• Ақпарат
  • 30 Қаңтар, 2025

Оқушы қайтсе оқырманға айналады?

Білім беру жүйесінде ұлттық баспасөзді қолдану мәселесі аса өзекті. Мерзімді баспасөз жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруда, олардың тілдік дағдысын дамытуда, сыни ойлау қабілетін арттыруда басты рөл атқарады. Егер ұлттық баспасөзді білім беру жүйесіне толыққанды енгізбесек, ертеңгі күні біз ұрпақтың ұлттық сана-сезімін жоғалтып алуымыз мүмкін. Осы орайда сарапшы-мамандардың басын қосып, дөңгелек үстел ұйымдас­тырған едік. Басқосуда білім беру ұйымдарында ұлттық баспасөздің білім беру жүйесіне ықпалы талқыланды. Оқушылар мен мұғалімдердің мерзімді баспасөз материалдарын қолдану тәжірибесі мен олардың оқу үдерісіне тигізетін әсері қарас­тырылды.
 

Айгүл ӘМІРБЕКОВА, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты: 

 

Әрбір кірме сөзге қазақша балама бар

 

 – Бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде мерзімді басылымдар – халықтың тіл мәдениетін жетілдіретін тетіктің бірі. Газеттің оқырманның жан-жақты дамуына игі ықпалын тигізетін қызметі көп-ақ. Себебі газетте осы бағытта бірнеше айдар бар. Газет оқырманның білімін арттырады, ғылыми-танымдық мәліметтер береді, соңғы жаңалықтарды таныстырады, яғни халықты құлақтандырып отырады, газет адамның ойын дамытады, әлемдік  тың деректермен сусындатады. Кейде адамның көңілін көтеріп, сергітетін, демалдыратын  әзіл әңгімелер де беріледі. Сондықтан газет адамның рухани нәр алатын құралы. Сондай-ақ газет – жақсы жетістіктің жаршысы, яғни елдегі жетістікті жариялап сүйіншілеудің көзі болып отыр. Адамның дамып-жетілуіне осындай көмегі бар газетті әсіресе оқушылар жиірек оқуы үшін не істей аламыз деген мәселені қозғап отырмыз. Біз қандай үлес қоса аламыз? Меніңше, осы тұста «Ana tili» газеті Тіл білімі институты мен мектеп оқушыларын, мұғалімдерін байла­ныс­тыратын көпір болғаны дұрыс. Солай болып та жүр, газетке мың алғыс. Осы орайда бірлесіп авторлық қолданыстарды таныстыруға «Сөзқоржын» айдарын арнайы жариялап отырғанын атап өткеніміз жөн. Онда оқушыларға түсінікті болсын деп жазушылардың тіліндегі көркем сөздердің мағынасын ашып береміз. Мысалы: балалар ойнайтын «рогатка» ойыншығын Бердібек Соқпақбаевтың шығармасында «мүйізатар» деп берген. Қақпанды Сәкен Жүнісов «шынжыразу» деп береді. «Фонарьды» Бақытбек Қадыр шығармасында «қолшырақ» деп жазады. Әбіш Кекілбаевтың «Үркерінде» Әбілқайырдың қолын «арқарұрандылар» дейді де, Абылай ханның қолын «алашұрандылар» дейді. Түлкіні «түз қылтыңы» дейді. 
Алдағы уақытта жарыса қолданылатын атаулардың әдеби нұсқасын да көрсетіп отыруға даярмыз. Мысалы «будильниктің» «оятар», «оятқыш», «ұйқыбұзар», «ұйқыашар», «дабыл сағат», «қоңырау сағат» деген балама атауы бар. Сол сияқты іскер/ісмер сияқты фонетикалық жарыспаны дара мағыналы сөздер ретінде ажыратуға болады. Мысалы: «іскер – кәсіпкер, ісмер – қолөнер шебері» мағынасында. Сондай-ақ жала/пәле. «Жала жабу» (нақақ кінә тағу), бірақ «пәле жабу» болмайды. Себебі пәлеге адам өздігінен ұшырайды. Дәрігер/шипагер/емші. Дәрігер – медициналық жолмен, шипагер – медициналық және халықтық жолмен, емші – халықтық жолмен емдеушілер. Осы тұста әр сөзді орнымен қолдануға бағыт беретін тілтанымдық құрал аса маңызды екені аңғарылады.  
Оқушылардың қазіргі сөзқолданыс деңгейі қандай деген мәселеге келсек, әртүрлі. Оған жан-жақты түрлі жайттар ықпал етіп отыр. Тіпті ата-аналардың чатында мынадай шала сөйленістер тоқтар емес: баламның температурасы көтеріліп тұр (дұрысы: ыстығы көтеріліп тұр); врачқа звондап біле­йін (дұрысы: дәрігерге телефон соғып біле­йін); приступ ұстады (дұрысы: талмасы ұстады); балалар перекус алып келсін (дұрысы: балалар жүрекжалғар ала келсін); ксерокс жасау керек (дұрысы: көшірме жасау керек). 
Осындай жағдаяттарды байқағаннан ке­йін, қазақша атауы бола тұрса да, дағдылы түрде айтылатын кірме сөздердің тізбегін жасап, «Оқушылар сөздігін» құрастыру маңыздылығын көріп отырмын. Мысалы: «пенал» – «қаламсауыт», «стикер» – «жапсыр­ма», «рюкзак» – «жолдорба», «шопер» – «боқша» (сөмке), «клей» – «желім», «фломастер» – «бояуқалам» тағы басқа. Осындай сөзтізбелерді «Ana tili» газетінде жариялап отырайық. Тілімізде әрбір кірме сөзге қазақша балама табылады. Оны қолданысқа енгізу өз қолымызда. 
Ұсыныстарым: 
Біріншіден, «Ana tili» газетіне «Бала тілі» айдары қажет. Екіншіден, мерзімді басылымда қызмет істеген, тәжірибесі мол журналистер ауылда орналасқан мектеп оқушыларына шеберлік сағатын өткізіп тұруы керек. 

 

Фатима ҚҰРАЛБЕКҚЫЗЫ, Ұлттық кітапхананың қорларды сақтау қызметінің жетекшісі:
 

Ұлттық кітапхана қоры 7 миллионнан асады

 

– Білім ордаларында отандық мерзімді баспасөздің қолданылу мәселесі бүгінде өте өзекті болып отыр. Кітап – рухани қазына. Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқандай: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана». 
Бұл қор әлем халықтарының 123 тілінен тұрады. Кітапханаға жыл сайын келетін оқырманның саны 1 миллионнан  асса, құжаттардың оқырманға берілу мөлшері 2 миллион данаға жуық. Қазір кітапхананың оқырманы 84 мыңнан асады. Оның 80 пайызға жуығы – жастар. Бұрын Ұлттық кітап­хананың оқырманы ретінде тіркелу үшін бала 15 жасқа толуы керек болса, қазір 12 жастан бастап жазылуға рұқсат етілді. Өйткені мектепте оқушыларға тапсырма беріледі. Ата-анасы баласын жетектеп, кітапханаға көп келетіндіктен, осындай шешім қабылданған болатын. Ұлттық кітапханадағы құнды мұраларды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Кітапхана қорының толықтырылып отыруы «Мәдениет туралы» және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңдарға сәйкес басылымдардың міндетті тегін даналарын алу жолымен жүзеге асырылады. Заңға сәйкес, Ұлттық кітапхана Қазақстан баспа басылымдарының міндетті данасының депозитарийі саналады. Бұдан бөлек, кітапхана қоры отандық авторлардың өз кітаптарын сыйға тартуы арқылы да толықтырылып отырады. Қорда отандық баспа басылымдарының архивтік қоры жинақталған және мәңгілікке сақталады.
Ұлттық кітапханада Алаш арыс­тарының ұйымдастыруымен осыдан жүз жыл бұрын жарық көрген ұлттық ата басылымдар түпнұсқада сақталып келеді. Қазіргі таңда отандық әрі шетелдік жетекші ғалымдар тобы мерзімді басылымдарға байланысты зерттеулер жүргізіп отырады. Ұлттық кітапхананың Сирек қорында сақталған тұңғыш мерзімді басылымдар қатарында: «Түркістан облыстық ведомс­тволары», «Қазақ», «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттері және «Айқап», «Садақ», «Абай», «Шолпан», «Жас қазақ», «Таң», «Әдебиет майданы», «Әйел теңдігі» журналдары бар. Қазақ қоғамдық өмірінің шежіресі болған бұл басылымдар тоталитарлық режімдегі қазақ халқының сана-сезімінің оянуына, өз тарихын, әдебиетін, мәдениетін білуге, өзін-өзі тануына түрткі болғаны белгілі. 
Қорларды сақтау қызметі Ұлттық кітапхананың жертөлесінде орналасқан. Ол екі қабаттан тұрады. Қызметтің жалпы көлемі – 9 мың шаршыметр. 
Мерзімді және жалғасты басылымдарды сақтау тобының негізі 1940 жылы қаланған. Бұл қорға респуб­ликалық, облыстық, өлкелік газеттер, ведомстволық, көп тиражды журналдар мен еңбектер түседі. Мерзімді басылымдар қоры 3 630 аталымнан, 2 млн 800 мың дана сақтау бірлігінен асады. Бұл мәлімет газет-журналдардың күнделікті шығуымен толығып, саны артып отырады.
Уақыт өткен сайын жазба ескерткіштері ескіріп, тозады, соның салдарынан құжаттар ішінара немесе толығымен жоғалу қаупімен бетпе-бет келеді. Кітапханамызда кітап қорын цифрландыру қолға алынған. Құжаттарды ұзақ мерзімге сақтау мақсатында кітапхананың Қалпына келтіру, консервация және түптеу орталығында кітапты өңдеу жұмыстары жүргізіледі. 
Құжаттар  жерден 20 см биік сөрелерде орналасқан және ай сайын  дымқыл емес, құрғақ шүберекпен сүртіп шаңнан тазартылып отырады. Терезе саңылауларына және жылу жүйесінің элементтеріне қатысты кітап сөрелері перпендикуляр орнатылған. Жалпы, талаптарға сәйкес, кітаптар күн нұры түспейтін қараңғы жерде сақталады, қордың температурасы 18–20 градустан жоғары болмауы керек, ылғалдылығы 50–60 пайыз сақталады. 
Өкінішке қарай, кітапхананың Мерзімді және жалғасты басылымдар қорындағы 1945–2001 жылдар аралығындағы газеттерде кейбір мақала, сурет оқырман тарапынан қиылып, кесіліп, зақымдалған. Бұл оқырман жауапкершілігінің жоқтығын көрсетеді. Қазіргі таңда мерзімді басылымдарды қиып алу, зиян келтіру мәселесі көп кездеспейді. 
Оқырманның құжаттарды өзімен алып кетпеуі мақсатында оқырман залында бақылау камералары орнатылған. Қызметкерлер оқырманның сұранысын әр кез қанағаттандырады. Құжат берерде бет санын, нөмірін, ішкі-сыртқы жағдайын тексеріп беріп, қабылдап алады. Оқырмандар тарапынан кітапхана мүлкіне, құжаттарына зиян келтірсе, «ҚР Ұлттық кітапханасын пайдалану ережесіне» сүйеніп, шара қолданылады. Ол «Оқырмандар жа­уапкершілігі» пунктінде көрсетілген. Бұл тарапта оқырман кітапхана қызметін пайдалану құқығынан айырылуы ықтимал. 
Бүгінде аудандық, республикалық газет-журналдарға сұраныс өте көп. Соның ішінде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі атауы – «Егемен Қазақстан»), «Ana tili», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (қазіргі атауы: «Жас алаш»), «Казахстанская правда», «Вечерний Алматы», «Время», «Литер», «Караван», «Жұлдыз», «Ақиқат», «Парасат», «Мәдениет және тұрмыс», «Простор», «Мысль», «Хабаршылар» (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің хабаршысы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  хабаршысы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы, Қарағанды университетінің хабаршысы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің хабаршысы) және басқа мерзімді басылымдар бар.
Қызметкерлер оқырманның мерзімді басылымдарға берген электрондық тапсырысын орындауда отандық республикалық автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйе Web-RABIS-тің Кітап беру модулі (оқырманға құжат беретін 5 модульдің бірі) арқылы тапсырыстарды қабылдап алып, принтерден басып шығарады, тапсырысты оқырман билетіне тіркеп, лифтімен «Мерзімді басылымдар» оқу залына жіберіледі. Бір мезгілде бір газетті немесе мақаланы бірнеше оқырман сұрататын жағдайлар болады. Осындай жағдай туындағанда оқырманға Web-RABIS электрондық каталогіндегі библиографиялық жазбасына тіркелген электрондық нұсқасы ұсынылады. 
Ұлттық кітапханада басылымдарды цифрлау мынадай категориялар арқылы іске асырылады: жалғыз данадағы және жиі сұраныстағы «Қазақстан кітаптары» мұрағаттық қорындағы басылымдар; Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы сирек кездесетін, аса құнды және көне басылымдар; музыкалық шығармалар мен ноталар; «Қазақстан: өткені мен бүгіні» дерекқорындағы мақалалар.
Ұлттық кітапхананың сирек қорындағы көне қолжазбаларды кеңінен насихаттап, зерттеуші мамандарды ғылымға тарту мақсатында соңғы жылдары «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналында «Қолжазбадағы тарих» жобасы мен «Аna tili» ұлт газетінде «Ұрпақ оқымаған кітап» атты ірі жобалар жүзеге асып, ай сайын зерттеу мақалалары жарияланып жатыр. 
Газет-журналдардың жаңа саны оқырманның алдында таңғы сағат 09:00-де дайын тұрады. Ұлттық кітапханаға баспаханадан жаңа шыққан газет-журналдарды ғана оқу үшін келетін оқырман да бар. Ұлтымыздың ұлы ұстазы А.Байтұрсынұлы айтқандай, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Осы орайда баршаңызды Ұлттық кітапхананың тұрақты оқырманы болуға шақырамын. 

 

Абай ҚАБАҚБАЙҰЛЫ, педагогика ғылымының кандидаты, доцент:  

 

Ұлттық баспасөз – құндылықтар бастауы

 

– Оқушыларға ұлттық баспасөздің тәрбиелік ықпалын зерттеу жұмысы қала мектептеріндегі мектеп оқушыларына жүргізілді. Зерттеуге жас шамасы 15–17 жастағы жоғары сыныптың 50 оқушысы қатысты. Бұл жас аралығындағы балаларды өзіндік пікірі қалыптасқан, ой-өрісі, дүниетанымы жоғары деп айта аламыз. 
«Сіз ұлттық баспасөзді оқисыз ба?» деген сауалға оқушылардың 57 пайызы мүлде оқымаймын десе, 15 пайызы оқуға тырысатынын, бірақ ара-тұра оқитынын жазса, 11 пайызы аптасына бір рет деп үн қатқан, 10 пайызы аптасына 2–3 рет, 7 пайы­зы күнде оқимын деген нұсқаны таңдаған. Оқушының бәрі сабақта, кітапханада тек үй тапсырмасын орындағандықтан, газет-журнал оқылмай қалады деген қорытындыға келдік. Оқушылар күнделікті жаңалықтарды ақпарат таратумен айналысатын әлеуметтік желі парақшаларынан оқитынын негізге алды.
Бұл жүргізілген зерттеуге респонденттің барлығы да пікірін айтты. Оқушылардың басым бөлігі газеттерден тағылымға толы ғылыми зерттеулерді, ұлттық тәрбие алуға болатынын және ондағы ақпараттардың тәрбиелік мәні зор екенін, тек іріктелген, тексерілген ақпараттардың берілетіні туралы пікір айтқан. Жоғары сынып оқушыларының біразы қажетті ақпараттарды ұялы телефондағы әлеуметтік желілердің қосымшаларынан (Instagram, Facebook, YouTube, TikTok) оқыған, көрген дұрыс деп санайды. Жастардың басым бөлігі бір оқпен екі қоян атқанды жөн көреді. Яғни олар ақпараттың қазіргі заманға сай форматта шыққанын қалайды. Бұдан түйетін ой, әлеуметтік желілердің оқушыларға әсері өте жоғары, сол себепті ондағы қажеттілігі жоғары ақпарат дереккөздерінің қазақ тілінде болуын және ұлттық дүниетанымға қатысты ұлттық тәрбиелік мәні зор ақпараттармен толықтырылуын қадағалауымыз қажет. 
Газет-журналдардың білім беру мекемелерінде кеңінен қолданылуы үшін біздің ұсынысымыз мынадай: 
Мектеп оқушыларына елге белгілі, танымал журналистермен кездесу ұйым­дастыру;
Оқушылар арасында «Журналистикаға кіріспе» үйірмесін ұйымдастыру;
Оқушылар мен студенттерді ұлттық баспасөздің бай әлеміне ендіретін жарнама жолын ойластыру;
Бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына «Ұлттық баспасөз – құндылықтар бастауы» тақырыбындағы тәрбие сағатын ұйымдастыру;

 

Бауыржан МАЙТАЙҰЛЫ, «QAZBILIМ» ұлттық лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: 

Мектеп пен редакция арасындағыбайланыс жақсарса...

– Мектепте барынша ұлттық тәрбие беруге баса мән береміз. Ұлттық лицейімізде  мектептің рухани тірегі, рухани күші қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінде деген түсінік қалыптасқан. Мектеп оқушыларының тілді шұбарлауы баспасөздің кеңірек таралмауына байланысты деп айтуға негіз бар. Оқушылар ақпаратты ғаламтордан алады, сайттардан оқиды. Ал газетте бір мақала корректордың, тілшінің, одан әрі редактордың қарауынан өтеді. Осы тұстан-ақ баспасөздің тәрбиелік мәнін көруге болады. 
Мектебімізде қазақ әдебиетін оқытуға көп көңіл бөлінеді, себебі ұлттық мектептің жаны қазақ тілі мен әдебиетінде жатқаны етенеден аян. Мектебіміз ағылшын тілі мен математика пәндерін тереңдетіп оқытатынына қарамастан, қазақ әдебиетіне әдеттегі мектептерге қарағанда көбірек уақыт бөледі. Басшылық бұл жағын осылай ойластырған. Сол берілген уақытты тиімді пайдалануға тырысамыз. Ал оқушылар оқыған шығарманы толық түсіндіріп, өз ойын жеткізуге талпынады. Сабақ беретін мұғалімдер де іріктеліп алынғандықтан, белгілі бір тақырыпты өту барысында автордың өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты мәліметтер беріледі, автордың шығармашылық зертханасы туралы қызықты ақпараттарды айту, оқулықта не ғаламторда жоқ мәліметтермен сусындату сабақтың сапасын арттырады деп ойлаймын. Мектебімізде 7–9-сынып арасында «Жазу өнері» деген пән бар. Ол сабақта да әдебиет төңірегінде эссе, баяндама, әңгіме, мақала жазу жайын оқушыларға түсіндіреміз. Әдебиетті өтудегі басты мақсат – ұлтымыздың тарихы мен салт-дәстүрін тереңірек түсінуіміз, қайраткерлердің тұлғасын жақсырақ ұғынуымыз. Ұлттық лицейімізде тек қана қазақ халқының әдебиеті оқытылмайды, сонда да қазақ әдебиеті пәнін бірінші орынға қоямыз. Біз оқушыларға барынша әдебиетті ұлттың тарихи санасының жаңғыруымен ұштастырып, түсіндіреміз.  
Баланың аудиал, визуал не кинестетик екенін аңғарып алған жөн. Алдында сабақта «Бақытсыз Жамалдың» тағдырын оқушыларға баяндап бердім. Көп уақыт та өткен жоқ, бірде сол сабақта отырған бір оқушы TikТok-тегі трендіге ілінген бір видеоны маған көрсетті. Алып көрсем, сол мен өткен тақырып болып шықты. «Алдында сабақта айтылған тақырып қой» деп едім, оқушым деген аң-таң. Әлеуметтік желінің құдіреті күшті болып тұрған заман ғой. Мерзімді баспасөзді соған сай икемдеу, берудің де тәсілі осындай деңгейде болса деп ойлаймын. Иә, барынша баланың білім алуына ықыласын арттырамыз-ақ, дегенмен де ата-ананың әдеп үлгісінен баланың үйренері он есе көп екенін айтқым келеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп дана қазақ бекер айтпаған. 
Ұсыныстарым: 
Наурызбай ауданындағы мектепте әріптестерім газет шығарады. Ол газетте басқа ақпараттан бөлек оқушылардың жетістігі де жазылады. Балаға одан әрі оқуына деген стимулын арттыруда бұл оңтайлы жол деп есептеймін. Себебі ол автор бола отырып, мақала жазудың не екенін, ойын қалай жеткізуге болатынын іс жүзінде түсіне бастайды. Мектепте шыққан газет­термен қазақ газеттерінің арасында байланыс болса, жақсы болар еді, егер отандық басы­лымдар мектеп шығарған газетті бағалап,  әділ бағасын берсе, олар шабыттана түсер ме, бәлкім...
Біріншіден, ұлттық баспасөздің мектептегі орнын қалыптастыру үшін мектепте газет-журнал шығаруға мүмкіндік беру. Екіншіден, баспасөзде ата-аналармен бала тәрбиесі туралы сұқбат ұйымдастырып тұру, түрлі байқау мен ойын, сыйақы ұсыну түрінде ұлттық баспасөзді үгіттеуге, насихаттауға болады.  

 

Құралай ӘБДІНАЗАРҚЫЗЫ, №180 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: 

 

Балалар газет арқылы сөздік қорын байытады

 

– Мемлекет қай кезде мемлекет болып қалыптасады? Әрине, ұлттық құндылықтары сақталған жағдайда ғана. Ұлттық ұғымымыздың ең негізгісі – ана тіліміз. Ана тілі еліміздің мектептерінде және өзім еңбек етіп отырған №180 мектеп-гимназиясында кеңінен насихатталады. Күнделікті оқу үдерісінде оқушылардан ана тілімізде таза сөйлеуді талап етіп отырамыз. Сыныптан тыс тәрбиелік мәні бар іс-шараның барлығы ана тілді құрметтеуге бағытталған. Ұлттық баспасөздің мектеп ордасында алатын орны зор. Балалар басылымдары оқушыларға түрлі әдебиет, мәдениет, тарих т.б. салалардан жаңалық пен пайдалы ақпарат ұсынады. Бұл балалардың дүниетанымын кеңейтеді. Оқушылар әртүрлі мәтін мен мақалаларды оқи отырып, сөздік қорын байытып, тіл байлығын арттырады. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға болсын, орта буын оқушыларына болсын, «Ұлан», «Ақ желкен», «Мөлдір бұлақ» сынды балалар басылымдарының берер тәрбиелік мәні өте зор. Газет-журналдарды оқу оқушыларға қиялын ұштауға, шығармашылық қабілетін дамытуға, сезімі мен эмоциясын тануға, басқа адамның сезімін түсінуге, сондай-ақ дұрыс қарым-қатынас жасауға баулиды. 
«Балдырған» журналындағы партада отырған 1-сынып оқушыларының суреті олардың назарын аудартып қана қоймай, сабаққа деген қызығушылығын оятады. Әсіресе Ыбырай Алтынсариннің шағын болса да, тұтас өмірге рухани азық болатын шағын әңгімелері, баланы зеріктірмейтіндей күнделікті өмірден алынған, отбасы мәселесіне байланысты жазылған шағын әңгімелер мен әлеуметтік желіде уақытты тиімді өткізуге байланысты жазылған авторлардың мақаласы, расымен, оқуға тұрарлық. Халықаралық додаларда еліміздің атын шығарып жүрген әйгілі спортшыларымыз туралы мақалалар – балаларымызды саламатты өмір салтына жетелейтіндей асыл дүние. 
Ауыз әдебиетінің бай үлгілерінің бірі де бірегейі саналатын қазақ ертегілері, аңыз, қисса-дастандар балалар басылымында «Ертегілер елінде» деген айдармен басылып жатады. Мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, санамақтар да балаға әрқилы пайдасын тигізеді. Балалар мақал-мәтелдер мен жаңылтпаштарды қайталап айта отырып, сөздік қорын байытады, дыбыстарды дұрыс айтуға үйренеді. Жаңылт­паштар әсіресе тілдің дәлдігін арттырады, сөйлеу дағдысын жетілдіреді. Мақал-мәтелдер балаларға ойлануға, мән-мағынаны терең түсінуге үйретеді. Олар өмірдің түрлі жағдайына қатысты ұстанымдар мен принциптерді түсінуге жағдай жасайды. Мақал-мәтелдердің көбісі терең философиялық мәнге ие, сондықтан балалардың логикалық ойлауын ілгерілетеді. Бір ғана жаңылтпаштар мен санамақтар баланың есте сақтау қабілетін жақсартып, сөздерді есте сақтауды жеңілдетеді.
Тағы бір мәселе, мектепте ата-ананың сөзі өтімді заман болды. Кей ата-ананың «мектеп ақша жинайтын ордаға айналды» дейтін сөзіне мерзімді баспасөзге жазылу ұғымы да еніп кеткен соң, қазір бұрынғыдай жазылу науқаны өткізілмей кетті. Балаларды еркінен тыс мәжбүрлеуге болмайды ғой. Жазылу болмағаннан кейін  әрбір оқушының алдына мерзімді баспасөзді қоюға мүмкіндігіміз жоқ. Қазіргі заманғы мектеп оқушылары ғаламторды көп қолданады, сондықтан газет-журналдардың онлайн нұсқаларын жасау да маңызды дейміз ғой. Бірақ тұрақты оқырман сол мерзімді баспасөздің Instagram, Youtube, TikТok әлеуметтік желілерінде парақшаларының бар екенінен хабардар. 
Газет-журналдарға жазылу науқанын жаңаша қалыпта әкелу керек сияқты. Балалар сол газет-журналдарды оқи келе, келесі санын үздіксіз күтетіндей, өздері де үн қосуға талпынатындай дәрежеге жеткенін қалаймыз. 
Мемлекеттік стандарт бойынша оқу бағдарламасы енгізілген. Сол оқу бағдарламасында әр сынып бойынша сабақтың мақсаты көрсетілген. Сол сабақ мақсаттарының бір бөлігі ретінде балаларға әртүрлі шығармашылық жұмыс түрін ұсынамыз. Оқушылар берілген тапсырманы қорғап, игеріп алып шығуы керек. Соның бірі –  мақала жазу. Анығында, ғылыми, ресми-іс қағаздар, публицистикалық, көркем әдебиет және ауызекі сөйлеу стилінде мәтін жазу. Сабақ беру үдерісінде ақсап тұрған жағымыз да осы. Оқушылардың мақаланың не екенінен хабары орташа деңгейде. Неліктен? Өйткені балалар газет-журналды қолына алып, оқымайды. Қанша дегенмен, оқушыға pdf-нұсқадан гөрі қағаз нұсқасын алып оқыған дұрыс.  Бастауыш сыныптан «Балдырғанды», «Ұланды», «Ақылдымды» оқып өскен жағдайда мақала туралы таным-түсінігі қалыптасқанында, жоғары сыныпқа келгенде мақала жазудың шеберіне айналар еді. Өзім орта және жоғары буын сыныптарына сабақ беретіндіктен, сөздің турасын айтып отыр­мын. Газет-журналдың жалпы адам баласына беретін пайдасы зор, егер оқушылар басылымды оқуды қолға алса, бұл оларға мектептегі барлық пәнге қосымша сабақты алмас­тырар еді деп пайымдаймын. 
Балалар өз ойын жеткізе алмай, тілі күрмеліп, келмей жатқан соң, тілді шұбарлап  жатады. Қарап отырсаң, ол баланың бәрі қазақ. Жаһандану заманымен тұспа-тұс келіп отырған қауіпті мәселе – осы. Өз елімнің патриоты ретінде алдыма келген оқушының құрал-жабдықтарының атауына дейін қазақша болуын қадағалаймын. Ондай болмаған жағдайда сатып алған дүкенінен қазақша жазуы бар дәптерді беруін талап ету керегін айтамын. Сіз бен біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптемесек, ол тілде сөйлемесек қасымызда жүрген өзге этнос­тық топтан не сұрауға болады деген ой келеді.  
Тағы бір мәселе, балалардан қазақша шығармаларды неліктен оқымайтынын сұрадық. Олар «Абай жолын», «Ақбілек» романын, «Ұлпан» шығармасын оқығысы келетінін, бірақ таныс емес, байырғы қолданыстағы сөздерді көріп, зерігіп, кітаптың бетін жаба салатынын айтты. Көнерген сөздер мен тұрақты тіркес­тердің мән-мағынасын түсіндіретін сөздіктер, корпустар мен сайттар жоқ емес, бар. Бірақ осы бағытта шығып жатқан мақалалар, яғни жаңалықтар бізге жетпей жатады. Басты мәселе де осыдан туындап отырған сыңайлы. Осы тұрғыда газет-журналдың тілшілері, Тіл білімі институтының мамандары мектептер мен университеттермен ұдайы, тығыз қарым-қатынас орнатуы керек деп есептеймін.  

Дөңгелек үстелді жүргізген 
Бағдат Сұлтанқызы

 

 

 

1077 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы