- Ақпарат
- 13 Ақпан, 2025
Алина ХАМАТДИНОВА, «Smart Ustaz» платформасының жетекшісі: Балаларымыз әртүрлі ақпаратпен бетпе-бет келіп отыр

Wisevoter ұйымының есебіне сүйенсек, 2023 жылғы жағдай бойынша суицид статистикасында Қазақстан 178 елдің ішінде 19-шы орында. Жаһандану заманы мен балалардың өз-өзіне қол жұмсау жиілігінің өсуінің арасында байланыс бар ма? Психолог-маман былай дейді.
Балаларымыз шын мәнінде өз құқығын қорғай алмайды. Жеке шекарасына қол сұғылмау керегін де білмейді. Жасөспірімдер арасында соңғы уақытта тіркелген өз-өзіне қол салу жағдайларына қарасақ, ондай балалар өзіне ешкім назар аудармағанын сезгенін, ешкімге керегім жоқ деген түсінікте болғанын байқаймыз.
«Мектеп оқушыларының өмір қауіпсіздігі бойынша білімі мен дағдыларын қалыптастыру» атты курста мұғалімдерге, психологтерге, ата-аналарға және жастарға суицид мәселесін тану, білу және оның алдын алу бойынша бағыт-бағдар беріледі. Бұл бағдарламаның мақсаты – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу бойынша мұғалімдердің тиімді жұмыс жүргізуі.
Қоғамда осы мәселелердің бүкпесіз, ашық көрсетіп, осындай әрекет туралы ойлаған жасөспірімнің оны ұялмай, қысылмай айтуына қол ұшын созу, көмек беру керек. Өйткені біздің дәстүрлі қоғамымызда бәрін жасырып, оны сыртқа шығармай, іштей тынумен шектелу үрдісі қалыптасқан.
Ал жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылыққа ұшырау, зорлық-зомбылық көрсету мәселелері көбінесе мұғалімді жұмыстан шығару немесе білім басқармасын не директорды жазалау сияқты шаралармен ғана аяқталады. Бұл мәселенің себебімен емес, салдарымен ғана күрес.
Қазіргі әлем жаһандану заманымен тең келіп тұр. Баланың нені оқып, нені көріп жатқанын бақылау қиын. Балаларымыз ойынға деген тәуелділікпен, зорлық-зомбылық типтегі оңды-солды ақпараттармен бетпе-бет келіп отыр. Міне, басты қауіп те – осы. Баланың кім болып өсіп келе жатқанынан, қандай ақпаратты тұтынып жүргенінен бейхабармыз. Бала өз құқығын білсе және өзінің жеке шекарасын жақсы түсінсе буллингке аз ұшырайтыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Сондай-ақ ондай баланың ойын тәуелділігіне, зорлық-зомбылық іс-әрекетіне араласу, қатысу қаупі салыстырамалы түрде азаяды. Мұндай мәселелерді педагогтер анықтап, дұрыс әрі адекватты түрде баламен және ата-анамен сөйлесіп, бала құқығын бұзбай, жұмыс жүргізуі керек.
Дайындаған
Бағдат Сұлтанқызы

560 рет
көрсетілді0
пікір