• Ақпарат
  • 13 Ақпан, 2025

Бижомарт ҚАПАЛБЕК, филология ғылымының кандидаты: «Жыйырманы» қалай жазамыз?

Қазіргі орфографиялық сөздіктерде тілшілер жиырма дегенді норма деп белгілеген. Бұл норма тілдің бірнеше заңын бұзып тұрса да көз үйреніп кеткен. И таңбасын дауысты деп танысақ, одан кейінгі ы таңбасы да дауысты, бір түбірдің ішінде екеуі қатар келмеуі керек еді. Ал егер и-ді ый дыбысының қосындысын таңбалап тұр десек, онда сөз үш буынды болып кетеді.
Қазақ емлесі бойынша жы-йыр-ма болып жазылуы керек. Үш буынды сөз. Оны айту қиын әрі ұзақ. Сондықтан сөйлегенде екі буын түрінде айтып жүрміз. Қуантқан Ванов жүздеген адамнан он тоғыздан жиырма тоғыз­ға дейін санауды сұрап, тәжірибе жасаған. Сонда байқағаны, жиырма (жыйырма) деген үш буынды нұсқаны бірде-бір адам айтпаған, «бірі жирма, бірі жерма деп екі буынды сөз ретінде айтты», – дейді ғалым. Мұны жергілікті ерекшелік деуге келмейді. Маңғыстауда тұратын Қуантқан Ванов «Қазақстанның әр аймағында, сондай-ақ Моңғолияда, Қытайда тұратын қазақ әншілерінің «Жиырма бес» әнін тыңдап қарауы да «жыйырма» сөзінің жерма не жирма деп айтылатынын көрсеткен, демек 20-ны екі буынмен айту жергілікті ерекшелік емес. Бұл – сөйлеудегі үнем заңдылығы. Біздің қазақ жазуы – дыбыстың жазуы. Ол туралы Ақаң былай дейді: «Қазақ емлесінің 70–80%-ы дыбыс жүйесі. Оны білу үшін буынды жақсы тану, дұрыс буындай білу, сөздің буындарын біліп отырып, жазуға әдеттену ғана керек». Бұдан қазақ жазуы тұтастай айтылымды транскрипция жасап отыратын жазу деген қате түсінік болмауы керек. Қазір көп адамның айтылым дағдысы оқу арқылы қалыптасады. Сондықтан «жыйырма» сан есімін екі буынды нұсқамен жазу арқылы орнықтыруды біз де қолдаймыз. Бірақ оны қалай жазамыз, жирма түрінде жазу қазақтың дыбыстық заңына қайшы, бізде и деген дауысты жоқ. Яғни қазіргі қолданыстағы жиырма деген жазу да дұрыс емес, ал жыйырма деп жазсақ тілдік нормаға сай. Бірақ үш буынды сөзді сөйлеуші, яғни сөйлеу нормасы жақтырмай тұр. Енді не істемек керек?! Қазір қысқа й деп аталатын өзіміздің дауыссыз й арқылы екі жағындағы екі дауыстыны алып тастап, ж(ы)й(ы)рма деп тек дауыссыздардың тіркесі етіп жазуға тағы болмайды. Дауыссыздардан буын құралмайтындығы белгілі. Жир-ма деп, екі буынды сөз түрінде жазсақ и дыбысын дауыс­ты деп мойындағанымыз болады. Бір дыбыс кейде дауысты, кейде дауыссыз бола алмайды. Қазақ тілінде и де, у да дауыссыз дыбыстар. Мысалы: тау, тай және т.б. Қазақ тіліндегі и деген дауысты дыбысты таңбалап тұрған әріп бізге у, я, ю әріптерімен бірге орыстың әліпбиінен енген. Сондықтан тілдік норма бойынша жыйырма деген жазуды екі буынға түсіріп жыйр-ма деп қана жаза аламыз. Қуантқан Ванов оны – жерма (жер-ма) деп жазсақ дұрыс болады дейді. Біз де осы нұсқаны дұрысырақ көреміз. 
Біздің мақсатымыз айтылуды неғұрлым жеңілдету, соған сәйкес келетін жазу нормасын белгілеу болса, онда дұрысы жер-ма не жыйр-ма болады. Жазудың қызметі – тілдің өзгерісіне әсер ету емес, сол өзгерістен қалмай еріп отыру.

709 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы