- Ақпарат
- 06 Ақпан, 2025
Балалар әдебиетіне басқаша көзқарас қажет

«Балаларымыздың тілі неге орысша шығады?», «Неге қазақша мультфильмдерді көргісі келмейді?», «Неге ертегі тыңдамайды?» деп даурығатынымыз рас. Бірақ балалар әдебиетін сараласақ, қазіргі әңгімелер альфа ұрпақты қызықтыра қоюы екіталай екенін түсінеміз. Одан бөлек, балалар әдебиетін мультипликациялық жанрға айналдыру кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Ендеше, қазақ балалар әдебиетінің дамуы қай деңгейде? Жас қаламгерлердің қарымы қандай? Қайтсек, балалар әдебиеті бойынша берілетін ең жоғарғы Premio Andersen сыйлығын аламыз? Осыған байланысты бірқатар жазушылардан пікір алып көрген едік.
Сәуле ДОСЖАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Мемлекеттік қолдау болса...
– Қазақ балалар әдебиеті халық ауыз әдебиетінен бастау алатыны белгілі. «Бесік жырынан» бастап, «Санамақ», «Қуырмаш» сияқты ой-сананы дамытатын тақпақтар, ертегілер баланың қиялына қанат бітіріп, армандай білуге, мақсат қоюға, жетістікке жетуге үйреткен. XIX ғасырдағы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық шығармалары қандай, шіркін?! Кеңес дәуірінде Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев сынды қаламгерлер балалар әдебиетіне елеулі үлес қосты. Тәуелсіздік алған соң, бұл салада жаңа бағыттағы авторлар пайда болды, олардың қатарына Толымбек Әбдірайым, Қастек Баянбай, Сұлтан Қалиұлы, Дәулет Дәрмен, Нұрбек Нұржан, Ділдәр Мамырбаева, Адина Жүсіп, Елдос Тоқтарбай, Рүстем Сауытбай және тағы басқа қаламгерлерді жатқызуға болады. Айта берсек, балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген ақын-жазушылар қазір аз емес. Олар қазақы құндылықтар мен заманауи тренділерді үйлестіре отырып, жанрлық ауқымды кеңейтіп жатқаны рас. Алайда балалар әдебиетінің ауқымы қазақ кітап нарығында әлі де болса кеңейе түссе деген тілек бар. Оқырман талғамының өзгеруі қазіргі балалар әдебиетіне ерекше талап қойып отыр. «Мазмұндама», «Steppe&World» сынды баспалар сапалы аудармалармен айналысып, қазақ кітап нарығына өзгеше үлес қосып келе жатқаны қуантады. Болашақта балалар әдебиеті интерактивті форматтарға, комикс, анимация, геймификация элементтеріне бейімделуі керек. Себебі қазіргі балаларға сол қызық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да балалар әдебиеті мен балалар кітапханасына айрықша көңіл бөліп жатқаны қуантады. Мемлекеттік қолдау мен сапалы контент өндірісі артса, қазіргі балалар әдебиеті жаңаша серпін алатынына сенемін.
Айым АЛТАЙҚЫЗЫ, жас жазушы:
Жаңа заманға тың дүние керек
Балалар әдебиетін көркем әдебиеттің ғана емес, ұлттық педагогиканың діңгегі деп есептеймін. Себебі баланың оқуға алғашқы талпынысын оятатын, адами құндылықтар қалыптастыруға ықпалын тигізетін дәл осы балаларға арналған шығармалар. Біздің халықта бала оқуға тиіс, тәрбиелік мәні зор шығармалар жоқ емес. Батырлар жыры мен аңыз дастандардың өзі неге тұрады? Халық ауыз әдебиетіне өте бай екенімізді ешкім жоққа шығармайды. Алайда әр заманның өз адамы, ол адамдардың өзінше талғамы бар екенін ескеру керек. Қазір балаларға «батыр бол» десең, «біз кіммен соғысамыз?» деп сұрайды. Яғни бүгінгі буын – өзі тыңдап отырған дүниеге сөзсіз, көзсіз, шүбәсіз сене бермейді. Сондықтан қиял-ғажайып хикаяларға еніп кетуі қиын. Оның үстіне, интернеттегі қысқа видеолардың, тартымды контенттің, жарқ-жұрқ еткен бейнематериалдың көп болуы бала тұрмақ, үлкен адамның ұзақ ақпаратты қабылдау қабілетін бәсеңдетіп отыр. Енді қайтпек керек?!
Балаларға арнап қысқа ертегілер жазуды қолға алдым. Оның әлі де әлеуметтік желіде таратылу, жарнама мәселесінде кемшілік көп. Дегенмен балалардың сыни тұрғыда ойлануына, кез келген жағдайда альтернативті шешім көруге баулу басты мақсатым болды. Әрине, «мен жаздым – сендер оқыңдар» деп қарап отыратын заман емес. Әр жазушы өз туындысын оқылатын алаңға ұсынуы керек. Нарыққа шығару керек. Тұтынушыны тартуы керек. Қазір дүкенде балаларға арналған кітап баршылық. Көбі коммерциялық мақсатта шығарылған сияқты. «Менің атым – Қожа», «Тортай мінер ақ боз ат», «Интернат наны» сияқты әсер етпей жатыр. Жаңа заманның балаларына жаңаша көзқарастағы, тың дүние керек болып тұр.
Былтыр өзім сәбилі болып, балама құндақта жатқаннан оқи берейін деп ғаламтордан ертегі көп іздедім. Сөйтіп, «Қонжық» деген мобильді қосымшаға кез болдым. Ішінде жазба және аудио форматта ертегілер жинақталған. Бұл да бір жақсы бастама.
Мен қазақ жазушыларының талантына, шығармалардың көркемдік қуатына, авторлардың өресінің биіктігіне тәнтімін. Десек те, кейде жазушылар аса күрделі мәселені көтеремін деп салмақты дүние жазуға барын салып жатады. Саяси мәселені, елдегі түрлі трагедияны арқау етеді. Әркімнің шығармашылық жолы, ұстанымы әр түрлі ғой. Әрине, бұл қуантады. Дегенмен балалардың да оқуына ыңғайлы шығармалар тудырып, осы бағытта да ізденсе деген тілегім бар.
Жантас ЕРКІН, жас ақын:
Альфа ұрпақты кім тәрбиелейді?
– Кәсіби қазақ балалар әдебиетін Ы.Алтынсарин еңбектерінен таратып жүрміз. Бірақ нағыз балалар әдебиеті қазақтың фольклорында, жыр-дастанында екені бесенеден белгілі. Жан-жануарлар ертегісінен бастап батырлар жырына дейінгі ауызша әдеби мұрамызда балалар психологиясының детальдары қат-қабат. Ыбырай атамыздың өзі сол «теңізді» бері бұруға тырысқанын шығармаларынан анық байқауға болады. Кейін оны ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы С.Дөнентаев, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, Т.Жомартбаев сияқты белгілі жазушыларымыз жалғап, жандандырды. Осы орайда І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ө.Тұрманжанов еңбектері де бір төбе. М.Әуезов те жазушы ретінде осы жанрдан пісіп жетілгенін талай зерттеуші жазып жүр. «Көксерек» бүгінгі балаларға «қатал» болғанымен табиғат пен бала арасындағы алғашқы тіл табысуды үйрететін баға жетпес дүние. Құрмаштың әлеммен ұшырасуының алғашқы «қақтығысын» бейнелей отырып, автор жалпы адамзаттық тақырыпты баланың дүниетанымымен шебер ұсынады. «Балаңды аясаң, аяма» деген тәмсілді де осы арқылы алдыңғы шепке шығарады. «Көксерек» басы – бала, соңы – қарт повесть» дейтін сөздің де жаны бар ма деп ойлаймын.
«Көксерек» – «Том Сойердің хикаялары», «Гулливердің саяхаттары» сияқты әлемдік шығармалармен қатар тұра алатын туынды. Одан кейінгі «Менің атым Қожа» киносының да кеңес цензурасының тұсауында қалғанын бірі білсе, бірі білмес.
Қазақ балалар әдебиетінің жаңа бір белесі ол, әрине, «Менің атым Қожа». Қазіргі қоғамда кеңінен талқыланып жүрген «балалық жарақат» мәселесі де осы «Қожада» алғаш көтерілгенін ескерсек, бұл бүтін бір ұрпақты «емдеген» шығарма деп айтуға толық негіз бар. Ал тәуелсіздік жылдарынан кейін балалар әдебиеті біраз тоқырауға ұшырағанын сарапшылар да айтып жүр. Балалар жазушысы М.Әлімбаев пен ақын Ә.Тәжібаевтың «балаларға базарлығын» қайталап басып жатқан баспаханалар әлі бар. Бір өзі бір комбинаттай жұмыс істеген жазушы, ақын Байбота Қошым-Ноғай балаларға арнап дүйім еңбектер жазды. Бірақ заман өзгермейді, ұрпақ алмаспайды емес, ХХІ ғасырдың «зет» ұрпақтары пайда болғалы бері, «қазақ балалар әдебиеті сол талапқа қаншалықты сай боп жатыр» деген сауал қайта ілгері озды. Көзді ашып-жұмғанша аулада «альфа» ұрпақ ойнап жүр. Біз оларды қалай тәрбиелейміз? Менің пайымдауымша, қазақ балалар әдебиеті шамамен осы маңайда тұралап тұр. Жүгенін жұлқып, тұрғызып жіберетін бір серпіліс керек-ақ. Жазылмай да жатқан жоқ, жазылып жатыр. Мысалы, жақында ғана жазушы, журналист А.Әбілқайыр мен журналист А.Қаженовтың құрастыруымен төл әдебиетіміз қазақша комикстармен толықты. Онда Париж олимпиадасынан жүлде алған спортшыларымыздың еңбек жолы мен өмірі басты нысанаға алынған. Тың жанр ретінде комикс та қолдау мен насихатқа мұқтаж.
Бүгінгі балалар әдебиетінің алдыңғы шебінде мифолог З.Наурызбай келе жатыр деп санаймын. Одан бөлек З.Төрехан, О.Қасым, А.Тілеген, Ә.Байбол, Б.Ахмер, Д.Жылқыбай, Е.Қабділәшім сияқты жазушы әпке-ағаларымыз да бұл салаға жаңалық енгізуге һәм қазіргі балалардың талғамына сай болуға тырысып келеді.
Атақты Я.Корчак айтқандай «педагогика бала туралы емес, адам туралы ғылым». Дәл сол сияқты шын мәнінде әдебиет біреу ғана, ол балалар әдебиеті. Басқа әдебиет жоқ.
Мәселе дәріптелуінде немесе үкіметтің қазақ балалар әдебиетіне (жалпы тілге деп қарастырсақ та болады) деген жүрдім-бардым қарауында шығар. Себеп көп, тек бір тараптан ғана келе алмаймыз. Кешенді түрде зерттеу керек. Әдеби реформа керек.
Әзірлеген
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

537 рет
көрсетілді0
пікір