- Ақпарат
- 30 Қаңтар, 2025
Ұлттың үні, рухтың жаршысы

Дағжан Белдеубай,
«Ana tili»
Елімізде 2023 жылдан бастап 2 ақпан Ұлттық басылым күні болып белгіленді. Әрине, бұл – дұрыс шешім. Өйткені қалың қазақ оқыған, ауызша тараған ақпар емес, қағазға басылып шыққан басылым 1913 жылы дәл осы күні жарық көрді. Ауызша деуіміздің себебі оған дейін ел ішіне, қазақ ауылына хабар атаулы әлдекімдердің айтуымен тарайтын. Ауыз әдебиетін жай дамытып қоймай, гүлдендірген ұлт үшін ол қиын емес еді.
Қағазға басылып шыққан қай басылым десеңіз, әйгілі «Қазақ» газеті. Екінші ақпанда Орынбор қаласында, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен, маңдайшасындағы киіз үйдің есігіне (дұрысы – есік ретінде) төте жазумен «Қазақ» деп жазылған газет басылып шықты. «Қазақ» жалпыұлттық газетке айнала алды. Яғни жалпыұлттық деңгейге көтерілген тұңғыш басылым. Онда сол замандағы барша қазақтың тұрмыс-тіршілігі, жалпы, Ресей империясындағы, шетелдердегі саяси жағдай, мәдениет, оқу-ағарту, дін мәселесі түгелдей дерлік қамтылды.
Дегенмен «Қазаққа» дейін де халықты түгел елеңдетпесе де, қазақша басылымдар болды. Бұл ретте «Қазақстан» газетін алдымен айтқан жөн. 1911 жылы Бөкей Ордасында дайындалып, Астраханда басылған, сосын Оралда жарық көріп тұрған «Қазақстан» газетінің негізгі шығарушысы, зерттеушілердің жазуынша, Ғұмар Қараш болыпты. Әділін айту керек, жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақша газет атаулының төлбасы, расында «Қазақстан» газеті. Сол заманда елдің атымен газет шығару, айтса айтқандай, ерлік болатын.
Кеңес Одағы кезінде Мұқамеджан Сералин есімі қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жиі айтылатын. Университеттің журналистика факультетінде Мұқамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестік болғаны есте. Бірлестік мүшелері – студент ақын-жазушылар анда-санда қабырға газетін шығарып тұратын. Ал сол Мұқамеджан Сералин 1911 жылдан бастап бес жыл бойына, Троицк қаласында «Айқап» атты журнал шығарғаны сол заманда көтеріңкі көңіл күймен дәріптелетін. Керісінше, «Қазақ» туралы ешкім жақ ашпайтын. Біз тіпті кезінде сондай газет шыққанынан хабарсыз болдық. Оқытушыларымыз Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» аталған байшыл, ұлтшыл Мағжан ақын туралы сырдың шетін ғана шығаратын. Әредік кейбір профессорлар тек ұнатпаған сарында өлеңдерінен үзінді оқитын. Арыға бара алмайтын (мүмкін, жорта ұнатпаған болар). «Ай, қап, кеш қалдым-ау» деп қазақ өкінгеннен осылай аталған делінетін «Айқап» журналы да, «Біздің қазақ «Қазақ» газетасы шыққан соң «Айқап» журналын тастап кете ме деп күдік көремін» деп Шәкәрім Құдайбердиев айтқандай, 1915 жылы жабылып қалған. Шамасы, сауысқаннан сақ кеңестік идеологтерге «Қазақтан» гөрі «Айқапты» айту оңтайлы көрінді, себебі жиырмасыншы ғасыр басында бірде-бір қазақша басылым болмады деу күдік тудыратынын сезсе керек. Әрі «Қазақ» газеті саяси басылым, Алаш зиялылары саяси ұйым ретінде танылғандықтан, Кеңес үкіметі оларды бәсекелес емес, тіпті жау ретінде бағалағаны, бір ұлттың қаймағын түгелге жақын оққа байлағанынан көрінді. Бәлкім, «Айқап» «Қазақты» ұмыттыруға, тасасында қалдыруға оңтайлы нұсқа болған шығар.
«Ай, қап» демекші, расында, қазақ оқығандары елдің көзін ашатын газет-журнал шығаруда да (әрине, «Дала уәлаятының газеті», «Түркістан уәлаятының газеті» секілді ресми басылымдарды қоспағанда) біршама кешікті. Десе де 1917 жылғы төңкеріс, Алаш зиялыларының көрегендігі, қайтпас қайсарлығы қазақты қалайда оятты. Кешікті деуіміздің себебі, зерттеушілердің айтуынша, әсіресе ноғай, татар ағайындар бұл іске бір ғасыр бұрын (1808 жылдардан бастап) кіріскен екен. Бірақ патша өкіметі рұқсат бермеген, бергенді қойып, осы іске талпынған ұлт зиялыларын қуғындаған. «1863–1895 жылдар аралығында ноғайдың оқығандары ондаған газет-журнал шығаруға пәрмен сұрап, жоғарғы жақтың есігін тоздырды» (Ғарифолла Әнес). Патша үкіметінің ондағы басты қаупі – ұлт тілінде газет-журнал шығару сепаратизмге бастайды деп сақтанған. 1900 жылы әр ноғай зиялысының соңына не айтып, не істегенін бақылау үшін жансыздарды салған. Алайда түрлі себептерге байланысты тек 1904,1905 жылдардан бастап қана аз ұлттардың тілінде газет-журнал шығаруға рұқсат беріле бастапты. Зерттеушінің өз сөзімен айтсақ: «Көзі ашық, көкірегі ояу ноғай оқығандары газет-журналға сусап қалғаны соншалық – 1906 жылы – 16, 1907 жылы – 13 жаңа басылым ашып ұйымдастырды… жалпақ Ресей империясына жайыла қоныстанған ноғай ағайындардың 1917 жылы 50 атаулы газет-журналы шығып тұрды» (Ғарифолла Әнес). Осы көп басылымдарда қазаққа қарақалпақ секілді ең жақын ұлттың бірі ноғай зиялылары, бөліп-жармай жалпы түрікке ортақ мәселелерді де сөз еткені айтылады.
«Қазақтан» кейін «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұшқын» (қазіргі «Егемен Қазақстан») секілді газеттер көбейгені мәлім. Себебі патша үкіметі құлап, Кеңес үкіметі орнай бастаған аласапыран шақта дау-дамай да, соған сай өзгерістер де жиі болғаны белгілі. Әрине, аумалы-төкпелі заман туғанда, төңкерістер кезеңінде, әсіресе қоғамдық формация өзгергенде газет-журнал көбейетіні бар. Кезінде Еуропа елдерінде де солай болған деседі. Қазан төңкерісін қойып, тоқсаныншы жылдардағы Азаттықтың елең-алаңында да Қазақстанда талай жаңа басылым жарық көріп, кейін біршамасы жабылып қалғанын білеміз. Сол кезеңнің игі жаңалығының бірегейі – осы «Ana tili» апталығы. Әрине, уақыт сынынан сүрінбей өткен басылымдардың ғана ғұмыры ұзақ болмақ.
Әріден, балалар басылымдарынан бастасақ, 1925 жылы Орынборда «Пионер» журналы жарық көріпті. Журнал әр жылдарда «Екпінді жас», «Вожатый көмекшісі» болып түрліше аталып, 1978–1996 жылдары бас редактор болған атақты ақын апамыз Фариза Оңғарсынованың кезінде (1991 жылы) «Ақ желкен» атауы берілген.
Ал «Пионер» газеті 1930 жылдан бастап басылған. Алғашқы саны газет ішіндегі газет болып «Лениншіл жас» газетінің қосымшасы ретінде жарияланыпты. 1946 жылы «Қазақстан пионері», 1990 жылы «Ұлан» болып өзгеріпті. Газетке биыл 95 жыл толғанын айта кетейік. Иә, балалар басылымдары да үлкен міндет атқарды дей аламыз. Кеңестік патриоттарды тәрбиеледі, бірақ бастысы осы басылымдарды балғын ұрпақ ана тілінде оқыды.
Қазіргі «Жас Алаш» газеті 1921 жылдан бастап шығып келе жатқанын білеміз. Бұл басылымның да аты «Жас қайрат», «Өртең», «Жас қазақ», «Лениншіл жас» болып құбылғанын көреміз. «Жас Алаш» жастар газеті болғандықтан, қай заманда да жастарға тән албырт (максималистік) мінезбен саясатта да, басқада да ұлттың ой-санасын алға жетеледі, серпін берді.
Жиырмасыншы жылдардың басында шығып, жабылып қалғанымен, «Шолпан» және «Таң» журналдары да ұлт руханиятына белгілі дәрежеде ықпал еткені анық. Бұл орайда 1928 жылдан шығып келе жатқан «Жұлдыз» журналының орны бөлек. Журнал «Жаңа әдебиет», «Жыл құсы», «Әдебиет майданы», «Әдебиет және искусство» делініп,1957 жылдан бері қазіргі атауын иеленіпті. Қазақты қазақ қылып келген әдебиеті десек, ұлы ақын-жазушыларымыздың ең керемет туындыларының дені кітап болып шықпас бұрын, «Жұлдызда» жарияланғанын айтпай кетуге болмайды. Кітапқа қолы жетпеген оқырман әйгілі шығармалардың осы журналдық нұсқасынан шөлін қандырғаны анық. Ол сапта осы жолдардың авторы да бар. «Жұлдызда» жарияланып, кейін классика болып мойындалған прозалық, поэзиялық туындылардың ұзыннан-ұзақ тізімін жасаудың қажеті бола қоймас.
Әрине, жарық көре бастағанына былтыр 90 жыл толған «Қазақ әдебиеті» (1934) газетінің де орны бөлек. Әсіресе алпысыншы, жетпісінші жылдардағы ұлт әдебиетінің шарықтап дамыған дәуірінде, газет оқырманы да рухани тұрғыдан түледі. Сексенінші, тоқсаныншы жылдардағы жаңаруларда, «мың өліп, мың тірілген» ұлт ретіндегі болмысын осы газет арқылы таныды.
Кеңестік билік космос заманы басталған 1960 жылы қазақ жерінде ғылымды насихаттайтын журнал ашуға қаржы бермепті. Мәскеудің ұрықсатымен бұрынғы «Пионер» журналының орнына «Білім және еңбек» журналы ашылыпты. Бас редакторы – Камал Смайылов. Осы журналда 1962 жылдан бастап әл-Фараби еңбектері тұңғыш жариялана бастағанын айта кеткен абзал. «Білім және еңбек» 1987 жылдан бастап «Зерде» атымен жарық көрді. Журналдың 1970 жылғы сандарынан «Жасанды тағам», «Салмақты металл», «Ағылшынша сөйлейік», «Физикалық терминдердің түсіндірмесі», «Математика термині» секілді тақырыптарына қарап, қазір ғылым нағыз керек кезде осындай журнал неге жоқ деген ой келді.
1958 жылы шілдеден «Мәдениет және тұрмыс» журналы шыға бастаған. Тұңғыш саны он мың дана делініпті. Журнал 1990 жылдан бастап «Парасат» аталды. «Мәдениет және тұрмыс» журналы да кеңестік идеологияны алға ұстай отырып, ұлттық таным-түсінікке қатысты дүниелерді үзбей бергені анық байқалады. Журналдың қазақ әншілерін, актерлерді, қазақ фильмдеріндегі кейіпкерлерді жарқыратып бергенін шетел қазақтары үйіне де іліп қойғанын көрдік. Олар сол суреттерге қарап, қазақ болып туғанына марқаятындай әрі қызығатындай көрінетін. Идеологияның құдіреті деген – сол.
«Бұл басылымдардың данасы, бағасы қанша болды екен» деген оймен Алматыдағы Ұлттық кітапханадан 1970 жылғы санын алып қарадық. «Қазақ әдебиеті» газетінің данасы жазылмапты. Бірақ әр санының бір данасы төрт тиын делініпті. Осы тиын деген баға қызық көрінді де, 1980 жылғы санын алдырып тамашалағанымызда бағасы сегіз тиын болып өсіпті. Онда да қанша дана екені жазылмапты. 1970 жылғы «Лениншіл жастың» да данасы көрсетілмепті. Бағасы екі тиын. Редактор Ш.Мұртазаев деп жазылған газетте, Мұхтар Шаханов ағамыздың «Танакөз» поэмасы жариялана бастапты. Ал «Жұлдыз» журналының 1970 жылғы алғашқы саны 171 663 дана болып басылыпты. Бағасы елу тиын. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Күйреу» деген романы көзімізге оттай басылды. Көз жүгіртіп көргенімізде Тәңірберген, Еламан секілді «Қан мен тердегі» кейіпкерлер алдымыздан шықты, бірақ біз оқығаннан басқаша нұсқа болып көрінді.
«Мәдениет және тұрмыс» журналы 1970 жылы 295 021 дана, бағасы жиырма тиын. «Білім және еңбек» журналы 113 456 дана, бағасы он бес тиын. Газеттердің данасы белгісіз болғанымен, жоғарыдағы журналдардан көп болмаса, аз емес деп жорамалдай аламыз. Өйткені сексенінші жылдарда Алматыдағы газет-журнал сатылатын дүңгіршектерге бұл газеттерді сатып алу үшін талай мәрте кезекке тұрғанымыз есте. Сізге өтірік, бізге шын, кейде лезде сатылып кеткендіктен, таба алмай табанымыздан таусылғанымыз да бар. Ілкідегі жүз, екі жүз, үш жүз мыңға жуық дана бүгінгі басылымдар үшін ертегі секілді көрінеді. Бірақ ол ойдан шығарылған сан емес.
Демократия, сөз жоқ, жақсы, бірақ диктатураның да өз жақсылығы болады. Әрине, қазақ халқының көп бөлігі 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін де арабша сауатты еді, кеңестік идеологтер санамызға сіңіргендей надан халық емес едік. Рас, мектеп, оқу құралдары жетіспеді. Кеңес өкіметі мектеппен, оқу құралдарымен қамтамасыз етті, кирилше хат тануды міндеттеді, тіпті зорлап оқытты десек те болады. Халық жаппай сауаттанды. Жаңағы жүз мыңдаған дана басылымдар соның айқын нәтижесі. Кеңес өкіметінің осы оң ықпалын қалайда бағалаған дұрыс.
Қысқасы, кеңес дәуірінде барлық басылым биліктің сойылын соқты. Кеңестік идеологияға қызмет етті. Бірақ идеологияға қызмет ете отырып, ұлтқа өзінің тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өнерін, тарихын ұмыттырмауға барын салған да сол басылымдар. Өйткені сол басылымдарда ұлт зиялылары жұмыс істеді. Сондықтан кеңестік дәуірде жарық көрген барша газет-журналдың ұлт үшін қалай да игі ықпалы болғаны анық. «Ленин партиясын» жырлай отырып, «Мен қазақпын» (Жұбан Молдағалиев) деп айту тәсілін бұл басылымдар астыртын болса да қолдана білді. Біз білетін барлық атақты ақын-жазушы сол газеттің редакциясында қызмет істеді, болмағанда шығармалары жарық көріп жатты. Ең қиын кездерде де ұлттың сөзін сөйлеген де сол қаламгерлер.

868 рет
көрсетілді0
пікір