- Ақпарат
- 20 Ақпан, 2025
ЫДЫРЫСОВ ЖОЛЫ
Белгілі қаламгер, педагог, баспа саласының білгір маманы Әбілфайыз Ыдырысов кітап шығару ісінде де өлшеусіз еңбек сіңірген ғалым еді. Ол зерттеген кітап және газет дизайны – нағыз өмірдің өзі, ой мен сезімнің шынайы бейнесі іспетті. Әдемі қаріптер, үйлесімді дизайн оқырман үшін маңызды. Ал Әбілфайыз Ыдырысов – баспа стандарттарының қазақы өрнегін жасаған маман. Оның айтуынша, әріп әрқашан өз орнын, мәтін өз ырғағын, ал дизайн табиғаттың сұлулығы секілді үйлесімін табуы керек. Ғалымның ұсыныстары тек қана эстетикалық сұлулықты емес, сонымен бірге оқырман мен автор арасындағы нәзік қарым-қатынасты бейнеледі. Ол үшін баспа – өнердің өзіндік тілінде сөйлейтін шеберлік пен шындықтың айнасы.
Уақыт өтіп, жаңа дәуірге қадам басқан сайын, баспа әлемі де жаңғырып, өзгерістерге ұшырады. Цифрлық дәуірде электронды кітаптар мен сайттар пайда болды да, баспа өнерінің жаңа қырлары ашыла түсті. Бұрнағы баспа дәуірінің көркемдігі мен Әбілфайыз Ыдырысов ұсынған дәстүрлі стандарттардың рухы қазіргі заманның технологиясымен ұштасып, жаңа әуенге айнала ма? Қазіргі баспа стандарттары тек қағаз беттеріндегі нақтылықпен шектелмей, экранның шешімі және интерактивтілік секілді жаңа ұғымдарды да қамтиды. Дегенмен стандарттаудың түпкі мәні өзгерген жоқ: ақпараттың айқын әрі үйлесімді берілуі, оқырманға ыңғайлы орта жасалуы. Осы принциптер бүгінгі баспа өнерінің де өзегі. Қазіргі замандағы баспа стандарттары, әлемдік талаптарға сай, экологиялық тазалық пен сапаны бірінші орынға қойып, дәстүр мен жаңашылдықтың алтын арқауын іздейді.
Әбілфайыз Ыдырысовтың осы саладағы ұсыныстары қазіргі баспа стандарттарының негізі болып қала береді. Ол – қағаз беттерінде жазылған әрбір әріпті, әрбір сөйлемді үйлестіруді қолдаған маман. Сол қадамы арқылы өткен мен бүгінді, дәстүр мен технологияны, эмоция мен нақтылықты бір арнаға тоғыстырды. Өйткені нағыз баспа уақыт талабын орындап қана қоймай, көркемдік талаптарын да сақтай білуі қажет. Сол үшін де қазіргі әрбір электронды парақта, виртуалды кеңістікте Әбілфайыз Ыдырысовтың идеялары – әріптердің, нұсқаулардың, түс пен форманың көрінісі байқалады. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың ұштасуы.
Әбілфайыз Ыдырысовтың заманында қалыптасқан баспа стандарттарының қағидалары қазіргі дизайнерлер мен баспагерлерге де шабыт беретіні анық. Сол үшін де оның баспа стандарттарына қосқан үлесі ұлттық мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналды.
Ғалымның айтуынша, баспа қызметкерінің шеберлігі шығармашылықтың шексіз күшін көрсетеді. Әрбір жаңа кітап – технологиялық жаңалықтардың ғана емес, сонымен бірге адамның ішкі жан дүниесінің, сезімдерінің, армандары мен үміттерінің көрінісі. Осы тұрғыдан қарағанда, баспа стандарттары – тек ережелер мен нормалар жиынтығы ғана емес, шығармашылықтың нақты бір формасы, өмірдің әрбір сәтін, әрбір әсерді бейнелейді.
Заманауи баспа өнерінде технология мен дәстүр бір-бірімен тығыз байланысып, жаңа биіктерді бағындырып, әрбір оқырманның жүрегіне терең із қалдырады. Бұл – өткеннің даналығы мен болашақтың үміті, ескі қағаз беттеріндегі жаңа цифрлық әлемнің жарқыраған әуені.
Осы орайда қазіргі баспа мамандары бұрнағы стандарттарды қаншалықты сақтайды, оны да білген дұрыс қой деп ойладық. «Бұрынғы баспа мәдениетін сақтауға тырысамыз, өйткені ол – классикалық үлгіміз. Кітаптың техникалық безендірілуі жағынан осы стандарттарды пайдаланамыз және Әбілфайыз Ыдырысов сияқты тұлғалардың жолымен жүреміз. Дегенмен кітаптың ішкі безендірілуінде еркін стильге көбірек мән береміз. Бұрынғы баспа мен кітаптар белгілі бір қалыптан шықпайтын. Ал қазіргі заман кітаптарын дайындау барысында кітаптың ішкі мазмұнымен қатар, сыртқы мұқабасына да айрықша көңіл бөлеміз. Бұрындары кітап шығару барысында техникалық мүмкіндіктер шектеулі еді. Қазір заман өзгерді, цифрлық баспа ісі жақсы дамыды. Сол себепті біз кітаптың дизайнына көбірек мән береміз. Себебі адам кітап сатып аларда оның мазмұнымен қатар, дизайнына да ерекше назар аударады. Кітап сөрелерінде талғаммен, жинақы тұруы үшін көп жағдайда мұқабасының ерекше көзге түсуіне мән береміз. Қазір маркетингінің де маңызы зор, сондықтан кітаптың сатылымы үшін мұқаба мен дизайнға көңіл аударамыз. Бұрынғы кітаптар көбінесе бір түсті болып, сары қағазда ғана басылатын. Ал қазір қағаздың түрі өте көп. Мысалы, фин қағазы, крем түстес қағаз немесе аппақ офсеттік қағаздар бар. Кітап шығарған кезде олардың арасынан таңдау жасаймыз. Фин қағазы мен газет қағазы өте жеңіл болғандықтан, көптеген оқырман кітаптың жеңіл болғанын қалайды, себебі оны өзімен бірге алып жүруге ыңғайлы. Сол себепті біз кітаптарды барынша жеңіл етіп жасауға тырысамыз. Бұрын кітап басып шығару ұзақ уақыт алатын. Ал қазір цифрлық технологиялар мен заманауи баспаханалардағы машиналардың көбеюіне байланысты кітаптың жарыққа шығу жылдамдығы артты. Енді 2–3 күн ішінде, нақты белгіленген мерзімге сай, кітаптарды басып шығаруға болады және бұл жылдамдық сапаға кері әсер етпейді. Бүгінде сапалы кітаптарды қысқа мерзімде шығару мүмкіндігі бар. Кітап түптеу кезінде желімнің сапасы жақсарғандықтан, бұрынғыдай шашылып қалу мәселесі болмайды. Кітапты сатып алатын – оқырман. Сондықтан біз оның мазмұны мен сапасына ерекше мән береміз. Бұрынғы баспаның стандарттары мен техникалық ерекшеліктерін сақтай отырып, кітаптың ішкі бөліктерін сол талаптарға сай безендіреміз. Сондай-ақ қазіргі кітаптар кішігірім қаріптермен емес, заманауи үлгідегі үлкен қаріптермен беттеледі», – дейді «Алқа» баспасының бас редакторы Баян Хасанова.
Иә, Әбілфайыз Ыдырысовтың идеялары мен ұсыныстары бүгінгі баспа стандарттарының негізін құрап, шығармашылық пен технологияның үйлесімінде жаңа идеяларға жол ашты. Әрбір жаңа кітап, әрбір электронды парақ – Әбілфайыз Ыдырысовтың осы саланың стандарттарына енгізген еңбегінің бір көрінісі. Әбілфайыз Ыдырысовтың баспа саласының стандарттарына қатысты қосқан үлесі туралы айтқанда, газет безендіру ісін жаңашылдықпен қалыпқа келтірген еңбегін де ұмытып кетпеген дұрыс. Оның осы салаға қатысты жазған оқулықтары мен кітаптары қазір де ЖОО-ның кітапханасы сөрелерінде «шаң басып» қалмай, оқу-оқыту ісінде студенттер мен мамандардың талдап-таразылар материалы қатарында болғанын да айта кеткіміз келеді. Бүгінгі жаңарған технологиялар саласында Ыдырысов салған жол ескірмек емес.
Аяжан ТОҚТАСЫНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң баспагерлік, редакторлық
және дизайнерлік
өнер кафедрасының
2-курс студенті
408 рет
көрсетілді0
пікір