- Ақпарат
- 13 Ақпан, 2025
БАСЫҢДА БОЛСЫН БАСПАНАҢ...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өткен жылы Қазақстанда 18,96 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұрғын үй құрылысындағы рекордтық көрсеткіш. Ал биыл 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынады деп жоспарланған.
Баспананы жақсартуға арналған заң
Өткен жыл Қазақстанның тұрғын үй саясатындағы бетбұрыс кезең болды. Былтыр қараша айында Президент «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» Заңға қол қойды. Ол азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіреді. «Отбасы банкі» «Бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж азаматтар арасында тұрғын үйді тіркеу және бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналды. Реформа тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтарға баспана беру процесінің ашықтығын арттыру мақсатында жүргізілді.
Сондай-ақ осы заң аясында жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үйлерде тұратын 71 мыңға жуық азаматқа пәтерлерін жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Жалдамалы тұрғын үй иелерінің көпшілігі халықтың әлеуметтік осал топтары, соғыс ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы отбасылар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар және тағы басқалар.
Әлеуметтік осал топтар санатындағы мұқтаж азаматтарға арнап әкімдіктер 20 мыңнан аса пәтер сатып алды. Оның 13 мыңға жуық отбасы алғаш рет жеке баспананың иесі атанды. Одан бөлек, 2300 азаматқа ипотека бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттары түрінде 2,6 млрд теңге бөлініп, 10,4 мың азаматқа тұрғын үйді жалға алғаны үшін жалдау ақысының бір бөлігін жабуға арналған тұрғын үй төлемдері субсидияланды. «Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламалары аясында 2024 жылы 10 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. 64 мыңға жуық отбасына мемлекет 1 трлн теңге бөлгені белгілі. Мемлекет жалдау ақысын субсидиялау және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беруді әлі де жалғастырады.
Биыл елімізде 19 млн шаршы метр немесе 175 мың тұрғын үй, 2029 жылға қарай 111 млн шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Президенттің әрбір тұрғынның қолайлы жағдайда өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын белсенді түрде жүзеге асырмақшы.
Үй бағасы қымбаттай ма?
Соңғы жылдары Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мемлекет жыл сайын құрылыс көлемін арттырып, халықтың қажеттілігін қанағаттандыруды көздейді. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларына қарамастан, тұрғын үй саласында шешілмеген мәселелер бар. Құрылыс материалдарының қымбаттауы баспана бағасына ықпал етті. Кейбір өңірлерде тұрғын үйге сұраныс ұсыныстан асып түседі. Инфрақұрылымы дайын жер телімдерінің тапшылығы жеке құрылысқа кедергі келтіреді.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтың сөзінше, ипотекасы бар адамдардың банк алдындағы міндеттемелері сол күйі қалады.
«2024 жылы әлеуметтік тұрғын үйдің бір шаршы метрі – 300–350 мың теңге аралығында. Қазір бағаны қалыптастыру орталығымен бірлесіп, 2025 жылды есептеп жатырмыз. Қазақстан бойынша құрылыс материалдарының бағасына қатысты ақпаратты жинаған соң толық мәліметті таратамыз. Себебі үйдің бағасы құрылыс материалдарына байланысты», – дейді Қ.Қажкенов.
Вице-министр доллардың көтерілуіне байланысты 2025 жылы баспана бағасы да өзгеретінін атап өтті. Ипотекасы барлар о баста келісімшартқа қол қойған кезде алған міндеттемелері бойынша несие төлейді. Бұл жерде ешқандай жаңашылдық жоқ.
Инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетин де нарықтағы үй бағасында күрделі өзгерістер болмайтынын айтады. Оның сөзінше, биыл да баспана бағасы баяу, бірақ тұрақты түрде өспек. Оған сұраныс, инфляция және пәтердің өзіндік құнының өсуі ықпал етеді.
«Келесі жылы инженерлік желілер жетпеуі мүмкін. Бүгінде ЖЭО айтарлықтай белсенді жөнделіп жатқан жоқ. Бұдан басқа электр қуатының, ағынды суларды тазарту қондырғыларының жетпейтінін байқап отырмыз. Жаңа учаскелерді инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз ету факторы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің азаюына әсер етуі мүмкін», – дейді Лев Тетин.
Мемлекеттік бағдарламалар
Тұрғын үй саясатының басты мақсаты – әрбір қазақстандықтың өз баспанасына ие болуына мүмкіндік беру. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекет бірнеше бағытта жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, әлеуметтік топтарды қолдау, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, орта тапқа қолжетімді баспана, ипотекалық бағдарламаларды субсидиялау және жеке құрылыс салуға жағдай жасау, жер телімдерін бөлу және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
Қазақстанда іске асырылып жатқан негізгі тұрғын үй бағдарламаларының бірі –«7–20–25». Бұл бағдарламаға биыл біршама өзгеріс енгізілді. Нақты айтқанда, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ипотека рәсімдеу үшін қарыз алушы мен оның жұбайының соңғы 18 айда баспанасы болмауы керек. Дегенмен баспананың болмауы туралы талап 15 шаршыметрден аз жатақхана бөлмелерге қатысты емес. Сонымен қатар бұл бағдарламаға бір адам бір-ақ рет қатыса алады. Бұл бағдарлама бойынша баспананы «ЦентрКредит банкі», Freedom Bank, «Халық банкі», RBC Bank, «Алтын банк», ForteBank, «Еуразиялық банк» арқылы рәсімдеуге болады. 7%-бен берілетін бұл бағдарламаның алғашқы жарнасы 20%-дан басталса, несие мерзімі 25 жылға дейін. Баспананы алатын қалаға қарай бағасы да әртүрлі болады. Мысалы, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында тұрғын үйдің ең жоғарғы құны 25 млн теңге болса, Қарағанды, Түркістанда – 20 млн, ал бас аймақтарда – 15 млн теңге.
Келесі «Бақытты отбасы» бағдарламасы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған. 2%-бен берілетін бұл бағдарламаның алғашқы жарнасы 10%-дан басталса, максималды несие сомасы 15 млн теңгеге дейін барады. Ал «Отбасы банк» арқылы берілетін «Шаңырақ» бағдарламасы 5%-бен берілсе, оның да алғашқы жарнасы 10%-дан басталып, жалпы несие 20 жылға дейін беріледі. Сондай-ақ жастарға арналған өңірлік бағдарламалар да бар. Атап айтқанда, «Алматы жастары», «Астана жастары», «Алатау жастары» және т.б. Бұл бағдарламалар жас мамандар мен отбасыларға тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін береді. 5–10%-бен берілетін бұл бағдарламаның бастапқы жарнасы қаласына қарай 10–20% шамасында құбылады. Ал жалпы, несие 25 жылға дейін беріледі.
Мемлекеттік бағдарламаның бірі – «Жас отбасы». Бұл бағдарлама жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған, бастапқы және қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға немесе жеке үй салуға болады, несие 25 жылға дейін, 6%-бен беріледі. Алғашқы жарнасы 20% болса, максималды несие сомасы 20 млн теңге. Ал «Отау» бағдарламасы соңғы 5 жылда атында баспана болмаған азаматтарға арналған. Егер үйді дәл осы бағдарламамен Алматы, Астана қалаларынан алсаңыз, осы қалаларда тұрақты тіркеуіңіз болуы қажет. Бұл бағдарлама несиені 9%-бен 19 жылға берсе, алғашқы жарнасы 20% болады. Ал несие сомасы ірі қалаларда 30 млн теңге, басқа өңірлерде 18 млн теңге.
Сондай-ақ биыл «Наурыз» бағдарламасының талаптары да өзгерді. Енді жобаға қатысу үшін депозитте кемінде 2 млн теңге болуы қажет. Бағдарлама халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – 7%-бен, тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға 9%-бен беріледі. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйді Астана, Алматы қалаларынан 36 млн теңгеге, басқа өңірлерден 30 млн теңгеге 19 жылға дейін ала аласыз. Жұмыс істейтін әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы қайта іске қосылып отыр. Алайда жобаға қатысу үшін қойылатын кіріс бойынша талап өзгерген. Енді кірістің максималды сомасы – 900 000 теңгеден аса сомаға дейін ұлғайтылды. Яғни шамамен осы сомаға дейін табысы бар тұлғалар бағдарламаға қатыса алады. Алайда пайызы ең көп бағдарламаның бірі осы – 4,4% (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 15,4%-дан бастап). Бағасы 30 млн теңгеге дейінгі үйдің алғашқы жарнасын 20%-ын төлеп алуға болады.

601 рет
көрсетілді0
пікір