• Ақпарат
  • 30 Қаңтар, 2025

Берік Аташ, философия ғылымының докторы: Жасанды интеллектінің жағымсыз жағы да бар

Жаңа технология өнімдері өмірдің барлық саласына дендеп енді.  Цифрландыру және жасанды интеллект пайда  болғалы бері оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін тұтынатын болды. Тіпті қарапайым есеп шығарудан бастап диплом жазуға дейін ChatGPT нейрожелісіне тапсыру әдетке айналды. Бұл гуманитарлық ғылым өкілдерін алаңдатып отыр. «Жасанды интеллект өмірді жеңілдеткенімен, оның өзіндік қауіп-қатері бар, ол адамның жадын, есте сақтау қабілетін төмендетеді, креативті ойлауын шектейді» дейді ғалымдар. Философия ғылымының докторы Берік Аташпен сұқбатымыз  шынайы білім мен ChatGPT-ге арқа сүйеген жалған білімнің ара жігі,  жалпы,  білім берудегі цифрлық технологиялардың сипаты жөнінде өрбіді. 

– Қазіргі ақпараттық қоғамда цифр­ландыру және басқа үдерістер жедел жүріп жатыр. Бұл – жаһандану мен адамзат прогресінің негізгі көрінісінің бірі. Негізінде, әрбір құбылыстың жағымды (позитив) және жағымсыз (негатив) жағы болатыны түсінікті. Біз көп жағдайда бұл үдерістің тек пайдасы жөнінде айтып келеміз. Енді осы жаңа технологиялардың жағымсыз жақтары мен сын-қатері туралы әңгіме қозғасақ. 
– Жаһандану және ғылым мен техниканың нәтижесі іспетті компьютерлендіру үдерісінің тұрмысқа, экономика, ғылым, білім беру саларына кеңінен енгізілуі ХХ ғасыр соңында қарқын алды. Ал қазір ол цифрландырумен жалғасып отыр. Сол 1990 жылдары қоғамдық пікір мен қоғамдық теориялық санада жаһанданудың жағымды жағынан гөрі, жағымсыз жақтары туралы көп айтылды. Бұлар, жалпылама алғанда, ақпараттық қоғамның белгісі болғандықтан, кезінде философиялық, әлеуметтанулық, психологиялық тұрғыдан ақпараттық қоғамның жетістіктері ғана емес, сын-қатері туралы зерттеулер де аз болмады, ғылыми диссертациялар да қорғалды. Бірақ ғылым мен саясаттың, биліктің, қоғамдық өмірдің арасындағы алшақтыққа байланысты олардың көпшілігі оқшау, имманентті, тек «өзі үшін ғана», яғни қоғам үшін емес, ғылым үшін ғана қажет секілді көрінді және солай қалып қойды. Осы үдеріс бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. 
– Берік Мұратұлы, осы жасанды интеллект, виртуалды әлем, ақпараттық желілер философиялық тұрғыдан нені білдіреді, оның мазмұны туралы қысқаша түсіндіріп өтсеңіз. Оның ішінде, гипершындықтар мен симулякрларды қарапайым тілмен қалай жеткізер едіңіз? 
– Ғылымда «мәдениет» деген ұғымды «жасанды әлем», «екінші табиғат» деп атайтын, ал қазір үшінші бір әлем пайда болды – виртуалды әлем. Шындығында ол – «әрі бар, әрі жоқ» және «әрі жоқ, әрі бар» әлем, біз осы әлемде өмір сүріп отырмыз. Бодрийярдың симулякры тек виртуал әлемге ғана қатысты емес, кең ұғым, түпнұсқалардың көшірмелері немесе олардың «көшірмесінің көшірмесі», яғни нәрсенің өзі емес, оның таңбалары үстемдік етіп, түпнұсқадан әлдеқайда маңызды болып саналып кетеді. Мәселен, «Kaspi Gold» картасындағы ақшаңыз тікелей алғанда, заттық тұрғыдан қағаз түріндегі ақшаға емес, сол ақшаларды белгілейтін таңбалар ғана. Ол мүлде ақша да емес, оны белгілейтін таңбалар мен кодтар, дегенмен қазірде қағаз түріндегі ақшадан да маңызды рөл атқарып отыр, болашақта бұл беталыс тіпті күшейе түседі.
– Қазіргі гипершындық симуляция­ға негізделеді дейсіз ғой, ал таңбалар мен симулякрлар – гипершындықтың, яғни виртуал әлемнің бірліктері. 
– Иә, солай. Мұны Платон ертеде-ақ айтып кеткен. Қазір симулякр ұғымы – пост­модерн философиясының негізгі термині. 
– Күнделікті тұрмыс-тіршіліктен гөрі цифрландыру, жасанды интеллект ғылым мен білім беру саласында көп қолданылып жатыр. Әсіресе білім саласында орасан зор өзгерістерге куә болып отырмыз. Мысалы, мектеп оқушылары тесті жақсы тапсыруы мүмкін, бірақ сол тақырыпты сөзбен айтып жеткізе алмайды. Әлеуметтік желі күшейгелі бері «клиптік ойлау» деген шықты. Біз осы мәселеге қарай ойыссақ. 
– Бұрын эмоцияны, креативті ойлауды білдіре алмайды деп жүрген компьютерлік модельдеу мен жасанды интеллект қазір бұларды да игеріп алды. Digital Humanities (цифрлық гуманитаристика) үлкен жобаға айналды, ол аса ауқымды базалық деректермен (big data) жұмыс істейді. Оның өзіндік қатерлері де бар: адамның жадын, есте сақтау қабілетін құлдыратады, креативті ойлауын шектейді, білім алу үдерісін құр механикалық сипатқа айналдырады. Бұл тұста білім мазмұны емес, ақпаратты берудің әдіс-тәсілі мен оны жеткізу, мәтінді қысқарту, жаттандылық, құрғақ баяндау белең алуы басым. Осылайша, ғылыми білім алушы субъект ақпаратты жылдам, жедел, интенсивті түрде меңгергенімен, оның мазмұны ескерілмей қалатын жағдайға жеттік, осындай беталыс пайда болды. Оларды «ChatGPT білімдері» (жаттандыға негізделген шексіз ақпарат), «ТikTok білімдер» (қысқа, үстірт, сенсациялы т.б.) деп атасақ та болады. 
Бұл үдеріс өзімнің тәжірибемде күнделікті кездесетін құбылысқа айналды. Мәселен, бір студент маған философия пәнінен берілген тапсырма негізінде «Материя» тақырыбы бойынша жауап берді, анықтамасы мен түсіндірмелері, философия тарихында материя туралы толғанған философтардың пікірі туралы мүдірмей баяндады. Одан соң қазіргі заманғы материя туралы теориялар, В.Оствальдтің энергетизмі, А.Эйнштейн­нің салыстырмалық теориясы, толқынды-корпускулярлық дуализм, қазіргі заманғы кванттық физика мәселелерін материямен байланыстыра отырып толықтай түсіндіріп бергені соншалық – тіпті баяндап тұрған кезінде дәптер, ұялы телефон, кітап сияқты қосымша материал­дарды мүлде пайдаланған жоқ. Бірақ мен баяндауының соңында «материяға бір мысал келтіріңізші» деген ең қарапайым сұрағыма жауап бере алмай, қатты қиналды. Жаттанды анықтамасы мен түсіндірмелерін, философтардың ойын қайталай берді, мен қайтадан «Жоқ, өз ойыңыздан, нақты осы өмірден бір ғана мысал келтіріңіз» деп нақтыладым. Ол кенет терең ойға шомды, бірақ өзін тұтастай қоршап тұрған бүкіл материалдық әлемнен бір ғана элементті «таба алмады». Міне, осы білімді «ChatGPT білімі» деп қалай айтпайсың? Ол – студент, мәселен, басқа тапсырмаларға да, тіпті философиядағы өте күрделі сұрақтарға да нақ осылай мүдірмей жауап бере алады. Бірақ өзі айтып тұрған тақырыптың тым болмаса бір сөйлемінің мағынасын, тіпті бір терминді түсіндіріп бере алмайды, өйткені ол «бәрін біліп, түк білмейтін» автоматты машина іспеттес. Нақтырақ айтқанда, образды түрде бейнелесек, ол – студент, өзі сол машинаға айналған, «ChatGPT-дің» көшірмесі тәрізді, ондағы ақпаратты тасымалдаушы ғана. Ол білімнің мазмұнына емес, механикалық түрде формасына маңыз береді, өзінің санасын әлдеқандай бір компьютердің бағдарламасы сияқты жұмыс істеуге өзі жетелейді деген сөз. Бұл оқиға – сол студенттің жеке басына ғана қатысты құбылыс емес, сана мен ойлауға қатысты жалпыадамзаттық философиялық мәселе. Яғни қазіргі жастардың көбі білім алу үшін «ChatGPT» берген ақпаратты қолданады, оған белгілі бір деңгейде күш-қуатын жұмсайды, алайда ол шынайы емес, «жаттанды, жалған» білім болып шығады. Ол, әрине, жылдам ұмытылады. 
Философиядағы сана туралы зерттеу­лер, А.Тьюрингтің «қағаз машинасы», Дж.Серльдің «Қытай бөлмесі» эксперименті осы механикалық білім туралы мәселені қозғайды. Мәселен, қытай тілін түк білмейтін адам машиналық бағдарлама мен бұйрықтарды пайдаланып, қытайша қойылған барлық сұраққа оңай, нақты, дәл жауап бере алатынын көрсетеді. 
– Демек, философтар болашақта білім берудегі цифрлық технология­лар негізінде «ChatGPT-білімдер» үс­темдік етеді де, ол симулякрға айна­лып кетуі мүмкін деген болжам жасайды ғой. 
– Иә, «ChatGPT-адам», мәселен ол оқытушы, мұғалім немесе университетті жаңа ғана аяқтаған студент болуы мүмкін, осындай жаттанды білім арқылы мүлтіксіз сабақ бере алады. Ол «бәрін де біледі». Тіпті, нақты мысалдар келтіру, түсіндіру керек болған жағдайда тағы да «ChatGPT-данышпанның» көмегіне сүйеніп, барлық сұраққа оп-оңай жауап бере алады. Бірте-бірте білім алушылар да оған дағдыланады, демек, білім беруші «ChatGPT-адам» басқа да көптеген «ChatGPT-адамдардың» «армиясын» да­йындайды. Ал шынайы білімді адам ескерусіз қалады, өйткені «ChatGPT-­адам» нағыз шынайы білімді адамнан да «артығырақ біледі». Ол қоғамда шынайы білімді адамның орнын оңай алмастыра алатын болып шығады. 
Тіпті білім деңгейін виртуалды емес құралдармен тексеру, тест тапсыру т.б. технологиялар болған жағдайда да ол механикалық білімге сүйенгендіктен, барлық ақпаратты жаттап алуға ұмтылғандықтан, бұл сынақтан да мүлтіксіз өтуі мүмкін. Өкінішке қарай, қазіргі білім беру үдерісіндегі кейбір сала (жаппай болуы да мүмкін) осылайша дамуға бет алған сыңайлы. Цифрландыруды қолдаушылар оның осы тәріздес жағымсыз жақтарын елеусіздеу қалдырады. Өйткені цифр­ландыру саясаты мен идеологиясы, олардың тұжырымдамасы жасақталғанымен, оның жағымсыз жақтарының алдын алатын «шынайы білім» ұстанымының технологиясы жүйеленбеген, нақты ұсынылмаған (мүмкін, оны біздің елімізден, өзіміз бастауымыз керек шығар). Бұл жағымсыз құбылыс әлемдік деңгейдегі гибридтендіру, театрландыру, карнавалдандыру, үстірттендіру, субмәдениеттендіру сияқты постмодернистік мәдениет құрылымының білім беру саласындағы элементі, бір көрінісі ғой. Біз соған басыбүтін кіріп кетпеуіміз керек. 
– Сіз жоғарыда жаттанды білімге сүйенген оқушы немесе студент тес­тілерді де керемет тапсыратынын айттыңыз. Осы орайда мен де бір құбылыс­ты байқаған едім, мәселен, мемлекеттік тіл саналатын қазақ тілі мектептерде, бүкіл білім орындарында оқытылса да, оны меңгермеген адам көп. Өзге ұлт тіліндегі мектептерде он бір жыл бойы қазақ тілі пәні жүргізіледі, оқушылар тест тапсырған кезде өте жақсы баға алады, бірақ қазақша сөйлей алмайды. Бұл да, сіз айтқандай, жаттандыға негізделген «ChatGPT-білімнің» бір көрінісі ғой. Расымен де, бұл құбылыс білім беру саласын көптен бері жайлап алған тәрізді. Сонда кітаптағы білім де кәдеге жарамай отыр ма? 
– «Кітап оқу» деген идеология бұрын да болды, қазір де бар. Кезіндегі жалпы орта білім алу деген құндылықты «тестіден өту» ғана деп санайтын «Тест-ұрпақ» дәуірі 2000 жылдардан басталған. Бұлар кітап оқудың өзін, тіпті ғылыми кітап оқуды да құр жаттап алып, жадыда сақтау қажет, ал түпкі мазмұны маңызсыз деп түсінеді. Оның түпкі мазмұнына, астарына бойламайды. Ал біз, аға буын, «кітап оқуды» бұрынғы өз заманымыздағыдай оның мазмұнына тереңірек үңіліп, әр сөйлемді толық түсініп оқу деп білеміз. Дегенмен қазіргі кітап оқитын жастардың барлығын осындай «механикалық-робот оқырман» деп біржақты қарастыруға да болмайды, бірақ жалпы беталыс осындай екені рас. 
 – «ChatGPT-адамның» қатары көбейген сайын шынайы білімді адам ескерусіз қалады деген сөзіңіз көпшілікті ойландыратыны анық. Бұл үрдістің тағы қандай белгілері бар? Сіз оларды қалай ажыратар едіңіз? 
– Ол үшін болашақта «ChatGPT- білімділер» мен шынайы білімділердің аражігін ажырату қажет. «ChatGPT-білімділер» нағыз прагматистер, оларға шынайы білімнің қажеті де жоқ, білімнің мазмұны емес, оларды механикаландырып-жаттанды етіп қолдану маңызды: қандай жолмен болса да тестіден мүдірмей өту, жақсы бағаға ие болу өмірлік құндылыққа айналған. Сондықтан қазіргі студенттер арасында «білім алу үшін емес, балл жинау үшін» ғана оқитын, өзі білу, білімді меңгеру үшін емес, қандай тәсілмен болса да оқытушыға жауап беру үшін ғана «оқитын» топ көбейіп келеді. Бірақ олар бұл әрекетін адами факторлармен, қарым-қатынас құндылықтарын жүзеге асырумен бүркемелейді де, иллюзия туғызады. Әйтсе де біз бұл топтарды жазғырып, кінәлап отырған жоқпыз, ең басты мәселе осы жаттанды білім мен шынайы білімнің аражігін қақ жарып ажыратып алып түсінуімізде болып отыр. 
Прагматиктердің «ChatGPT-білім­ділерді» өзінше ақтап алуы да ғажап емес. Мәселен, ІТ-технологияны қолдану үшін ІТ маманы болу міндетті емес, көлікті жүргізу үшін оның техникалық құрылымын білу міндетті емес, ұялы телефонды қолдану үшін оның микрочипі, ақпараттардың коды, бағдарламалау технологиясы туралы білу міндетті емес. Ол арнайы мамандардың қызметі болып саналады. Яғни құрылғылардың ғылыми негіздегі құрылымын емес, оның тұрмыстағы қызметін меңгеру керек. Мынадай бір ерекше жағдай естеріңізде болар, 1985–1986 жылдары мектепте оқытылатын «Информатика» (ЭЕМ) пәнінде оны қолдануды емес, бағдарламалардың құрылымы оқытылды. Нәтижесінде ол түкке жарамсыз болып шықты. 
Осыған сәйкес, болашақта білім беру жүйесінде «білімнің толық мазмұнын білетін арнайы мамандар» және «тек сол білімді шебер қолданатындар» тобы қалыптасуы ықтимал. Мәселен, кейбір білім беруші ұстаздар, тіпті кейбір ғалымдар да «ChatGPT-білімділер» қатарын толықтырады, бірақ олар қоғамдық пікірде «бәрін біліп, түк білмейтіндер» деп саналмайды, олар ғылым мен білім берудің менеджері мен маркетологіне айналып үлгергендер. Яғни басты қызметінен айнымайды, мазмұнын білмесе де, білімді қалай жеткізудің кәсіби маманына айналады: олар интуитивті түрде білімнің мазмұнын білу мен оны жеткізуді ажыратып алып, екеуін мүлде екі бөлек мәселе ретінде түсінеді. Бұл да жалпыадамзаттық беталыста кездесетін үдеріс, өйткені мен осы типтес шетелдік мамандарды да кездестірдім. 
Әрине, «ChatGPT-білім» мүлтіксіз емес, мен оған әрқилы қитұрқы сұрақтар қойып, біраз зерттедім, тіпті білімсіздігіне сын да айттым. Ол шатасып, жалған жауап бергенімен, «әйтеуір, жауап беруім керек», «мен бәрін білуге тиіспін» деген бағытынан айныған жоқ. Білмейтін сұрақтарға (ақпараттық базасында жоқ) да жауап берген соң, сайып келгенде, мүлде қате жауап алынды. Дегенмен ол өзін-өзі шексіз және жедел жетілдіре алатын құрылғы болғандықтан, болашақта еш қателеспеуі ықтимал. Білмейтін нәрсесін тоқтамастан, мүдірместен айтып, «әйтеуір, жауап беру керек» стереотипін санасына орнатып алған студенттер де осы «ChatGPT» моделін бейсаналы түрде қолданады деген тұжырымға келдім. 
– Жер бетінде 8 миллиард адам болса, олардың саусақ таңбасының қайталанбайтыны секілді, ойлау деңгейі де қайталанбайды ғой. Жасанды интеллект адамның біртуарлығына қатер төндірмей ме, әлде керісінше, әр адамның ерекше жаратылыс екенін айшықтай түсе ме? «ChatGPT-білімділердің» барлығы бір-біріне ұқсас келетін шығар? 
– Иә, бұл ахуалды кезінде Франкфурт философия мектебінің өкілі Герберт Маркузе өзінің «бірөлшемді адам» тұжырымдамасында саралаған болатын. Болашақта әрбір адамдағы эмоция, интуиция, қайталанбас идеялар және басқа қасиеттер бір өлшемге көшіріліп қана қоймай, керісінше, ықпалда жүріп отырады, яғни адамның ойлаудағы жеке-­даралығы белгілі бір мөлшерде шектеледі. Себебі ЖИ-ге көп жүгінген жағдайда сол адам өзінің шығармашылығын өзі тежеп отырған болуы мүмкін (мен мұны да өз тәжірибем арқылы біраз сезіндім). Бұл – адам өзінің шығармашылық ойлау мүмкіндігін тек ChatGPT-мен ғана емес, барлық ЖИ құралы арқылы шектейді деген сөз. Өйткені оның креативті ойы жасанды интеллектіден аса алмай қалады. Себебі ChatGPT өзіне жүгінген басқа да адамның шығармашылық идеяларын өзіне әлдеқашан сіңіріп алған және осылайша сіңіріп ала береді. Оның ақпарат қабылдау ауқымы шексіз. Мысалы ChatGPT ақпарат беріп отырып, жауап таппай қиналған жағдайда: «Осы мәселе жөнінде сіз қалай ойлайсыз», «тағы қандай ойыңыз бар» деген контексте сізге сұрақ қояды. Бұл мәтін байқатпастан, сездірместен, «идея ұрлаушылардың жұмсақ өтініші» дегенді білдіреді және ол заңды түрде айыпталмайды. ЖИ-дегі стандарттар қатып-семіп қалған шаблондар емес, ол да жаңарып, өзгеріп отырады, бірақ тек қоғамдық санадағы креа­тивті ойлау аясында құбыла алады. Оның ең креативті деген ойы белгілі бір стандартқа, біртектілікке айналады, ал одан асып түсіп, басқа да жаңаша ой айту таза креативтілікті керек етеді. Осылай үздіксіз жалғаса береді. 
– Біз жасанды интеллект басқаратын симуляцияда өмір сүруіміз мүмкін бе, қалай ойлайсыз?
– Иә, қазіргі әлемде бәрі де симуляция­лы болып келеді. Бірақ сол басқарушы симуляцияларды да, негізінен, адам жасайды ғой, демек, бізді сол адамның ойының, идеясының шексіз комбинациясынан туындаған нәтиже мен қорытындылар, шешімдер басқарады. Ал ChatGPT-ге жалған, теріс пиғылды, экстремистік, нигилистік және басқа жағымсыз мағынадағы ақпаратты көбірек енгізсек, нәтижесі қандай болатыны да беймәлім. Мұның барлығына іргелі эксперименттік зерттеулер жүргізу керек. 
– «ChatGPT» философтардың орнын баса ала ма? Өмірдің мәні туралы ойлы жауаптар бере ала ма, сіз біраз сынап көрдім дедіңіз ғой. 
– Иә, философ болмысының басты ерекшелігі де сонда – шығармашылық, еркін, бейстандарт, креативті, сыни ойлау, жаңа идея тудыру ғой. Сіздің сұрағыңызға орай, менің фантастикалық шығарма тудыру идеямның қысқаша фабуласы былайша ұсынылған: «Болашақта, бір кездері Адамзат әлеміндегі олигархтар өздері «текті элита» ретінде топтаса келе, ұйымдасып, өздерінің шынайы жарқын, болашаққа бой сермеген «бақытты» әлемін, өмір сүретін ортасын құрып алады да, барлық басқа адамды қарапайым тұрмыстық деңгейдегі, төменгі «жерлік» әлемге жібереді. Екі әлем арасында байланыс үзіледі, олигархтар жерлік әлем жайында алаңдамайды, оларды менсінбейді. «Жерлік» әлемде соғыстар, ізгілік пен зұлымдықтың күресі жүреді, арасында науқасы да, жетімі де бар неше түрлі адам өзімен-өзі өмір сүріп жатады. Олигархтар өздерінің әлеміне ІТ маманы мен таңдау­лы деген жалғыз философты қосады. Өйткені олардың «жоғары әлемінде» «бәрі де бар», тек креативті идеялар ғана жетіспейді екен, философ сол қызметін сәтті атқарып жүреді. Тіпті басқа ғылымдарды да ЖИ арқылы дамыта береді. Осылайша, өздерінің бақытты жоғары әлемі қалыпты өмірін жалғас­тырады. Күндердің күнінде философтың креативті ойы туындайтын мидағы нүктесін биофизиологиялық жолмен өздеріне де көшіріп алуға болатыны туралы жаңалық ашылады. Сол сәтте жалғыз философтың өзі бұл әлемнен қуылады-мыс». 
Айтқым келгені, «ChatGPT» креативті ойлауға мүмкіндік алды дегеннің өзінде де, оның креативті ойлау бағдарламалары уақыт өте келе стандартты болып қала береді. Ал философ «креативті, бейстандартты ойлаудың» өзі уақыт өте келе бәрібір стандартты болып қалған кезде тағы да басқа креативті идеялар ұсынады. Ол да стандарттыға айналған сәтте, философ басқа креативті идеялар ұсынады. Осылай шексіз жалғаса беруі де ықтимал.  
Әйтсе де дәл қазір философтарға қызықтысы бұл емес, тұтастай алғанда, «Жасанды интеллектінің философиялық мәселелері» қызық. Бұл да техника философиясының бір тармағы ғой. 
– Бұл келесі әңгімеге арқау болатын тақырып екен. Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен
Дина ИМАМБАЙ

 

773 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы