әдебиет, өнер, ғылым, техника турасында кеңескен.
«Әкем қазақтың ұлы ақыны Абайдың жақсы досы әрі ұстазы болды.
Дүниеден өтерінен біраз жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 1893 жылы Абай Өскеменге келіп, үйімізде аунап-қунап қонақ болғаны бар. Достардың бірнеше күн құшағы жазылмады. Абай тегінде тамаша жан еді, мені аялап, ерекше еркелетті. Кейінірек, ес біліп есейгенде әкем маған Абай туралы, өзінің талантты досы туралы және алғаш рет Гоголь атындағы Семейдің қоғамдық кітапханасында жүздескені жайында, Абайдың өзін-өзі жетілдіру жолында қалайша ақыл-кеңес бергені хақында, әкеме, Абайдың жер аударылған жақтастарына Семей әскери губернаторының «царизмге қауіпті және зиянды, бұған қоса құпия полицейлік бақылау» орнатылған Абаймен байланыс жасауға тыйым салғанын айтушы еді...
Әкем айтатын-ды: Абайдың достары – жер аударылғандарды Абайдың үйіне тінту жүргізгеннен кейін Семейден алыс түкпірдегі уездерге қаңғыртып жіберді.
Әкемнің әңгімесінің арқауы – тағдырдың бұралаң жолдары болатын».
Содан соң ұлты поляк Петербург университетінің заң факультетін 1877 жылы құқық кандидаты дәрежесінде аяқтаған, 1883 жылы Семейге жер аударылған Северин Гросс (1852–1896) 1884 жылы Абай ауылында болып, ақыннан қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-санасы турасында мағлұматтар алған. Әрхам Кәкітайұлының дерегіне сүйеніп айтсақ, ол былайша айтады: «Абай ағам Гроссты өзі ертіп жүріп, қазақ халқының, оның ішінде Тобықты елінің салтын, әдетін көрсетіп, ұқтырып жаздырды, одан кейін Тобықтыға көрші Керей ішінде Қожакелді, Малдыбай, Матақ дейтін елді аралатып кел деп Гроссқа Мағауия екеумізді қосып берді. Оның себебі – Керей елінің салты біздің Тобықты елінен өзгешерек екен».
Ілімді-білімді және орыстың атақтылары А.Ф. Конимен дос Северин Гросстың кітапханасы бай болған. Абайды Гроссқа таныстырған Е.П. Михаэлис екен.
Сондай-ақ 1885 жылдың жазында Долгополов Абай ауылына келеді. Абай Мағауия мен Әрхамды ертіп, Долгополовты «Шыңғыс хан заманындағы әрбір руға белгіге берілген таңбалар салынған, айтаңба, шөміш, тұяқ, кілт» сияқты таңбалары мен «бес жүз қойдың орнындай» әрі терең көлі «кереует сияқты тастың үстінде адам бейнелес қара тасы бар «Қоңыр әулие» үңгірін көрсетіп, қыруар деректі мөлдірете баяндап жеткізеді.
Абай Бақанас өзені бойындағы үңгірлерді таныстырады. Өлке тарихы, халықтың әдет-ғұрыптары, ұлттық қолөнері, ата-бабалардың дүниетанымы – олардың ортақ әңгімесі. Иә, ғылыми, танымдық, тарихи мәні қандай десеңізші!
Америка журналисі Джордж Кеннан «Сибирь и ссылка» дейтін кітабында (Лондон, 1891) 1885–1886 жылдарда Семей, Өскемен қалаларында, Алтай, Қатонқарағай, Марқакөл, Шыңғыстау өңірлерінде болғанын және Абайдың білімі, адамгершілігі жайында мәліметтерін келтіреді.
Семейдің қоғамдық кітапханасында орыс тіліндегі газет-журналдармен қатар, мың томдай таңдамалы шығармалар жинақталған. Атап айтқанда, Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Тэйлор, Дарвин, Тэн, Леббок, Гексли, Р.Уоллес, Генри Мэн және Скоттың, Диккенстің, Эдгар Поның романдары мен повестері. Сондай-ақ саяси экономика бойынша ғылыми зерттеулер.
Дж.Кеннан Семей қоғамдық кітапханасының бастығы А.Леонтьевтің Абай турасындағы пікірін былайша жеткізеді:
– Керек десеңіз, бұл кітапханадан қазақтарға дейін пайдаланады. Мен Ибраһим Құнанбаев деген қарт оқымысты қазақты білемін. Ол кітапханаға тұрақты оқырман болумен тынбай, тіпті Милль, Бокль, Дрэпер сияқты авторлардың кітаптарын оқиды. Онымен кездескен алғашқы күннің өзінде-ақ ол өзінің білім, парасатымен таңғалдырды. Ол менен индукция мен дедукцияның арасындағы айырмашылықты айтып беруді сұрады. Содан бері мен оның ағылшын философтарының еңбегін түбегейлі оқып, үйреніп жүргеніне және мен атаған авторлардың барлығын түгел оқығанына толық көзім жетті. «Еуропадағылардың ой-өрісінің дамуы» атты Дрэпердің кітабы туралы мен одан 2 түн қатарынан емтихан алдым (Джордж Кеннан. Сибирь и ссылка. Спб., 1906. с. 62–63).
Абай Сұлутөрде
Ұлы Даланың ұлы жыршысы, шежірешісі, сал-серілер, ақын-жыраулар, би-шешендер, батырлар өмірі мен өнегесінің білгірі Кенен
Әзірбаевтың (1884–1976) деректеріне жүгінсек, Абай Алматыда Мерқасым мен Әбсеметтің шаңырағында болады. Бұл екі кісі де Құнанбай қажының жұрағат-жекжаттары. Әңгіме-дүкен құрып, сұқбаттасып-сырласып отырғанда ақыл-парасаты, көрік-келбеті, мінез-қылығы айрықша Ақмай (Абайға я жеңге, я келін, я қарындас) туралы әңгімеленіп, содан Мерқасым: «Жетісу елін жел диірмендей айналдырып тұрған, ата-бабаларынан төрт Дулаттың алдыңғы қатарлы бетке ұстар қорғаны Ноғайбай би екенін айтып, бұл Жетісудағы қала-далаға, қырғыз-қазаққа қадірі зор Ноғайбайдың Ақмайға көзі түсіп, көңілі сүйсініп, жарастықты ғұмыр кешіп жатыр. Құсы құтты, үй-іші базарлы болыпты...»
Мерқасым мен Әбсемет Ноғайбай би мен Сарбас ақынды Абай отырған үйге кіргізеді. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, бірінің дауысын бірі естіген екі елдің естілері құшақ жайып амандасады. Шүу дегенде сұңқардай сергек Ноғайбай Абайға бұрылып: «Иә, Абай мырза! Алатау, Алматыға келген соң бізге қонақсыз. Әсел бәйбішеден дәм татып, Ақмайды көріп қайтарсыз».
Абай үндемей қалғанда, Сарбас ақын сайрай жөнеледі:
«Арғы атаң Өскенбай мен Құнанбайды,
Тобықты «Ырғызбайлап» ұрандайды.
Қазақта бірінші боп Әжі барған,
Өз әкең есіне алып бір Құдайды.
Меккеге Тәңірге арнап үй салғызған,
Туғызған кемеңгер қып бұл Абайды».
Абай: «Алатау асқар бел екен, Үйсін атты ел екен. Етек-жеңі кең екен, Алма, жеміс көп екен. Сұлутөр құтты жер екен. Елден елдің кемі жоқ, Қасқараудың көңілі, Тобықтыдай кең екен. Ерден ердің кемі жоқ, Ноғайбай да ер екен. Бақытты бопсыз, Ақмайым, Келген жерің құт екен. Артық деп те кетер ем, Ел намысы дер екен. Қош, сау болғын, ер Ноқа, Кіре берсін берекең», – деп тақпақтай сөйлеп кетіпті.
Сонда Ноғайбай: «Рақмет Абайжан, ел бағына туған ер екенсің, ақылың дария көл екенсің. Көпке бірдей күн болып туған ұл екенсің. Бір ауылға ғана болысатын кісі көрінбейсің, бүкіл ел қамын ойлайтын қамқор дана көрінесің. Орысша да, мұсылманша да білімің зор екен. Менде Жетісудағы елге атым бар, азды-көпті хатым бар. Бірақ оқымаған адаммын. Патшамен орыс тілінде еркін сөйлесе алмайтыным арман болды. Абайжан, сөге жамандама, әкең Құнанбайға, еліңе сәлем айт», – деді. Ұлы даланың гауһары Абай мен жетісулық Ноғайбай бидің Қордай жерінде кездесуінің куәгерлері, Кенен атаның ұстаздары Сарбас Майкөтұлы, Еркебай Базарұлы, Сәміл Түлкібайұлы, Тәкен Байғұттыұлы, Сәрсебай Билібайұлы, Шөжеке Оспанұлы.
Абайдың 1894 жылы жазылған «Әбдірахман науқастанып жатқанда» дейтін өлеңінде:
Әбсемет жиенің,
Ол – сенің біреуің! – дегені бар.
Шежіре деректері бойынша, аға сұлтан Құнанбайдың інісі Жақыптың қызы Жетісу елінің батыры Әлімбекке ұзатылған, Әлімбектен – Әбсемет, Әбсеметтен Нұржамал туған. Нұржамал – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің анасы (Қайыржан қажы Макин. Абай жаққан алау. Алматы, «Тамыр», 2020. 80-бет).
Сондықтан Абайдың Әбсемет жиеніне қонақтап баруының түпкі бір себебі осы болса керек.
Абай Омбы қаласында
Академик Әлкей Марғұланның көрсетуінше, 1868 жылы түсірілген Абайдың фотосының тарихы туралы былайша әңгімелейді: Россия Императоры ІІ Александрдың баласы князь Владимир бастап қасында академик Мейндорф және граф, контр-адмирал, генерал, дәрігер, хатшы, сақшылар, оққағарлар, аспазшылар, аңшылар бар тастүйін топ Батыс Сібір аймағын толық көріп-білу мақсатында Омбыға келеді. Бұл салтанаттың жоғары дәрежеде өтуіне Батыс Сібір губернаторының құпия кеңесшісі Тұрлыбек Көшенов (1788–1877), Ақмола, Көкшетау, Атбасар, Қарқаралы дуандарының азуын айға білеген сұлтандары Ыбырай Жайықбаев, Мұса Зілқараұлы, Шалғымбай Бралин, Жантөре Жанайұлы ат салысады. Және бұл тойдың ішінде Шыңғыс Уәлиханов, Жүсіп Алшынбаев, Мұсатай Тәттімбетов те болған. Патшазаданың құрметіне елу төрт киіз үй тігіліп, үш мың адам жиналып, үш мың жылқы сойылып, сегіз мың қой сойылып, салтанатты той өтеді. Князьдің тойында журналист Владимир Войнов және білгір, тәжірибелі фотографтар Кесслер мен Буланже болған. Академик Әлкей Марғұланның көрсетуінше, сахара елінің түкпір-түкпірінен жиналған ақындардың, әншілердің, күйшілердің тобын Кесслер киіз үйдің сыртқы жақ іргесінде түсіргендерін «Певцы и музыкант» деп атаған. Бұлардың ішінде скрипкада ойнаған Жаяу Мұса бар. Сондай-ақ «Қазақтың болыс-билері», «Көкшетау аймағының сұлтандары, билері», «Ақмола қазақтарының өкілдері» түсірілген. Ал Кесслердің «Депутация Киргиз Семипалатинской области» дейтін топтың ішінде Абайдың суреті бар. Жас ойшылдың келбетін соншалықты жан-тәнімен тебірене қабылдаған көркемдік көзқарасы кемел Әлкей Марғұлан: «Оның байсалды маңғаз түрінен білімнің, ойдың, сезімнің, сұлулықтың аңқыған күшті лебі көрінеді». Немесе: «...Абайдың жаратылыс тұлғасында еш мін жоқ, мүлтіксіз мөлдір ғажайып бір құйып жасаған сұлу мүсін тәрізді». Оқымысты Абайдың ойшылдық, ақындық рухы жарқын көрініс тапқан терең, тұңғиық көзқарасы мен келешекті де болжағыш қасиетін, «сұлулықтың көркемдік бейнесі» ретінде пайымдай отырып, «ақылға ұйытқы болған саңлақ маңдайы (білімдар Әбдірахман Сағдидің «Абайдың суретте көрінген маңдайы – өлеңдерінде көрінген маңдайының өзі. Абайдың маңдайында ойшылдық пен толқындаушылық бірлеседі» деген үздік пікірі бар), ботаның көзіндей қабағы жаудыраған әдемі көздер, сызыла біткен қанатты қастары...» деп сипаттайды. Тіпті Абайдың ішігіндегі «тізбектеп қадаған жұмыр түймелеріне» дейін қызықтап, мұның халқымыздың киім кию мәдениетіндегі әшекейлеу екенін айтады (Әлкей Марғұлан. Шығармалары. т.14. Алматы, 2012. 228–231-беттер).
1944 жылғы қыркүйек айында халық ақыны Болман Қожабаев (1880–1972) ескілікті сөздерді жақсы білетін замандастарының арасында отырып бір әңгімесінде мынаны айтыпты:
– Әкем Қожабай Тоқсанбайдың баласы Абайдың замандасы екен. Өте пысық, қажырлы адам болатын. Өмір сүріп, атағы шыққан кезеңі ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдары еді. Ол кезде ақындар топтанып, айтысқа жиналады екен. Сондай зор айтыстың бірі 1873 жылы Омбыда болыпты. Бұған атақты отыз ақын атсалысыпты. Сол ақындардың арасында жас Абай да болады.
– Әкем айтушы еді, – дейді Болман, – біздің ортамызда жас Абай қияға құлаш ұрған қыран секілді еді. Әзілмен бір-бірімен ашусыз айқасып отырса да, Абайға батып ешқайсысы сөз қата алмады. Ол кезде Абайдың шешен сөзге, шеберлік жағынан Ұлы жүз бен Орта жүзге атағы әйгілі еді. Айтыс біткеннен кейін Абай жасы кіші бола тұрса да, әкеме біраз ақыл айтыпты. Сол ақылын әзіл сөзбен мына өлең түрінде айтқан көрінеді:
– Қожабай, бір сөз тыңда көңілдегі,
Емеспіз халық ханы, елдің бегі.
Білім ал, оқу оқып тілімді алсаң,
Дүниенің неге керек аз бен көбі.
Атамыз бірге туған Арғын, Найман,
Нәсілім Қарақожа, Қаптағайдан.
Қылып алған әдет қараңғылық,
Бір күні еске түсер елім қайран.
Көресің кемшілікті осыменен,
Шаттықтың ел жасайды қошыменен.
Бұрынғы ақын Бұдық бейбіт өткен,
Өлең-жыр орын алған күшіменен.
Қазына, таусылмайтын білім алтын,
Болады білім алсаң, жүзің жарқын.
Дүниеден сапар кешіп өткенімше,
Жазармын қысса ғып елдің қалпын.
Арқада, Орта жүзде жатқан Найман,
Білімсіз айтқан сөзден шықпас пайдаң,
Көп сәлем Арқадағы Орта жүзге
Айтарсың, ал, Қожеке, – деп Абайдан.
Әкем басқа өзіндей ақындарға жол бермей жүр еді, Абайға кенеттен қайырып еш нәрсе айта алмайды. Бірақ Абайдың сөзі әкемді біраз ойға қалдырады. Сол кезде менің әкем отыз екі жаста, Абай жиырма сегіз жаста екен.
Абайдың сол кездегі ел ортасындағы қадірі, үлкен білімі, мол ақылы әкемді жетектегендей болады. Әкем мәдениеттен кенже қалғанына біраз налып, Абайға сәлем хат жазып жібереді. Сондағы өлеңмен жазған хаты мынадай:
«Абай бір өрен жүйрік пырақ екен,
Сәуленің екі дүние шырағы екен.
Ертісте көшіп, жайлап, қоныс еткен
Көбісі Көкшетаудың тұрағы екен.
Адамның осы күнгі дүлдүлі екен,
Сайраған Алатауда бұлбұл екен.
Жолында шариғаттың терең оқу –
Белгілі айтар сөзге үлгілі екен.
Биіктің қыранындай қанат керген,
Артық қып адамзаттан білім берген.
Омбыда алпыс ақын бас қосқанда,
Сонда Абай біреуінен сүрінбеген.
Арқаның жүйрігі едім топтан озған,
Көз жетпес көлеміне құлаш созған.
Бетіне біз Абайдың келе алмадық,
Сібір мен бірі келді Орынбордан.
Ысқырған айдаһардай деміменен,
Дұшпанның тартқан ерін алыс жолдан.
Халыққа баяндайтын Абай жайын,
Өзімнің тірлігімде келсе қолдан.
Абайдың айтыс сөзі, ер мінезі,
Мінекей, Қожабайдың көрген көзі.
Үш жүзді баян етіп сөйлегенде,
Кетпейді көкейімнен әрбір сөзі.
Бұлбұлы адамзаттың жалғандағы,
Сөздері қолға қалам алғандағы.
«Абайға неге еріп кетпедім» деп,
Бір ғана пұшайманым армандағы.
Қожабай – мұны жазған менің атым,
Абайдай асыл затқа жазған хатым.
Дүниенің екі дәуірі қанып еді,
Жарыққа шығар бір күн өлмес атың», – деп Қожабай ақынның Абайдың келешегін кемел келісіммен сипаттаған өлеңін айтып беріпті.
Хакім Абайдың «Ішім өлген, сыртым сау» дейтін зарлы сөзінде ғасырлық заманауи сыр бар. Біріншіден, отаршылдық езгі қанды қармағына ілікті. Алайда ойшылдық, кемеңгерлік әлеуетін, рух қайсарлығын танытты. Екіншіден, өз дәуіріндегі білгірлердің ортасында өзінің тұлғалық, ұлылық, даналық қасиеттерімен сүйсіндіріп табындырды, руханият көсемі, стратег-лидер, мемлекет тілін жетілдірген қайраткер дәрежесіне шарықтап шығандады.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты,
филология ғылымының докторы,
профессор

524 рет
көрсетілді0
пікір