- Cұхбаттар
- 06 Наурыз, 2025
Ілияс Мұхамеджан: МӘМС ҰЛТ САУЛЫҒЫН ЖАҚСАРТАДЫ

МӘМС – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бұл қор туралы көптеген отандасымыз әлі күнге дейін «сақтандырылған» мәртебесін алу үшін не істеу керек екенін, МӘМС шеңберінде қандай медициналық қызметтер ұсынылатынын және оларды қалай тиімді пайдалану керек екенін біле бермейді. Біз осы орайда қарапайым халық білуі керек сауалды Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Ілияс Мұхамеджанға қойдық.
– Ілияс Тұңғышқанұлы, МӘМС жүйесін енгізуге не себеп болды? Бұл жүйе енгізілгелі не өзгерді?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің толыққанды іске қосылғанына биыл алтыншы жыл. Осы уақыт ішінде оның тиімділігі дәлелденді деуге болады. МӘМС-тің арқасында халыққа миллиардтаған сомаға медициналық қызмет көрсетіліп жатыр, оны жоққа шығаруға болмайды. Біреу дәрігерге мүлде қаралмауы мүмкін, ал біреуге 4–5 млн теңгенің операциясы қажет болуы мүмкін. Бірақ сіз дәрігердің көмегіне жүгінбесеңіз, төлеген ақша жойылып кетпейді. Ол сіздің жақындарыңызды немесе ауруханада жатқан басқа отандастарымызды емдеуге жұмсалып жатыр деген сөз.
Мысалы, биыл еліміздің денсаулық сақтау саласына 2,9 трлн теңге қарастырылған. Оның 1,3 трлн теңгеден астамы МӘМС қаражаты, қалған 1,6 трлн теңгесі мемлекет қаржысы. Бұл ЖІӨ-нің 4 пайызына да жетпейді. Басқаны айтпағанда, бізбен қоңсылас отырған Өзбекстанның өзі денсаулық сақтау саласына ЖІӨ-нің 6 пайызын беріп отыр.
Ал медицина саласының шығыны күн санап артып келеді. 2018–2025 жылдар аралығында халық саны 7 пайызға, ауру көрсеткіші 9 пайызға, стационарда емдеу құны орта есеппен 1,6 есе, дәрі-дәрмек құны 30 пайызға артқан. Оған медицина қызметкерлерінің жалақысын қосыңыз, соңғы 5–6 жылда дәрігерлер жалақысы 2,3 есе, орта буын қызметкерлерінің айлығы 1,7 есе өскен. Сондықтан сақтандыруды денсаулық саласына қосылған қосымша қаржы деп қарастырған дұрыс. Ол ұлт саулығын жақсартуға бағытталған.
Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне енбеген қызметтер кіреді. Жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат консультативтік-диагностикалық көмектің барлық түрі, оңалту және науқастың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері де сақтандыру пакетіне енгізілген. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс.
– Медициналық сақтандыру қорының бюджеті қандай? Қаржы қалай жұмсалып жатыр?
– Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен МӘМС пакеті арқылы көрсетілген медициналық көмек ақысын төлеп келеді. Жалпы, 2024 жылы Алматы қаласы денсаулық сақтау саласының бюджеті 343,9 млрд теңге болды. Оның 155,7 млрд теңгесі – МӘМС пакетіне, қалғаны тегін медициналық көмек пакетіне тиесілі. Салыстырып қарасақ, 2023 жылы денсаулық саласының бюджеті 318,6 млрд теңге болатын. Яғни бюджет қысқарған жоқ, керісінше, 25,3 млрд теңгеге көбейген. Былтыр сақтандырылған алматылықтар МӘМС жүйесі арқылы жалпы құны 155,7 млрд теңге болатын медициналық көмек түрлерін пайдаланған. Шығынның басым бөлігі, яғни 86,6 млрд теңгесі стационарлық медициналық көмекке, 6 млрд теңге – күндізгі стационарлар арқылы көрсетілген қызметтерге төленді. Медициналық көмекке жүгінген азаматтар диагностиканың бағасы қымбат түрлері, салалық мамандар консультациясы, сондай-ақ зертханалық анализдерге деген сұраныс жоғары болып тұр. Консультативтік-диагностикалық қызметтерге 28,6 млрд теңге жұмсалды.
Күн сайын МӘМС есебінен бірнеше миллиондық жоғары технологиялы операция жасалып жатыр. 2024 жылы осындай 138 мыңнан астам ота жасалған, оған 87,6 млрд теңге жұмсалды. МӘМС енгізілгелі бері халық медициналық оңалту қызметін көптеп пайдалана бастады. Былтыр оған 9 млрд теңге төленген (2019 жылы – 600 млн тенге).
Мысалы, 2024 жылы Алматы қаласында жалпы құны 18,6 млрд теңгелік 6 805 кардиохирургиялық ота, 8,0 млрд теңгеге 4 521 нейрохирургиялық ота жасалған. Тағы 1,8 млрд теңгеге лор операциялар жасалса, 2,1 млрд теңгеге 277 электромагнитті есту аппараты орнатылған.
Алматылық стационарлар 107 бауыр-бүйрек алмастыру операциясын жасаған, оталардың жалпы құны 710 млн теңгеге жуықтайды. Мұндай бір отаның құны 7–9 млн теңге тұратынын да айта кеткен жөн. Жүкті әйел мен балаға және әлеуметтік осал топ өкіліне 3 млрд теңгенің стоматологиялық қызметі көрсетілген. Осы қызметтердің бәрі де МӘМС есебінен көрсетіліп жатыр.
– МӘМС үшін дербес төлеуші ретінде қалай төлеуге болады?
– Бұрын сақтандыру статусын алу үшін өткен 12 айдың қарызын өтеу қажет еді. Қазір өзін-өзі сақтандырғысы келетін, ресми жұмыс істемейтін азамат бұрынғы берешекті өтемей, алдағы 12 айға жарна төлеп, бір жылға сақтандыру статусын ала алады. Мәселен, осы айда медкөмекке жүгінетін пациент 2025 жылдың наурызынан 2026 жылдың ақпанына дейінгі аралық үшін жарна аудара алады. Биылғы ай сайынғы жарна мөлшері 4 250 теңге. Яғни бір жылға 51 мың теңге төлеу арқылы қажетті медқызметке қол жеткізуге мүмкіндік алады. Қазақстанда жарна төлеушілердің бірнеше санаты бар. Жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлерін 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап сақтандыруға міндеттелген. Одан кейінгі санат – жалданып жұмыс істейтін қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, нотариустар мен адвокаттар, шаруа қожалықтарының иелері, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Заң бойынша, жұмыс берушілер әр қызметкер үшін өз қалтасынан аударым жасайды. Жұмыс беруші биыл қызметкер табысының 3%-ы көлемінде аударым жасайды (2017 жылдың 1 шілдесінен – 1%; 2018 жылы – 1,5%; 2020 жылы – 2%). Сонымен қатар жұмыс беруші жалдамалы жұмыскер жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап Қорға аударады. Ал жеке кәсіпкерлер 1,4 ең төменгі жалақының 5 пайызын төлейді. Бұл сома биыл 5 950 теңге болып отыр.
– Медициналық сақтандыру төлемдерінен кім босатылады?
– Жалпы, мемлекет сақтандыруды енгізу арқылы жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Керісінше, жыл сайын тегін медициналық көмекке бөлінетін 1 триллион теңгеге қоса, 15 санат үшін жарна аударады. Бұл тізімге «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар, 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер мен Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысушылар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер, интернат тәрбиеленушілері, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттік демалыстағы аналар, мүгедектер, мүгедек бала күтімімен айналысатындар, студенттер, тергеу изоляторларында отырғандар, жұмыссыз қандастар (көшіп келгеннен кейін бір жылға дейін), мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар жатады. Олардың жалпы саны 11 миллионға жуық.
– Қарапайым халық үшін бұл жүйенің тиімділігі бар ма? Әлде тек жалпы сала үшін ғана тиімді болып отыр ма?
– Қазақстан сақтандырудың жинақтау жүйесін емес, ортақ жауапкершілік принципіне негізделген моделін таңдап алды. Себебі төленетін жарналардың мөлшері көп емес. Сондықтан бір адамның жинақтаған ақшасы медициналық қызмет ақысын төлеуге де жетпейді. Қарапайым мысал, ай сайын 4 250 теңге төлеп сақтандырылатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бір жылда 51 000 теңге төлейді. Егер біз әр адамды өз қаражатына ғана емдейтін болсақ, оның жинаған ақшасы ештеңеге жетпес еді. Мысалы, пневмонияны емдеуге кететін шығын 220 мың теңге, асқынусыз қалыпты босану 155 мың болса, аортокоронарлық шунттау 3–4 млн теңге тұрады. Егер бізде жинақтау жүйесі болса, азаматтар медициналық қызмет ақысын өзі жинаған қаражаты есебінен төлей алмас еді. Ал ортақ жауапкершілікке негізделген жүйеде қаржы ортақ шоттан алынады. Жүйенің әсіресе қарапайым халық үшін тиімділігі осында.
– МӘМС пакетіне қандай қызметтер кіреді?
– МӘМС пакеті – азаматтардың өмір сапасын, ұлт саулығын жақсартуға бағытталған қызметтен тұрады. Мысалы, науқасқа операция жасау керек болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен төленеді. Ал пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін жасалады.
Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне енбеген қызметтер кіреді. Жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат консультативтік-диагностикалық көмектің барлық түрлері, оңалту және науқастың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрі де сақтандыру пакетіне енгізілген. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін осындай қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс.
МӘМС аясында жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмек көрсетіледі. Ал шұғыл стоматологиялық көмекті зейнеткерлер, соғыс ардагерлері мен осы санатқа теңестірілгендер, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төс белгісімен марапатталған көпбалалы аналар, I, II, III топ мүгедектері, ерекше мұқтаждыққа ие балаларды күтетін және бала кезінен І топтағы мүгедектің күтімімен айналысатын жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар пайдалана алады.
Жедел көмек пульпит, периодонтит кезінде; бет-жақ жарақаты, мысалы, тістің сынуы немесе жақтың шығып кетуі; құлақ ауруы салдарынан болатын бет пен жақ аурулары; стоматит жалпы, шұғыл араласуды қажет ететін кезде көрсетіледі. Бір айта кетерлігі, стомкөмек үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет емес. Және пациент стоматологиялық көмекке жүгінетін клиниканы өзі таңдай алады. Ол үшін таңдап алынған клиниканың Қормен келісімшарты болса болды.
– Пациент өз құқығы бұзылған-бұзылмағанын қалай біле алады? Ондай жағдайда не істеуі керек?
– Көбіне халық емханаға барғанда талон күту, базаның істемей қалуы секілді мәселелер туындайтынын айтып шағымданып жатады. Мұндай шағымдар медициналық қызмет сапасын жақсартуға көмектеседі. Мысалы, біздің филиал бір жылда медициналық көмек, оның сапасына қатысты 5 мыңға жуық шағым қарайды. Жалпы, Медициналық сақтандыру қоры халықпен кері байланысқа ерекше мән береді. Қордың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы Saqtandyry-бот, fms.kz сайты, 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы МӘМС туралы ақпарат алып қана қоймай, арыз-шағым қалдыруға да болады. Түскен арыз-шағымдардың бәрі міндетті түрде қаралады.
Жалпы, әр емханада пациенттерді қолдау қызметі бар. Құқығы аяқасты болған пациент мәселесін емханадан шықпай, сол қызметке жүгіну арқылы шешсе болады. Егер мәселе сол жерде шешілмесе, Қордың жоғарыда көрсетілген байланыс арналары арқылы өтінім қалдыра алады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1447 рет
көрсетілді0
пікір