- Ақпарат
- 13 Ақпан, 2025
«Тұманды қарашаның» сыры

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының Алматыдағы ғимаратында жазушы Ырысбек Дәбейдің «Тұманды қараша. Ай сонатасы» атты жаңа кітабы оқырманға таныстырылды. Басқосуға белгілі қаламгерлер мен жас әдебиетшілер, БАҚ және басқа да мәдениет саласының өкілдері, жалпы әдебиетсүйер оқырман қауым қатысты.
Жаңа кітапқа автордың кейінгі жылдары жазған әңгімелері мен «Тұманды қараша. Ай сонатасы» атты хикаяты енген. Бұлардың түгелдей дерлігі – әдебиетшілердің оң бағасын алып, республикалық, халықаралық бәйгелерде жүлделі болып, кең тараған туындылар. Жазушылар одағының мүшесі, «Aq jelken» журналының бас редакторы, ақын Есей Жеңісұлы, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Ақберен Елгезек, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Ana tili» газетінің бас редакторы, ақын Ерлан Жүніс, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбайқызы және кітап редакторы Санжар Бекжан кітаптың тұсауын кесіп, Ы.Дәбейдің шығармашылығына қатысты пікір-пайымын ортаға салды.
Кітап биыл «Steppe & World publishing» баспасынан жарық көрген еді.
– «Тұманды қараша» хикаятында адамның ішкі психологиялық иірімдері керемет суреттелген. Туынды адамды азғындап кетуден құтқаратын – махаббат екенін қайыра еске салады. «Steppe & World publishing» баспасы кітапты сапалы етіп шығарғанын да айта кеткім келеді. Қағазы, безендірілуі көңілге қонымды. QR-да беріліпті. Жаңа стандарттарға толық сай кітапты тасқа басқан баспа ұжымына, басшысы Раиса Кадерге алғыс айтамын. Қазақ оқырманының осындай тамаша, сапалы кітап оқуға қақысы бар, – дейді А.Елгезек.
– Ырысбек Дәбейді «Қоңыз» кітабы арқылы жақсы танимыз. Бүгінгі басқосуға бір топ жастар арнайы қатысып отыр. Себебі Ы.Дәбейдің шығармаларын жастар қызығып оқиды, – деген Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбайқызы алдағы уақытта осындай шығармашылық кездесулердің көп болатынын айтып өтті.
SDU оқытушысы Ақбота Әбиір Ырысбек Дәбей шығармаларының әлем әдебиеті авторлары туындыларымен ұқсастығы мен айырмашылығына тоқталды:
– Тәні, жаны жаралы кейіпкерлер қазақ әдебиетінде де, әлем әдебиетінде де көптеп кездеседі. Ырысбек Дәбейдің шығармаларын оқи отырып, бірнеше шетел жазушыларының айтқаны мен шығармалары ойға оралады. Олардың барлығынан үзінді келтірмей-ақ қояйын. Мәселен, Эрнест Хемингуэй. Ол «Бәріміз жоғалған ұрпақтың өкілдеріміз» дейді ғой. Содан бері әлем әдебиетінде «жоғалған ұрпақ» деген бағыт қалыптасты. Ырысбек Дәбей шығармаларынан да сол «жоғалған ұрпақты» кезіктіресіз. Бірақ Ырысбектің кейіпкерлері де, олардың табиғаты да өзгешелеу. Ол кейіпкерлерді жіктеу үшін жаңа термин керек болар, – дей келе, SDU студенттері де қаламгер кітаптарын ерекше қызыға оқитынын айтып өтті.
Жазушы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары Дархан Бейсенбекұлы, «Baldyrgan» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш, SDU ұстазы Ғазиза Отарбай, суретші Шаттық Батан, редактор Мадина Мейірханқызы да сөз алып, жаңа кітаптың құпиясы мен ерекшелігін талдап берді. Кездесу барысында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның әншілері мен күйшілері ән мен күйден шашу шашты.
Қарагөз Серікқызы

594 рет
көрсетілді0
пікір