• Ақпарат
  • 13 Ақпан, 2025

Түбі бір түркінің тарихы

Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдас­тыруымен және Түркі Академиясының қолдауымен академик Дархан Қыдыр­әлінің «Тасқа жазылған тарих» атты кітабының әзербайжан, түрік және қырғыз тілдеріндегі басылымдарының, сонымен қатар орыс тілінде жарық көрген «Тюркский мир: через призму истории», түрік тілінде шыққан «Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay» деректі-ғұмырнамалық кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. 


Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академия­лық кітапханасында өткен алқалы жиынға Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Адил Каримли, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Койчиев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай, Қырғызстан, Мажарстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан Республикаларының Төтенше және өкілетті елшілері, ҚР Президенті Әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, TURKSOY халықаралық ұйымының өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірқатар депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. 
Жиынды кіріспе сөзімен ашқан Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова академик Дархан Қуандықұлының түркі дүниесіне ортақ бай мұраны зерттеп-зерделеу, сақтау істеріне және бауырластық байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесіне тоқталды. 
Сонымен бірге басқосуда сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Адил Каримли, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Койчиев, Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының Қазақстандағы кеңесшісі, академик Кәрімбек Құрманалиев, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлу, белгілі баспагер Шыңғыс Мұқан оқырманға жол тартқан жаңа кітаптар туралы орамды ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерімен бөлісті.
Түркі мәдениеті және мұрасы қоры жарыққа шығарған академик Д.Қыдырәлінің «Daşa yazılan tariх» (әзербайжан тілінде) кітабына автордың байырғы баһадүр бабалар тарихының тереңінен сыр тартатын, жалпы түркологиядағы алуан тақырыпты арқау еткен ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалары топтастырылған. 
Осы кітаптың қырғыз тіліндегі басылымы саналатын «Ташка жазылган тарых» кітабы да түбі бір түркі жұртының тарихын қазіргі заман тұрғысынан зерделеп, тұғыр­лы тұлғаларымызды жан-жақты тани түсуге жол ашатын, ғылыми жаңалығы мол еңбек. Айта кету керек, бұл басылым Қырғыз Рес­публикасы Президенті жанындағы Тарих ғылымын дамыту комиссиясының шешімімен басылып шыққан алғашқы кітап. 
Сонымен қатар еңбектің Түркі Академиясы және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен «Büyük Bozkır: Taşlara Yazılan Tarih» деген атпен жарық көрген түрік тіліндегі нұсқасы да киелі Ергенеқон, Өтүкен жерлерінен тамыр тартатын ашина дәуірінен бастап, Алтын Орда заманына дейінгі ортақ тарихымызды қамтыған бай мазмұнымен ерекшеленеді. 
Бұған қоса, оқырман назарына «Мазмұндама» баспасы шығарып ұсынып отырған «Тюркский мир: через призму истории» атты кітабы орыс тілді оқырманға түркі тарихы мен тұлғалары туралы таным-түсініктерін айқындай түсуіне мүмкіндік беретінімен маңызды. 
Академик Дархан Қыдырәлінің аталған жиында таныстырылған «Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay» атты деректі ғұмырбаяндық кітабы бұған дейін де бірнеше тілде жарық көріп, оқырман тарапынан өз бағасын алған туынды. Бұл жолы түрік оқырмандардың сұранысымен Анкарадағы «Bengü» баспасынан қайта басылып шығып отыр. 

Әсемай РИНАТҚЫЗЫ, 
Ә.Марғұлан атындағы 
№40 мектептің 
11-сынып оқушысы
АСТАНА

698 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы