• Ақпарат
  • 27 Ақпан, 2025

Мейірімге толы мереке

Көктемнің жаршысындай мерекенің бірі – Алғыс айту күні. Елімізде бұл мереке 2016 жылдан бері тойланады. Айтулы күн Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа тұс келеді. Мәні – ұлы далаға тағдыр тәлкегімен қоныс аударған түрлі этнос өкілінің қонақжай қазақ халқына алғыс айтып, тиісінше, ел арасында татулықты насихаттау. 
 

Иә, елімізде Алғыс айту күнінің маңызы зор. Қазақ елі түрлі этнос өкіліне құшағын айқара ашып, ауыртпалығын бөлісуге тырысты. Қиын-қыстау кезде бір-біріне демеу болды. Олар да елдің дамуына үлес қосты. 
Бұл күні бір-біріне жылы лебізін білдіріп, қуантып, жақсылық жасап қуантатындар көп. Жыл санап мерекенің сипаты да өзгеріп жатыр. Басында мектептегі ертеңгілік, жиын, жиналыс төңірегіндегі мереке болса, қазір мүлде бөлек. Уақыт өткен сайын Алғыс айту күніне орай төрт көзі түгел жиналып, дастарқан жайып, бір-біріне сыйлық беретін отбасы қатары көбейген. Қайырымдылық қорлары да мұқтаж жанға сыйлығын табыстап, мерекеге екі есе үлес қосып жүр. Жылу, мейірім, қамқорлықтың бастауы болған мереке көктемнің келгенін еске салатыны тағы бар. 
Алғыс айту күні – береке мен бірліктің, елімізде тұратын түрлі этнос арасындағы татулық пен сыйластық символы. Мерекеде мәдени және әлеуметтік іс-шаралар өтеді. Фестиваль мен концерт ұйымдастырылады. Белгілі компаниялар, қайырымдылық қорлары мен беделді азаматтар қал-қадерінше сыйлық таратады. 
Жалпы, дәл Алғыс айту күні деген атауы бар мерекені АҚШ пен Канада халқы да тойлайды. АҚШ-та бұл күн қараша айының соңғы бейсенбісінде тойланады. Бәрі дастарқан басында кездесіп, міндетті түрде күркетауық жейді. Картоп езбесінен дәм татып, мерекелік тәттіні күтеді. Күркетауықты дастарқанға қойған соң, әрқайсысы бір-біріне алғыс айтып, өткен-кеткен уақытқа ризашылығын білдіреді. АҚШ-тағы ауқымды мерекенің бірі болған соң, отшашу мен парадты тікелей эфирден көрсетеді, аулада футбол ойнау да дәстүрге айналған. Одан бөлек, үйсіз-күйсіз қалғандарға жәрдемдесіп, тамақ беру игі іс саналады. Көбінесе, Алғыс айту күні халық сондай мекемелерде ерікті болуға тырысады. Тегін түскі ас таратылады. Мұқтаж жанды тойдыру арқылы оған мереке сыйлайды. Негізінен, бұл күн – америкалықтардың сол мекенде тамыр жайып кетуіне көмектескен үндістерге ризашылығын білдіріп, егін жинайтын күн. Әр түсімге алғыс айтып, тәуба шақыратын мереке. Дастарқан басында күркетауық тұратыны да бейбіт күн мен тоқшылыққа риза елдің көңілі. 
Ал Канадада Алғыс айту күні қазан айының екінші аптасында тойланады. Мерекенің сарыны тура АҚШ-тағыдай. Мұнда да отбасылық мереке ретінде танымал. Алғыс айту күні ресми түрде дүйсенбіде тойланғанымен, көбі тойлауды апта соңына қалдырады. Кешкі асқа күркетауық пен асқабақ бәлішін дайындайды. Айта кетерлігі, Канаданың кей өңірі бұл күні тойламайды. Ал елде АҚШ-тағыдай парад ұйым­дастырылмайды. 

 

Александра Мыскина, ҚХА мүшесі: 

 

Алғыстың түбінде бірлік, бірігу, тұтасу жатыр

 

Алғыс айта білу – адамның ең ізгі қасиеті, сезімі. Біз жанымыздағы адамға рақмет айту арқылы оның өміріміздегі орнын белгілеп береміз. Осы әрекет арқылы қарым-қатынастың қаншалық құнды, маңызды екенін көрсетеміз. Сол үшін Алғыс айту күнінің жөні бөлек. Сондықтан адамға, табиғатқа, өмірге, өзімізге алғыс айтып үйренейік. Негізі, мұндай атаулы күні емес, әр күн сайын осы ритуалды қайталау керек. Өз басым ұлт пен ұлысты біріктіретін, қарым-қатынасын нығайтатын осындай мереке барына қуанамын. Айта кетерлігі, 1 наурыз Алғыс айту күні Қазақстан халқы ассамблеясының туған күнімен тұспа-тұс келеді. Бұл тегін емес. Алғыстың түбінде бірлік, бірігу, тұтасу жатыр. 
Шетел еліміздегі береке-бірлікке таңдай қағады. Қалай осынша ұлт пен ұлыс ұйысып отырғанына, бір-бірінің мәдениетін құрметтейтініне қайран. Меніңше, мұның сыры – бір-бірімізге үнемі алғыс айтып жүргенімізден.
21 қыркүйек күні бүкіл әлем Алғыс айту күнін атап өтеді. Бір-біріңе жақсы сөз айтып, жан жадыратқанға не жетсін?! Аталған күннің тілге, ұлтқа, дінге, саясатқа бөлінбейтіні қандай ғанибет! Жай ғана өмір үшін, көңіл үшін алғыс білдіресің, шаттанасың. 
Әрине, өмірімізде кезіккен әр адам бізге өзінше әсер етеді. Тиісінше, біз де алған сабағымыз үшін алғыс айтуымыз керек. Этнос өкілі ретінде, алдымен қазақ халқына байқампаз көңілі, ниеті, пейілі үшін алғыс айтқым келеді. Жоғарыда атап өткенімдей, шетел ғалымдары Қазақстандағы түрлі этностың қалай жік шығармай тұрып жатқанын зерттеп көрген. Мен де осы сұраққа жауап іздедім. Меніңше, бұл қазақтың көреген халық екенін білдіреді. Жеті атасын, салт-дәстүрін сыйлайтын ел өзгенікін де өгейсімейді. Қайта әр ұлт пен ұлыстың бірегейлігін сақтауға, салт-дәстүрін жаңғыртуға көмектеседі. Өзге ұлттың мәдениетіне, дініне, діліне құрметпен қарайды. Өркен жаюына септеседі. Сол үшін қазақ халқына айтар алғысым шексіз. Ассамблея құрамындағы әр адам мұны біледі, әрі маңызын терең түсінеді.

 

Владислав Тен, қазақ тілін үйрету орталығының басшысы: 

 

Қазақ үшін еңбек етуге дайынмын

 

– Барша қазақстандықты 1 наурыз Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Біріншіден, кәріс халқының атынан қазақ еліне ризашылығымды айтамын. Біздің ата-бабаларымыз 1937 жылы депортацияға ұшырап, қазақ жеріне еріксіз келгенде қазақ соңғы нанын бөлісіп, ажалдан құтқарып, көмек берді. Сол үшін алғысымыз шексіз. Екіншіден, Президентімізге еліміздегі барша ұлт пен ұлысты біріктіргеніне алғыс білдіремін. 
Өзім Ташкент қаласында туғанмын. Менің Отаным, туған жерім – Өзбекстан. Әке-шешем мен туған қарындасым менен бұрын Қазақстанға қоныс аударды. Ата-анамның жалғыз ұлы болғаннан кейін корей мәдениетін сақтау парызым екенін білдім, олармен бірге тұрып, бірге жүру керегін де түсіндім. Бірде ата-анамның «Балам, сен Астанаға кел, осы жерде бірге тұрайық!» деген шақыруымен осы жерге келдім. Мен үшін жаңа өмір басталды. Қазақ тілін білуге қызығушылығым артып, бар ынтаммен оқып үйрене бастадым. Менің ойымша, Алла Тағала мені Қазақстанға ата-бабаларымның атынан алғыс айту үшін жіберген сияқты. Сол қиын кезде менің ата-бабама көмек берген қазақ халқына деген құрметім шексіз.
Қазақ халқының ең жақсы қасиетінің бірі – кісілік, қонақжай пейілі. Олар осы жерде тұрып жатқан әрбір халықты құрметтей біледі. Мысалы, бізді, корей халқын, үнемі «еңбекқор» деп атайды. Бұл бізді жоғары бағалай білгені деп есептеп, әрі қарай қазақ жері үшін, оның жан-жақты дамуына жан аямай, еңбек етуге дайынмын.

 

Жасұлан Бостандықұлы, «Dauletten қайырымдылық қоры» президенті:

 

Жақсылық жасау – жүректен шыққан игі іс

 

 Әр жыл сайын Алғыс айту күніне орай қарттарға, балалар үйіне көмек беруге тырысамыз. Биыл Қарағанды қаласындағы «Киелі шаңырақ» қарттар мен мүгедек жандарға қамқорлық орталығына арнайы тапсырыспен ортопедиялық матрастар сыйладық. Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы 400 оқырманға арналған қалалық жасөспірімдер кітапханасының ішін жаңа жиһаздармен жабдықтап жатырмыз. Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығына скалодром, яғни ерекше балаларға арналған арнайы өрмелеу қабырғасын құрдық. Сондай-ақ осы орталыққа балалардың тамақтануы үшін ас бөлмесін толық жабдықтадық. Алғыс айту күніне орай қайырымды оқырманмен бірлесе, осындай игі істерді атқардық. Қазыналы қарттарымыздың батасын алып, кішкентай балалардың алғысқа толы жүзін көру біз үшін бақыт. Жалпы, біз 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Қор ресми түрде Әділет министрлігінде тіркелген. Осыған дейін көптеген қайырымды істің басы-қасында жүрміз. Еліміздің әр өңіріндегі мұқтаж отбасыға – барлығы 76 баспана кілті табысталды. Білімді жастарды қолдауға арналған бірнеше жоба іске асып жатыр. Мысалы, бүгін сондай жобалардың бірі студенттерге арналған «Білімнің жұлдызы – 2025» бірреттік шәкіртақы тағайындайтын жобаға өтінім беру басталды. 
Алғыс айту күнінің маңызын айтатын болсақ, бұл тек алғыс білдіру ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын маңызды күн. Адамдар арасындағы бір-біріне деген құрмет пен ризашылығын білдіруге, қайырымдылық пен мейірімділік танытуға бастайтын мереке. Сондай-ақ елдің дамуына үлес қосқан азаматтарға, қиын кезеңдерде қолдау көрсеткен жандарға шынайы алғыс айтуға арналған ерекше күн. Біз өз тарапымыздан әрдайым сүрінген жанды демеген, басына қиын күн туған азаматтарға қолдау білдірген қайырымды оқырманға алғыс білдіреміз! 
 Осы орайда есіме бір оқиға түсіп тұр. 2022 жылы Алғыс айту күніне орай қайы­рымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған сыйлық тараттық. Сыйлық ұсынғанымызда кішкентай баланың көзі жарқырап, шексіз қуанышқа бөленгенін көргенде, алғыс айтудың шынайы мағынасы – жақсылық жасау екенін түсіндім. Содан бері осы мерекеде әлгі баланың қуаныштан бал-бұл жанған жүзі есіме түседі. Біздің қордың барлық қайырымды оқырманына алғыс айтамыз! Қайырымды оқырманның қолдауы көптеген жанның өмірін өзгертуге мүмкіндік берді. Жақсылық жасау – жүректен шыққан игі іс және оқырманның қамқорлығы біз үшін өте маңызды!

Әзірлеген 
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

 

1082 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы