• Ақпарат
  • 06 Наурыз, 2025

Адам жүрегіндегі Ана

«Ана – кішкентай сәбилердің жүрегіндегі Құдай», – деп Уильям Теккерей айтса, Мопассан: «Адам баласы туғанынан ананың ана екенін саналы түрде түсінбесе де, жақсы көреді, өйткені бұл – тыныс алғандай табиғи нәрсе. Махаббаттың тамыры қаншалықты тереңде жатқанын ана мен бала қоштасар сәтінде ғана түсінеді», – деген екен. 

Ал Аманжол Шамкенов «Сиынар ем, ана деген Тәңірге» деп бір-ақ жолға бәрін сыйдырады. Міне, сондықтан барлық мақтау мен мадақ, парыз бен қарыз әуелі ананың алдында өтелуге тиіс шығар, сірә? Қазақ театр өнері де ана образын ХХI ғасырда шыр­қау шыңға шығарып, басына тәж кигізді. Ұлықбек Есдәулеттің «Зересі», Қалихан Ысқақтың «Ұлпан» романының сахналық нұсқасы, Роза Мұқанованың «Бопай ханым» тарихи драмасы, Иран-Ғайыптың «Фатима» атты қасіретнамасы, Тұңғышбай әл-Таразидің режиссерлігімен «Ай мен Айша», Ә.Мәмбетовтің режиссерлігімен қойылған Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер – Анасы» ана бейнесінің қаншалықты мәртебелі, маңызды екенін көрсетіп берді.
Бірақ бұл аналардың мәртебесі бөлек, бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бірі – ұл-қызына қамқор, ел анасы деген атқа ие болса, бірі қоғамдық істермен, қақ-соқпен, билікпен ісі жоқ, бар бақытын баладан тапқан мейірбан, ал енді бірі «адасып барып, таласып талып, сүрініп, сосын ес кірген» тағдырлы жан, бірі жалғыз ұлынан айырылған қасіретті ана. Оларды жанның жақындығындай бір-ақ дүние байланыс­тырады. Ол – балаға шетсіз, шексіз махаббат. 
«Бұлдыр-бұлдыр күн өткен, бұрынғыдан кім өткен» деп арғыдан әңгіме қозғайтын М.Әуезовтің «Абай жолындағы» Абайдың Зере әжесіндей сом, дана әйелдің бейнесін әлемді жеті айналып шарласақ та, таппайтын шығармыз, сірә?! Абайды улы жыланнан құтқару мақсатында шап беріп ұстап алып, уы әженің денесіне тарай бастаған сәті көз алдыңызға мөлдіреп келгеннен-ақ өне бойың шымырлап сала береді. Иә, махаббатты неғұрлым көрсетпейін десең де, соғұрлым жарқырайтынына осы бір аяулы мизансценаға қарап, бағалауға болатын шығар. Жалпы, Зере әже туралы тарихи дерек там-тұм ғана болса да автордың ғасыр қойнауынан осы бір аяулы бейнені алып шығуының өзі батырлық деп баға берер едік. 
Осы ретте Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойылған жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Бопай ханым» тарихи драмасын айтпай кетуге болмас. Бопай, ең әуелі, ұлт жолында күрескен ел анасы ретінде тарих сахнасында жатталып қалды. Роза Мұқанова айтқандай, «Бопай ханым – Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» қолына найза ұстап, ханмен бірге ат үстінде күн кешкен күрескер». Әрине, содан кейін Әбілқайыр ханның адал жары, Нұралы, Ерәлі, Айшуақ хандардың анасы. Қойылым барысындағы үш ұлдың ғана емес, ұлттың тағдырын ойлаған Бопайдың жаныңды жарып жіберетін монологтеріне қарап-ақ, қазақ әйелінің ежелден мықты болғанына көз жеткіземіз. 
Ақын Расул Ғамзатов бұл туралы: «Мен авармын, авар боп тудым. Мені әлдилеп, бесігімнің басында отырып, шешем айт­қан тұңғыш өлең де авар өлеңі еді» деген екен. Ал Әбділда Тәжібаевтың «Жылдар мен ойлар» кітабында сүйенішінен, аяулы азаматынан айырылған анасының әр күн сайын әуездеп, жаңа сөз құрап айтатын жоқтауынан-ақ ақын болып қалыптасқаны туралы айтылады. Осыған қарап, баланың рухани қабатын, кеудесіндегі сәулесін, әуе­лі анасының даналығы қалыптастырады деген тұжырымға келсек, болатын шығар, сірә?! Яғни Бопай секілді батыр анадан ержүрек балалар туатыны белгілі дүние еді. Қысқасы, Әлихан Бөкейхан айтқандай, Бопай Сүйіндікқызы – ел жадында өзінің оңды істерімен, өнегесімен сақталған тұлға. 
Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайыптың Фатима Ғабитқызының өмірін арқау еткен «Фатима» атты қасіретнамасы ұзақ жылдардан бері қойылып келе жатыр. Қасіретнаманың қоюшы-режиссері – Мұрат Ахманов. Фатиманың бүкіл ғұмыры арпалыс пен жанталастан құралған, асқан дана әрі теңдессіз сұлу, жаны сірі әйел ретінде ел жадында жатталды. Сондықтан болар оған Ахмет Байтұрсынұлы «Тағдыр қалап егерде, Жүз көз берсе құдірет, Жүзі де сізге қарар еді», – деген өлең жолдарын арнаса, Міржақып Дулатов «Өз өмірімде көрген сүйкімді, сұлу – Біләлдің әйелі» деп баға берген. Ал Ілияс Жансүгіровтің 1919 жылдан бастап жазған махаббат лирикасының барлығы дерлік Фатимаға арналған-ды. Ал Мұхтар Әуезов өзінің ертеден (1927 жылдан) қатты сүйетінін, Фатиманың жанында бірер сағат болуды өзіне бақыт санайтынын айтып, алған. Өзі 7 бала сүйіп, біреуін сәби кезінде қара жерге табыстап, бәрінің бойына аристократтықты, кербездікті, даналықты сіңіре білді. Одан бөлек, Жаркент қаласында «Түркі қыздар» мектебін ашып, 1934 жылы Сүйінбай ақынның өлеңдерін жинап, кітап етіп шығарған. 1932 жылдың мамыр айында ауылымен жоқшылықтан қырғыз еліне ауып кеткен Жамбыл Жабаевты іздеткізген, қазақтың аңыз ертегілерін жинап, «Атасы мен келіні», «Әжесі мен баласы», «Наурыз ақын мен қыз», «Әділ мен Ақан сері» сынды баспа бетінде тұңғыш жарияланып отырған айтыстарды Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорына 1941 жылы тапсырған. Анна Ахматова, Марина Цветаеваларға еліктеп өлең жазған, білім беру реформасына белсене атсалысқан, әйел теңдігін жырлаған жан. Қойылым барысында Фатиманың темір төсектен тұрмай отырып алатын тұсы бар. Оның қозғалмай отыруының сыры – Ілиясының жыр кітаптарын ашкөз, қорқаулардан аман алып қалу еді. Осы бір көріністен оның ұрпағына аманатты қылау түсірмей жеткізуді ойлаған тереңдеп кеткен даналығын сезгендей боламыз. Ол осылайша үш алыптың жары ғана емес, қазақ ұлтының анасы болды. Ал Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының жауһары іспеттес туындысы. 
Қойылымның атауындағы айдың бейнесі сахнаның қақ төрінде көрсетіліп тұрады. Сонысымен де ұтымды, сонысымен де мазмұнды. Себебі ай – басты қаһарман Айшаның рухани кемелдігімен қатар өріледі. Спектакль барысында Шерхан Мұртазаның «Әйел баласы шашын беталды тастамас болар. Тарақтан түскен шаш әлдеқалай отқа күйсе, о дүниеде балалары шырылдайды» дейді. Анасының шашының отқа күйген иісін танып қояды екен де, «Анамыз тозақ отына түсіп кетті-ау!» – деп шырылдайды. Тозақ отынан анасын құтқарып алмақ болып, өздері де сол тамұқ өртіне түсіп кете жаздайды екен. Әне, сондықтан шашты көміп таста. Далаға тастасақ, жел ұшырып немесе құс ұя салып, әйтеуір, бір себептен отқа күйсе, о дүниелік нәрестенің обалына қаласың» деген тәрбиелік мәні бар жолдары бала мен ананың арасындағы ұлы махаббатты суреттейді. Сол замандағы тұрмыстың ауырлығын, әйел затының мойнына оратылған тіршілік атты қыл-арқанның барын, үміт күткен баласының қан майданда қаза тапқанын естіген шарасыз ананың тағдырын көресіз. Қойылымның басты мақсаты да ананы ардақтауға негізделеді. 
Қысқасын айтқанда, қай қойылымды, қай әдеби туындыны алсаңыз да, ана мен бала арасындағы байланыс сакралды, рухани ұғымға көтерілген. Әйткенмен біздің көрермен ана мен баланың жанкештілікке толы жаңа бейнесін көргісі келетіндей. Мәселен, Желтоқсан құрбаны Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанованың 35 жыл бойы қызын ақтау жолындағы ұлы күресі, сөйтіп жүріп, екінші санаттағы мүгедек атануы, мемлекет берген аядай ғана пәтерді сатып, орнына қызына арнап кітап шығарғаны, әйтсе де ақиқаттың әлі де су бетіне қалқып шықпағаны туралы бір қойылым қойылса, артық етпейді-ау, сірә?! 
Біздікі тек ұсыныс. Қалғанын қаламгерлер ойлана жатар. 

 

456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы