- Ақпарат
- 30 Қаңтар, 2025
Ел мүддесін ойлайтын отаншылдар керек

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеп, өзекті мәселелерге тоқталды. Жетістіктерді айтты, кемшіліктерді атап өтті. Үкіметке, тиісті атқарушы билікке нақты тапсырма берді.
– Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек.
Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ.
Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе инвестиция нарығында бәсеке қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Көрсеткішке көңіл толғанымен, бұл 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендегенін атап өтті. Бұл орайда жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Осыған байланысты Президент үкіметке нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, «үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті».
– Әлем Қазақстанға зор сенім артады, бізді орта держава ретінде таниды. Алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс. Қазіргі геосаяси жағдай көршілермен, атап айтқанда, Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Бұл аймақтың бәсекеге қабілетін күшейтеді. Үкімет өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп кешені және басқа салалардағы өзара тиімді байланыс бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек. Бұдан бөлек, Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын айрықша назарда ұстаған дұрыс, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керегін айтты. Бұл орайда Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Президент сондай-ақ тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау қажеттігіне тоқталды. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет. Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керек.
Мемлекет басшысы цифрлық технологияны жан-жақты енгізу қажеттігін айта келіп, Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырды. Алайда цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады. Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек.
Президент энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру мәселесіне қатысты да тапсырма берді..
– Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы, елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл – еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет.
Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат қажет, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақ гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл айдан анық. Үкімет 2027 жылы Батыс аймақтағы электр желісін еліміздің Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесімен біріктіруі керек. Сондай-ақ Оңтүстік аймақтағы электр желілерін күшейту жобасын жеделдеткен жөн. Оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығын жою үшін «жасыл» энергетика саласында ірі жобалар мен бу-газ қондырғылары іске қосылды. Сондықтан 2026 жылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырына қарасты екінші тармақтың алғашқы кезеңін аяқтауымыз керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажеттігін айта келіп, Үкімет пен әкімдерге, атқарушы органдарға нақты тапсырма берді.
– Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет.
Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және басқа бағдарламалар. Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда бұл жүйе әрдайым жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс. Бұл орайда Президент «Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді» дегенді айтты. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа бюджет және салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр. Бұл мәселені қоғам жіті бақылап отыр. Сондықтан бүкіл жұмыс ашық әрі түсінікті, кәсіби деңгейде жүргізілуге тиіс. Халыққа саясатымызды түсіндіру керек.
– 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банк өз шығынын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр. Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын. Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді. Қомақты қаражат бергеніміз рас, – деді Мемлекет басшысы.
Президент денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керегіне тоқталды. Бұл орайда халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбеюде. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс.
– «Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлде төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны әсіресе аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны жөн.
Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

874 рет
көрсетілді0
пікір