• Ақпарат
  • 30 Қаңтар, 2025

ҚАНДАСТАР ҚАЗАҚСТАНҒА, ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАСТАРҒА МҰҚТАЖ

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры

– Дүкен аға, шетте тұратын отандастарын көшіріп алып жатқан санаулы елдің бірі – Қазақстан. Әңгімемізді осы көштің өзектілігінен, мәні мен маңызынан бастасақ. Осы уақытқа дейін тарихи Отанына қанша қазақ көшіп келді? Шетелден келген қазақтың өкілі ретінде көші-қон істеріне көңіліңіз тола ма?  
– Қазақ көшінің өзектілігіне, мәні мен маңызына көз жеткізу үшін, ең әуелі, мына жағдайды еске сала кетсем деймін, өткен ғасырдың 80- жылдарының соңына келгенде азуын айға білеген еуразиялық алып империя – КСРО-ның шаңырағы шайқала бастады. 1990 жылға келгенде оның ыдырайтыны белгілі болды. 1991 жылдың басында Балтық елдері тәуелсіздік жариялап, Кеңес одағынан іргесін аулаққа салды. Содан ке­йін-ақ одақтас елдердің бәрі бірінен кейін бірі азаттық айдынына шығып жатты. Алайда сол кездегі Қазақ билігі мен Қазақ елінің алдында өте үлкен мәселе тұрды. Ол қандай мәселе десеңіз, елдегі демографиялық ахуал. Яғни 1990 жылы елдегі 15 миллион халықтың 40 пайыз­ға жетер-жетпесі ғана жергілікті халықтың үлесіне тиетін. Демек, елдегі осындай демографиялық жағдайда қазақ халқын «мемлекеттің титулдық ұлты» деп «Қазақстан» деген атпен тәуелсіздік жариялауға болар ма еді? Болмас па еді? Әрине, Қазақстан топырағы қазақ халқының ежелгі ата қонысы, тарихи мекені екені ақиқат. Алайда сол тұста тәуелсіз мемлекеттің атауын халықтық референдумға салсақ немесе халықаралық нормалардағы ұлттық мемлекет құру талабына жүгінсек, жағдайымыз қалай болар еді?! Ойлаудың өзі қорқынышты! 
Бұл мәселе сол тұстағы күллі қазақ зия­лылары мен билік өкілдерінің қабырғасын қайыстырған ең зілмауыр сұрақ еді. Енді қайтпек керек? 
Қазақтың ел ағалары ақылдаса келе, бұл тығырықтан шығудың жолы – шетелдерде өмір сүріп жатқан қазақтарды жедел түрде елге көшіріп әкелу деген бәтуаға келді. Алайда ол тұста қазақтың қамына илігетін, сөйлесіп тіл табысуға болатын екі-ақ мемлекет бар еді. Оның біреуі Моңғолия, екіншісі Түркия. Алғашқы кезде осы екі елдегі аға­йындардың өкілдерімен байланыс орнатылып, артынша ресми билік тарапынан нақты қадамдар жасалды. Осылайша, алғашқы қазақ көшін 1991 жылы Моңғолия мен Түркияда тұратын ағайындар бастады. Ұзамай еліміздің Жоғарғы кеңесі егемендік декларациясын қабылдады. Тәуелсіз мемлекеттің аты «Қазақстан Республикасы» (Қазақстан) болып жарияланды. Алайда тәуелсіздікті әрі қарай да орнықтырып, ұлттық қауіп-қатерді сейілту үшін шеттегі ағайынды әлі де көптеп елге тарту қажет еді. Ол үшін дүниежүзі қазақтарының басын қосып, үлкен құрылтай өткізіп, сол құрылтайда шетелдерде өмір сүріп жатқан ағайынға сауын айтып, елге шақыру қажет болды. Осы мақсатпен сол кездегі мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетінің 1992 жылғы 1 қаңтар күнгі санында: «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы Қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген әйгілі үндеуін жариялады. Бұл үндеу сол күні республикалық «Шалқар» радиосынан оқылып, жер бетіндегі күллі қазақ баласының құлағына жетті. Сол жылғы 27 тамызда Министрлер кабинетінің «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына әзірлену және оны өткізу туралы» №709 қаулысы шығып, ел қазынасынан 28 миллион сом бөлінді. 
Сонымен, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы сол кездегі астанамыз Алматы қаласында 1992 жылғы қыркүйек айының 28-і күні басталып, қазан айының 3 күні аяқталды. Құрылтайға ел іші-сыртынан 300-ден астам адам қатысты. Сол жолғы құрылтай қаулысы бойынша «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» құрылып, оның төрағасы сол кездегі мемлекет басшысы Н.Назарбаев, төрағаның бірінші орынбасары болып жазушы, қоғам қайраткері Қ.Найманбаев сайланды. Сондай-ақ құрылтай қарсаңында Министрлер кабинетінің «Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулысы жарыққа шықты. Бұл «қаулы» «көші-қон туралы» Заң қабылданғанға дейін шетелдегі ағайындардың елге келгеннен кейінгі көптеген әлеуметтік-құқықтық мұқтаждығын қанағаттандыруда басты, шешуші құжат болып келді. 
