- Ақпарат
- 30 Қаңтар, 2025
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы: Орта держава болудың орны бөлек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзін мұқият қарап шықтым. Елдің дамуы бойынша, біздің аймақта, жалпы, әлемде өте күрделі геосаяси жағдай болып тұр. Әлемдегі түрлі дағдарыстың бәрі халықаралық қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде бізді де айналып өтпейді.
Президент орта держава терминін жиі айтып жүр. Жалпы, үлкен держава ретінде АҚШ, Қытай, Ресей сияқты айналамызда еуропалық мемлекеттер бар. Солардың бәрі әлемдік саясат пен экономикаға ықпал етіп жатады. Сондықтан державалардың арасындағы қарама-қайшылықтар, мысалы, Украина мен Ресейдің арасындағы болып жатқан жағдай мәселелерге тікелей әсер етіп отырады. Менің ойымша, орта держава әлемде, аймақта тұрақты дамып келе жатқан мемлекеттер. Өзінің аймақтағы және әлемдегі ғаламдық дәрежеде болып жатқан түрлі саяси, экономикалық, экологиялық, гуманитарлық мәселелерге белсене араласып, оның шешу жолында бастама көтеріп, ұсыныстар айтып, соған әрекет жасайтын мемлекеттерді орта державалар деп есептеймін. Президент соны айтып отыр.
Қазақстанның еуразиялық кеңістіктің ортасында, солтүстігімізде әлемде территориясы жағынан үлкен Ресей бар, шығысымызда Қытай, оңтүстігімізде бүкіл ислам әлемі елдері орналасқан. Сондықтан осы мәселелерді ортақ держава ретінде ұтымды пайдаланып, экономикалық, саяси, аймақтық проблемаларды көтеруге зор мүмкіндік туып тұр. Президенттің өзі де айтып өтті, ол үшін Қазақстан өзін дәлелдеуі қажет, өзінің ішкі мәселелерін де реттеу керек. Демек, еліміздегі экономикалық модернизация бойынша бүгінгі айтқан мәселелер оң шешімін табуға тиіс. Экономиканы, өнеркәсіпті дамытып, инвестицияны тарту керек. Жалпы, инфрақұрылымды күшейтіп, дамытқан жөн. Еуразиялық кеңістікте орналасқаннан кейін көлік, логистика, энергетика, сауда қарым-қатынасының бәрі осыған көп әсер етеді. Сонымен қатар өндіріс пен өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, жаңа технологияларды дамыту сияқты мәселелерді көтере отырып, мүмкіндігінше мұнай мен газдан тәуелділіктен арылу қажет. Мұның бәрі біздің орта держава ретінде, бір жағынан, қалыптасуымызға, екінші жағынан, өзімізді көрсете білуімізге мүмкіндік береді.
Біз үнемі ұлттық мүддемізді ескеріп, аймақтық, әрі қарай ғаламдық мәселелерді шешуге ұсынысымызды білдіріп, соған белсенділік танытып келеміз. Екінші жағынан, осы ортада соның шешілуіне барынша күшімізді салуымыз керек. Сол кезде әлемдік қоғамдастық бізді орта держава ретінде таниды. Егер біз реформаны толыққанды іске асырып, тұрақты қалыптасқан, дамыған мемлекет ретінде көрсете білсек, яғни бізбен тең дәрежеде сөйлеседі, біз өзімізді мойындатамыз.
Әзірлеген
Бағдагүл БАЛАУБАЙ

682 рет
көрсетілді0
пікір