• Ақпарат
  • 13 Ақпан, 2025

Кірме сөз емле ережесіне бағынсын десек...

«Емле немесе сауатты жазу нормалары да ең бір «көпшілікқолды», «талқыға түскіш» құбылыс болғандықтан, үнемі түзету, қырнау, толықтыру, қысқасы, неғұрлым жетілдіре түсу процесін басынан кешіреді» дейді академик Рәбиға Сыздық.
Ғалымның бұлай деуінің бір негізі қазақ әдеби тілінің сөздік құрамындағы кірме сөздердің – өзге тілдерден түпнұсқа қалпында енген ғылыми-техникалық терминдердің емлесіне байланысты. Бірқатар зерттеушілердің көрсетуінше, терминологиялық қордың тізбесінде 30 мыңнан аса кірме сөз бар екен. Дегенмен қазақ терминқорын қазақ тілінің өз әлеуеті арқылы жаңғырту ғылыми-практикалық тұрғыдан жүйелі түрде, сапалы атқарылып келе жатқандықтан, оншақты жыл бұрын ұсынылған сандық мәлімет әлі де болса нақтылана түсері анық. 

Кірме сөздерге қатысты емле қағидаларының орнығуында академик Рәбиға Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» деп аталатын еңбегінің орны ерекше. Сонау 1960 жылдардан бастап қазақ емлесін тілдің ішкі заңдылықтарына сәйкес ғылыми жүйелеп берген ұстаздың «Анықтағышының» бүгінгі қазақтілді қауымның жазу ісінде сауатты болуына ықпалы болғанын зор ілтипатпен атап өткен жөн. 
Дей тұрсақ та қазіргі жазба нұсқаларда, әсіресе мектеп оқулықтары мен кейбір ғылыми-көпшілік әдебиетте, ресми сұқбаттарда соңғы бірер жылда ғылымның қарқынды алға басуына орай актуалданған интеллект сөзінің қазақ тілінің қосымшаларымен түрленуіне қатысты ала-құлалықтар кездесіп қалып жүр. 
Назар аударып көрелік. 
Ежелгі гректер... эмоциялық интеллект­пен ойлауды алдыңғы орынға қойған.
 Әлемде атал­ған дағдылар бойын­ша эмо­циялық интеллектке бейім­дейтін мектептер бар («Айқын» ақпарат 26 қазан, 2019 жыл). 
Қазір адамзат жасанды интеллекттің қарқынды даму кезеңінде деп айтуға болады.
Жасанды интеллектті меңгеруді бүгіннен бастау қажет. Интеллектті диагностикалау интеллект коэффициентімен жүргізіледі. 
Оған қоса жасанды интеллектті оқытатын арнаулы университеттер ашылуы қажет
Бізге жасанды интеллектпен айналысатын үлкен министрлік ашу керек.
Қызығы, Трампты ел басқару дағ­­­­­­­­­­дысына қарамастан, эмоция­лық интеллекті төмен көшбасшы деп сөгеді екен.
 Ғалым ретінде айтарым, жасанды интеллектті дамытуға ешкім шек қоя алмайды, ғылым дамыған сайын жасанды интеллект те дамуын тоқтатпайды (https://kaz.inform.kz).
Берілген сөйлемдер құрамындағы эмоциялық интеллект­пен ойлау, жасанды интеллекттің, жасанды интеллектті меңгеру, жасанды интеллектті дамыту, интеллектті диагнос­тикалау тіркестеріндегі интеллект сөзінің қосымшалармен түрленуінің қай-қайсысы да қате. Сөзімізге бірнеше дәлел келтірелік. 
Біріншіден, соңы кт, сондай-ақ нд, нз, нк, нг, мп, мб, мт, ск, вт, фт, пт дауыссыздарына аяқталатын кірме сөздерге қазақ тілі қосымшаларының жалғануы, жоғарыда айтқанымыздай, академик Рәбиға Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышында» әбден жүйеленген. Еңбекте митинг+і+ге, митинг+і+сі; фонд+ы+сы, фонд+ы+ны; лифт+і+мен; факт+і+сі, факт+і+лер; рецепт+і+нің тәрізді көптеген мысалдар арқылы емле ережесі анықталған (Қараңыз: Сыздық Р. Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы). Алматы, 2000; §32–34).
 Демек, интеллект сөзінің қосымшалармен түрленуі осы қағидаға негізделеді. Дәлірек айтсақ, интеллект+і+нің (интеллекттің емес), интеллект+і+ге (интеллектке емес), интеллект+і+ні (интеллектті емес), интеллект+і+де (интеллектте емес), интеллект+і+ден (интеллекттен емес), интеллект+і+мен (интеллектпен емес), интеллект+і+лер түрінде жазылады. 
Соңы екі, кейде бірнеше дауыссыздың іргелес орналасуы арқылы жасалған кірме сөздерге -і/ -ы әріптерінің қазақ тілі қосымшаларының алдында жалғануында бірнеше заңдылық байқалады. 

Академик З.Базарбаева мен қауымдастырылған профессор А.Фазылжан өз зерттеулерінің негізінде бұл құбылысты түпнұсқа принцип пен фонетикалық принциптің теңгерімі деп бағалайды. Дәлірек айтсақ, интеллект, аспект, абстракт диалект, субъект сияқты сөздерге қосымшалардың алдында -і, -ы әріптерінің орналасуы кірме сөздердің қазақ сөз сазымен үндесіп, түбір күйінде интеллекті, аспекті, диалекті болып дыбысталуына байланысты. Осындай кірме сөздерге қосымшалардың жалғануы іні+і+ні, құрбы+ы+ны заңдылығына мейлінше сәйкес келеді. 
Кей реттерде кірме сөздердің осындай қабатына қосымша жалғау­ға қатысты тағы да бір қиындық байқалып қалады. Мектеп оқулықтарының бірінен «Тексерусіз меңгеру ... Балалар нақтыдан абстрактыға, дұрыс ойлауға тез өтеді» деген сөйлем ұшырасты. 
Бұл ретте ескеретін жайт – кірме сөздердің қосымшалармен түрленуі қазақ тілінің заңдылықтарына бағынады, соңғы буынның үндесімі сақталады, яғни соңғы буындағы жуан немесе жіңішке дауысты дыбысты таңбалайтын әріп тұрса, қосымша да соларға үндеседі; мәселен, мектеп-ке, интеллекті-ге сөздерінің қосымшалары бірдей. 
 Кірме сөздердің осы тобына қандай қосымша жалғанатынын барыс септігінің қосымшасы арқылы анықтап алуға болады. Басқаша айтқанда, «талқыға түскіш» кірме сөздерге келгенде, қосымшаның қайсысы жалғанатыны дүдәмал болған тұста, барыс септік жалғаулары көмекке келеді. Демек, интеллект+і+ге, диалект+і+ге, эффект+і+ге, контракт+і+ге, антракт+і+ге, факт+і+ге, рецепт+ті+ге, конспект+і+ге, фонд+ы+ға, ромб+ы+ға, концепт+і+ге, митинг+і+ге нұсқаларын түзіп алсаңыз, қосымшалардың басқа түрлерін жалғауда еш қателеспейсіз. 
Кірме сөздердің қосымшалармен түрленуіндегі тағы бірнеше ерекшелікке көңіл аудартсақ дейміз. Соңы кт дауыссыздарына аяқталатын кірме сөздер есім сөздерден жасалған анықтауыш сөздермен тіркескенде, қосымшалар да өзгеріп, адамның интеллект+і+сі, зерттеу аспект+і+сі+не, жазушының идиолект+і+сі, мекеменің субъект+і+сі+не қалпына көшеді. Әрине, бұл – меншік қатынасын білдіретін септік жалғауларының біріне ғана қатысты өзгерістер.
Кірме сөздердің емлесі, оларға қазақ тілі қосымшаларының жалғануы академик Р.Сыздықтың еңбектері негізінде түзілген Емле сөздігінің бірнеше басылымында (1988–2013 жылдар арасы) жүйелі түрде тіркелген. 
Қазір Жаңа Қазақстан контексінде тілші-мамандар кірме сөздердің барлық қабатының емлесін қайыра бір саралап, біріздендіру мәселесін айрықша назарға алып отыр.

Айман АЛДАШ,
филология ғылымының 
докторы, профессор,
А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институтының 
тіл мәдениеті бөлімінің 
бас ғылыми қызметкері

962 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы