• Ақпарат
  • 27 Ақпан, 2025

Ой айттық, ортамыз түзелсе деп...

«Аna tili» газеті шын мәнінде ұлт газеті, ұлт басылымы. 1990 жылғы наурыздың 22-сінен жарық көрген кезден бері өз атына сай ұлт тағдыры, оның өткені мен бүгінгісі, келешегі, тарихы, тұрмыс-салт тіршілігі, дәстүрі, тілі, ділі, діні, білімі мен мәдениеті т.с.с. күрделі саяси, әлеуметтік-экономикалық, стратегиялық маңызы, ұлттық мәні зор мәселелерді көтеріп, олардың егемендігімізді нығайтуға ықпал етіп отырғанын айғақтап келеді. 
 

Бізге көп оқырманның бірі ретінде басылымның мазмұны, мәні тұрғысынан жариялылыққа ие болған материалдардың көп қырлылығы, топталуы, баяндау тәсілі, тіл тағдыры, оның тазалығы тағы сол сияқ­ты оған қойылатын талаптар тұрғысында ұлт тағдырының жанашыры, жанайқа­йын тереңнен ұғынатын газеті ретінде өте жақын. 
Біз білім-ғылым саласының мамандары ретінде газеттің әр нөмірінде жарық көретін мақалаларға мән беріп, өзара пікір алмасып отырамыз. Бұл қатарда газеттің 2022–2024 жылдардың әр аптасында жарық көрген: «Осы бізді не күтіп тұр? (Ana tili, №24, 2022 жыл); «Үміт пен сенім» (№26, 2022 жыл), Жанболат Аупбаевтың «Тұлғалар: тәрбие, тағылым, тәжірибе» (№28, 2022 жыл), Кенжехан Матыжановтың бірнеше нөмірлерде жарияланған «Уыз тәрбие: толғам; «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» (Ana tili, №24, 2022 жыл), «Жақсылық пен жамандық экономикасы» (№27, 2022 жыл) т.б. бар. Бұдан бөлек, 2024 жылы жарық көрген «Қазақы қалпымызды сақтасақ» (№12), «Момышұлын сүйектен сомдаған» (№12), «Кітаптан сөз емес, ой ізде» (19.09). Ана тілі газеті мен Ұлттық кітапхананың бірлескен жобасы: «Ғылым әлем тағылымы», «Киетек, көк перзенті», «Әл-Ғазали әлеміндегі даналық дарағы», «Абайдың, «толық адам идеясы және Иран-Ғайыптың «бүтін адамы» (1.05.24), «Тәрбиелі бала тәртіп бұзбайды» (№41), «Бала тәрбиесін үлкеннен бастау керек» (№44) және газет бетінде көтерілген ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық маңызы зор мәселелерге байланысты өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік. 
Бұл мақалалардың басым көпшілігі ел, жер, тіл тағдыры, әлеуметтік-экономикалық, тұрмыс-тіршілік, шарықтап тұрған баға мен инфляция, бәсекеге қабілеттілік, тәлім-тәрбие, жекешелендірудің экономикаға, халықтың тұрмыс дәрежесіне ықпалы туралы аса күрделі мәселелерге арналған. Проблемалардың көп қырлылығы мен күрделілігін ескере отырып, қоғамның сая­си, әлеуметтік-экономикалық жүйесінде ерекше маңызды орын алатын білім, ғылым, мәдениет, тәрбие мәселелеріне тоқталуды жөн көрдік.
Өйткені соңғы жылдарда орын алған су тасқыны, өрттің жиі орын алуы, эпидемиялық-экологиялық хал-ахуал – төтенше жағдайлар осы салаларда білікті мамандардың (жоғары және орта дәрежелі) жеткіліксіздігі айқын байқалды. Тіпті қалыпты жағдайдың өзінде республика бойынша 5 000 дәрігер, 5 000 оқытушы мамандары жетіспейтіні белгілі болды.
Ал педагогикалық бағыттағы мамандар туралы айтар болсақ, бір Алматының өзінде 4 жоғары оқу орны бар, ал оған 15 облыс орталығындағы пединституттарды (университеттер) қоса алғанда, қалайша оқытушы кадрлары жетіспейтіні түсініксіз жай. 
Бұдан шығар қорытынды, жоғары оқу орындары үшін маңыздысы – қабылданатын студенттер саны ғана болғаны ма? Ал денсаулық сақтау, оқу-ағарту, еңбек және әлеуметтік қорғау, ұлттық экономика министрлігі, облыстық жергілікті атқару кұрылымдары өз салалары бойынша қанша, қандай мамандық түрлеріне сұраныс барын алдын ала анықтай алмағандары ма, әлде жауапсыздықтан ба – түсініксіз. Мұндай жағдай экономикамыздың басқа салаларында да орын алып отырғаны белгілі. Бәрін де кадрлар шешеді тұжырымы еш уақыт ескірген емес, өйткені адам капиталы қоғамның жасампаздық әрі шешуші факторы. 
Жолдаудан туындайтын аса өзекті мәселе мамандар даярлайтын оқу орындарының экономиканың нақтылы секторымен байланысын тұрақты орнату университет (институт) қабырғасында алған теория­лық білімін практикамен ұштастыру мамандардың білім-білігін бекітудің ең тиімді жолы. Оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кұралдарын замана талабына сай қайта қарап жетілдіру керек. 
Ал жоғары білім беру мәселесіне келер болсақ, 20 миллионнан астам халқы бар елімізде 120 жоғары оқу орнының бар болуы сұранысқа байланысты емес, белгілі бір мүдделердің мақсатынан туындаған дер едік. Бұрынғы облыс орталықтарында (Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкентті қоспағанда) бір пединститут және тағы бір институт болушы еді, ал бүгінде бәрінде бірнеше университет ашылған. Жалпы, қандай да бір жоғары оқу орнын ашу үшін міндетті критерийлер болатын: қабылданатын студент саны, әрбір студентке есептелген оқу аумағы (уч. площадь), оқулықтар мен оқу құралдары (140 кітап 1 оқушыға), басқа да қажетті оқу жабдықтары, оқытушылардың ғылыми дәрежесі мен атақтары 40 пайыз жоғары болуы керек. Ал оқу орнын ашуға байланысты лицензия беру мекемесі осы нормативті талаптарды қалай есептеп, қандай негізде шешім шығаратыны жұмбақ. Олай болса жоғары білімді, білікті мамандар дайындау талаптарына сай, заңдылық жолымен жоғары оқу орындарын санына емес, сапасына қарай, бәсеке қабілеттілігіне қарай оңтайландыру да шешуін күтіп тұрған проблема. Келесі бір өзекті мәселе, осы еңбек адамы деген кім? Материалдық құндылықтарды кім өндіріп, кім қызмет көрсетеді? Олардың еңбегі қалай бағаланады, еңбекақысы қандай дәрежеде? Теориядан белгілі болғандай, нағыз еңбек адамы – сол материалдық құндылықтарды өндіретін мұнайшылар, шахтерлер, металлургтер, құрылысшылар, малшылар, диқандар, жұмысшылар. Міне, осылар, ең алдымен, ұлттық табысты өндіреді, бір бөлігін жалақы ретінде алады. Ал енді бір бөлігі мемлекеттік бюджет каналы арқылы қайта бөліске түсіп, одан шенеуніктер (аппарат қызметкерлері, депутаттар т.б.), мұғалімдер, дәрігерлер, басқа да бюджет қызметкерлері жалақы алады, ал бір бөлігі қор жинауға түседі. Осы жерде шағын салыстырмалы талдау жасап көрелік. Ал біздегі мұнайшылардың (басқа да жұмысшылар) жалақысының төмендігі соншалықты – шетелдік жұмысшылармен салыстырғанда 2–3 есе төмен. Міне, еңбекті шынайы бағаламау деген – осы. Әрі олардың еңбек жағдайы, еңбек қауіпсіздігі мәселелері де сын көтермейтін дәрежеде. 
Жалпы, экономиканы басқару, ұйым­дастыру, жоспарлау, жобалау, бақылау құрылымдарының жауапкершілігін арттыру керек, оларды пайымдау дәрежесі жоғары, парасатты, білімді де білікті, ұлтжанды жас кадрлар басқарғаны дұрыс, сонда Қазақстан жаңарады, бәсекеге қабілетті болып, өркениетті елдер қатарына қосылады. Қазақстан Президентінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауындағы жаңа экономикалық саясаттың, мақсат-міндеттері әлеуметтiк әмиян идеясы да осыны талап етеді. Қоғамда заң және тәртіп идеологиясын орнату арқылы мемлекетті басқарудың тиімділігін жетілдіру керек. 
Тағы айтатын бір мәселе, өкінішке қарай, бүгінгі жастардың басым көпшілігі кітап оқымайды. Ал кітап – білімнің, мәдениеттің, тарихтың, өркениеттің көзі. «Соңғы оқыған кітабың қандай, авторы кім немесе опера және драма театрында соңғы көрген қойылымың қалай аталады, режиссері, композиторы кім, басты рөлде кім ойнады, қандай әсер алдың» деген сұраққа жастардың әрдайым жауап бере алмайтыны қынжылтады. Соңғы кездерде театр, кино өнерінен эстрадалық жеңіл концерттер басымдыққа ие болып отырғаны жасырын емес. Өзі композитор, өзі әннің сөзін жазған, өзі эстраданың «жарық жұлдызы», өз өнерін мадақтаудан жалықпайды, еш қысылмайды. Өнерге байланысты бір кезде көркемдік кеңес (худсовет) деген болған, бүгінде ондай ұғым да, ұйым да жоқ. Демократияны желеу етіп, концерт және театр залдарын жалға алып, ақшасын төлесең болғаны, «қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының» концертін тамашалау мүмкіндігіне ие боласың. Мұны реттеп, мәдениет саясатын қолға алып, оны өркениеттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың бірден-бір шешімі деп қабылдау керек. 
Бала тәрбиесі – болашақ ұрпақ тағдыры ең қасиетті әрі жауапты кезең. Оған адами, біліми, ғылыми, рухани тұрғыдан мән беріп, әке – әкелік, ана аналық ретінде жауапкершілікпен қарауы керек. Оған бірегей рецепт жоқ. Алайда өмір заңы осыны бұлжытпай орындауды талап етеді. Бүгінгі бала – ертеңгі жігіт, кейін ол да өседі. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» демекші, ол да қартаяды. Сондықтан ақылгөй Қазыбек бидің «жалтылдайды екен деп жастықты сөкпе, бәріңнің шыққан тегің сол, қалжыңдайды екен деп қарттықты сөкпе, ертеңгі жетер шегің сол» деген нақыл сөзін ескергенге не жетсін. Шын мәнінде, өмір заңы осылай, оны еш ұмытуға болмайды. 
Құран Кәрімде көрсетілгендей, «Отбасы – сүйіспеншілік пен көрегендіктің алғашқы бұлағы» екенін есте сақтап, жас отбасыларға уағыздау керек. Ер мен әйелдің отбасының іргетасы екені Құранда, өмірде, ғылымда әбден дәлелденді. 
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Балаларыңды жақсы бағыңдар, оларды жақсы тәрбиелеңдер» деген өсиетін жастарға тәрбие-білім беру барысында да уағыздауды әрдайым ескеру керек. Әсіресе балаларға әке-шешесіне деген қайырымдылық әрі сүйіспеншілікпен қарауды, яғни «ата-­анана игілік етсеңдер, Алла сендерді жарылқайды» деген Құран Кәрім талаптарын бұлжытпай жүрегімен орындауды өсиет ету ең мәндісі. 
«Бес жасқа дейін балаңмен патшамен қатынас жасағандай бол, бестен он беске дейін малайыңдай (қызметшіңдей), ал он бестен әрі қарай досыңдай қатынаста бол» деген ескі әлемнің афоризмі. Осы бір өмірлік, тәрбиелік қағиданы дәл осылай сақтай алдық па, әлде жоқ па? Өте таласты мәселе. Қалай болғанда да, келешек отбасы құратын ұрпақ мұны ескерер деген үміттеміз. Одан ата-ана да, бала да зардап шекпейтіні айдан анық. 
Оқу орындарында білім арқылы тәрбие­леу, тәрбиелей отырып, білім беру, нағыз дұрысы осы. Ой-сананы биіктетіп ұлықтау керек. Адамның ойлау-ойлану жүйесін дамытып жетілдіре отырып, оларды бір жүйеге келтіру келелі міндеттерге жатады. Оған қазіргі білім де, ғылым да, тіл де, дін де, мәдениет пен әдебиет те, өзіміздің төл тарихымыз да, әдет-ғұрып, салт-дәстүр – бәрі бірдей қызмет етуі керек. Ой-сананы осылайша тереңдетуге, биіктетуге болады. Тек осындай жағдайда тәрбиелі, өнегелі ұрпақ өмірге келеді, нағыз ұлтжанды ұрпақ қалыптасады. Өмір заңы өте қатал, тәлім-тәрбиеге ықпал ететін ішкі және сырт­қы ықпал өте көп, одан сақ болуымыз керек. 
Сөз жоқ, жастарға адами, ұлттық тәрбие беруде мектептің орны қашанда маңызды. Олай болса оқу-ағарту, тәрбие жұмыстарын мемлекеттің стратегиялық саясаты дәрежесіне көтеру керек. 
Жалпы, киген киімнің өзінен адамның ішкі және сыртқы мәдениетін байқау қиын емес. Өйткені киім киюдің де өзіндік ережесі, елдік, ұлттық ерекшелігі бар. Бұл – әсіресе дипломатиялық қарым-қатынаста немесе ресми қабылдауда, театр мен оқу-білім, мәдени ошақтарында қатаң ескерілетін тәртіп. Бір сөзбен айтқанда, әлемде киім киюдің де сан қилы тарихы бар, тәртібі бар. Бұл – өз алдына зерттеуді, талдауды қажет ететін мәселе. Адамды киім әшекейлендіре ме, әлде киімді адам әшекейлендіре ме деген қайшылықты жаңылт­паш сөзге орын жоқ. Екеуі де бірдей мәнді әрі сәнділікті көрсетеді. Ол адамның талғамына, өзіндік мәдениеті мен кісілігіне байланысты. 
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді де есті болады… Естілерден естіп білген жақсы  нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда icкe жарайды, сонда адам десе болады...» деген көреген Абайдың он тоғызыншы қара сөзінің қазіргі және болашақ ұрпақ үшін мәнді екенін әрдайым есте сақтау керек.  
Ал, ақиқаты, әлеуметтік бағдарланған нарық экономикасын қалыптастырып, демократиялық, әділетті қоғам құрып жатқан елімізде атқарушы билік өкілдері, мемлекеттік аппараттың жауапты қызметкерлері стратегиялық, ұлттық маңызы бар мәселелерді тақылауда өзара ақылдасу, кеңесу, пікір алмасу, шешім қабылдауда Құран Кәрімнен, Абайдың қара сөздерінен ғибадат алса, оң нәтижелерге қол жеткізері хақ дегенді қадап айтқымыз келеді.

Меңдеш Исқалиев, 
академик, экономика ғылымының 
докторы, профессор,
Рая Жалғасова, 
Қазақстан білім беру 
саласының үздігі

 

423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы