- Тұлға
- 13 Ақпан, 2025
Ақиқатты жоғары қойған қаламгер еді

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Бала кезден «Кім боламын?» деп шығарма жазғанда әрдайым «журналист боламын» деп жазатынмын. Шимақтап өлең жолдарын құрастырған, әңгіме жазған ұнайтын. Онымды байқаған әкем «Балқаймақ», «Балбөбек» газеттерін жаздырып беріп, өзім де редакцияға жазғанымды апарып жүретінмін.
Әлі есімде... 2002 жылы «Шымкент келбеті» газетіне «Тоқал там» деген әңгіме шықты. Ол кезде мен 5 сыныпта оқитынмын. Әкем екеуміз жарыса оқыдық. Әкешім «Әңгіме менің әкем туралы екен. Әкем мен шешемді, тіпті өзім мен ағайынымды жазбай танып тұрмын. Автордан сұрасаң болады. Жазған Қайырғали Медет сенің атаң, бізбен немере ағайын» деді. Маған қызық болғаны әңгіме емес, авторы еді. Өйткені «журналист атаң бар» деген сөз тыныш отырғызбады. Сол кезде-ақ еркін, қалауын жасайтын қаланың ерке баласы едім. Бір күні сабақтан кейін, үндеместен «Шымкент келбеті» газетінің мекен-жайын қағазға жазып алғанмын.
«Тоқал там» табыстырған туыстар
Алдына жалғыз өзі кіріп барған кішкентай қызды күліп қарсы алған бас редактордың жымиысы ерекше болды, келбетті ер адам екен. Газеттің өткен санында шыққан «Тоқал тамның» кейіпкерлері кім екенін білетінімді, ал оның авторы менің немере атам екенін, өзім де журналист болғым келетінін айтып, тақылдап отырсам керек, бас редактор жылы жымиған күйі әңгімемді үзбей тыңдады. Орнынан тұрып жаныма жақындады да, «сенің атаң Қайырғали Медет менмін» деді. Сөйлеп отырған сөзімді ұмытып, мейіріммен қарап тұрған атама көз алмай қарадым. Осындай келбетті ер адамды бірінші көруім. Ол да сөзін әрі қарай жалғап, «әкең ауылдан ертерек кетсе де ағайынын ұмытпапты. Жазбай танығанына, ең бастысы, газет оқитынына, қызына да газет-журнал оқытатынына қуанып отырмын» деді.
Әңгімелесіп, танысып-біліскен соң, қоштасуға ыңғайландық. Алдына барып отырған 11–12 жастағы қызбен үлкен адамдарша сөйлесіп, шығарып саларда: «Қызым, атаң екенімді, сен мықты журналист болғанша ешкімге айтпа. Әйтпесе көлеңкемде қаласың. «Бірдеңе жазсаң, атасы жазып берген дейді, биікке шықсаң атасының арқасы» дейді. Одан сағың сынуы мүмкін. Ал өзің жазуды тоқтатпа» деді.
… 2004 жылы әкем қайтыс болды. 40 жасында жесір қалған анам төрт қызын елден кем қылмай өсіру үшін Алматыға қоныс аударды. Ағайыннан тіпті алыстадық. Атаммен байланыс үзілді. Менің бала арманым орындалып, 2009 жылы журналистика факльтетіне оқуға түстім. Осыдан кейін атамды қайта іздей бастадым. Есейдім, үйіне барып тұрдым. Студент кезде оның «Алтын қазына» газетіне бірнеше материалым да шықты. 2013 жылы журналист мамандығын алып, осы саланың «қазанында» қайнай бастадық. «Қайырғали атамдай журналист болсам» деп армандағаныммен, тығыз байланыс орната алмадым. Күйбең тіршілікке ендік те кеттік.
… Міне, журналистика саласына келгеніме де 15 жылдай уақыт болыпты. Асықпай білім алып, жұмыс істеп, ел-жерді көріп, шетел аралап, кешірек тұрмыс құрдым, балалы болдым. Осыдан екі жыл бұрын Қайырғали атама «күйеу баласы мен немересін таныстырайын» деп арнайы бардым. Денсаулықтан айырылған екен. Сыр бермеді, өткен-кеткенді айтып, ауылдағы ағайынды, журналистикадағы замандастарын әңгімелеп, бір жасап қалып еді. Сол кезде атамды соңғы көруім екенін сезбеппін. Қимай қоштастық. Осы кездесуден соң тура екі жылдан кейін апамыздан «атамның жеті күндік асына» шақырту алғанда ғана енді бұл өмірде жоғын, оны іздеп енді ешқашан бара алмайтынымды түсіндім. Міне, содан бері де бір жыл уақыт сырғып өте шығыпты ғой.
Журналистикадағы жолы
Қайырғали Медет өзі де, қаламы да сырбаз еді. Әкесі Мүсілім ауыл-аймаққа беделді мұғалім болса, анасы Алтын он ұл-қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана болды. Осындай өнегелі отбасында өсіп, арман қуып Алматыға оқуға келген Қайырғали Медет журналистік жолда бағыт-бағдар беріп, ағалық ақылын аямаған, бүгінде қалың елге танымал қаламгерлердің ортасында шыңдалды. Атап айтқанда, Бейбіт Қойшыбай, Әлібек Асқар, Ақселеу Сейдімбек, Өтеген Нұрғали, Доқтырхан Тұрлыбек, Мархабат Байғұт, Жұмабек Кенжалин, Танаш Дәуренбек, Марат Тоқашбаев, Әшірбек Амангелді, Ханбибі Есенқараева, Мағира Қожахметова, Әбдрахман Асылбек, Жүнісбек Пайызов, Бақытжан Тобаяқов тағы басқа ағалармен, Есенғали Раушан, Жүсіпбек Қорғасбек, Бейбіт Сапаралин, Ермек Тұрсынов, Нармахан Бегалиев, Қанапия Омарханов, Роман Тоқбергенов, Бекарыс Шойбеков, Молдабек Сағымбеков, Асан Сарқұлов, Дархан Мыңбай, Сейсенхан Маханбет, Айгүл Мамыт, Алпысбай Шымырбай, Жеңіс Кәкенұлы сияқты көптеген әріптестермен қызметтес болған. Мұзафар Әлімбай, Тұманбай Молдағалиев, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкеев, Сайлау Пернебаев, Сұлтан Калиев, Дидахмет Әшімхан, Еркін Нұразхан сынды өзге де дара тұлғалармен дәм-тұздас болыпты. Алматыда 20 жылдан астам қызмет етіп, көптеген журналистермен қоян-қолтық араласып, сол ортада өнеге алған.
Ақпарат пен мәдениет, әдебиет саласында жүріп елеулі еңбек етті. Қызығы мен қиындығы мол журналистік жолдың алғашқы баспалдағынан бастап, «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды.
Қайырғали Мүсілімұлы 1983 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1982 – 1990 жылдары республикалық «Білім және еңбек» журналында әдеби редактор, бөлім меңгерушісі, 1990 жылы республикалық «Денсаулық» журналының жауапты хатшысы. 1991 – 1997 жылдары республикалық «Мәдениет» («Культура») газетінің бас редакторы, 1997 жылы «Қазақстан теледидары және радиосы» корпорациясында бағдарламалық қызмет басшысы, 1998 жылы ОҚО Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының тіл бөлімі бастығы, 1999 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары, 2000 – 2006 жылы «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы, 2006 – 2007 жылдары «Ел мәдениеті», «Өмір-айна» газеттерінің бас редакторы, 2009 жылдары «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында директордың орынбасары, «Алтын Қазына» газетінің бас редакторы. Сондай-ақ облыстық саяси қуғын-сүргін музейі төрағасының орынбасары, Ерлік мұражайының меңгерушісі, облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры қызметтерінде болды.
Журналистика саласында ұзақ жылдар қызмет атқарғанмен, өзіндік із қалыптастырған азаматтарды кездестірудің өзі сирек кездесетін құбылыс. Қайырғали Медет өзінің журналистикадағы тәжірибесін оқу-ізденумен ұштастыра білген жастарға дарытуға тырысып бақты. Оның кәсібилігі сонау 1978 жылдардан бастау алғанына көз жеткізу қиын емес. Содан бірнеше жыл өткеннен кейін ол қоғамда болып жатқан небір өткір мәселелерді тереңнен қозғады. Оның: «Қоғамның дамуы барысында пайда болған жетістіктер мен түйткілдерге дер кезінде үн қатып отыру қаламгерлік те, азаматтық та борыш» («Беймаза Мезгіл» кітабынан. Авторы Қайырғали Медет, «Арда» баспасы, 2008 ж. ) деген сөзі көп жайды аңғартады.
Публицистикалық еңбектері
Қ.Медеттің журналистикадағы публицистикалық мақалаларының өткір жазылып, оқырмандарды терең ойға шомдыратын тұстары да аз емес. Мысалы, ол өзінің «Иірім алдындағы беймаза сәт» атты мақаласында журналистің нағыз кәсібилігін көрсетеді. Ол «Әрбір адамның ең жақын досы, бала күнінен көрге дейін бірге еретін өмірлік досы, ұзақ досы кітап болуға тиіс. Бұл нәрлі достық ең әуелі кітапханамен достасудан басталады» (Мұхтар Әуезов). Және де Қытайдың бір саяхатшысы сонау ғасырларда «Отырарды Отырар еткен де шарапханасы мен мейрамханасы емес, кітапханасы еді» деген. Ал кешегі Кеңес үкіметі құлағаннан кейін, республикамызда кітапхана саны үш есеге қысқарып, 3 миллион кітап сұраусыз, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Бір ғана Оңтүстік Қазақстанда 1996–1997 жылдары 607 кітапхана 433-ке түсіп, 174 кітапхана көзден бұлбұл ұшқан екен. Оның 161-і ауылдық жерлерде орналасқан еді. Мұндай үрдіс Әкежан Қажыгелдиннің жекешелендіру саясатының арқасында, әсіресе журналистермен болған әңгімеде оның «кітапханаларды ойлауға мұрша жоқ» деген атақты сөзінен соң-ақ қатты белең алған-ды..» (Оңтүстік Қазақстан» газеті, №13, 1999 жыл).
Журналистикада өзіндік стиль қалыптастырып үлгерген Қайырғали Медет республикалық басылымдардың басшылық қызметінен соң, туған жеріне оралып, Шымкент қаласында да абыройлы еңбек етті. Редактор, журналист Қ.Медеттің де ақпаратты жинап жеткізудегі талабының орынды жасалатыны онымен қызметтес болғандар анық аңғаратын. Ол редакция жоспарын құрғанда да алғашқы бағытты ақпарат алудың соны жолдарына үлкен мән беретін. Содан соң барып, сұқбаттасу, жеке пікірдегі мақалалар мен оқырмандардың хаттарына назар салатын. Себебі оқырманды да журналистердің өздерін де, ең алдымен, қызықтыратыны ол ақпарат кеңістігінде болып жатқан жаңалықтар емес пе?
Сонымен қатар Қайырғали Мүсілімұлы тіл мәселесін ұдайы көтеретін журналист, редактор бола білді. Ол өзінің «Сөз өнері. Біз бұған қаншалықты мән береміз?» атты мақаласында да орынды көтере білген. Бүгінгі өзекті болып тұрған тіл мәселесін Қайырғали Медет сонау ХVІІІ ғасырда жазылған Қожаберген жыраудың әйгілі «Баба тіл» атты дастанынан өлең шумақ келтіреді. Бұл шумақ былай жазылған:
Өз тіліңде жазбасаң,
Соғып та кетер киесі.
Өзге тілден көп артық
Қазақ тілі жүйесі – деген екен жүз жасаған Қожаберген жырау. Журналист осы өлең жолдарынан кейін, еліміздің жасы болсын, кәрісі болсын тілге деген құрметтен ада болып бара жатқанын сынға алады.
Қ.Медет әр кезде өзінің қаламынан туған мақалаларын тыңғылықты зерттеу арқылы қағаз бетіне түсіреді. Оның айтқандары да, жазғандары да осы күнгі мәселелерді қамтып жатқан еді.
Шынайы шығарма шырайы
Журналистикадан бөлек, соңғы жылдары Қ.Медеттің жазушылыққа уақыт бөліп, біршама шығармалар дүниеге әкелді. Ал жазушылық сарыны ерекше түзіледі. Әңгімелері мен повестерінде кешегі, бүгінгі, өмірдің көріністері жүрегіңді тербейді. Әділетсіздікке, жағымпаздыққа, парықсыздыққа–мейірім, шындық, қайсарлық қарсы тұрады. Бұл Қ.Медеттің өз кредосы. Оның бірінші бөлімдегі «Баспана», «Қасқырдың көзі», «Тендер», «Ахиреттің ақ жолы» тағы басқа әңгімелері осыны айғақтап тұр. Талантты жан әркез өзінің биігінен көрінері хақ. Оған талай заманның уақыт бедері куә болған. «Мүйізі қарағайдай» жазушылардың өзі әлі күнге белсенділік таныта қоймаған нарық тақырыбы, бүгінгі күннің тыныс-тіршілігі «Құлқын», «Тендер», «Баспана», «Шеткі үй» әңгімелерінен айқын аңғарылады. Шығармалардың арқауына айналған әкім-қаралардың тендер өткізудегі белден басатын небір жымысқы әрекеті, науқас өмір мен өлімнің ортасында жатса да құлқынына «бірдеңе» түспесе ем жасағысы келмейтін кейбір «ақ желеңді абзал жандардың» лас тірлігі, сайлау кезінде алашапқын болып «дастарқан жайғыш», «концерт бергіш» үміткерлер, жұмыс іздеп қалаға келгенімен баспана мәселесі титықтатқан жас отбасылар жайы – бүгінгі өмір шындығы, көзге таныс суреттер. Жазушының шеберлігі – көзі көргенімен ұсақ-түйек деп екінің бірі мән бермеген нәрсенің өзін көңілге түйіп, содан ой қорыта білуінде. Әйтпесе «Нарық нақыштары» деген шағын әңгімелер топтамасындағы оқиғалар кімнің басынан өтпеді дейсіз? Қандай жолмен болса да жүргізушілерден «бірдеңе» қарпып қалу ниетімен жол торыған полицейлерді жазушы ащы сын садағына алмай, жай ғана мысқылмен-ақ сілейтеді. «Қойшы іздеген қойшы» әңгімесінде колхоздың бір отар қойын «деректірден» бастап «заппермеге» дейін сәлем хат жазып беріп алдыртып, ада қылады.
Қайырғали Медет шығармашылығының негізгі ерекшелігі – ауыл адамдарының мінез қайшылықтарын шынайы суреттеуінде екенін пайымдадым. Екінші бір ерекшелігі – бүгінгі өмірді қаз-қалпында береді. Жалған оқиғалардың бояуын қалыңдатып, оқырманды шошындырмайды.
Қайырғали Медет өмір өткелінен сүрінбей өткен ірі азамат болып өтті. Оның қаламынан туындаған еңбектердің өз оқырманын елең еткізбей қоймайтыны да сондықтан. Оның жазғандары, журналистикада қалдырған ізі өзінің мәнін жоғалтпасы да анық. Ол журналистикада өзіндік орны бар бірегей азамат бола білді. Өзінің еңбекқорлығымен ол талай белесті бағындырды. Ол жеке басының намысынан әрдайым ақиқатты жоғары қоя білген журналист болды. Қ.Медет туралы сөз қозғағанда оның кең өрісін, сезімталдығын, әр-алуан жанрда қалам тербеген жазушы ретінде де таниды. Жазушының шығармаларын оқығанда, оның тілінің көркемдігіне алдымен ден қояды.
Қайырғали Мүсілімұлы редактор, журналист, жазушы ретінде өз міндетін адал атқарған азамат болып мәңгі есте қала бермек.

330 рет
көрсетілді0
пікір