- Ақпарат
- 13 Ақпан, 2025
ҰЛТ БАСЫЛЫМЫ – ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАДА

«Ana tili» газетінің 35 жылдық мерейтойы құтты мекен, парасат ордасы – Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасынан басталды. Н.Дәулетова атындағы залда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының 115 жылдығы мен «Ana tili» республикалық апталық газетінің 35 жылдығы аясында «Қазақ газеттері» ЖШС директорының орынбасары, Алматы басылымдарының жетекшісі Серік Әбікенұлы мен Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Алқалы басқосуға «Қазақ газеттері» ЖШС директорының орынбасары, Алматы басылымдарының жетекшісі Серік Әбікенұлы, «Үркер» журналының бас редакторы Жарас Сәрсек, «Aqiqat» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев, бас редактордың орынбасары Дина Имамбай, «Baldyrgan» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш, «Ana tili» газетінің қызметкерлері қатысты.
Кітапхана директоры Бақытжамал Қайырбекқызы «Қазақ газеттері» бірлестігімен Ұлттық кітапхана арасындағы тығыз қарым-қатынас жоғары деңгейде жүзеге асырылып келе жатқанын баяндады. «Қазақ газеттері» ЖШС директорының орынбасары, Алматы басылымдарының жетекшісі Серік Әбікенұлы қазақ баспасөзінің сақталуы мен ондағы сөздің оқырманға дұрыс жетуіне кітапхананың әр уақыт қызмет етіп келе жатқанын әңгіме өзегіне айналдырып, осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген кітапхана қызметкерлеріне алғыс айтты.
Іс-шара барысында Ұлттық кітапхана мен «Ana tili» газеті, «Aqiqat» журналының «Ұрпақ оқымаған кітап» және «Қолжазбадағы тарих» атты жобалардың әрі қарай өз жалғасын тауып, ынтымақтастық туралы меморандумы аясында басылымдардың электрондық нұсқасының оқырманға жетуі жеңілдетілетіні сөз болды. Қорды толықтыру қызметінің жетекшісі Қаншайым Мұсақызы осы кезеңге дейін «Egemen Qazaqstan», «Aiqyn», «Казахстанская правда», «Алматы ақшамы» газеттерінің PDF нұсқалары Ұлттық кітапханаға келіп түсетініне тоқталып, Алматы қаласындағы басылымдардың да электрондық нұсқалары алдағы уақытта жүзеге асатынына сенім білдірді.
Кездесуде «Ana tili» ұлт газетінің 6 ақпанда жарық көрген нөміріндегі Бақытжамал Қайырбекқызының Ұлттық кітапхананың 115 жылдығы төңірегінде берген сұқбатының ауқымдылығы мен көтерген мәселелері де талқыланды.
Бүгінде «Ана тілі» ұлт газетінің 1990 жылғы алғашқы басылымдары кітапханалар мен архивтерде сақталмаған. Алайда газет редакциясының жеке архивтерінде сақталған алғашқы нөмірлер Ұлттық кітапханаға арнайы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, электрондық нұсқасын сақтау үшін табысталды.
Қарагөз Сімәділ

589 рет
көрсетілді0
пікір