- Ақпарат
- 30 Қаңтар, 2025
Тіл саясатын іске асыру мемлекет үшін аса маңызды

Аман МӘДЕЛХАНҰЛЫ,Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры
Алматы – көпэтносты қала, мұнда әртүрлі этнос өкілдері өмір сүреді. Қала халқының этностық құрамы әртүрлі болғанымен, басым бөлігі – қазақ. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қала тұрғындарының 62,4 пайызы қазақ, 20,5 пайызы орыс, 5,4 пайызы ұйғыр, 1,8 пайызы кәріс, 1,5 пайызы татар, 0,9 пайызы әзербайжан, 1,0 пайызы украин және қалған 6,5 пайызы басқа этностар.
Алматы – халқы табиғи өсіммен де, көші-қон арқылы да жылдан-жылға көбейіп келе жатқан қала. Айталық, 2024 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, қала тұрғындарының саны 2 228 675 адам болса, 2024 жылғы қыркүйектегі деректе адам саны 42 096-ға өсіп, 2 270 771-ге жеткен. Алматы қаласы – Қазақстанның барлық өңірінен келген адам үшін тартымды орын. Жұмыс, оқу және жақсы өмір сүру жағдайының болуы – ішкі көші-қонның басты себебі. Ауылдан, сондай-ақ шағын қалалардан халық Алматыға тұрақты немесе уақытша қоныс аударады. Алматы шетелдік азаматтар үшін де тартымды, әсіресе көрші елдерден мигранттар көбіне жұмыс іздеу немесе білім алу мақсатында келеді. Сонымен қатар шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлердің келуі де қаладағы экономикалық белсенділікті арттырып отыр.
Алматы тұрғындарының мемлекеттік тілді білу деңгейі артып келеді. Дегенмен қалада қостілділік (қазақ тілі мен орыс тілі) басым. Жас ұрпақ арасында қазақ тілін меңгеру көрсеткіші жоғарылағанымен, ересек буынның белгілі бір бөлігі күнделікті өмірде орыс тілінде сөйлейді. Бұл әсіресе орыс мектептері мен кеңес дәуірінде тәрбиеленген адамдар арасында байқалады. Орыс тілі – әлі де қаладағы негізгі коммуникациялық тілдің бірі. Халықтың көпшілігі орыс тілін жақсы меңгерген, бұл әсіресе аралас этнос өкілдері мен орыстілді қазақ арасында кең таралған. Ағылшын тілін меңгеру деңгейі жастар арасында жоғары, әсіресе халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтіндер мен шетелде білім алғандар арасында байқалады.
Алматы қаласында тіл саясатын іске асыру – мемлекет үшін аса маңызды және күрделі міндеттердің бірі. Қаланың этностық әртүрлілігі, қазақ және орыс тілдерінің басымдығы, сондай-ақ халықаралық тәжірибелердің ықпалы бұл үдерісте үлкен рөл атқарады. Мемлекеттік бағдарламалар қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге және оның мәртебесін арттыруға бағытталғанымен, Алматының әлеуметтік лингвистикалық және мәдени ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Қазақ тілін меңгеруді ынталандыру, мемлекеттік мекемелер мен бизнес секторында қазақ тілін кеңінен қолдану – осы мақсатқа қол жеткізудің негізгі жолы. Қаладағы тіл саясатын жүзеге асырудағы басты міндет – барлық этностық топты біріктіретін және интеграциялық рөл атқаратын қазақ тілінің мәртебесін нақтылай түсу. Осылайша, тіл саясатын толыққанды іске асыру арқылы Алматы қаласының тілдік ахуалын тұрақты түрде жақсарту мен тілдік ортадағы үйлесімділікті арттыру мүмкіндігі туындап отыр.

772 рет
көрсетілді0
пікір