• Ақпарат
  • 27 Ақпан, 2025

Көшпелінің үйі көшке ілесті

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Таза ауа, жанға жайлы жерде демалуды екінің бірі қалайды. Ең бір ғажабы, сарқырып аққан өзен,  сылдырлап аққан бұлақ, мұның жөні бөлек қой. Құстың даусы ғана естіліп, тамылжыған жаз, құлаққа ұрған танадай тыныштықта киіз үйді құрып алып, таудың бөктерінде жатқанға не жетсін?! Мұны неге айтып отырмыз?

 

Қазір қазақтың киіз үйіне әлемнің назары ауа бастады. Киіз үйде демалу трендіге айналды. Өйткені көктем басталғаннан таудың саялы жеріне киіз үйді құрып, күздің қара суығы жеткенше келушілер жанға жайлы жерде осылай демалады. Ең бір ғажабы, Еуропада, яғни Ұлыбритания­да киіз үйі туризмі белсенді дамып, ерекше қарқын алды. 
Қазір ағылшын кәсіпкерлері сая­хатшыларға глэмпингінің ерекше тәжірибесін ұсынып отыр. Ал глэмпинг (glamorous camping) – табиғат аясында жоғары деңгейдегі комфорттық демалыс. Ең қолайлысы, таза ауа, жанға дауа жерге ағылшындар зәулім үй салып, көп қаржы шығындап отырған жоқ. Табиғаттың аясындағы тамаша жерге демалушы үшін барлық жағдайы жасалған киіз үйді құрады да, саяхатшылар мен туристердің ризашылығына бөленеді. Бір ғана мысал, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич шын мәнінде киіз үй немесе глэмпинг бағдарламасының қазір Ұлыбританияда қарқын алғанын айтып отыр. 
– Біз Қазақстаннан маңызды концепцияны – тұтас киіз үй глэмпингісін, яғни сәнді кемпинг идеясын өзімізге қабылдадық. Ол киіз үйлерді құрайды және бұл Ұлыбританияда танымал бола бастады, – дейді Кэти Лич.
Расында да, қазір қазақтың киіз үйі Ұлыбританияда кеңінен қолданылады. Бұл шетелдіктерге тек табиғатпен үндесуге ғана емес, қоршаған ортаға әсерді азайтуға да мүмкіндік береді. Елші осындай жобалардың туризмді тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз етуге көмектесетінін айтты.
«Енді Ұлыбританияда сәнді кемпинг пен үлкен қонақүй салудан гөрі табиғатқа аз әсер ететін әдемі жерлерде болу мүмкіндігін ұсынатын киіз үйлер бар. Менің ойымша, киіз үй – табиғатқа әсері төмен тұрақты туризмнің керемет үлгісі, - дейді елші.
Сонымен қазақтың киіз үйі – әлемдік инновацияның негізіне айналды десек, артық айтқандық емес. Мұны Ұлыбритания киіз үй арқылы қазақ еліне деген құрметін 2017 жылы Астанада өткен ЭКСПО-да көрсеткен. Сол кезде Ұлыбритания павильоны көрмеге келушілерді өзіндік ерекшелігімен таңғалдыр­ған. Киіз үй стиліндегі британ павильонында 17 метрлік проекция орналастырылып, павильонның дәл ортасына киіз үй тігілген. Сегіз мың компьютердің көмегімен жасалған әдеттегі киіз үй, инновациялық үлгідегі көздің жауын алатын көрініс болғанын жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. 
Жалпы, өз еліміз Қазақстанды былай қойғанда, қазір киіз үй туризмі Ресейде де қарқын ала бастады. Өйткені қараша үйді құру жеңіл, салқын ауа, онда кондиционер орнатудың қажеті жоқ. Шындығында, бүгінде қарапайым халық қымбат вилла мен қонақүйде демалғаннан гөрі жанға тыныш, саялы жерді аңсайды және жанына қолайлы көреді. Қазір Қазақстан бойынша туристер арасында ең танымал және халық көп баратын бес өңір бар. Атап айтар болсақ, еліміздің ең тартымды курорттық өңірлер рейтингісінде Алматы тау кластері көш бастап тұр. Өңірге былтыр 1 996 801 турист сапарлаған. Әсем тау пейзажы мен таза ауасы өңірді белсенді және табиғат аясындағы демалысты ұнататындар үшін нағыз тартымды орынға айналдырған.
Екінші орында – Маңғыстау курорттық өңірі. Маңғыстаудың көрікті пейзаждары мен Каспий теңізінің жағалауында 325 013 турист демалған.
Үшінші орында – Щучье-Бурабай курорттық өңірі. Орманы, көлі және курорттық кешендерімен әйгілі бұл өңір 275 295 саяхатшыны қабылдаған.
Төртінші орында – Алакөл курорттық өңірі. Алакөл көлінің Абай облысындағы аумағына 125 621, Жетісу облысындағы бөлігіне 113 059 турист барған. Осылайша, бұл өңір еліміздің басты табиғи інжу-маржаны екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. 
Бесінші орында – Балқаш курорттық өңірі. Балқаш көлінің жағалауында орналасқан демалыс өңірі былтыр 9 айда 120 948 турист қабылдаған.  
Киіз үй туризмі қазір әлемдік трендіге айнала бастады. Мұның бір дәлелі Ұлыбританияда ғана емес, Швейцарияның атақты Санкт-Мориц курортында да киіз үй түріндегі Louis Vuitton-ның поп-ап-дүкендері бар. Моңғолия мен Финляндияның таулы пейзажды өңірлерінде де туристік маусымда бүкіл көшпелілердің ұлттық үйі мен мұндалап, келушілерді ша­қырып тұрады. Швецияның қысқы демалыс аймақтарында киіз үйде демалып, шаңғы теуіп, шанамен сыр­ғанау әдетке айналған. Мұндағы киіз үйлер жанға жайлы, іші самаладай жарық, жылы етіп жасалған. 
АҚШ-тың Бранхама шыңына жақын орналасқан алты орындық киіз үйге де қазір келушілер көбейген. Ал киіз үй теңіз деңгейінен 8 500 фут биіктікте орналасқан. Оған жету қиын болғанына қарамастан, тау басына барып демалып, қараша үйде жатып, жан рақатына бөленіп қайтатындар аз емес. АҚШ-тың Калифорния штаты Хоуп аңғарының Уайлдер-Хоуп алқабындағы киіз үй де кез келген қонақүйден артық болмаса, кем емес.
Австралияның солтүстігіндегі Улугу-Ката Тьюна ұлттық паркінің маңындағы саяхатшылар үшін жасалған киіз үй толықтай әйнектен істелген. Онда жанға жайлының бәрі бар. Жылы су мен ваннаға шомылып, табиғат аясында рақаттанып демалып қайтуға болады. 
Осыдан екі-үш жыл бұрын Израиль­де өткен халықаралық Жерорта теңізі көрмесінде қазақтың киіз үйі келушілердің қызығушылығын тудырған. Мұндай мысал өте көп. 2015 жылдары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген қазақтың киіз үйі шын мәнінде қазір әлемдік саяхатшылар мен демалушылардың назарын аудара бастады. Өйткені тас қабырға қонақүйде кондиционерді қосып салқындағаннан гөрі, киіз үйдің іргесін түріп тастап, демалғанның артық екенін ағылшын да, неміс те, еврей де, француз да түсініп, сезіне бастады. 
Шетел емес, қазақ жерінде де қазір киіз үйде дeмалу сәнге айналғаны қашан. Мысалы, Шамалғанда, Талғардың тау бөктерінде, Үшқоңыр тауының етегінде, Көлсай мен Қа­йыңдыда жанға жайлы демалыс орны саналатын киіз үй өте көп. Мұның бәрі – ұлттық құндылыққа ұмтылыс, ұлттың барын бағалау, ежелгі қоныс киіз үйге оралу. 
...Енді, міне, көктем келе жатыр, онан кейін жаз. Күз түскенше сіз де бір сәт уақыт тауып, киіз үйде демалып, жанның рақатын сезініп қайтсаңыз, артық болмас.

963 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы