- Ақпарат
- 27 Ақпан, 2025
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Қазақстанда мұсылмандар үшін қасиетті рамазан айы биыл 1 наурызда басталады. Рамазан – рухани тазару, ораза ұстау және дұға ету уақыты. Бұл кезде мұсылмандар рухани өмірге, қайырымдылыққа және өз әрекеттерінің мәнін түсінуге ерекше көңіл бөледі. Биылғы ораза 29 күнге созылады, наурыз айының 30-ы Ораза айт тойланады.
Рамазан айында жүкті және емізулі ана, науқас адам мен қарт кісі, жеті жасқа толмаған бала мен объективті себептермен ораза ұстай алмайтындар, мысалы, сапарда жүргендер немесе әскери қызметшілерге ораза ұстамауға рұқсат етілген.
Бұл айдағы маңызды күндердің бірі – Ләйләтул Қадр немесе Қадір түні. Ислам ілімінде бұл түнде Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) Құранның алғашқы аяттары түскен делінеді. Биыл Қадір түні 26 наурыздан 27 наурызға қараған түні болады. Бұл ерекше түнде мұсылмандар дұға етіп, Алладан кешірім мен береке тілейді.
Бұл айда әдетте мұсылмандар күндізгі уақытта тамақ пен судан, шылым шегуден, жаман әрекет жасаудан, тәкаппарлық пен бос әңгімеден тыйылады. Ол үшін алдын ала арнайы дайындық та жасайды. Мәселен, рамазанға дейін майлы, ащы тағамдардан, кофеден және газдалған сусындардан бас тартып, осы қасиетті айда мол сауап алу үшін ережелер мен жақсылықтар туралы білім алады.
Жуырда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді. Осыған орай апта басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасады.
«Қадірлі отандастар! Баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық.
Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да сауапты істің бірі. Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы, Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз», – деді Бас мүфти.
Сонымен бірге ел арасында көп талқыланатын бір сұрақ бар: «Қарыз алып, ауызашар беруге бола ма?» Астанада өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жайылатын кез келген дастарқанда ысырапқа жол берілмеу керек екенін мәлімдеді.
«Ислам дініміз адамға ешқашан қиыншылықты бұйырмайды. Сондықтан шамасы келген адам садақа мен ауызашар береді. Қарызға батып, ауызашар бергеннен гөрі, ауызашар беруге ниет қылып, яғни кішкене құрма немесе бір жұтым суды ауызашар ретінде берсе, соның өзі жеткілікті. Осы арқылы ауызашардың сауабын алады. Қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы. Біз де заман үдерісінен барынша қалыс қалмауға тырысып, қасиетті рамазан айы қарсаңында арнайы бірнеше жобаны қолға алдық. Нақты айтқанда, MuftyatBot деп аталатын Телеграм-ботын іске қостық. Жаңа Телеграм-бот арқылы жалпы діни сұрақтарға жауап алуға болады. Яғни бұл жоба шариғат мәселелері бойынша ақпарат беруге және кеңес ұсынуға арналған. Сонымен қатар мүфтият мамандары облыс, қала, аудан және ауылдың, барлығын есептегенде, еліміз бойынша 6 000 елді мекеннің ораза және намаз кестесін жоғары сапада PDF-форматта muftyat.kz сайтына жариялады. Өзіңізге қажетті өңірдің ораза және намаз кестесін сайтымыздан және Телеграм-боттан жүктеп алуға болады», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ «Aq meshit» мешітінде «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының Астана қаласы өкілдігі бойынша филиалы жамағатқа «Ас беру мәдениеті» құжатын таныстырды. Тағылымды семинар барысында филиал директоры Дәурен Мүсілімов пен «Aq meshit» мешітінің ұстазы Махмұт Қасым мұсылман қауымына ас беру мәдениеті туралы маңызды насихаттар айтты.
«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ашаршылықтан қорқыңдар және ысырапшылықтан сақ болыңдар», – деп ескерткен. Марқұмға пайда тигізетін нәрсе – оған арналған дұға, сауапты амалдар мен шариғатқа сай берілген садақа. Ал шектен тыс, жағдай ретіне қарамай жасалған шығын, атақ үшін жасалған даңғаза дастарқандар мұсылман әдебіне жат болып саналады», – деп атап өтті Махмұт Қасым.
Ораза ұстаудың денсаулыққа да пайдасы бар. Дәрігерлердің айтуынша, негізі, ауыр сырқаты бар жан ораза ұстамас бұрын дәрігермен ақылдасқанды жөн көреді. Көптеген зерттеудің нәтижесінде ораза адам ағзасындағы метаболизмді жақсартатыны дәлелденген.
«Мысалы, инсулинге сезімталдықты, қант диабетінің алдын алуға, ас қорыту жүйесін дем алдырып, ішек микрофлорасын реттеуге көмектеседі. Бауырдың жұмысын жақсартады, ағзадағы токсиндерді тазартуға көмектеседі. Буын қабынуы, аутоиммундық аурулардың алдын алуға және оларды емдеуге көмегі көп. Мидың қызметін жақсартып, альцгеймер ауруын төмендетуге де пайдасы бар. Салмақты реттеп, артық майларды жағу процесін іске қосады. Негізі, медицинада оразаны аштық процедурасы деп атайды. Бұл, керісінше, иммунитеттің күшеюіне көмектесетін процедура. Тіпті кейбір азғадағы онкоклеткаларды жояды. Мәселен, ораза кезінде ағзадағы санитарлы клеткалар жұмыс істеп, қажетсіздің бәрін жуып-тазалап тастайды. Сондықтан, керісінше, ораза иммунитетті көтеруге күшті мүмкіндік деп ойлаймын», – дейді нутрициолог Аида Мұхтарқызы.
Рамазан айы басталысымен, үй-үйді аралап жарапазан айтып жүрген балаларды көреміз. Бұл дәстүр әсіресе ауылдық жерлерде жақсы тараған.
Жарапазан – қазақ даласына ислам дінінің келуімен пайда болған тұрмыс-салт жырларының бірі. Оны еліміздің кейбір өңірлерінде «Жарамазан» деп те атайды. Арабтың «Жә Рамазан» деген сөзінен шыққан тіркестің мағынасы «Рамазан келді» дегенді білдіреді. Балалар мен жасөспірімдер оны Рамазан айында сәресі уақыты жақындаған кезде айтады. Ондағы мақсат – адамды сәресіге ояту. Еліміздің кейбір өңірлерінде оны оразаның алғашқы үш күнінде, ортаңғы үш күнінде және соңғы үш күнінде ауызашар уақыты кіргеннен бастап айтады.
Жарапазанның негізгі мақсаты – осы қасиетті айда ислам дінін насихаттау, халықты жақсылыққа шақыру. Ол туралы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жарапазан — «рамазан» деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адам сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады», – деп жазған.
Ислам дініндегі тағы бір маңызды мереке – Құрбан айт. Биыл ол 6–8 маусым аралығында өтеді. Бұл мереке Ибраһим пайғамбардың (Авраам) (ғ.с.) Алланың әміріне мойсұнып, ұлын құрбандыққа шалуға дайын болғанын еске алуға арналған. Құрбан айт кезінде мұсылмандар дәстүрлі түрде мал сойып, етті отбасы, достары және мұқтаж адамдар арасында бөліседі.

1002 рет
көрсетілді0
пікір