 Көп ұзамай «Көші-қоны туралы» заңы қабылданды.  «Көші-қон агенттігі» құрылды. Осылайша, шетелдерден Отанына ағылған қазақ көші дүркіреп жүрді. 
Иә, өзіңіз айтқандай, Қазақстан – шетелдердегі қандас-бауырларын тарихи отанына шақырып, оларға лайық жағдай жасап отырған әлемдегі төрт елдің бірі. Ал қалған үш ел – Германия, Израиль, Ресей. Бізден басқа бұл үш мемлекет экономикалық, әскери, саяси қуаты жағынан әлемдік аренадағы әлеуеті зор, үлкен ойыншы елдер. Ал біздің еліміз азаттығына жаңа қол жеткізген, қай жағынан да әлсіз, жас мемлекет. Соған қарамастан, ресми санақ мәліметі бойынша, 1991 жылдан бергі 34 жылда 1 миллион 200 мыңдай ағайынымыз елге оралыпты. Бүгінде еліміздегі қазақ халқының үлесі 70 пайыздан асқан болса, оған, әрине, шеттен келген ағайынның өз басы ғана емес, елге келіп өмірге көптеп ұрпақ әкелуі де өз септігін тигізгені анық. 
Менің баспасөзде де, басқа сөзде де ылғи айтып жүретін «қандастар Қазақстанға мұқтаж, Қазақстан қандастарға мұқтаж» деген ұрансөзім бар. Тарқатып айтсам, шетелдерде өмір сүріп жатқан қандастар жеделдетіп «есі барда елін таппаса», олар қай елде болса да, ерте ме, кеш пе, түптің түбінде, ассимиляцияға ұшырап, жойылып тынады. Сондықтан олар ұрпақтарының болашағын, тағдырын ойласа, тарихи Отанына оралуы керек. Ал Қазақстан неге қандастарға мұқтаж дегенге келетін болсақ, негізі біздің қазіргі территориямызда, кем дегенде, 70–100 миллион халық өмір сүруі керек. Біздің жан санымыз 70–100 миллион демей-ақ қояйын, 50 миллионға жетсе, сонда ғана тәуелсіздіктің, мемлекеттің тағдырына алаңдамай күн кешуге болады, сонда ғана алыс-жақындағы алпауыттар жерімізге қарап сілекейін шұбыртқанын қояды. Қазақ көшінің өзектілігі, мәні мен маңызы, міне, осында! 
Ал «шетелден келген қазақ ретінде көші-қон істеріне көңіліңіз тола ма?» деген сұрағыңызға келсем,  өкінішке қарай, «көңілім толады» деп айта алмаймын. Өйт­кені тәуелсіздігімізді жаңа ғана жариялап, экономикамыз мүлде тұралап, жаңа туған нәрестедей көзімізді енді ашып, «шықпа жаным, шықпалап» отырған жылдардың өзінде қазақ көшінің қарқыны сұрапыл болып еді. Оның үстіне елге оралған ағайынның бәріне жаппай жағдай жасалғаны белгілі. Қалаға келгендер баспанамен, ауылға келгендер малмен, жермен қамтамасыз етілді. Еліміздің қазіргі әлеуеті мен экономикасы тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда жер мен көктей емес пе?! 
Өкінішке қарай, 2011 жылғы желтоқсанда Жаңаөзенде болған «халық наразы­лығын ұйымдастырушылар оралмандар екен» деген жалған ақпарат сол кездегі биліктің қазақ көші туралы саясатына селкеу түсіріп кетті. Содан бастап сырттан келетін қазақ көші тоқтап қалмағанымен, кәдімгідей саябырлап қалғаны жасырын емес. 
– Әлемнің 40-қа жуық елінде қарагөз қазақ баласы бар.  Сіздің ойыңызша, оларды көшіріп алу мүмкін бе? Шеттегі қазақты тарихи Отанына шақырудың жеңіл жолы қандай?
– Шамамен қазақ баласының үштен бірі әлі де болса жат елде өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Яғни жер бетінде шамамен 18 миллион қазақ бар десек, соның 6 миллионы шетелдерде өмір сүріп жатыр. Олардың бір бөлігі ирредента, ал екінші бөлігі диаспора болып саналады. Ирре­дента деп өздерінің ежелгі атамекенінде тарихи өмір сүріп келе жатқан, бірақ біртұтас ұлттан ата қонысымен бірге бөлініп қалған бөлігін айтады. Тарихтан белгілі болғандай, қазақтардың бірқатар жері шекаралардың өзгеруі, отаршыл басқыншылық сияқты оқи­ға­лардың салдарынан өзге елдердің құрамына еніп кеткені белгілі. Ал диаспора – бір ұлт өкілдерінің өз елінен екінші бір елге ерікті-еріксіз қоныс аударып, өзге халықпен бірге тұруы.
Осы тұрғыдан келгенде Қытайдағы, Ресейдегі, Өзбекстандағы, Моңғолиядағы қандас­та­ры­мыз тұтастай ирредента болып саналады. Оның үстіне шетелдегі қандастарымыздың шамамен 90 пайыздан астамы осы аталған төрт мемлекетте өмір сүріп отыр. Қалғандары Түркия, Иран және Еуропа елдерінде тіршілік етіп жатқан қазақ диаспоралары. Ал енді шетелдегі ағайындардың көші-қон мәселесіне келетін болсақ, Қазақстанға бұған дейін көшіп келгендердің басым бөлігін сол ирреденталар құрап отыр. Бұдан былай да атамекенге көшкісі келетіндер, негізінен, сол ирреденталардың арасынан табылады. Ал Түркия, Иран және Еуропа елдеріндегі ағайын­дардың Отанға оралғысы келетіндері тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында-ақ келіп алды. Ал қалғандары қозғала қоймайды-ау деп ойлаймын. Өйткені «сананы тұрмыс билейді» дейтін жосық бар ғой, сол сөздің жаны бар. Еуропа­дағы жанға жайлы тұрмысты, өркениетті өмірді көбісі қимайды. Оны айтасыз, біздің еліміздегі тұр­ғы­лықты ағайындардың арасынан да Қазақстанды тастап, Батыс және Еуропа елдеріне қоныс аударушылар шығып жатқан жоқ па?! Сондықтан Еуропадағы аға­йындарды «неге көшіп келмейсің» деп кінә­ таға алмаймыз.  
Әлгінде айтқанымдай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қандастар көші, негізінен, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елдерінен ағылып келіп еді. Өкінішке қарай, 2010 жылдардан кейін әртүрлі себептерге байланысты шеттен келетін ағайындар көші мүлде саябырлап қал­ды. Тек 2014 жылғы Украина­дағы «Қырым оқиғасынан» кейін ғана қазақ билігі дереу іске кірісіп, шетелден келетін ағайындар көшін жандандыруға ұмтылғаны­мен, оның ке­шенді механизмдері уақытылы жасақ­тал­май, көш жанданбаған күйі тоқы­рау­ға ұшырады. 
Ал сұрағыңыздың екінші бөлігіне келсем, біраз жылдың алдында «Отандастар қоры» берген ресми мәліметтерге қарағанда, дәл қазірдің өзінде шетелдерде өмір сүріп жатқан ағайындардың арасынан 1,5 миллион қандасымыз Отанға оралуға ниет білдіріп отырған көрінеді. Алайда біз осы ағайындарды елге шақырып әкеліп, бауырымызға басуға дайынбыз ба?! Мәселе осында. Оларды елге әкелеміз дейді екенбіз, ендеше, олардың өмір сүруіне ең қажетті, тіршіліктің ең қарапайым шарт-жағдайын жасап беруіміз керек. Ол қандай шарт-жағдай? Бірінші, құжаттандыру­ды (ықтияр­хат, азаматтық) жеңілдету керек. Екінші, біздің үкімет қандастар арасындағы қарапайым егінші-малшыларды өз қалауымен еліміздің сол­түс­тік өңірлеріне қоныстандырамыз десе, оларды егістік және жайылым­дық жермен толықтай һәм тегін қамтамасыз етумен бірге, тағайындалған жәрдемақысын Қазақстан азаматтығын алуға өтініш-құжатын тапсырған күні бергені құп. Ал «үкімет белгілеген аймақтарға бармаймын, қалаған жеріме қоныстанып, өз жағдайымды өзім жасап, өз жанымды өзім бағамын» деушілерге жергілікті билік немесе құқық қорғау органдары қисынсыз қысастық жасамай, керісінше, құжатнама бойынша барынша жеңілдіктер жасауы керек. Үшінші, зиялы қауым өкілдеріне, өнер, мәде­ниет қайраткерлеріне қала-қалашықтар­дан салынып жатқан «жалдамалы» немесе «ипотекалық» тұрғын үйлер­ден мүлде жеңілдетілген несиемен болса да баспана беруі керек. Төртіншіден, зейнет жасындағы қандастардың еңбек өтіліне қарай лайық зейнетақы тағайындауы керек. Бесіншіден, шетелдегі ағайынның мектеп бітірген балалары келсе, ЖОО-ға түсуіне жеңілдікпен квота бөлу, мектеп жасындағы балалары келсе, басы артық мың-сан құжат талап етпестен мектепке бірден қабылдауы керек. Міне, осы бес түрлі тармақ бойынша Үкімет кешенді бағдарлама дайындап іске кіріссе, сырттан келетін қазақ көші қайта жан­данады деп толық сеніммен айтуға болады. 
 Қысқасы, замана беталысы, дәуір тынысы, маңайдағы геосаяси ахуал, еліміздің тағдыры мен болашағы – бізден жатпай-тұрмай демографиялық әлеуетімізді көтеруді талап етіп отыр. Мұны ел болып  түсінетін уақыт жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­­ Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғалы бері әртүрлі бас қосуларда айтып жүрген: «Дүниежүзіндегі қандастарымыз­дың басын туған жерде біріктіру – біздің қа­сиет­­­ті парызымыз»; «Баяулап қалған қандастар көшін жандандыру керек»; «Шетелде туып-өскен қазақтардың бәрі тарихи отанын мақтан тұтады. Көп қандасымыз атажұртқа оралып жатыр. Оларға алғашқы кезде мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс», – деген сөздерінің астарында осын­дай ұлы мақсаттар жатқаны анық. 
Алайда Мемлекет басшысы айтқан осы тапсырмалар неге орындалмайды?! Негізінде, мемлекет басшысының осынау тақылетті маңызды сөздерінен кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитеті, Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі комитеті, СІМ қарас­ты «Отандастар қоры», Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп, шетелдерде тұрып жатқан қандастар туралы, олардың атажұртқа қоныс аударып келген бөлігін қарсы алу мен орналастыру, құжаттандыру туралы, қандас жастардың оқу ісі туралы т.б. мәселелердің бәрін қамтып, кешенді ұлттық бағдарлама жасап үкіметке, мемлекет басшысына ұсынуға міндетті емес пе?! Әлде сол бағдарламаны да мемлекет басшысы өзі жасау керек пе еді?! 
Бұл құзырлы мекеме басшыларының әрекетін, мен өз басым, тек қандастардың тағдыры мен болашағына немқұрайды қарау емес, керісінше мемлекеттің тағдыры мен болашағына сәл қарау деп түсінемін. 
– Көші-қон заңын дайындауға атсалысқан азаматтардың қатарында өзіңіз де бар деп естиміз. Осы туралы айтыңызшы, жалпы заң қалай дайындалды?
– 1996 жылғы желтоқсанның 31-і күні Президенттің «Шетелде тұратын отандастарымызды қолдаудың мемлекет­тік бағдарламасы туралы» №3308 Жарлығы шықты. Бұл құжат­та «Шетелдегі отандастарымызбен жұмысты жан-жақты жетілдіру, оны тек ұдайы және мақсат­ты мемлекет­тік қолдау жағдайында ғана жүзеге асыруға мүмкін болады. Қазақ диаспорасының әлеумет­тік-экономикалық, мәдени, білім алу сұранысын барынша қанағат­тандыруды қамтамасыз ететін, тарихи отанына қайта оралғысы келетіндерге мүмкіндік туғызатын ойлас­тырылған шаралар жүйесін жасау қажет. Бағдарлама кешенді іс-шараларды қамтиды және негізгі алты бөлімнен тұрады: ғылыми қамтамасыз ету; нормативтік-құқықтық құжат негізін жасау; білім беру; мәдениет, туризм және спорт; кітап шығару және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері; ұйымдастыру шаралары қамтылуы қажет» деп жазылды. Сонымен, сол кездегі Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Найманбаевтың басшылығымен он шақты адамнан ынталы топ құрылып, халықтың көші-қон заңының жобасы қауымдастық қабырғасында да­йындала бастады. Сол күндерде Қ.Найманбаев мені өзіне шақырып алып: «Қытайдың диаспора туралы заңын» қазақшаға аударып әкелуді тапсырды. Уағдалы уақытта аударманы апарып бердім, әрі сол заңның үлгісімен «қазақ диаспорасы туралы» заң әзірлеу керегі туралы ұсынысымды айттым. Алайда Қалекең марқұм: «үлкен кісі көші-қон заңын дайындаңдар» деп отыр. Ал диаспора туралы заңды қазірше қоя тұра­йық» деп шығарып салды. Негізі, бізге әлі де болса тура Қытайдағыдай диаспора туралы заң керек. Ол заңда шетелдегі тұрып жатқан ағайындарға (мүмкін қандас, мүмкін бауыр­лас дерміз) қандай статус пен жеңілдіктер беру керек және әртүрлі мақсаттармен Қазақстанға келіп-кетушілер (жеке сапар, оқу, кәсіпкерлік т.б.) мен көшіп келіп, қоныстанушылардың барлық қатысты мәселелерін сол бір ғана заң реттеп отырады. 
Ал қолданыстағы «Халықтың көші-қон туралы» заңы сол кездің өзінде-ақ көп мәселеге жауап бере алмайтын еді. Мәселен, тіркеу жұмысы, ыхтиярхат, азаматтық беру мәселесі де Еңбек министрлігінің құзыретіне кірмейді. Сонымен көші-қон агенттігін біресе Ішкі істер министрлігіне, біресе Еңбек министрлігі қосып, қақпақыл жасап жүргеніміз содан. Жалпы «көші-қон» (көшіп келу, қоныс­тану) деген – шеттен келетін аға­йынның бір ғана мәселесі. Ал бір елден екінші бір елге қоныс аударып келген адамның «көшу-қонудан» басқа, құжаттану (азаматтық, ыхтияр­хат, тұрақты тіркеу), жұмыспен қамтылу, денсаулық, оқу ісі, жәрдемақы, зейнетақы, әскери борыш, кәсіпкерлік т.б., қысқасы, бір адамның басына қанша мәселе қатысты болады – соның барлығын біз айтып отырған бір ғана заңда қамтуға болар еді. Ал қандастарға қатысты қазіргі қоғамдағы дау-­дамайдың түп қайнары ағымдағы көші-қон заңының тығырыққа тірелгенінен. Демек оны басқаша жаңғыртуымыз керек. Мен бұл ойымнан әлі айни қойған жоқпын. Реті келсе, осы ойымды мемлекет басшысына жеткізу жоспарым бар. 
– «Отандастар қоры» мен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында» қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Әу баста құрылғанда мақсаты қандай еді және негізгі мақсаттары орындалып жатыр ма? Алдағы уақытта осы екеуінің жұмысын қалай үйлестіру керек деп ойлайсыз?
– О баста «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестік болып құрылды. Өйткені шетелдерде тұратын, шетелдердің азаматы болып саналатын ағайындармен барыс-келіс жасау заңнамалық-құқықтық тұрғыдан мемлекеттік мекемелерге қарағанда қоғамдық ұйымдарға қолайлы еді. Алайда еліміздің заңнамалық құжаттары бойынша қоғамдық ұйымдар бюджеттен қаржыландырылмайды. Алғашқы жылдарда «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» басшылары демеушілер тауып және баспасы мен журналына мемлекеттік тендер алып, біраз жұмыс істеді. Алайда қашанғы көрінгенге алақан жайып отырмақ?! Сонымен, қоғамда «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» жанынан «көші-қон қорын» құру туралы мәселе өткір көтеріле бастады. Сонымен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайынан кейін, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы 2018 жылы құрылды. Алайда қор «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына» бағынышты емес, дербес мекеме ретінде құрылды. Оның үстіне сол кездегі мемлекет басшысы қордың төрағасы етіп Нұртай Әбіқаевты тағайындады. Сонымен қай жағынан да «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қорға тәуелді болып қалды. Негізінде, қордың мақсаты – шетелдегі қандас-бауырларымызға жан-жақты қолдау көрсету, мәдени-рухани қолдау сипатындағы шараларды іске асыру, көшіп келуіне, бейімделуіне көмектесу еді. Алғаш құрылғанда қор бір мезгіл Сыртқы істер министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аясында қыз­мет атқарып келгенімен, дәл қазір Сыртқы істер министрлігіне қарайды. Мұндай жағдайда ресми мемлекеттік мекеме болып есептелетін қор шетелдердегі ағайындармен немесе олардың қоғамдық ұйымдарымен тікелей қарым-қатынасқа шыға алмайды. Қысқасы, әлемнің әр шалғайында өмір сүріп жатқан қандас-ағайындардың іздер-сұрар елі, ат басын тірер киелі атамекені, қасиетті Отаны бар екенін сезіндіреді, олардың рухани қажеттіліктеріне қол ұшын береді, елге көшіп келем деушілеріге көмектеседі деген мақсатпен құрылған бұл қор құрылғалы бері ауыз толтырып айтарлық түк те тындырмады. Көрнекті дипломат, іскер басшы Абзал Сапарбекұлы басқарған жылдарда ғана біраз тындырымды жұмыс атқарылғанымен, оған дейін де, одан кейін де қор қорылдап ұйықтап жатты. 
Ал «Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығы», жоғарыда айтқанымдай, республикалық дәрежедегі қоғамдық ұйым, сол себепті ол бюджеттен қаржыландырылмайды. Алайда алыс-жақын шетелдердегі ағайынмен және олардың құрған қоғамдық ұйымдарымен қоғамдық негізде байланыс жасап, тарихи отанына көшіп келуге ниет білдірген ағайындар мен елге келген қандастарға заңдық-құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетеді деп құрылған бұл ұйым көк тиынсыз отыр. «Өзің диуанасың, кімге пана боласың» дегендей, өзі айлықсыз, шайлықсыз отырған қоғамдық ұйым кімге «пана болмақ»?! 
Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Отандастар қоры» мен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» функциясы мен мәртебесін қайта қарап, үйлесімді де нәтижелі жұмыс істейтін қалыпқа әкелсе, құба-құп болмақ. Бұл ретте мен мынадай ұсыныс айтқан болар едім: атауы да алды-алдына қарап тұрған, біріне-бірі бағынбайтын екі ұйымды біріктіріп, жаңа қоғамдық ұйым ретінде қайта құру керек. Ұйымның атауын да «Қандастарды қолдау қоры» Қоғамдық бірлестігі деп өзгерткен жөн. Себебі «отандастар» деген статус Қазақстанда туып-өскен өзге ұлт өкілдерін де қамтиды. Ал «дүниежүзі қазақтары» деген қалпақтың астына қазақстандық қазақтар кіріп кетеді. Ал қор «Қандастарды қолдау қоры» ҚБ болып өзгергенде ғана өз миссиясын орындауға толық мүмкіндік алады. Сондықтан бірегей бір ұйым шетелдегі қандастар ісімен кешенді айналысқаны құба-құп. Бұл ретте Терістіктегі және Шығыс­тағы екі алып көршіміздің тәжірибесіне жүгінсек те, осыны байқаймыз. Мәселен, Ресейде «Шетелдерде тұратын отандастардың құқықтарын қолдау және қорғау қоры», «Орыс әлемі қоры», «Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесі» коммерциялық емес серіктестігі сынды бюджеті қомақты, құрамы ығай мен сығайға толған бақандай үш ұйым жұмыс істейді. Ал халқы миллиардтан асқан, әлем елдерінде 62 миллионнан астам диаспорасы бар Қытайда «Бүкілқытайлық халық өкілдері құрылтайына қарасты диаспора комитеті», «Бүкілқытайлық саяси кеңестің Ганконг, Макао, Тайван диаспорасы комитеті», «Мемлекеттік кеңестің (Үкіметтің) диаспора кеңсесі», «Әділет партиясының орталық партия комитеті» сынды бес ұйым құрылып, мемлекеттік бюджет есебінен жұмыс істеп отыр. Ал біз іргелі, салиқалы бір ұйым құрып, дұрыстап қаржыландырып, кешенді жұмыс істейтін болсақ, мұның ел демографиясына тигізер пайдасы орасан болар еді. Демографиялық әлеует дегеніміз ұлттық қауіпсіздігіміздің бірегей кепілі емес пе?! 
– Елімізде қандастар қандай әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізе алады? Азаматтық алу мәселесі жеңілдеді ме?
– Ең әуелі, құжаттандыруда (ыхтиярхат, азаматтық алу т.б.) қандастарға жеңілдік берілген. Мәселен, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңда шетелден келген және Қазақстан аумағында заңды негізде тұрақты тұратын қандастардың Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқы бары көрсетілген. Заңның 16 бабының 1 тармағында көрсетілгендей, 1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Рес­публикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын қандастар; 3) Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында білім алатын этностық қазақтар – азаматтық алу туралы өтініштері берілген күннен бастап үш ай ішінде қаралуға тиіс. Үкімет шетелден атамекенге көшіп келген қандастар мемлекет белгілеген жеті аймаққа – Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына қоныстанса, оларға лайық материалдық көмек көрсетіледі. Егер мемлекет бекіткен өңірлерге қоныстануға келіспеген жағдайда қандас мәртебесін алып, өзі қалаған өңірде тұра береді. Бірақ оларға ешқандай квота бөлінбейді. Ал айқындалған өңірлерге қоныстанушыларға тұрғын үй сатып алуға немесе үй салуға арнайы сертификат беріледі. Мәселен, тұрғын үй сатып алуға немесе үй салуға 20 миллион теңге қажет болса, соның елу пайызын сертификат арқылы үкіметтен, қалған 10 миллионын банктен алады. 
Бұған қоса қандас мәртебесін алған қазақтар жеке мүлкіне (ел аумағына кірген көлік құралдарын қоса алғанда) кеден төлемін төлеуден босатылады; мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға өтініш бере алады.
Ал елге оралған қандас жастарға жыл сайын ЖОО-ға түсуіне тұрақты түрде білім гранты бөлінеді. Мәселен, 2024 жылы алғаш рет қандас жастарды ЖОО қабылдау процедурасын өзгерту нәтижесінде 1 604 қандасқа грант берілді. 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бұған дейін қандастар ҰБТ-да 5 пәннен тест тапсырып келген болса, 2024 жылдан бастап тек 3 пәннен (оқу сауаттылығы және 2 бейінді пән) ғана емтихан тапсырады. Әрі оларға ұлттық тестілеудің шекті балын жинау талабы қойылмайды. 
– Қандастарда азаматтық алу, квота, әлеуметтік қиындықтан басқа, тағы қандай күрмеуі шешілмей тұрған мәселелер бар?
– Қазір елге оралған қандастардың азаматтық алу, квота, өзге де әлеуметтік мәселелері айтарлықтай жеңілдеді. Бәрі ретке келіп қалды. Мәселен, өз басым 1993 жылы елге келе сала Қазақстан азаматтығына өтініш беріп, оны 1996 жылы – табаны күректей үш жылда зорға алғанмын. Қазір бәрі жеңілдеді һәм жүйеге түсіп қалды. Ал басқа қиындықтар туралы айтар болсақ, Ауғанстаннан елге келгісі келетін немесе келіп жатқан қандастардың басындағы қиындық. Өйткені ол елде азаматтардың паспортына немесе жеке куәлігіне ұлты жазылмайды екен. Ондағы қандастар «ұлым қазақ, аталарым ашаршылықта осында ауып келіпті» дейді. Ал біздің құзырлы мекемелер, тиісінше, ұлтын анықтайтын заңды құжат сұрайды. Қазіргі ең күйіп тұрған мәселенің бірі – осы. Екінші бір мәселе, Қазақстан мен Қытай елдері арасында визасыз тәртіп енгізілді. Бұл тәртіп бойынша Қазақстанға қысқа мерзімге қыдырып келгісі келетін қандастар келіп-кетіп жатыр. Алайда Қазақстанға келіп бір жола қалып қоямын немесе көшіп келемін деушілерге міндетті түрде Қазақстанның визасы керек. Ал ондағы қандастарға виза беретін Қазақстанның Пекиндегі Елшілігі мен Үрімжідегі консулдығының алдында тұрған қандастың санында есеп жоқ. Тіпті араларында бірнеше ай бойы кезекте тұрып, виза ала алмай жүргендер бар екен. Естіген құлақта жазық жоқ, әлеуметтік желідегі мәліметтерге сенсек, арадағы делдалдардың жұмысы да «қызып» тұрғанға ұқсайды. Тағы бір маңызды мәселе, қазір Қытайдағы ағайындардың әртүрлі себеппен өздері келе алмағаны жоғары сыныпта оқитын балаларын Қазақстанға жіберіп жатыр. Алайда былтырдан бастап мемлекет меншігіндегі мектептер «баланың қамқоршысы жоқ» деген бәтуамен шетелден келген қандас балаларды қабылдаудан бас тартып жатыр. Ол балаға «қамқоршылық» міндетті осындағы ет жақын туысқаны заңды түрде мойнына алса болды емес пе?! Осы үш мәселе туралы қазір аз айтылып жүрген жоқ, үкімет соны шеше алмайды дегенге кім сенеді?! 
– Шеттен келген қандастардың көбі жеке кәсіппен айналысып, кемі бірнеше адамға жұмыс беріп отырады. Осы орайда қандастардың ел экономикасына қосып отырған үлесі қандай?
– Қандастардың ел экономикасына әсері, игі ықпалы ұшан-теңіз. Кәсіпкерлерді айтпағанда, қол-аяғы қимылдап жұмыс істеп, жанын бағып жүрген ағайынның бәрі табысынан салық төлеп бюджет қоржынының бүйірін толтырып жатыр. Ал бұрынғы одақтас республикалардан келген ағайындар бұл жерде өздерін судағы балықтай сезінеді. Заң-зәкүн, тәртіп-талап, тіл-діл – бәрі бірдей. Соған байланысты олардың кәсіпкерлікпен шұғылдануы өте қолайлы екені айтпаса да түсінікті. Моңғолиядан келген қандастарымыз кезінде КСРО қалаларында және Шығыс Еуропа елдерінде білім алғандықтан, олардың да алған білімі мен көрген-түйгені атамекенде кәсіпкерлікпен айланысуда көп ес қатты. 
Қытайдан келген қандастарымыз дамыған Қытай экономикасының арқасында, кейбірі ол жақтан дайын тауарлар тасымалдап, онысын Қазақстан және Орта Азия нарығында саудалап, кейбірі Қытайдан шағын өндіріс орындарын әкеліп ашып, тағы біреуі Қытайдан үйренген медициналық, аспаздық өнерін атамекенге әкеліп, өздері ғана емес, еліміздің көптеген азаматына жұмыс беріп отыр. 
Иран және Ауғанстаннан келген қандастар дәстүрлі қолөнерге арқа сүйей отырып, тері мен жүн нарығындағы экспорттық саланы негізгі нысана етті. Осылай кәсіпкерлік өміріміздің бір көрінісіне айналды. Қазір ресми статис­тикада екі миллион тұрғыны бар деп саналатын, іс жүзінде бес миллионға таяп қалатын Орта Азия елдері бойынша ең үлкен қала Алматыда 218 мыңнан астам қандасымыз тұрақты тіркеуде тұрады.
Ал өзім жақсы білетін ірі бизнес өкілдерін атап айтатын болсам, Алматы қаласында Сабыржан Мұқаметханұлы дейтін Қытайдан келген азамат құрылыс компаниясын ашып, 500-дей адамға жұмыс беріп отыр. Оның өнімдері мен жұмысы қаланың индустриясына серпін беріп отыр. Қытайдан келген бауырымыз Талғат Мамырұлының «Қазақ-қытай тіл колледжі» еліміздің білім саласында жұмыс істеп тұрғанына ширек ғасырдан асты. Колледж өз қабырғасында мыңдаған студентке білім берумен бірге, жүздеген азаматты жұмыспен қамтып отыр. «Келун-Казфарм» — Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндіруші ірі компаниялардың бірі. Зауыттың құрылысына Гонконгтің «Kelun international Development» компаниясы 7,5 мил­лиард теңге қаржы жұмсаған. Кәсіпорын халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Бес жыл бұрын ашылған өндіріс орны қазір ішкі нарықты отандық дәрі-дәрмекпен қамтып, өнімдерін Ресей мен Қырғызстанға да экспорттап отыр. Бұл зауыттың арқасында 500-ге жуық азамат жұмыспен қамтылып отырғаны өз алдына, еліміздің дәрі-дәрмек экспорттауға кететін неше миллиондаған доллар қаржысы үнем болып отыр. Бұл компанияны құрып, жүргізіп отырған Мерей Сламұлы да Қытайдан келген бауырымыз. 
Осымен сөз тізгінін тарта тұрайын, әйтпесе шетелдерден келген ұлты қазақ кәсіпкерлердің бәрін түгендесек, айтарымыз үлкен бір кітапқа жүк болары анық. Қысқасы, «елге ел қосылса – құт» деген – осы. 
– Қандастардың мәселесі, ата­жұртқа бейімделу дегеннен шығады, соңғы уақытта Талғар оқиғасын қайбір топ біржақты бұрмалап жібергендей. Президент «Ana tili» газетіне берген сұқбатында заңның бәрімізге ортақ екені, қандастар да заңға бағынуы керегі туралы пікір білдірген еді. Осыған қатысты ойыңызды білсек?
– Негізі, Талғардағы оқиғаға мұрындық болған, түптеп келгенде, тұрмыс­тық кикілжің. Әрине, қыршын кеткен Шерзаттың өлімі – ет жүректі барша пенденің жағасын ұстататын трагедия. Бірақ Шерзаттың әкесінің Қарақалпақстаннан келгенін теріс пиғылды кейбіреулер өз пайдасына қарай бұрып, қандас пен жергілікті ағайын арасына жік салғысы келді. Алайда ол оқиға ешқандай да қандас пен жергілікті ағайынның арасындағы араздықтан емес, жеке азаматтар арасындағы ұрыс-керістің ушығуынан туындап отыр. 
Ал мемлекет басшысының сұқбатындағы «Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!» деген пікірінен әлдеқандай бөгде астар, бөтен ой іздеп, алаулатып-жалаулатудың кімге не үшін керек болғанын түсінбедім. 
Атап айтқанда, Талғардағы оқиғаға қатысты дәл қазір тергеу әлі жүріп жатыр. Демек, мәселенің заңдық тұрғыда ақ-қарасы әлі анықталу үстінде. Иә, шеттен келген ағайынның қатысы бар мұндай күрделі оқиғаның басы-аяғы бұл емес. Бәріміз пендеміз ғой. Қала берді, бес саусақ бірдей емес. Қам сүт емген пенденің ішінде аласы да, құласы да болады. Бұл арадағы басты мәселе «қандас» сөзі, ол шетелдерден тарихи отаны – Қазақстанға оралған ағайынға берілетін уақытша ғана әлеуметтік мәртебе. Бұл мәртебе Қазақстан азаматтығын алып, көк паспорт қолыңызға тиген күні күшін жояды. Сондықтан мейлі кім болсын, мейлі, ол жергілікті ағайынның өкілі ме, әлде шеттен келген ағайын ба – жоқ нәрседен ілік іздеп, қит етсе, бүйректен сирақ шығаруды қою керек. 
Ең дұрысы, жергілікті ағайын болып, шетелден келген бауырлар болып, сәт сайын Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиет­ті парызымыз» деген үндеуінің астарына терең үңіліп, бір атаның баласындай берекемен жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қалай ел болуды, қасиетті Отанымыз – Қазақстанымыздың әлеуетін қалай көтеруді, азаттығымызды қалай баян­ды етуді, дамыған, құдіретті елдер қатарына қалай қосылуды, қайткенде ұрпағымызға жарқын болашақ жасай аламыз... деген секілді мың-сан мәселеге бас қатырайық. 
– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен 
Ақбота Мұсабекқызы

1320 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы