- Ақпарат
- 27 Ақпан, 2025
Кейіпкер күйі қаламгердің жан күйі ме?

Кей деректерге қарасақ, әлемде шығармашылық адамының бірқатарында шизофрения дертінің белгісі болады екен. Тіпті кейде Мопассан, Гоголь, Достоевский, Филип Дик, Агата Кристи секілді қаламгерлердің де «сырқатты» деп танылуына қарап, сананы сан түрлі сұрақ шырмап алады. Шизофрения жан дерті ме, әлде сана дерті ме? Санасы дертті кейіпкерлерді туғызатын жазушыда сырқат болуы мүмкін бе? Оларға психологиялық терапия керек пе? Жүйкеге салмақ түсіретін шығарма қоғамға не береді?
Осы сауалға жауап алу мақсатында «Қазіргі қазақ прозасындағы шизофрениялық дискурс» тақырыбында «Ana tili» алқасының дөңгелек үстелі өткен еді. Ендеше, дөңгелек үстел барысында қозғалған әдебиетшілердің пікіріне назар аударайық.
Айнұр Ахметова, әдебиеттанушы, PhD:
– Зерттеушілер ХІХ ғасырда логика мен математиканы ажырату туралы ғылыми ой қозғалғанда осының негізінде шизофрениялық дискурстың да кейбір теориялары мен түсініктері пайда болғанын келтіреді. Яғни логика теориялары кейіннен семантика мен прагматикаға (коммуникацияны зерттеуде) қолданыла бастайды (Альфред Тарский және Грегорий Бейтсон ұмтылыстарын еске алуға болады). Әдеби мәтін де коммуникацияның бір түрі екені мәлім. Бұл дискурс туралы 1980 жылдардан бастап 2000–2005 жылдар аралығында бірқатар зерттеу мақаласы жарық көрді. Осылайша, шизофрениялық аурудың биологиялық жағы зерттелумен қатар, оның коммуникацияға тигізетін әсері де қарастырыла бастады. Осы жолдарды сол зерттеулерге негіздеп баяндап отырмын және зерттеушілердің болжамдарын төменде қазақ әдебиетінің кейбір үлгілеріне қатысты қолданамын. Шизофрениялық дискурстың маңызды белгісі – тілдің/сөйлеудің ауытқуы, ойдың шартты бұзылысының мәтіндегі көрінісі деп айтуға болады. Коммуникацияның ауызша және жазбаша түріндегі шизофрения тәсілдері қандай деген сұраққа келер болсақ, ирония мен үнсіздікке қоса, шизофрениялық бұзылыстың мынадай негатив симптомдары ретінде кейіпкердің апатияға берілуі (қызығушылықтың, ынтаның немесе алаңдаушылықтың болмауы), реал өмірге немқұрайды қарау, реалитимен өміршең байланысты үзіп/жоғалтып алу, адасу, галлюцинация, ой мен тілдің жұтаңдануы (әрине, мұны тілдегі сөздік қорды игермеген қаламгермен шатастырмауымыз қажет) т.б. бірқатар белгілерді атап өтуге болады.
Әдеби мәтін де коммуникацияның бір түрі. Үнсіздік жазып немесе айтып жеткізуге қиын ең ауыр сәттің орнына қолданылады. Үнсіздік арқылы автор ішкі әлеміне ұя салған ауыр зардаптарды жеткізуге ұмтылуы мүмкін. Кейде ауыр сәттерді баяндап жазудың орнына ештеңе айтпай, үнсіз қалуды да жөн санайды.
Кейбір зерттеулерде шизофрениялық дискурстың белгілері мен әлем әдебиетінде пайда болған бағыттардың (романтизм, модернизм, постмодернизм) кейбір тәсілдері бір-бірімен параллель түрде қарастырылады. Осылай дегенімізбен де, шизофрениялық дискурстың көріністері антикалық трагедиялардан да айқын байқалады. Әрине, одан кейінгі әдебиеттің әр кезеңінен қарастыруға болады. Шизофрениялық дискурсты шығарма контексінен қарастырар болсақ, әлдеқайда тиімді болары сөзсіз. Постмодернизм аясында қарастырылатын ирония, авторлық өлім, автордың өз объектісі ретінде өз тәжірибесіне сілтеме жасау қарқындылығы, автордың өзіне сыни көзбен қарауы, шартты дәстүрлерге, қоршаған ортаға немесе әлемге деген скептикалық көзқарастардан да шизофрениялық дискурс туындайды.
Жоғарыда аталған шизофрениялық дискурстың ең маңызды белгілері ретінде ирония мен үнсіздікке қоса, қазақ әдебиетіндегі шизофрениялық дискурс белгілерінің айқын көрінуіне отарлық кезеңде мәдени мұраларды, әдеби туындыларды басып шығаруға қатысты цензура, отарлықтың саяси, әлеуметтік, экономикалық тәжірибелерінің кейбір қаламгерге тигізген әртүрлі деңгейдегі әсерлері ықпал етті ме деген ой келеді. Сөз еркіндігінен шектеу жазушы немесе ақын психикасының бұзылуына түрткі болатыны сөзсіз. Мен бұл тұста қазақ жазушылары шығармашылығының еркін дамуы мен кітаптарының басылып шығуына цензураның тигізген теріс әсерін меңзеп отырмын.
Шизофрениялық дискурсты талдағанда, «Шизофрениялық ирония – туынды ішінде кейіпкер характері туралы ақпарат беретін метамәтін. Ирония – парадокс ситуацияларға парадокс жауап болатын немесе қайшылықты жағдайларға қайшылықты жауап түрін көрсететін әдеби ойынның бірі. Иронияның «драмалық/трагедиялық ирония немесе тағдыр ирониясы ойға алған ниет пен әрекет нәтижесі; құрал мен мақсат арасындағы сәйкессіздік, яғни шизофрениялық дискурс күту мен нәтиже сәйкес келмегенде туындайды» деген зерттеу түсініктеріне сүйенуге болады. Мағауиннің «Жармақ» романында бір кейіпкердің екі өмірі мен Ерболат Әбікенұлының «Министр», «Кіші ғылыми қызметкер» әңгімелерін еске алып отырмын. Әртүрлі саяси, әлеуметтік жағдаяттар мен әдеби сынның төмендігі, цензура жазушының ішкі ахуалының, психологиясының тұрақсыздығына себеп болатыны сөзсіз. Сананың екіге жарылуы әлемдік әдебиетте бар болғанымен, «Жармақ» романындағы бір кейіпкердің екі өмірінің болуы – Мағауиннің төл тәсілі. Жазушы өзі атап көрсеткендей, жарық сөніп қалып, бөлмелерде адасып кету оқиғасы шынайы өмірде болған және бұл оқиға екі өмірдің иесі болған кейіпкердің тууына түрткі болды. Яғни шизофрениялық дискурс автордың, субъектінің қоғамдағы жағдайға ішкі қарсылығынан туады.
Қазіргі үстел басындағы талқымызда қазақ әдебиетіндегі шығармаларға жалпы шолу жасауға тырысып отырмын, ал шын мәнінде шизофрениялық дискурсты егжей-тегжей талдап шығуға болады. Модернизм әдебиетіндегі өзі өмір сүріп отырған ортаға қарсылық мотивін Тұрысбек Сәукетаевтың «Мен жындымын» романы мен қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Жанжаза» және «Топан» романдарынан да байқаймын. Раев романдары – сюрреализм көріністері тұнған мекен деп айтуға болады. Ал сюрреализм дегеніміз – реализмнің, шындықтың асқынған түрі. Әдетте мүлде логикаға қайшы әрекеттер немесе тарихтың адамзатқа қайшы әрекеттері шизофрениялық кейіпкерлердің тууына себеп болуы мүмкін. Қазір маған оқырманына махаббат, адамгершілік туралы лирикаларымен танылған Мұхтар Шахановтың өлең мәтіндеріне кейіннен неге «туфли жалағыш», «жырбигүл, ырбибай т.б.» жағымсыз қолданыстар қосылды деген ой келіп отыр. Біз бұл қолданыстарды кейде сарказммен еске алып жатамыз. Ал оның тууына әртүрлі контекстерді ескере отырып үңілсек, басқаша интерпретациялауымыз мүмкін. Шахановты біз «шындық іздеуші ақын» (шындық деген категорияның өзі субъективті) деп білеміз. Бәлкім, ақын өлеңдерінде Шаханов күткен «шындық» пен оның нәтижесі сәйкес келмегендіктен, сондай тіркестер жазылған болар. Сонымен қатар шизофрениялық дискурсты біз тұтастай бір шығарманың контексінен қарастыра аламыз. Немесе кейіпкерлердің іс-әрекетінен, мәтіндегі басқа да детальдардеан байқаймыз.
Сіздің сұрағыңызға орай айтар болсам, негізі, «жақсы шығарма жазу үшін ерекше тағдыр керек» деп жатады. Мұның әрине, жемісті жағы жоқ емес. Тәжірибені бастан өткізген жазушыдан жақсы туынды тууы мүмкін. Өйткені әдебиет – шынайы өмірдің моделі. Біз жазушыға «мынаны жаз, мынаны жазба» деп айта алмаймыз. Шығармашылықпен айналысу, қайталанбайтын шынайы дүние тудыру шынайы әлемді өзгертуге деген ұмтылыстан туады. Яғни шизофрениктердің де, шизофрениялық дискурстың да біздің әлемді өзгертуге, жаңа дүние тудыруға келгенде артықшылығын ескеруге болады. Шизофрениялық белгілерді біз тек жазушы, ақыннан ғана байқамаймыз. Қаншама «оғаш ойлайтын» ғалымдардың арқасында мына әлем сан түрлі өнертабыстар мен жетістіктерге жетіп жатыр. Бүгінде біз өмірімізді өнертабыстар, жаңалықтар, идеялар әлдеқайда жеңілдетіп жатқанының куәсы болып отырмыз.
Жоғарыда айтқанымдай, әдеби туынды – шынайы өмірдің моделі. Яғни өзі өмір сүріп жатқан әлемді басқаша құруға ұмтылу – өзінше жаңа әлемді жаратудың қатардағы адамнан басқаша ойлайтын, «оғаш» ойлайтын адамның ісі. Әлемнің көркемдік моделін қайта жаратуға ұмтылудың өзі шизофрения тұрғысынан алғанда бізге қандай ой салуы мүмкін?..
Шыңғыс Үмбетаев, әдебиеттанушы:
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әрбір 300-адам шизофрения дертіне шалдыққан екен. Әдетте шизофрениямен ауыратын адам қоғамдағы заңдылықтарға, тәртіптерге бағына алмайды. Өйткені олар өмір сүретін әлем басқа. Шизофренияны жан дертіне де, сана дертіне де жатқызуға болады. Психикалық тұрғыдан алған кезде дерт ішкі сезім мен көңіл күйге әсер етеді. Ал ол, әрине, жанға жақын. Ал сана тұрғысынан айтатын болсақ, ойлау, түсіну, қабылдау деген бар. Жалпы, әлемдік әдебиет психологизмге көшті. Тек шығармадағы кейіпкер емес, кез келген адам неше түрлі халді басынан кешеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Өмір бойы қуанбақ жынды ісі ғой», – дейді. Әрине, өмір бойы қуанып, жайраңдап жүре алмайсың. Мұны Ясауи ілімінде де «Адам бойында 40-қа жуық хал болады» деп айтады. Хал деген – сәттік күй деген сөз. Хал кейде біздің ырқымызға бағынады, кейде бағынбай жатады. Ал шығарма тудырушы автор міндетті түрде эмоциялық, мәтіндік доминант жасайды. Яғни эмоциялық тұрғыдан оқырманды басқарып отырады. Негізі, барлық мәтін психологиялық негізге сүйенеді. Енді бұл жерде «Психологиялық дерті бар авторды емдеген дұрыс па, әлде біз жазушыдан айырылып қаламыз ба?» деген сұрағыңызға жауап беріп көрейін. Автор, кейіпкер, оқырман атты үштік одақта оқырманның интерпретациясы да маңызды рөл ойнайды. Бұл жерде оқырман шығармадан қандай пайда алады деп ойлануымыз керек. Кейбір шығармалар, расымен, оқырманның психикасына теріс әсерін тигізуі мүмкін. Содан болса керек, ғалым В.Белянин шығармаларды «қараңғы», «жарық», «жарық-көңілді», «аса қараңғы», «аралас», «мұңды», «белсенді» деген секілді бірнешеге бөледі. Біздің қазіргі әдеби шығармаларға психотерапиядан гөрі сыншылар көп керек деп ойлаймын.
Өйткені өзінің жан жарасы бар оқырман жазушының ауыр шығармасын оқып, одан сайын құлдырауы мүмкін. Ал енді ғылымға сүйенсек, адам баласы 95 пайыз бейсаналық тұрғыдан әрекет етеді. Мәселен, таңертең тұрып, тісімді жусам ба екен, жумасам ба екен деп ойланбайсыз ғой. Сіз бірден тіс жууға көшесіз. Сол сияқты, жазушы да, ақын да бейсанасынан шыққан ақпаратты ғана шығарады. Осылайша, психологиялық проблемалары бар автор өз жарасын жазып, емделуі мүмкін, мәселесін ортаға шығаруы ықтимал. Психотерапияға кез келген адам саналы түрде келеді. Менің ойымша, жазушы шығарма жазарда «елге ұсынып жатқан мәтінім пайдалы ма, зиян ба, ертең 50–100 жыл өткеннен кейін бұл жазғаныма жауап бере аламын ба, алмаймын ба» деп ойлануы керек. Өйткені сөз – қуат. Сөзбен адамды емдеуге де, өлтіруге де болады. Жазушы да, ақын да психотерапияға саналы түрде келсе, мүмкін халыққа көбірек пайдалы дүние әкелер. Кейде жазушы кейіпкердің болмысынан шыға алмай жүретін кездер болады. Кейіпкердің сезімдерін сезініп, өмірін сүріп, өз болмысынан ажырап қалады. Ал өміріміз таңдау мен шешімдерден тұрады ғой. Егер жазушы сол күйді таңдаса, арқасына үлкен жүк артып жүргендей болады. Бірақ бұл күйді жеңу үшін саналылық керек. Біз осы күйдің қайдан келгенін саналы түрде түсінуіміз керек. Қарапайым мысал, досыңмен кездесуге барасың, ол саған бар мәселесін ақтарады, мұңын шағады. Соңында «жеңілдеп қалдым ғой» дейді. Ал сен біртүрлі бір ауырлықты сезесің. Демек, сол уақытта сен досыңның «мазасыздығын» алып аласың. Сондықтан бізге сүзгі керек болады. Сүзгі болса, «мынау кейіпкердің сезімі», «ал мынау менің сезімім» деп оңай ажыратуға болар еді…
Айзат Рақыш, жазушы:
– Қазақта «бауыры бүтін ешкім жоқ» деген сөз бар. Төрт құбыласы түгел, әлеуметтік, психологиялық, моральдық жағынан бақыттымын деп шаттана айтатын кейіпкердің келбеті – асыра сілтеушілік деп ойлаймын. Әдеби шығарма өмір шындығынан бастау алып, көркем шындыққа айналады. Енді қазіргі болсын, бұрынғы болсын, біздің қай кейіпкеріміздің санасы сау, жаны дертті емес еді?! Ең алғашқы психологиялық роман «Ақбілек» романын мысалға алайық. Заманауи көзбен қарасақ, «Ақбілектің өмір сүруге құқығы жоқ еді» деген пікір кездесіп жатады. Бірақ неге жазушы Ақбілекті бақытты болар сәтіне дейін алып келді? Жазушының жетістігі – бұл шығармада жаны аза (жаназа сөзінен шыққан), ішкі әлемі қараңғылыққа толы Ақбілектің ар жағынан жарық сәуле көруге ұмтылдырды. Ал, жалпы, кейіпкердің шығармада жарым көңілмен ғұмыр кешуін заңдылық деп санаймын. «Қағанағы – қарық, сағанағы – сарық» кейіпкер болса, онда біз сентиментализм әдісімен жазылған шығарма деп қана баға берер едік. Мысалы, Әлібек Байболдың метароман жанрында жазылған «Мұтылған» романын талдап көрейік. Мұраттың ішінде Мұтылған деген басқа бір кейіпкер өмір сүріп жатыр. Мұрат шынайы өмірде өз ойын аса бір атойлап айта қоятын жалынды адам емес. Ал оның ішіндегі Мұтылған – мүлде кереғар бейне. Автор адамды екі бөлек кейіпте, екі бөлек болмыста суреттеп отыр. Сонда әр адамның ішінде жадырап-жайнап тұрғанның өзінде бетпердесін алып тастаса, ішіндегі «мені» шығады деп ойлаймын. Сол шынайы «менді» әкеліп, көркем шығармаға құйғанда кейіпкердің екіге бөлінуі немесе кейіпкердің өз-өзін шарқ ұрып іздеуі, өз-өзін мүлде түсінбеуі, өзін өзгелерге түсіндіре алмауы секілді психологиялық тартыстар қажет. Сол тартыс болса, оқиға шиеленіседі. Содан соң тіл көркемдігімен әсемделгенде нағыз көркем шығарма туады. «Мені мазалайтын ой жоқ» деген кейіпкерден гөрі «мен кіммін», «мен қайда барамын» деген сауал иектеп жүрген кейіпкерлер әдебиетке анағұрлым пайдалы.
Жақында «Әмірдің монологі» деген психологиялық әңгіме жазған едім. Бұл – жасанды ұрықтандыру орталығына қатысты проза. «Әмірдің әкесі» деп тұрған жерде «донор» деп жазылып тұрады. Бас кейіпкер өзінің тегін білмейді. Міне, ол содан дертті. Былай қарасаң, әлеуметтік жағдайы жақсы, жоғары білімді, қызметі бар, әжесінің еркелетуімен өскен. Бірақ әке жұртынан хабарсыз. Ол ер жігіт атанып, Сұлушаш есімді қызға ғашық болады. Содан қыздың отбасымен танысуға барғанда қыздың әке-шешесі нағыз қазақтар болып шығады. Яғни «жеті ата», «руың кім» деген дүниелерге аса қатты мән береді. Жігіт қайтсін енді, амалы құрып, «әкесіз өскенмін» дегенде қыздың әкесі «тексізге қыз бермеймін» деген желеумен жігітті үйінен қуып шығады. Сонда жігіттің монологі айтылады. Мына диуана халіме кім айыпты? Таптым, әкем айыпты. Демек, «мен әкемді табуым керек екен» деп шешесінің алқымынан алғанда, шешесі: «Мен сені өзім үшін дүниеге әкелдім. Ақша төлеп, еркектің материалын сатып алдым», – дейді. Шығармада әлеуметтік жағдайдың жақсы болуы адамның өміріне ешқандай да қуаныш әкелмейтінін түсінеміз. «Ерін жыбырлата бастасам болды, ішімнен «әкем жоқ» деген дауыс атойлап шығады. Осы бір жалғыз дауыс мені бүкіл бақытымнан айырды, диуанамын. Ал диуана халіме «өзінің материалын шыныға салып өткізген шайтантекті әкем кінәлі» деп аяқталады. Сосын, оның көкейінде көп сұрақ пайда болады. «Жеті атаны» өзімнен бастасам ба екен деген ойға да келеді... Қысқасы, бұл шығармадан да шизофрениялық дискурстың элементтері айқын байқалады.
Мұхтар Әуезовтің бір сөзі бар. «Әдебиеттің басты міндеті – халықтың мінезін түзеу» дейді. Ал мінез түзейтін шығарманың өзі түзу болуы керек. Қазір жезөкшенің, жалғыз басты ананың тағдырын жазатындар көп. Бірақ одан да маңызды тақырып көп қой. Онсызда жұмысынан шаршап, бастығынан сөз естіп, несиесін төлей алмай жүрген адам «мен күйредім, құрыдым, біттім» деген өлеңді оқыса, не болады? Ол күйзелістің келесі кезеңіне топ етіп түсе қалады. Сондықтан біз қанша жерден психологиялық тұрғыдан әсемдеп бергенімізбен, алар түйіні, тәрбиелік мәні, жерінер тұсы болуға тиіс. Шығарманы оқып болғаннан кейін оқырман соңында бір бақытқа жетуге тиіс. «Ее, менің мына қиындығым кейіпкердің қиындығының қасында түк емес екен ғой» деген тұжырымға келуі керек. Яғни шығарманың өзі психотерапия болып тұр. Мысалы, жазушы баланың ауыр тағдырын суреттеп тұр делік. Бірақ ол баланың тағдыры қанша ауыр болса да үлкен бір арманы бар. Оқырман баланың өмірін оқиды да, оның армандарына тәнті болып, күш алады. Қанша жерден қиындық көріп тұрса да, қураған қу жетімек атанса да, армандай білгені – оқырманның жүрегіне үміт отын жағады. Яғни «елдің мінезін түзеу» деген – шыңырауға итеру емес, кейіпкердің жан әлемі мен қалтарыс-бұлтарысын оқырманның алдына жайып салып, ой тастау. Шизофрениямен ауыратын адам ешқашан шындықты бар қалпында қабылдамайды. Олар оқиғаны қиялында өңдеп, өз әлемінен шыққысы келмейді. Психологиялық сипатта тереңдеп жазатын жазушы кейіпкер болмысын, тағдырын өзінің жүрегінен өткізеді. Абай: «Қайғы деген әлемге қамалып алып, оның ішінен шықпай қою антұрғанның ісі», – дейді. Демек, күйзеліске кіріп алып, өзін іштей мүжу құлдырауға әкеледі.
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

991 рет
көрсетілді0
пікір