- Ақпарат
- 06 Ақпан, 2025
Қазақ тілін құрметтейтін түрік

Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған түрік азаматы — Зафер. Ол Қостанай қаласында тұрады. Шаһардағы «Элион» салонында шаштараз болып жұмыс істейді. Өз саласын жетік білетін ол жұртшылық арасында сыйлы әрі беделді.
Жуырда оның отбасымен таныстым. Перзенттері жергілікті №24 мектеп гимназиясында білім алады екен. Осы оқу орнында болып, кішкентай балақайлармен жолығып тілдестім. Сүп-сүйкімді ұл бала Оршун және оның қарындасы Альмина қазақ тілін жетік біледі.
Аз уақыт ішінде олардың қазақ тілін кәдімгідей жақсы меңгеріп қалғанына әбден көзім жетті. Үлкені 4 «Ә» сыныбына, кішкентайы 2«Б» сыныбына барады, қатарластарының алды. Балалардың сабақ үлгерімі, зеректігі мен зерделілігін сезген соң олардың ата-анасының тыныс-тіршіліктерімен таныстым. Отағасы Зафер бұл күндері 50 жаста.
Өзі Түркияның Тракия аймағы Бабаэски қала типтес елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Мұстафа дүниеден ерте кетсе де ұрпақтарын өз бетінше адал еңбек етуге, адамдық қасиеттерін жоғары ұстауға баулыпты. Ол ғұмырлық қосағы Арзу екеуі үш баласына тәлімді тәрбие беріпті. Ал кейіпкеріміз сол үйдің сүт кенжесі. Ондағы жергілікті халық негізінен ауылшаруашылығымен айналысады. Зәйтүн майын дайындап, жеміс-жидек өсіреді. Сонымен қатар өңірдегі фабрикада жұмыс істейді. Кейбіреулері сауда-саттықпен айналысады.
Ол осыдан он бес жыл бұрын сәті түсіп, Сарыарқадағы көрікті қала Астанаға біржола ат басын тірейді. Зафер үшін өзі бір ұлындай болып кеткен қазақ елі құтты болды деуге толық негіз бар. Әлемдегі ең сұлу әрі аспанмен таласқан асқақ ғимараты бар елордамызда ол болашақ жары Самалды кездестіріп, 2013 жылы отау құрады. Жас жігіт қалыңдықпен шаңырақ көтермес бұрын ұлтымыздың барлық ежелден келе жатқан салт-дәстүрін ұстанып, болашақ жарының сонау киелі Торғай өңіріндегі Амантоғай ауылында ғұмыр кешіп жатқан туған-туысқандарының алдынан өтті. Сол кезде түтіні түзу ұшқан бір отбасының тірегі болып отырған ақ жаулықты Айғанымға қызымен отау құруға серттескенін айтып, оның ризашылығын алды. Сөйтіп, қазақтың барлық ырым, жол-жоралғылары жасалды. Тұяқ атамыздың әулеті қызын қолдан ұзатты. Міне, содан бері де біршама уақыт зырылдап өте шықты. Зафер мен Самал бір-бірін ұнатқандықтан, екі жақтағы туысқандарды бөлмей, теңдей қарым-қатынас жасады.
Отағасы қазақтың сыйлы күйеу баласы атанса, келіншегі Самал да азаматының туып өскен жеріне, әдет-ғұрпына ерекше құрметпен қарады. Осы арада екі ұлтты байланыстыратын ортақ рухани үндестік бар. Ең бастысы, дініміз бір, салт-дәстүріміз де ұқсас. Түрік бауырларымыздың анаға деген ілтипаты айрықша дер едік. Бұған мысалдар да жоқ емес. Зафер өзіне жарық дүние сыйлаған анасы Арзу сырқаттанып қалған кезде қамқорлық танытып, оны аяққа қою үшін барын салды.
Түркияда Алланың жердегі үйі мешіт өте көп. Жылда келіп отыратын Наурыз, адам баласын ізгілікке, бауырмалдыққа және қайырымдылыққа баулитын Ораза және Құрбан айт мейрамдарын барынша мәнді де мағыналы өткізеді.Бір шаңырақтың берекесін келтіріп отырған Самал қарындасымыздың айтуына қарағанда, ғұмырлық серігі мінезге өте бай, байсалды да ішкі жан дүниесі сұлу азамат. Осы уақытта дейін бір ауыз артық сөзге бармаған. Үйде де, түзде де өзін бірқалыпты ұстайды.
Сондай-ақ түрік жігіттері өзге мұсылман елдеріндегідей ер кісі отбасын асыраушы әрі қамқоршысы деп түсінеді. Сондықтан екеуі ерлі-зайыпты болғалы бері өзін алақанында аялап ұстап, балалардың тәрбиесі және оқуымен алаңсыз айналасуына барлық жағдайды жасады. Өзі де шаштараздық қызметін күнделікті біліктілікпен атқарады.
Қазіргі таңда сыйластығы жарасқан Зафер мен Самалдың отбасында алтын асықтай қос бала өсіп келеді. Мақаланың басында айтылғандай, олардың жасы жетіп, мектеп табалдырығын аттайтын шақ туғанда отағасы көп ойланған жоқ.
Қазақ елінде тұрған соң осы мемлекеттің тілін, мәдениеті мен тарихын құрметтеу біздің парызымыз деп түсінді. Алдымен тұңғыштары Оршунды қаладағы бастауыш қазақ мектебіне алып барды. Ұлдарының қазақ тілін қиналмай еркін меңгеріп кететініне шүбә келтірмеді.
Мұны білім ордасында болғанымда менімен емен-жарқын сөйлескен ұлағатты ұстаз Зәкира Асылбекқызы толығымен растады.Ұзақ жылдардан бері тапжылмай бір жерде еңбек етіп келе жатқан ол Оршун сыныптағы ең тіл алғыш, қабілетті әрі зейінді шәкірт екенін мақтанышпен айтты. Ата-анасы да мектеппен тығыз байланыста екенін айта келіп, талапты оқушының басқа да бірқатар қырларына тоқталды. Осы арада мен 4«Ә» сыныпта оқитын Оршунның ежелден келе жатқан ұлтымыздың ойыны тоғызқұмалақтан өткен жарыста жүлделі орындарға ие болып жүргенін білдім. Шахматқа да қатысады. Ағылшын тіліне де ден қойғанынан хабардар болдық. Қызы да өз сыныбындағы зерек оқушылардың бірі. Оған мектеп-гимназиядағы мұғалім Алтынай Қайратқызы дәріс береді. Бұл екі бауыр білім ордасының қабырғасында ғана емес, үйде де бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеседі.
Ол аз десеңіз, аналары Самал балалары сабаққа дайындалғанда үнемі қадағалап, ата-бабамыздан келе жатқан әрі олардың ұғымына жеңіл ертегі мен аңыздарды, жұмбақ пен мақал-мәтелдерді қосымша үйретіп отырады. Түрік елінің өзіне тән мәдениеті мен өнері жайлы да айтуды ұмытпайды.
Зафер жұмыстан қолы бос кезінде отбасы үшін еттен тағам жасауды да ұнатады. Қырық түрлі емге дәру ұлттық сусын қымызды да сүйсіне ішеді. Мұны онымен аралас-құралас жүрген жақын кісілердің бәрі де біледі.
– Қазақстанға келіп, осы жердегі бауырлармен тонның ішкі бауындай сыйласқаныма біраз жыл болыпты. Бас кезінде Астанада тұрсақ, кейін Қостанайға қоныс аудардық. Бұл жерде де қаншама қимас достар таптым. Балаларым да мемлекетік тілді жан-жақты меңгеріп, терең білімді маман болып қалыптасатынына нық сенімдімін, – дейді Зафер Хаджиоглу.
Оразалы Жақсанов

438 рет
көрсетілді0
пікір