- Ақпарат
- 27 Ақпан, 2025
БІЛІМДІ МАМАН, БІЛІКТІ СОТ

Сот төрелігі академиясы Президенттің 2016 жылғы 18 ақпандағы Жарлығымен Мемлекеттік басқару академиясының құрылымдық бөлімшесі – Сот төрелігі институтының базасында ерекше мәртебеге ие жоғары оқу орны ретінде құрылды. 2024 жылғы 15 шілдеден бастап Сот төрелігі академиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Жоғарғы Соттан Жоғары Сот Кеңесінің құрамына берілді. Қазіргі таңда Жоғары Сот Кеңесі – Академияны жалпы басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті орган.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Академия жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асырады, сот жүйесі кадрларын қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және ғылыми қызметті жүзеге асырады.
Академияның миссиясы – сот корпусын қалыптастыру, сондай-ақ қазіргі судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру. Академия өзінің мәртебесіне сәйкес білім беру мазмұны мен қолданылатын білім беру технологияларын анықтауда толық дербестікке ие, бұл сот жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды даярлау қажеттілігінен туындап отыр.
Бүгінгі таңда Сот төрелігі академиясы сот жүйесіне кадрларды дайындаумен айналысатын бірден-бір жоғары оқу орны. Академия «Құқық» кадрларды даярлау бағытымен «Сот және сот төрелігі» білім беру бағдарламасы бойынша бір жылдық бейіндік магистратура шеңберінде арнайы оқыту үдерісін жүргізеді.
Бүгінде Академияда 98 магистрант оқиды, оның 60-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алуда. Соңғы жылдары магистратурада оқитындар санының өсу үрдісі байқалады, бұл – қоғамда судья мамандығына қызығушылықтың артқанының көрсеткіші. Болашақ судьялар Академияда заңнаманы және сот тәжірибесін егжей-тегжей зерделеп, қарқынды оқудан өтеді. Оқуды аяқтаған соң түлектер судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырып, одан кейін бос судья лауазымына орналасуға конкурстарға қатысады.
Кез келген оқу орнында білім берудің тиімділігі әдетте нәтижелермен, оның ішінде түлектердің жұмысқа орналасу пайызымен бағаланады. Академия жүзеге асырылатын білім беру саясаты мен қолданылатын оқыту технологиялары арқасында соңғы үш жыл ішінде түлектер арасынан судьяларды тағайындау бойынша өте жақсы нәтижеге қол жеткізді. Нақты айтқанда, түлектердің 95 пайыздан астамы біліктілік емтиханын сәтті тапсырып, судьялар қатарын толықтыра түсті. Олар еліміздің түрлі аймақтарында білікті маман ретінде еңбек етіп, сот жүйесінің жұмысын жақсартуға үлес қосып жүр.
Академияның магистратурасында кадрларды дайындау мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес, ал 2022 жылдан бастап ақылы негізде де жүзеге асырылады. Академия мемлекеттік органдар арасында, сондай-ақ мемлекеттік емес секторда магистратураға түсетін болашақ үміткерлерді тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізеді. Магистратура бағдарламасына құжат тапсыру санының жылдан-жылға өсіп отырғаны байқалады, бұл заңгерлердің сот мамандығына қызығушылығының артып келе жатқанын растайды. Мысалы, 2024–2025 оқу жылында 724 өтініш қабылданды, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштерден (469 өтініш) 1,5 есе көп.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында сот жүйесі жабық корпорация болмауы керек екенін, ол салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, корпоративтік құқық саласындағы мамандарға мұқтаж екенін атап өткені белгілі. Енді 2025 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлермен қатар, мемлекеттік емес сектордағы заңгерлік мамандық өкілдері де бюджет есебінен оқуға мүмкіндік алады. Бұл сот жүйесіне құқықтың өзекті салаларынан білікті мамандарды тартуға мүмкіндік беріп, жалпы алғанда, судьялар корпусын сапалы құраммен толықтыруға ықпал етеді.
Сот жүйесіне кадрларды магистратурада даярлау аясында жүзеге асырылатын білім беру бағдарламасының ерекшелігі – сот ісін жүргізуге байланысты барлық пәндер бойынша тәжірибеге бағытталған оқыту. Академияда үш негізгі ғылыми білім беру орталығы құрылған. Олар мемлекеттік құқықтық пәндердің, қылмыстық құқықтық пәндердің және азаматтық құқықтық пәндердің орталықтары.
Мемлекеттік құқықтық пәндердің ғылыми білім беру орталығы конституциялық, әкімшілік, әлеуметтік-гуманитарлық және сот төрелігі мен сот билігі бағыттары бойынша білім алуды қамтамасыз етеді. Қылмыстық құқықтық пәндердің ғылыми білім беру орталығы қылмыстық және қылмыстық процесс бойынша пәндердің жүргізілуін қамтамасыз етеді. Азаматтық құқықтық пәндердің ғылыми білім беру орталығы жеке құқық саласы бойынша пәндерді қамтиды, оның ішінде азаматтық құқық және азаматтық процесс салалары бойынша пәндерге назар аударылады. Және осы үш орталық сот ісін жүргізудің төрт түрі бойынша пәндерді жүргізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар барлық ғылыми білім беру бағыттарын үйлестіріп отыратын академиялық бағдарламалар мен жобалар орталығы бар.
Оқу процесінде оқытушылар құрамы білім алушының танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған әртүрлі интерактивті оқыту әдістерін, атап айтқанда, проблемалық оқыту әдісін, кейс-стади, топтық жұмыс, рөлдік ойын әдісін, бинарлық сабақтар, пікірталастар, «миға шабуыл», дөңгелек үстел мен конференция ұйымдастыру және басқаларды пайдаланады.
Академиядағы проблемалық оқыту әдістері мен пікірталастар соттық-құқық қолданудың белгілі бір мәселесіне қатысты пікір алмасуға негізделген. Бұл әдістер кеңінен қолданылады, себебі онда магистранттар жас ерекшелігі мен кәсіби тәжірибесіне байланысты жоғары деңгейдегі ойлау дербестігі мен жетілуіне ие, құқықтық мәселелер бойынша өз көзқарасын дәлелдеп, негіздей алады.
Академиядағы білім беру процесі толығымен магистранттың болашақ кәсібіне бағытталған әрі түлектердің сот төрелігін жүзеге асыруға қажетті теориялық білім мен практикалық дағдыларға ие бола отырып, оған барынша дайын болуын көздейді.
Академияның саясатына сәйкес, оқыту процесі «судья судьяны оқытады» қағидасына негізделген. Академияда болашақ судьяларға тек заңгер-ғалымдар ғана емес, сонымен қатар академияның профессор-оқытушылық құрамының 75 пайыздан астамын құрайтын Жоғары Соттың және жергілікті соттардың тәжірибелі судьялары да сабақ береді, демек, тек теориялық білімге ғана емес, практикаға да көп көңіл бөлінеді. Бұл Астана қаласының соттарында тереңдетілген тәжірибеден өтумен дәлелденеді.
Тәжірибеге бағытталған оқытуда кейс-стади кеңінен қолданылады, оның мақсаты – магистрант алатын теорияны сот ісін жүргізудің нақты жағдайларына бейімдеу. Кейстер материалдық және процессуалдық құқық нормаларын қолдана отырып шешуді талап етеді, олар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде судьяларда ұшырасатын нақты міндеттерге ұқсас.
Академияда оқу сабақтарында сот процестерін жүргізу бойынша рөлдік ойын әдісі кеңінен қолданылады. Осындай сабақ өткізу барысында магистранттар судья, прокурор, адвокат, сарапшы және тараптардың рөлін орындайды. Бұл оқыту әдісі болашақ судьялардың кәсіби дағдыларын дамытуға да ықпал етеді.
Ойын түріндегі сот процестерін шынайы жағдайға барынша жақындату мақсатында Академияда арнайы аудиториялар – азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша сот отырыстарының залдары, сот қызметі үшін қажетті атрибуттармен жабдықталған.
Академия өз жұмысында академиялық адалдық саясатын ұстанады. Бұл саясат магистранттарда академиялық тұрғыда адал болмаудың кез келген көрінісіне, мысалы, алдауға, плагиатқа, академиялық деректерді бұрмалауға т.б. төзімсіздік көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Болашақ судьяларды дайындайтын оқу орнының ерекшелігі сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне мүлде төзбеушілік саясатына берілгенін айқындайды. Қазіргі таңда магистратураға қабылдау механизмін жетілдіруге және оңтайландыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен субъективизмді жоюға бағытталған жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Академия магистрантқа бағытталған оқытуды қамтамасыз етеді, бұл оқытуға және білім беру процесіне белсенді қатысуға деген мотивацияны арттыруда маңызды рөл атқарады.
Академия тек білім берумен шектелмейді, сонымен қатар ғылыми жұмыстарға да ерекше назар аударады. Академияның әр магистранты Жоғары Сот Кеңесі мен соттар ұсынатын магистрлік жобалардың тақырыптары бойынша сот тәжірибесінің өзекті мәселелерін мүмкіндігінше тереңірек қамтып зерттейтін магистрлік жоба жазады.
2025 жылғы 11 ақпанда Жоғары Сот Кеңесі төрағасының өкімімен Сот төрелігі академиясын дамытудың 2025–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Академияның жаңа тұжырымдамасының мақсаты – оның білім беру, ғылыми, кадрлық және материалдық-техникалық әлеуетін нығайту. Ол сот төрелігінің заманауи талаптары мен міндеттеріне сәйкес келетін жоғары білікті судья кадрларын тиімді даярлауға ықпал ететін болады.
Осылайша, Академия әрі қарай да еліміздің сот жүйесін дамытуға, яғни магистранттардың өте жоғары деңгейде білім алуын қамтамасыз етуге үлес қосу бағытында жан-жақты жұмыстарын жалғастыруды көздейді.
Майгүл Әбілова,
PhD, Жоғары Сот Кеңесінің
жанындағы Сот төрелігі
академиясының Академиялық
бағдарламалар мен жобалар
орталығының директоры

562 рет
көрсетілді0
пікір