• Ақпарат
  • 06 Ақпан, 2025

Бақытжамал ҚАЙЫРБЕКҚЫЗЫ, Ұлттық кітапхананың директоры: Оқу мәдениетін қалыптастырған орда

Ұлттық кітапхана – кітап қоры бойынша ғана емес, сонымен қатар ақпараттық, ғылыми-мәдени орталық ретінде де маңызы зор. Оның қорында 7 миллионнан аса кітап сақтау қоры бар және әр жыл сайын 1 миллионнан аса оқырман келіп, 2 миллион дана кітап оқиды. Құттыхананың құрылғанына 115 жыл толуына орай кітапхана директоры Бақытжамал Қайыр­бекқызымен сұқбат құрып, кітапхананың бары мен жоғын тал­дауға тырыстық. 


– Бақытжамал Қайырбекқызы, әңгімемізді Ұлттық кітапхана тарихынан бастасақ. Кітапхананың өзге кітапханалардан ерекшелігін де талдасақ. 
– Ұлттық кітапхана – ұлттық және дүниежүзілік рухани мұраны жинақтайтын,  сан мыңдаған оқырманның ақпаратқа қол жеткізудегі қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған, ағартушылық қызметті жүзеге асыратын мәдениет орталығы. Ұлттық кітапхана тарихы 1910 жылдан басталады. Бұл тарихи дата 1910 жылы кітапхана-оқу залының ашылуымен байланысты. Одан кейінгі жылдары кітапхана Жетісу, Жетісу облыстық, Алматы губерниялық және Алматы округтік кітапханасы деген атаулармен аталып, жұмысын жалғас­тырды. 1930 жылдардың бас кезінде республика жұртшылығы, зиялы қауым ұлттық мемлекеттік кітапхананы құру туралы мәселені көтереді. 1931 жылғы 12 наурызда кітапхана Мемлекеттік көпшілік кітапхана болып қайта құрылады. Міне, осы жылдың 5 мамырынан бастап кітапхана оқырманға қызмет көрсете бастайды. 
Кітапхананың тұңғыш басшысы – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов мемлекеттік көпшілік кітапхананы ұйымдастыруға белсене қатысып, сол кездің өзінде ұлттық мәртебесі бар құрылым ретінде кітапхана қыз­метінің негізгі ұстанымын қалады. Ораз Қиқымұлы сол кездері кітапхананың басты міндеті ретінде Қазақстан туралы жазылған және қазақ тіліндегі барлық жазба мұраларын жинақтау туралы мәселе көтерді. Кітапхана сол кезеңнен бастап бүгінге дейін, қазақ халқының және Қазақстанның басқа халықтарының жазба мәдениетін жинақтап, сақтап, ұлттық қорға енгізіп келеді. Сонымен қатар кітапхананың қазіргі ғимараты Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. 
Ұлттық кітапхана 7 миллионнан аса бай кітап қоры бар, сан мыңдаған оқырманын білім мен ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған еліміздің ең ірі кітапханасы. Кітапхана қорында жинақталған білімнің барлық саласын қамтитын заманауи құжаттар мен қазақстандық басылымдардың, қолжазбалық құжаттар мен алғашқы баспа басылымдарының, ноталы-музыкалық басылымдар мен күйтабақтардың қайталанбас қоры, шын мәнінде, халқымыздың баға жетпес мұрасының қайнары. 40 мыңнан асатын бірегей сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры, ғылымның барлық саласы бойынша қорғалған қазақстандық ғалымдардың кандидаттық және докторлық диссертациясының ғылыми қоры, авторефераттары сақтаулы. 
Ұлттық кітапхана республика кітапханалары үшін ғылыми-әдістемелік орталық. Жыл сайын кітапхана ісінің салыс­тырмалы-статистикалық зерттеу­лерін қамтитын «Қазақстан кітапханалары: мәліметтер мен сандар» ақпараттық-сараптамалық шолуын әзірлеп шығарады. Кітапханада еліміздің кітапханашы мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал ететін каталогизатор, жазба құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру мектептері бар. Мұндай мектептер еліміздің ешбір мәдени мекемелерінде жоқ екенін айта кетейін. Дуалды білім беру жүйесі аясында «Кітапханатану және библиография» кафедрасы жұмыс істейді, жоғары оқу орындары мен колледждердің кітапхана факультеті студенттерінің теориялық-тәжірибелік дайындығын қатар жүргізуге жағдай жасайды. 
Ұлттық библиографияның орталығы ретінде кітапхана Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен әдебиеті туралы, отандық баспа мұраларын кең көлемде ашып көрсететін ретроспективтік, ұсыныстық сипаттағы іргелі библиографиялық көрсеткіштерді басып шығарады. 
– Ұлттық кітапхана ұйымдастырып жүрген іс-шаралар туралы да айтып өтсеңіз. 
– Басты міндетіміз мемлекетіміздің, ұлтымыздың тарихы мен жетістіктерін, жасампаздық жолын кеңінен насихаттау, құндылықтарымызды дәріптеу, өскелең ұрпақты тарихымызды білуге, ұлттық болмысымызды құрметтеуге, отансүйгіштік рухында тәрбиелеу.
Биыл да бірқатар айтулы оқиғалар аталып өтпекші. Соның ішінде Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ата Заңымыз – Конституцияның 30 жылдығы, Республика күні, Наурыз мейрамы, осы атаулы күндерге орай көптеген ауқымды іс-шара ұйымдастырылмақ. Жеңістің 80 жылдығы елімізде кең аталып өтеді, бұл датаға орай кітапханада қазақстандық жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін дәріптеу мақсатында көрмелер циклы ұйымдастырылады, республикалық акция, яғни әр облыс бойынша жергілікті халық батырларын еске алу кештері өткізіледі.
Жұмысшы мамандықтары жылына орай жұмысшы мамандармен кездесулер де жоспарланып отыр. Ұлттық кітапхананың құрылғанына 115 жыл толуына орай кітапхана ардагерлерінің, облыстық кітапхана жетекшілерінің, кітапхана серіктестерінің қатысуымен ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Жыл сайын 23 сәуірде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған «Кітап шоу» атты кітап фестивалін өткізетінбіз. Енді биылдан бастап, 23 сәуірде Ұлттық кітап күнін де атап өтеміз. Ұлттық әдебиетті ілгерілету, ұлттық авторлардың шығармашылығын насихаттау, өскелең ұрпақты кітап оқуға тарту, кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында іс-шаралар өткізіледі.
Жыл сайын 10 тамыз Абай күні мерекелік іс-шарасын ұйымдастырамыз. Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл, Қазақстанның халық жазушылары Тұманбай Молдағалиевтың, Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толып отыр. Кеше ғана ақын Қадыр Мырза Әлінің мерейтойына орай әдеби-музыкалық кеш өткізілді. Осындай іс-шаралар легі өте көп.
– Ұлттық кітапханадағы ең сирек деген және тарихи құнды кітаптар мен қолжазбалар туралы деректерді ортаға салсаңыз. Олар қандай материалдан жасалған, ол кітаптардың құндылығы қандай? 
– Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы әрбір құнды еңбектің жеке тарихы бар. Ұлттық кітапханада сақтаулы ең көне қолжазба ретінде XII ғасырда куфа жазуымен жазылған, беті герб секілді таңбалы өрнектермен бедерленіп, мұқабасы бұзау терісімен қапталған Құранды айта өтейін. Ойып басылған мөрде кітап иесі Молла Қожа Абд ар-Рахман деп көрсетілген, ал қолжазбада кездесетін жазбаларға қарасақ, бұл Құран Кәрім 1118–1157 жылдар аралығында өмір сүрген Санжар Селжұқ сұлтанның қарындасының иелігінде сақталғанын көреміз. 1936 жылдан бері бұл Құран кітапханада арнайы тәртіпке сай, қауіпсіз жерде сақталып келе жатыр. Осы қасиетті Құран-Кәрімді болашақ ұрпаққа аманаттап жеткізу ниетінде шетелдік қалпына келтіруші (реставратор) мамандардың көмегімен қолжазбаны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр­мыз.
Сирек қордағы құнды мұралар: ЮНЕС­КО-ның «Әлем жады» бағдарламасының халықаралық тізіміне енген 5 қолжазба түркі халықтарының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша мәнге ие ұлы ақын Қожа Ахмет Ясауидің «Рисаласы» (XVI ғ.), «Диуани Хикметі» (XIX ғ.) және «Хикмет Хазретиі» (XVIII ғ.), Қожа Ахмет Ясауидің ата-тегі туралы шежіре «Насабнама» (XVII ғ.) және оның шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың «Хикметтері». Бұл тізімге Низами Гәнжауидің «Хамса» (ХV ғ.), Әлішер Науаидің «Диуани» (XVII ғ.), Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнама» (XVIII ғ.), Сағди, Хафиз, Жәми, Физулилердің және т.б. Шығыс ғұламаларының туындылары кіреді. Қолжазбалар шығыстық үлгіде безендірілген. Мұқабасына көбіне тері, беттеріне алтын жалату, нәзік ою-өрнекпен безендіру әдістері қолданылған. Кейбір қолжазбада түрлі-түсті миниатюралар мен өсімдік тектес оюлар кездеседі. Бұл құнды құжаттардың эстетикалық құндылығын арттыратындай. 
Көпшілік біле бермейтін құнды деректердің бірі – XIX ғасырға жататын «Хандар шежіресі» атты қолжазба. Хандар шежіресінің қолжазбасы үлкен қағазға қара қарындашпен шамамен хижраның 1330 жылы (милади 1850–1870 жж.) араб графикасымен, ескі қадым жазуымен жазылған. Қағаздың көлемі – 109х74 см. Кімнің жазғаны және қашан жазылғаны көрсетілмеген. 
Иә, қолжазбаның қағазы сарғайып, мәтіннің кейбір бөліктері көмескіленген, бүктелген жерлері ескіріп, жазуы өше бастаған. Қолжазбада Нұх пайғамбардан бастап Шыңғыс ханға дейінгі, одан әрі Абылай хан мен оның ұрпақтары Кенесары, Наурызбайға дейінгі тізбек жүйелі түрде жазылған. Хандардың есімдерінен кейін олардың қай жерде, қашан билік құрғаны, туған және қайтыс болған жылдары анық көрсетілген. Осы тарихи құжат қазақ хандары мен түрік әлемінің билеушілерінің генеалогиясын зерттеуде таптырмас дереккөз.
Кітапхана қоры көне қолжазбалармен қоса, сирек кездесетін баспа кітаптарға да бай. Мәселен, кітапханада сақталған ең көне баспа кітап 1523 жылғы басылым – инкунабула, Эразм Роттердамскийдің «Ақымақтықты дәріптеу» атты сатиралық шығармасы. Парижде жарық көрген бұл шығарманың өзектілігі соншалық, автордың көзі тірісінде 27 жылдың ішінде 40 рет басылып шыққан.
Қазақтың тұңғыш баспа кітаптарын да атап өтсем деймін. Олардың танымдық, ғылыми құндылығы басым әрі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ел арасында етене жайылу жолында қосқан үлесі қомақты. Мәселен, Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы Орынборда шыққан «Хрестоматиясы», Шоқан Уәлихановтың 1904 жылы орыс тілінде шыққан «Шығармалар жинағы», Абайдың 1909 жылы Петербургте жарық көрген «Өлеңдер жинағы» еңбектері қорымыздың алтын қазынасы. 
– Кітапхана қорында қазақ халқының шығу тегіне, мәдениеті мен төл тарихына қатысты қандай ерекше мақалалар сақтаулы?
– Қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетінің ізін халқымыздың сирек қорда сақталған алғашқы баспасөз беттерінен көреміз. «Қазақ», «Серке», «Ақ жол», «Айқап», «Шолпан», «Қызыл Қазақстан» және басқа да бірқатар басылым беттерінде халқымыздың өткен жолын баяндайтын мақалалар көп. Мысалы, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы бірнеше санында М.Дулатұлының («Түрік баласы» бүркеншік атымен жарияланған) «Қазақтың тарихы» мақаласында қазақ халқының шығу тегі туралы соны деректер беріледі. «Шолпан» журналында жарияланған «Қазақ, қырғыздың ата-тегі туралы» мақаласы қазақ пен қырғыз атау­ларының айырмашылықтарын көрсетіп, «Қазақ» этнонимінің құрама халық деп есептейтін көзқарасты дәйекті дәлелдермен жоққа шығарады. «Қазақты оятқан» Алаш қайраткерінің «Айқап» журналының 1911 жылғы 6 нөмірінде «Алашұлы Азамат» бүркеншік атпен шыққан «Хан Абылай» атты деректі мақаласы халқымыздың тарихына терең үңілумен бағалы. Сондай-ақ М.Сералиннің «Қазақ қай заманда Русияға қараған» (Айқап, 1911, №1) мақаласы, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегін Ә.Бөкейханның талдауы, ол «Қазақ» газетінде 1913–1914 жылдары жарияланған, М.Дулатұлының «Қазақта мүфтилік мәселесі», Ә.Бөкейханның «Би һәм билік туралы», Ж.Басығариннің «Өлең-жыр, әндер туралы» мақалалары. 
– Оқырман қандай газет-журналдарға көптеп тапсырыс береді?
– Әр мерзімді басылымның, әр мақаланың өз оқырманы қалыптасқан. Ғылым, техника, мәдениет, білім саласы бойынша шығатын газет-журналдарға сұраныс өте көп. Оқырман санаты да әртүрлі: мектеп оқушылары, студенттер, оқытушылар, ғылыми қызметкерлер, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және т.б. Ғылыми тұрғыда жазылған түрлі мазмұндағы мақалалар оқырман тарапынан көп сұранысқа ие. Соңғы кезде жоғары оқу орындарында эссе жазу үрдісі пайда болды. Осыған байланысты газеттерге деген сұраныс күшейген.
Республикалық газет-журналдарға сұраныс өте көп. Соның ішінде «Egemen Qazaqstan», «Aikyn», «Jas Alash», «Ana tili», «Қазақ әдебиеті», «Казахстанская правда», «Вечерний Алматы», «Время», «Караван» газеттері мен «Жұлдыз», «Aqiqat», «Парасат», «Простор», «Мысль» және т.б. журналдарын атап өтуге болады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының басылымы: «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің хабаршысы», «Қарағанды университетінің хабаршысы», «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің хабаршысы», «М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының хабаршысы» «Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының жаршысы», т.б. ғылыми журналдар сұранысқа ие.
– Газет-журнал тігінділерін қарай отыра байқағаным, оқырман кей қажетті мақалаларды қиып алып кеткен екен. Осыған байланысты қандай шара қабылдаған жөн? 
– Кітапхананың мерзімді және жал­ғас­ты басылымдар қорындағы 1945–2001 жылдар аралығындағы газеттердегі кейбір мақала мен суретті оқырман қиып, ойып алған. Қазір оқырман тәртіп бұзбайды. Әрбір мерзімді басылымның сайты, электрондық нұсқалары бар. Оқырман қажетті мақаланың көшірмесін де, сканерленген нұсқасын да ала алады. «Қазақстан: өткені мен бүгіні» атты дерекқорға көптеген газеттің, соның ішінде «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы», «Астана ақшамы», «Ana tili», сондай-ақ барлық облыстық га­зет­тердің толықмәтінді нұсқалары тіркеледі. 
Оқу залдарында оқырманның құжаттарды жыртпауын не зақым келтірмеуін қадағалау үшін бақылау камералары орнатылған. Кезекші кітапханашылар да мұндай әрекеттерді қадағалап отырады. Оқырманға құжат берілгенде бет саны, нөмірі, ішкі-сыртқы жағдайы тексеріліп барып, беріледі және қайтарғанда дәл солай қабылдап алады. Оқырман кітап­хана мүлкіне және құжаттарына зиян келтірген жағдайда «ҚР Ұлттық кітапханасын пайдалану ережесіне» сәйкес шара қолданылады. Яғни іс-әрекетке жауапты адамға өзі зақым келтірген құжатты қалпына келтіру міндеттелінеді, белгілі бір мерзім аралығында кітапханаға кіру құқығынан айырылады.
– Оқырман екінші қабатта орналасқан компьютерлерден белгілі бір газет-журналдарға тапсырыс берді делік. Баспасөзді жеткізетін бөлімді қалай атайды? Сол мекеменің қызметкерлерінің атқаратын жұмысына тоқталайықшы. 
– Мерзімді басылымдар оқу залында соңғы 5 жылдағы газет-журналдар сақталады. Ал, бұрынғы мерзімді басылымдар Қорларды сақтау қоймасына өткізіліп, мұрағат қоры ретінде жинақталады. Оқырманнан түскен электрондық өтініштер Қорларды сақтау қызметіне жіберіліп, оларды мерзімді және жалғас­ты басылымдар тобының қызметкерлері қабылдап алып, тиісті газет-журналды оқу залына жібереді. Бұл бөлімнің бір топ қызметкері жаңа түскен мерзімді басылымдарды оқу залдарының қосалқы қорларына тарату, құжаттарды сөрелерге орналастыру, рет-ретімен тұруын тексеру, газет тігінділерін жасау сынды т.б. жұмыстармен айналысады.
– Газет-журналдарды сақтап, оны күтіп ұстауда кітапхана қызметкерлері қандай қиындықтарға кезігеді? 
– Кітапхана қорындағы мерзімді және жалғасты басылымдар қоры 3 млн данаға жуық. Онда республикалық, облыстық, өлкелік газеттер, ведомс­твалық, көп тиражды журналдар мен еңбектер қамтылған. Қор көлемінің жыл сайын жаңа түсімдермен ұлғаюы орын тапшылығын туындатады. Қорды сақтау ережелері сақталмаса, сұранысқа ие газет-журналдар физикалық-биологиялық тұрғыдан ескіріп-тозып, құжаттардың ішінара немесе толығымен жоғалуына әкеледі. Бұл бағытта құжат қорын, мерзімді басылымдарды цифрландыру жүзеге асырылып жатыр. 
Мерзімді басылымдардың қағазы нәзік, сынғыш, беріктігі төмен. Сондықтан оларды тұрақты сақтау режімінде ұстауда, сөрелерге орналастыруда, сақтауда және пайдалану барысында аса сақтықпен, мұқият жұмыс істеуге тура келеді. Мысалы, газет үлкен форматты болғандықтан, ол тұтастай көлденең күйде сақталуы қажет, газеттерді ай бойын­ша түптегенде сыммен тесіп жинақтау да зиян.
– Елдегі дүрбелең не табиғи апат ке­зінде Сирек басылымдар мен сақтау қорында қауіпсіздіктің сақталуына жағдай жасалынған ба? 
– Өрт, су тасқыны немесе басқа да тілсіз жау салдарынан туындайтын және кітап қорларының физикалық зақымдалуына, бүлінуіне немесе толықтай жоғалуына әкеп соғуы мүмкін төтенше жағдайлардың ықтималдығына байланысты кітапханада кітап қорын, соның ішінде мерзімді басылымдар қорын арнайы белгіленген қауіпсіз жерге эвакуациялау бойынша комиссия құрылған және жоспар бекітілген. Жоспарда кітап қорларының сандық құрамы, кітап қорын эвакуациялаудың кезектілік тәртібі, кітап қорын сақтау орны, сондай-ақ олардың сақталуына жауапты тұлғалар,  кітап қорын эвакуациялау үшін жекелеген учаскелерге бекітілген қызметкерлер туралы мәліметтер қамтылған. Комиссия мүшелері кітап қорларының сақталымына және көшірілуіне жауапты. Сонымен қатар кітапханада төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер бойынша тұрақты түрде жыл сайын, ай сайын оқу-жаттығулар, тренингтер өткізіліп тұрады. 
– Кітапханада сақталған ең көне басылым туралы айтып берсеңіз. 
– Мерзімді басылымнан сирек қорда сақталған ең ерекше басылым ретінде ұлтымыздың тілі мен руханиятына айналған – «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа», «Еңбекші қазақ», «Ауыл», «Тілші», «Садақ», «Абай», «Шолпан», «Жас қазақ» сияқты баспасөздерді айта аламыз. Себебі бұл басылымдар өзі өмір сүрген сол дәуірдің ұлт санасының түлеуіне, қоғамның дамуына ықпал етті.
Мерзімі жағынан ең көне газет ретінде XIX ғ. аяғынан бастап, Ташкент қаласында басылып шыққан «Туркестанские ведомости» газетін айтуға болады. Кітап­хана қорында газеттің 1879–1916 жылдар аралығындағы сандары сақталған. Басылым сол кезеңдегі Түркістан өлкесіндегі тарихи хал-ахуалды, аймақтағы өзгерістерді және халықтың өмір салтын зерттеуде маңызды дереккөздің бірі. 
Ал ең көне журнал – 1793 жылғы «Библиотека» журналы. Журнал 1793–1794 жылы П.П.Сумароковтың редакторлығымен Тобольскідегі Корнильев баспаханасынан екі айда бір рет жарық көрген. Әдеби-ғылыми журнал 5 бөлімнен тұрған, кітапханада сақталған 6-саны 291 беттен тұрады, журналдың сақталған қалпы жақсы. Журнал күнделікті тұрмыстық сұрақтардан бастап, білімнің түрлі салаларына дейін сұрақтарға жауап береді. Мысалы, белгілі бір тамақты қалай әзірлеу керек, халықтық емдеу жолдары, қалжыңдар мен түрлі ғылыми мақалалар еніп отырған. 
Қазақстанда XX ғасырдың бірінші жартысында жазуға екі рет реформа жүргізілді (араб графикасынан латынға, латыннан кириллицаға). Сондықтан қазақ журналдары 1929 жылға дейін араб графикасымен, 1929–1940 жылдар аралығында латын графикасымен, 1940 жылдан бастап кириллицамен басылып шыққан. Сирек қордағы қазақ журналдары 1911–1945 жылдар аралығын қамтиды. 
«Садақ» қолжазба журналы – 1916 жылы Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастарының шығарған журналы. Ұйымдас­тырушы әрі редакторы Б.Майлин мен Ж.Тілепбергенов. Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармасы осы журнал бетінде жарық көрген. «Абай» әдеби журналы – Алаш қозғалысын қолдаушы қазақ жастарының ұйым­дастыруымен Семей қаласында 1918 жылы шыққан, барлығы 11 нөмірі жарық көрген. Редакторы қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист Ж.Аймауытов. 
– Ұлттық кітапхананың оқырман билетін алғандар саны қанша? 
– Қазақстан және шетел азаматтары, 12 жастан асқан балалар Ұлттық кітапхананың оқырманы бола алады. Күн сайын кітапханаға әртүрлі санаттағы 3–3,5 мыңнан аса оқырман келеді. Оқырманның негізгі контингенті, яғни 72%-ы студенттер. Оқырмандар ішінен ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерді, техникалық қызметкерлер мен экономистерді ерекше атап өтуге болады. Соңғы жылдары мектеп оқушыларының да кітапханаға келу жиілігі арта түсті.
– Ұлттық кітапхана келіп түскен ғылыми бағыттағы еңбектерді цифр­ландыруды қалай жүзеге асырып жатыр? 
– Ұлттық кітапхана еліміздің бас­ты кітапханасы ретінде ТМД және шетел ұлттық кітапханаларымен, мәдени ұйымдармен, баспагерлермен, Қазақстан Жазушылар одағымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен бірлесіп, ғылыми іс-шаралар, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткіземіз. Кітапханадағы шетел кітап бұрыштары жұмысының аясында елшіліктер мен консулдықтар: Қытай, Корея, Ресей, Иран, Түркия, Пәкістан, Үндістан елшіліктерімен тығыз байланыстамыз. 
Жаһандану дәуірінде халқымыз­дың асыл мұраларын сақтап қалу өзекті мәселенің бірі. Осы бағытта Ұлттық кітапханада кітап қорын кең ауқымды цифрлау бойынша жұмыс­тар іске асырылып жатыр. Құжаттарды цифрлау орталығымен республиканың мәдени игілігінің бір бөлігі ретінде айрықша сақтауды талап ететін, тарихи-мәдени және ғылыми құндылығы бар басылымдар, сирек басылымдар, әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлері, соның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар, жалғыз данадағы және жиі сұраныстағы басылымдар цифрланады. Қордағы раритетті және ең көп қолданысқа ие, ғылыми мақалалардың сақталымын қамтамасыз ету мақсатында мерзімді басылымдар цифрланады. Мақалаларды цифрлауда Қазақстанда шығатын баспа өнімдерінен, отандық және дүниежүзілік баспа өнімдерінен қазақ тұлғалары мен олардың еңбегі, сұранысқа ие материалдар, шетел басылымдарынан Қазақстан туралы, Қазақстанға қатысты ақпараттар алынады.
– Кітапхананың баспасөз материалдарын сақтау мен зерттеу үдерісіндегі рөліне тоқталайық­шы. Кеңестік кезеңнен басталған мерзімді баспасөздерді сақтау жолы қалай қарастырылған? 
– Қағаз ескіреді, сарғаяды, тозады. Бірақ ескіру үдерісін баяулатуға болады. Сондықтан құжаттардың ұзақ мерзімге сақталуын зерттеуге ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекетаралық стандартта кітаптарды сақтаудың климаттық параметрлері бекітілген, яғни температура 18±2°С, салыстыр­малы ылғалдылық 55±5% болуы қажет. Температура мен салыстырмалы ылғалдылық күрт өзгергенде ескіру үдерісі жылдамдайды. Мысалы, температура 10°-ға жоғарыласа, химия­лық реакциялардың жылдамдығы екі есеге артады. Температура төмендегенде материалдар құрғап, сынғыш болып келеді. Жоғары ылғалдылық микроскопиялық саңырауқұлақтардың пайда болуына ықпал етеді. Температураның жиі ауытқуы және ылғалдылық одан да қауіпті. Олар құжаттар пішінінің өзгеруіне әкеліп соқтырады. Құжаттарды сақтауға жарық та әсер етеді, ол құжаттың табиғи ескіруін жылдамдатады, құжаттың сарғаюына, қызаруына, икемділіктің төмендеуіне, сынғыш болуына әсер етеді. Құжаттарға жойқын соққы жасайтын – тіке түсетін күн сәулесі. Ескіруді жылдамдататын, кітапханалардағы құжаттардың бүлінуіне ықпал ететін тағы бір маңызды фактор – санитарлық-гигиеналық режим. Ауа құрамы құжаттардың биология­лық зақымдануына және ластануына жол ашады. Құжаттарды сақтауға арналған бөлме ауасындағы зиянды қоспалардың шоғырлануы санитарлық нормаларға сәйкес келуі қажет.
Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметіне келген баспасөз материалдарының, оның ішінде кеңестік қезеңдегі газеттердің сапасы төмен, құрамында ағаш целлюлозасы жоғары және жеңіл тотықтырғыш лигнин салыстырмалы түрде біраз арзан қағазға басып шығарылғандықтан, олар сол шығарылған мезеттен бастап ескіре бастайды. Сондықтан, мерзімді басылымдардың сақталуына ерекше назар аударылады. Ең алдымен, құжаттардың жай-күйі тексеріледі, кейін ғылыми зертханада биологиялық, физио-химиялық тұрақтандыру және бейтараптандыру үдерістері жүргізіледі. Уақыт өте келе, қағаз қышқылдығы жоғарылаған жағдайда оның ұзақ мерзімге сақталу қасиеттеріне тотығу үдерістері теріс әсер етеді. Мамандар қағаз қыш­қылдығын анықтап, ол жоғарылаған жағдайда құжаттарды тазартылған суда жуып, арнайы спреймен өңдейді, ол қышқылдарды қауіпсіз бейтараптандырады және қағаздың қызмет ету мерзімін өңделмеген материалмен салыстырғанда кемінде 3–5 есе ұзартады. Бұл зерттеу үдерістері құжатты әрі қарай қалпына келтіру жұмыстары мен құжаттарды ұзақ мерзімге сақтау үшін маңызды. Сонымен қатар гигиеналық режимді сақтау, бөлімді дезинфекция­лау, жүйелі тексеру жүргізу, зиянды жойғыштардан қорғау, шаңнан тазарту жұмыстары атқарылады. Қордағы құжаттар 20 см биік сөрелерде орналасады және ай сайын сүртіліп, шаңнан тазартылып отырады. Құжаттарды консервациялау талаптарына сәйкес кітаптар күн сәулесі түспейтін қараңғы жерде сақталады, бөлме температурасы, ылғалдылығы монитормен қадағаланады.
– Электрондық кітапханалар мен онлайн ресурстарды жүзеге асыру барысында қандай қиындықтар туындап отыр?
– Электронды кітапханалар мен онлайн ресурстарды іске асыруда техникалық, құқықтық, ұйымдас­тырушылық және пайдаланушыға қатысты қиындықтар туындайды. Мысалы, техникалық мәселелер: интернет жылдамдығының төмендігі және ескірген техникалық жабдықтар. Үлкен көлемдегі деректерді сақтау және оларға қол жеткізу үшін сенімді техникалық жұмыс орнын құру қажет (серверлер, дерекқорлар мен сақтау жүйелері). Құжаттарды, әсіресе ескі немесе сирек құжаттарды бірыңғай электрондық форматтарға түрлендіру қиын. Көру қабілеті шектеулі адамдарға ыңғайлы интерфейс­тер құру мәселесі де бар. Авторлық құқық мәселесі де құжаттарды толық цифрлауға мүмкіндік бермейді, оларды цифрлап, электронды каталогке тіркеу үшін құқық иелерінен заңды түрде рұқсат алу қажет. Сонымен қатар электронды кітапханаларды құру және қолдау қаржылық инвестиция­ларды, білікті мамандарды талап етеді. Деректердің қауіпсіздігі мен жеке ақпаратты қорғау мәселелері де өзекті. 
 Құжаттарды цифрлауға арналған сканерлер уақыт өткен сайын ескіреді. Мысалы, кітапханадағы сканерлер 10 жылдан аса уақыт үздіксіз қолданыста болғандықтан, қазір олардың сканерлеу жылдамдығы мен түс беру сапасы айтарлықтай төмендеген. Тозығы жеткен сканерлер де жиі істен шығып, қиындықтар туындайды. Цифрлық құжаттарды сақтау, сондай-ақ қолданбалы бағдарламалар үшін заманауи қуаты жоғары сервер қажет. Сапалы жұмыстың нәтижесін көру үшін заманауи техникамен жабдықтау маңызды. 
– Кітапханашы болу дегенді қалай түсінесіз? 
– Көптеген адам кітапханада кез келген адам жұмыс істей алады деп ойлайды. Қарапайым халықтың түсінігінде кітапханашы – күні бойы кітап оқып отыратын, оқырманның сұранысы бойынша кітап беретін адам. Олар кітапхана кәсібі білімді, мамандандырылған оқу орнында оқуды, белгілі бір дағдыларды қажет ететініне таң қалады.
Кітапханашының еңбегі қаншалықты қарапайым болғанымен, бұл мәртебелі мамандықтың қоғам дамуындағы рөлі асқақ. Кітапханашы болу тек кітапты сүйіп оқумен шектелмейді, мұндай мамандықтың иесі болу үшін біліммен сусындауға келген оқырманның талабын, қажетін қанағаттандыратындай толерантты, ұстамды, әдепті, мәдениетті болу керек-ақ. Нағыз кітапханашы маман кәсіби білімнің иесі ғана емес, сонымен қатар әр саладан хабардар болуы керек. Оқырманға сонда ғана көмектесе аламыз. 
Өмірге екінші рет келсем де, кітап­ханашы болуды таңдайтын едім. Себебі кітапханашының еңбегі қаншалықты қарапайым болғанымен, бұл мәртебелі мамандықтың қоғам дамуындағы рөлі асқақ. 
– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұқбаттасқан 
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

 

905 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы