• Ақпарат
  • 06 Ақпан, 2025

Ауылға барам...

Ауыл –қазақтың қаймағы. Ауыл – түп тамырымыз. Арманымыз ауылдан басталған. Ән-жыр көп. Өйткені елде қарашаңырақ барда, біз қайта айналып, туған жерге барамыз да тұрамыз. Қазақтың ауылы әлем білетін, төрткүл дүниенің адамы баратын ғажап мекенге айналса дейміз. Оған үміт те жоқ емес. Мұны неге айтып отырмыз? 

Біз кейде немістің айнадай таза ауылын үлгі ететініміз бар. Тіршілігі бар жерде қолдау мен қамқорлық болса, кез келген мекен түлеп сала береді. Тек туған жерге деген ниет, ықылас, қолдау керек. Біздің де елде түрленген, қалаға бергісіз көрікті ауыл жоқ емес, бар. 
Жуырда  «Kazakh Tourism» компаниясы еліміздегі  ең үздік ауылды анықтады. Бұлар кез келген адамға ұялмай көрсететін заманауи ауыл. Ең бір қуанарлығы, таңдап алынған бұл ауыл елімізді БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының жыл сайынғы халықаралық UN Tourism Best Tourism Village байқауында таныстырады. Қазақстан бойынша үздік атанған бес ауылға алдағы уақытта туристер ағылып келіп жатса, жақсы емес пе? Әрине, таңдау дұрыс. Бірақ «бұл бес ауыл қалай таңдап алынды?» деген сұрақ туары да сөзсіз. Үздік ауылды анықтау кезінде мәдениет пен табиғатқа, сондай-ақ ауылдағы дәстүрлі іс-шаралардың қаншалықты жақсы сақталғанына назар аударылды. Одан бөлек, жаңа бағыттар мен туризмге қызығушылық танытатын саяхатшылардың ол жерге бара алатын мүмкіндігі де есептелді. Әрине, бұл байқау туризмді тұрақты дамытуға, бірегей табиғи ландшафтысы бар, дәстүр мен қолөнерді сақтаған ауылды анықтауға және дамытуға бағытталғаны сөзсіз. Сонымен, туристер үшін Қазақстандағы ең үздік бес ауыл қай жерде?
1. Лепсі (Жетісу облысы, Алакөл ауданы);
2. Нағи Ілиясов (Қызылорда облысы, Сардария ауданы);
3. Хан Ордасы (Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы);
4. Поперечное (Шығыс Қазақстан облысы, Риддер ауданы);
5. Шабанбай би (Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы).
Айта кетейік, Лепсі ауылы – Алматы облысының табиғаты ерекше көркем аймағында, Жоңғар Алатауы жотасының солтүстік беткейін­де, теңіз деңгейінен 1000 метр биіктікте орналасқан. Ауыл Лепсі өзенін бойлай жайғасқан, Қытай елімен шекаралас. Ауылдың жанында Жасылкөл, Жоңғар-­Алатауы ұлттық паркі бар. Таулы орман, мөлдір көл, өзендер туристердің керемет қызығушылығын тудырады. 
Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылы да инфрақұрылымы дамыған ауылшаруашылығымен ерекшеленген жер.  Бұл ауылды Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» компаниясының негізін қалаушы Абзал Ералиев қамқорлыққа алған. Бұл шын мәнінде қалаға бергісіз ауыл. Не керек, қажеттіліктің барлығы да бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан. Мұнда туристер жергілікті өнімнің дәмін татып, шаруашылық жұмыстарына араласып, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін толық сезіне алады.
Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданындағы Хан Ордасы ауылы өзінің тарихи, мәдени және табиғи құндылықтарымен ерекше. Нарын құмы, қарағайлы орманмен қоршалған мекен шын мәнінде келушілердің қызығушылығын арттырады. Бұл тарихи жер. Мұнда XIX ғасырдан сақталған 40-тан астам тарихи ғимараттар, 16 мәдени ескерткіш, бірегей Хан Ордасы музей-қорығы орналасқан. Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей, этнограф-ғалым Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері, әулие Сағи хазірет пен Сүлеймен хазіреттің қорымы қасиетті орынға айналған. Ұлылар туған тарихи жерге болашақта туристер көп келетін болса, үздік ауылдың мән-маңызы тіпті арта түсетіні сөзсіз. 
Шығыс Қазақстан облысы Риддер ауданы Поперечное ауылы тау мен Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының маңында орналасқан. Мұндағы жанға жайлы қонақүй, экотуризм келушілердің табиғатқа құмарлығын арттырады. 
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Шабанбай би ауылы да Қызыларай тауының етегінде орналасқан. Айналасы орман, ауылдың маңынан Тоқырауын өзені ағады. Шабанбай би маңынан қола дәуіріне жататын Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштері мен тұрағы табылған. 
Экотуризмді дамыту 2008 жылдан басталды. Қазір ауылда заманауи қонақүйлер бар. Табиғаты сұлу аймаққа соңғы жылдары келушілер тіпті көбейген. 
Ең бір қуанарлығы, аталған бес ауыл  жыл сайын Біріккен Ұлттар ұйымының Дүниежүзілік турис­тік ұйымы  өткізетін UN Tourism Best Tourism Village халықаралық байқауында елімізді кеңінен таныс­тыратын болады. 
Рас, елімізде табиғаты әсем, көздің жауын алатын көрікті жер көп қой. Тек мемлекеттік қолдау қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында «Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. 

Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап, көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет.Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауға тиіс» деп атап көрсеткені белгілі.
Демек, әркімнің туған жері – Мысыр шаһары. Туған жерін түлету кез келген азаматтың міндеті. Ауылына қарап азаматын таны деген бекер сөз емес. Президент ауылды дамыту жылы деп бекер жариялаған жоқ. Туған жердің көркейгені дұрыс. Өкінішке қарай, қазір елімізде ауылдың саны азайып барады. Кейбір ауылдың даму мүмкіндігі жоқ болғандықтан, олар біріктірілген. Жайлы қоныс іздеп, қалаға көшіп жатқандар да аз емес. 2024 жылғы 1 шілдедегі дерек бойынша Қазақстанда 6 208 ауыл бар. Бірақ бұл 2023 жылмен салыстырғанда 78-ге аз. Олардың біразы таратылған. Таратылған 78 елдімекеннің 50-і Түркістан және Қостанай облыстарында. Қалған 28 ауыл Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай және Қарағанды облыстарына тиесілі. Мұны неге айтып отырмыз? Ұлттың урбанизацияға бейімделуі белең алып бара жатыр. Қалаға көшкен қазақ көбейді. Жалпы еліміздегі халық санының 38,4 пайызы қазір ауылда тұрады. Жұмысы бар, көркейген ауылдан халық көшпейді. Десек те, бұл ойланатын жайт. 
Біз туризм мәселесін бекер қозғап отырған жоқпыз. Мысалы, Түркия өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап, туризмге қатты көңіл бөлді. Қырық-қырық бес жылда түріктер әлем бойынша елге туристер тартудан Франция мен Испаниядан кейін үшінші орынға шықты. 2024 жылы Түркияның туризмнен түсетін кірісі 8,3 пайызға өсіп, 61,1 млрд АҚШ долларына жетті. Түркияға жыл сайын шамамен 60–62,2 млн турист келіп кетеді. Міне, түрік елі туризм саласынан қаншама пайда тауып тұр. Ал бізде ше? Қазақстанның қай аймақтары шетелдік туристер үшін ең тартымды? Әзірге шетелдік туристер үшін ең танымал қала Алматы болып отыр. 2024 жылы оңтүстік астананың орналастыру орындары 534 340 шетелдік қонақты қабылдаған. Екінші орында Астана тұр. 2024 жылы «eQonaq» жүйесіне тіркелген Астананың орналастыру орындарына 269 320 шетелдік мейман тоқтаған. Үшінші орында – Алматы облысы. Бұл аймаққа келген шетелдік туристер саны 59 пайызға артып,  134 763 адамға жеткен. Атырау және Маңғыстау облыстары төртінші және бесінші орындарды иеленді. Мұнайлы өңірге өткен жылы 106 974 шетелдік турист келсе, Маңғыстау облысының орналастыру орындары 71 462 шетелдік қонақты қабылдаған. Ал Қарағанды облысына 2024 жылы 50 474 шетелдік турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға артық. Ал ең төменгі көрсеткіш Шымкент қаласына тиесілі екен. «eQonaq» жүйесінің деректері бойынша, 2024 жылы мегаполистің орналасу орындарына 39 887 шетелдік турист тоқтаған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 900 адамға аз.
Ақиқаты, қалай айтқанда да, туризм пайда түсіретін салаға айналуы тиіс. Әрине, Қазақстанды жыл сайын 60 миллионға жуық турист келетін Түркия елімен салыстыру қиын шығар. Бірақ кейінгі жылдары Президент тапсырмасына орай  елімізде туризм саласы дамып, қарқын ала бастады. Қазір туризм индустриясында оң өзгерістер бар. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың дерегіне сенсек, былтырғы 9 айдың көрсеткіші бойынша ішкі туристер саны 562 мыңға көбейіп, 6 млн адамға жетті. Шетелдік туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп. 
Қазір еліміздің туристік әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және халықаралық нарықтағы Қазақстанның беделін нығайту мақсатында нақты жұмыстар істелініп жатыр. Бір ғана мысал, 2024 жылдың 11 айында елімізде туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 777,4 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 27,3 пайызға көп (610,2 млрд теңге). Қазір осы сала бойынша инвестициялар көлемінің өсуі 12 өңірде анық байқалып отыр. Оның ішінде көш бастап тұрған аймақтар да бар. Мысалы,  инвес­тицияның көлімі Астана қаласында –  218,2, Батыс Қазақстан облысында – 94, Маңғыстау облысында – 50, Атырау облысында – 183, Түркістан облысы 43,7 пайызға өсті. Бұл деректер инвесторлардың Қазақстандағы туристік инфрақұрылымды дамытуға қызығушылығы артып жатқанын және саланың капитал тартуда үлкен әлеуетке ие екенін көрсетеді.
Иә, қала өркениет, заманауи дамудың көрінісі екені айқын. Бірақ  тіршілігі жанданған ауылдар да жетерлік. Инфрақұрылымы дамыған ауыл да алдағы жылдары көбейе­тіні сөзсіз. Үкімет ауылға қазір қолдау көрсетіп жатыр. Ауылға да туристер көп келетін күн туар. Қазір туған жерден түлеп ұшқан түлектер де өз ауылының көркейтуге үлес қосып жатқанын көріп, байқап жүрміз. Ауыл – елдің алтын бесігі. Ұлттық сана-сезім, рухани байлықтың қайнар көзі туған жерде ғой. Ақын жырында айтылғандай, «Ауылға барсаң, қауымға барсаң, барасың жұмақ мекенге». Расында, өмірдің бар тәтті бал әні өскен мекенде. Ауыл – ағайын-туыс, бауыр, дос-жаран. Ол – қара шаңырақ.
... Сосын ғой, ауылға баратыным.

 

625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы