- Ақпарат
- 06 Ақпан, 2025
Қосымша құн салығы: Шағын және орта бизнес күйрей ме?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында маңызды әрі бүкіл халықтың тұрмысына әсер ететін мәселені көтерді. Яғни салық жүйесін реформалауды тапсырды. Осыған байланысты премьер-министр Олжас Бектенов пен оның орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елде кәсіпкерлерге салынатын қосылған құн салығы көтерілетінін айтты. Қазір Қазақстанда ҚҚС мөлшері – 12 пайыз. Министрдің сөзінше, елде жиналатын жалпы салықтың 24 пайызы – қосылған құн салығынан түседі. Мұның аз екенін айтқан Үкімет басшысы салық мөлшері 20 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін ескертті.
«Бізде даму бюджетінің деңгейі төмен күйінде қалып отыр, оның себебі салықтан жиналатын қаржының аздығына байланысты. Қосылған құн салығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 20 пайыз. Республикалық бюджеттегі үлесі одан да аз – 10,8 пайыз. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40 пайыздан асады», – деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Қосымша құн салығын кімдер төлейді?
Ресми дерек бойынша, қазір елде тіркелген 2,3 млн-нан аса салық төлеуші бар. Министрдің сөзінше, оның 4 пайызы ғана, яғни 88 мыңы қосылған құн салығын төлеп жүр. Бұған осы салықты төлеуге міндеттейтін шек тым жоғары екені себеп.
«Яғни салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 78 млн теңгеден асатын тұлғалар ғана төлейді. Біз осы шекті мөлшерді 15 млн теңгеге түсіруді ұсынамыз. Елдегі шағын және орта бизнестің 80 пайызы осы шамада табыс тауып отыр. Қосымша құн салығы мөлшерін көтеретін болсақ, жұмыс берушінің әлеуметтік салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы жалақы қорына түсетін жүктемесін орташа есеппен 10 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетуге дайынбыз. Бюджет бұл шығынды өтей алады», – деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Егер үкімет ұсынып отырған жоспар іске асса, онда ҚҚС төлейтіндер қатарына 300 мыңға жуық салық төлеуші жаңадан қосылмақ. Үкімет бюджет-салық реформасының нәтижесінде қазынаға қосымша 6–7 трлн теңге қаржы түседі деп үміт артып отыр.
Қосымша құн салығын 12%-дан 20%-ға көтеру және ҚҚС шегін 74 миллионнан 15 миллион теңгеге төмендету кәсіпкерлерге қалай әсер ететінін салыстырып көрсеңіз. Мысалы, дәл қазір кәсіпкер келісімшарт сомасы 602 000 теңгеге тұрғын үй кешенін тазалауға алса, жеңілдетілген салық (3%) 18 060 теңге болады. Үш қызметкерге салықпен қоса 465 000 теңге жалақы төлесе, материалдар шығынына 25 000 теңге жұсайды. Ал кәсіпкердің пайдасы 93 940 теңге (рентабельділік – 15,6%). Ал осы қызметті жаңа қосылатын құн салығымен есептеп көрсеңіз, кәсіпкердің табысы азайғанын байқайсыз. Айналым салығы (4%): 24 080 теңге, қосымша құн салығы 20%) 120 400 теңге, жұмысшылардың еңбекақысы 465 000 теңге, материалдар шығынына 25 000 теңге жұмсаса, –32 480 теңге болып шығады екен. Мұндай жағдай қызмет көрсету өте тиімсіз болып шығады. Байқағаныңыздай, жаңа салық режімі кәсіпкерлердің жұмысын қиындатып қана қоймайды, шағын бизнесті құртып, оларды не жабуға, не көлеңкеге түсуге мәжбүрлейді.
Бизнестің дамуына кедергі
Кәсіпкер Гүлбану Майғаринаның сөзінше, табысқа шықпаған кәсіпкерден салық талап ету шағын және орта бизнесті күйретумен тең. Өйткені қосымша құн салығы қазынаны айтарлықтай толықтырғанымен, бірақ шағын және орта бизнес (ШОБ) үшін бұл ауыр соққы болуы мүмкін.
«Бұл салық қазынаны айтарлықтай толықпағанымен, шағын және орта бизнес (ШОБ) өкілі үшін бұл ауыр соққы болуы мүмкін. Кей адамдар кәсібін жабуға мәжбүр болады, ал кейбірі көлеңкелі бизнеске өтуі ықтимал. Баға өсуін өтеуі үшін тұтынушылардың кірісі жеткілікті емес, сондықтан бизнесте маржаны қысқартуға немесе уақытша шешімдер табуға мәжбүр болады. Бұл ШОБ-тың тоқырауына және нақты салық түсімдерінің төмендеуіне әкеледі.
Иә, шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін халықтың шамамен 70%-ын жұмыспен қамтамасыз еткенімен, бюджетке салықтың 5%-ға жуығын ғана төлейді. Алайда ШОБ өсу үшін жағдай жасаудың орнына жаңа салық ауыртпалықтарымен бетпе-бет келіп отыр, бұл оларды осал ете түседі», – дейді «Lanzhou» мейрамхана желісінің негізін салушы Гүлбану Майғарина.
Кәсіпкердің сөзінше, бизнес әлі пайда көрмесе де салық төлейді. Бұл, әсіресе қазірдің өзінде жоғары бәсекелестіктің, әкімшілік кедергілердің және тұрақсыз сұраныстың қысымына ұшыраған шағын бизнестің дамуына кедергі. Бұл кәсіпкерліктің өсуін бәсеңдетеді және адамдарды бейресми жұмыс түрлерін іздеуге мәжбүрлейді.
«Қосымша құн салығының өсуі барлық тауар мен қызметтің бағасының өсуіне әкелері сөзсіз. Елде толыққанды ҚҚС енгізу механизмі іс жүзінде жоқ: көптеген кәсіпорындар, әсіресе қызмет көрсету саласында, консалтингтік және қоғамдық тамақтануда, тауарлар мен шикізатты ҚҚС-сыз сатып алады. Мұндай жағдайда салықтың ұлғаюы бизнестің одан сайын көлеңкеге кетуіне, контрабанданың өсуіне және инфляцияның одан әрі өршуіне әкеледі. ҚҚС ұлғаймас бұрын салықтық әкімшілендірудің ашық жүйесін құру және сұр импортты жою қажет», – дейді Гүлбану Майғарина.
Ал салық жөнінде кеңесші маманның сөзінше, қосымша құн салығының дұрыс жағы да, бұрыс жағы да бар. Айтуынша, салықтық кодекске сәйкес 15 млн теңге шегі болса, онда көптеген кәсіпкерге тиімсіз.
«Қосылған құн салығы жалпы, жанама салық түрі – қосылған құнның мемлекетке төленетін бөлігі. Бұрыс жағы: 2026 жылы қабылданатын салықтық кодекске сәйкес 15 млн теңге шегі болса, онда көптеген кәсіпкерге тиімсіз. Себебі 3 және 10 пайыз салықтан бөлек, үстіне тағы 20 пайыз салық төлеу қымбатшылыққа алып келеді.
Ал дұрыс жағы: мемлекеттік бюджет толықтырылады және қаржылық кейбір мәселелер осы салық түрінен шешіліп, болашағымызға зор пайдасын тигізеді. Шағын және орта бизнеске, әрине, қаржылай соққы. Дегенмен шешімін тауып, көрсетілетін қызмет пен тұтынатын қажеттіліктің бағасын өсіріп, бұл жағдайдан да шығуға болар. Яғни мемлекетке тиімді, шағын және орта бизнеске тиімсіз болуы ықтимал. Бюджет әртүрлі тәсілдермен толықтырылады (зейнетақы, МӘМС, әлеуметтік төлемдер, айыппұл, салық, т.б.).
Қазір қосылған құн салығы мөлшері 12 пайыз болып белгіленген. Елде жиналатын жалпы салықтың 24 пайызы осы салық түрі. Ол экономикамыз үшін аз екенін министр Серік Жұманғарин айтқан еді. Экономикалық даму басқа мемлекеттермен салыстырғанда өте төмен, сол үшін де қосымша құн салығын 20 пайызға көтеру ел экономикасы үшін өте маңызды. Дамыған мемлекеттерде қосымша құн салығы 40 пайызды құрайды», – дейді салық жөнінде кеңесші Айша Адырбек.
Қымбатшылыққа әкеледі
Ал экономист Қайрат Бодауханның айтуынша, қосымша құн салығының көтерілуі, ең алдымен, азық-түлік бағасының өсуіне ықпал етеді, бұл өз кезегінде басқа тауарлардың бағасын арттырады. Бұл жағдай қарапайым тұтынушылар үшін қолайсыздық тудырады, өйткені бағаның өсуі олардың күнделікті тұтыну шығындарын көбейтеді.
«Жалақы мөлшері белгілі бір кезеңге дейін көтерілмейтіні анық. Үкіметтің қосымша құн салығын арттыру мақсаты да «бюджеттің жыртығын жамау» саясаты. Демек, жақын арада жалақы мөлшерінің өсуі мүмкін емес. Осының кесірінен инфляция өсіп, халықтың сатып алу қабілеті төмендей түспек. Экономикада сұраныс төмендегенде ол экономикалық өсуге кері ықпалын тигізуі ықтимал. Алайда үкімет бұл қадамды басқа қаржылық іс-шаралармен қатар бюджет тапшылығын жою үшін маңызды деп үміттенеді. Ал халықтың әлеуметтік жағдайын келесі кезекке қойып отырған сыңайлы. Жалпы дағдарыс әлемді қамтып отырғаны белгілі. Дегенмен Үкіметтің маңызды макроэкономикалық саясаттағы әлсіздігін дәлелдеп отыр.
Қосымша құн салығын арттырған кезде шағын және орта бизнес соққы алады. Себебі олар көбінесе төмен маржамен жұмыс істейді және салықтың көтерілуі олардың шығынын арттырады. Ірі бизнес, әдетте, бұл өзгерістерді көбіне өздерінің қаржылық мүмкіндіктеріне орай, жеңіл қабылдайды. Олар салықтан жалтару мүмкіндігі немесе өз бағаларын реттеуі арқылы шығындарды өтей алады. Ал салықты көтеру, көбіне шектеулі ресурстармен жұмыс істегендіктен, шағын және орта бизнестің табысын азайтуы мүмкін. Екіншіден, біз импортқа тәуелді мемлекетпіз. Мемлекет бюджетіне айтарлықтай қаржы құятын ірі бизнес саусақпен санарлық және олардың негізгі бөлігі экспортқа шикізат шығару бағытында екені де жасырын емес», – дейді экономист Қайрат Бодаухан.
Маманның сөзінше, салықтың көтерілуі көбіне көлеңкелі экономиканың өсуіне себеп болуы мүмкін. Жоғары салықтар салдарынан көптеген кәсіпкерлер салықты төлемеу немесе салықтық жүктемені азайту үшін көлеңкелі нарықта жұмыс істеуге мәжбүр.
«Бұл жағдайда, заңды бизнес пен көлеңкелі бизнес арасындағы шекаралар бұлыңғырланып, мемлекетке түсетін салық түсімдері азаяды. Салықты арттыру елдің инвестициялық тартымдылығына теріс ықпал етуі мүмкін. Салықтың жоғарылауы инвесторларды алаңдатады, өйткені олардың пайда алу мүмкіндіктері азаяды. Сондай-ақ салық саясатының тұрақсыздығы да инвесторлардың сенімін жоғалтуға ықпал етуі ықтимал. Бірақ үкімет сол салықтан түскен қаржыны инфрақұрылым мен әлеуметтік жобаларға жұмсаса, онда орта және ұзақ мерзімде бұл жағдай экономикаға оң әсер етуі мүмкін.
Үкімет бюджетті толтыру үшін бірнеше әдіс қолдана алады. Бұл, ең алдымен, үкіметтің макроэкономикалық саясатының сауаттылығымен байланысты. Біріншіден, салық салу жүйесін жетілдіру арқылы, мысалы, салық жинауды оңтайландыру және салықты төлеушілердің базасын кеңейту арқылы қосымша түсімдер алуға болады. Екіншіден, мемлекеттік меншікті жекешелендіру немесе стратегиялық активтерді сату арқылы қосымша қаржы тартуға болады. Үшіншіден, мемлекеттік шығындарды қысқарту және экономиканың тиімділігін арттыру арқылы бюджеттің тапшылығын азайтуға болады. Бізде мемлекеттің бюджеті арқылы үлкен «майшелпекте» отырған квазимемлекеттік құрылымдар әлі бір жүйеге келтіріліп, олардың қаржы-экономикалық шығындарына және мемлекетке қаншалықты нәтиже беріп отырғандығына әлі де ашық талдаулар жасалып, қорытындысы айтылған емес», – дейді Қайрат Бодаухан.
Экономистің сөзінше, осыны Президент те қаншама ескерткен еді. «Демек, Үкіметтің осы бағытта нақтылы жоспары немесе ынтасы жоқ деген күдік туындайды», – дейді экономист.

594 рет
көрсетілді0
пікір